«Дене тәрбиесін оқытудың теориясы мен әдістемесі» кафедрасы



бет20/28
Дата20.05.2022
өлшемі173,55 Kb.
#35136
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   28
Байланысты:
«Дене т рбиесін о ытуды теориясы мен дістемесі» кафедрасы

Лимфа тамырлары лимфа капиллярларының бірігуінен пайда болады. Бұл тамырлардың қабырға құрылысы қан тамырлар қабырғасынан жұқа келеді. Оның ішкі қабаты-эндотелиальді, ортаңғысы-серпімді талшықтар мен бірыңғай салалы бұлшық ет ұлпасынан, ал сырт қабаты дәнекер ұлпадан түзілген. Лимфа тамырлары орналасуына қарай беткей және терең тамырлар болып бөлінеді. Олар бір-бірімен көлденең қосылыстар жасап байланысады.
Лимфа бездері лимфа тамырларының жолында топтанып жатады. Осыған орай лимфа тамырлары лимфа бездерінен өтеді. Лимфа бездері әр түрлі пішінде болады. Олардың сыртқы капсуласы жиырылып, ішіндегі сұйықтықты сығып шығаруға көмектеседі. Бездерде пайда болған ақ түйіршіктер (лейкоциттер) лимфа сұйықтығына араласып оның құрамын өзгертіп отырады.
...лимфа бездері тізе буынында, тақым астында, жамбас, шат, шынтақ буынында, қолтық, жақ астында, мойында, өкпеде, бронхыда, ішек шажырқайында кездеседі. Көптеген лимфа бездері жұтқыншақта көмей тесігінен айнала қоршап орналасқан.
Нерв жүйесінің дамуы және оның маңызы. Нейрондар. Синапстар. Рефлекторлық доға
Нерв жүйесі жануарлар мен адамдарда ұзақ эволюциялық даму нәтижесінде қалыптасқан. Ол сыртқы ортаның түрлі құбылыстарының әсерінен өзгеріп күрделеніп отырады. Осыған байланысты ішкі-сыртқы тітіркендіргенгіштерін қабылдап, оған жауап беріп ағзаны өзгермелі жағдайларға бейімдейді. Сонымен қатар әртүрлі мүшелердің , ұлпалардың және жасушалардың қызметін реттеп оларды өзара және сыртқы ортамен байланыстырып, ағзаның біртұтастығын жүзеге асырады. Нерв жүйесінің осы айтылған жұмысына байланысты ағзаның мүшелері мен ұлпаларының арасында күрделі физиологиялық үрдістер де жүреді. Нерв жүйесі тек қарапайым жануарлар өкілдерінде ғана болмайды. Бірақ тітіркену үрдісі барлық ірі материяға тән қасиет болғандықтан, оларда да тітіркену, тітіркендіргіштерді қабылдау, оған жауап қайтару процестері өтеді. Тітіркендіруден туған нерв үрдісін және оның нерв бойымен өтуін нерв импульсі деп атайды.
Адамда нерв жүйесі еңбекпен, спортпен айналысуына байланысты өте күрделі және жоғарғы дәрежеде дамыған, ол ой мүшесіне айналған.
...Нерв жүйесі ұрықтың даму кезеңінде өте ерте пайда бола бастайды. Екі апталық ұрықтың денесінің дорзальді бөлігінде эктодермадан (сыртқы ұрық жапырақшасынан) ми-нерв тақташығы қалыптасады. Даму нәтижесіне байланысты тақташықтың екі жақ ұзына бойы жиегі қалыңдап, бір-бірімен бірігіп, ұзынша келген нерв түтігін түзеді. Нерв түтігі хорданың үстіңгі жағында параллель жатады. Оның алдыңғы бөлігі біртіндеп ми бөліктеріне айнала бастаса, артқы ұзынша бөлігінен жұлын пайда болады. Ал түтіктің қалыңдап келіп қосылған жиегі ганглиозды тақташыққа айналады. Осы ганглиозды тақташықтан бара-бара омыртқааралық жұлын түйіндері мен ми нервтерінің түйіндері дамиды.
Нерв түтігінің алдыңғы жақ қуысы кеңейіп, өзгеріп ми қарыншаларын түзсе, артқы бөлігінің қуысы жұлын арнасына айналады.
Жалпы нерв жүйесі нерв ұлпасынан нейрондар мен нейроглиядан түзілген. Нейроглия нерв жасушасының тірегі болуымен бірге, оған белгілі бір пішін беріп, оларды қоректендіру (трофикалық) жұмысына қатынасады.
Нейрон-толық келген негізгі бөлімінен-денесінен және одан тарамдалған ұзынды-қысқалы өсінділерінен түзілген. Денесі сұр түсті протоплазма мен ядродан тұрады. Қысқа тарамдалған өсінділерін дендриттер, ал ұзын өсіндісін аксон (нейрит) деп атайды.
Аксон өсіндісі нерв импульсін жасуша денесінен шығарып отырса, дендриттер, керісінше, жасуша денесіне жеткізіп отырады. Осы аталған нерв жасушасының өсінділерін нерв талшықтары деп атайды.
...Нерв жасушалары бір-бірімен жалғасып нейрондар тізбегін түзеді. Бұндай жағдайда бір жасушаның екінші жасушамен байланысқан жерін синапс деп атайды. Нейрон бойындағы нерв қозуы жасушаның дендрит-дене аксон бағыты бойынша өтеді.
Ағзаның орталық нерв жүйесінің қатысуымен өтетін және ішкі-сыртқы тітіркендіргіштерге қайтаратын жауап реакциясын рефлекс деп атаймыз. Мысалы, төрт басты бұлшық еттің сіңірін, тізеден төмендеу жерден балғамен жайлап ұрсақ, еттің жиырылу нәтижесінен аяқ тізе буынынан дереу жазылады, жарық көзге түссе, көздің қарашығы дереу кішірейеді, ауызға бір нәрсе түссе сілекей бөлінеді. Рефлекстің (нерв импульсінің) жүретін жолын рефлекторлық доға деп атайды.


Бас ми бөлімдері. Ақ және сұр заттар топографиясы. Қызметі.
Нерв жүйесі ұрықтың арқа бөлімінде нерв тақташығы-эктодермадан пайда болады. Ол тақташықтың екі шеті жиырылып нерв түтігіне айналады. Оның алдыңғы толық бөлігінен алғашқы үш ми көпіршіктері пайда болады. Одан мидың бес бөлігі дамиды.
Осы ми бөлімдерінің әр түрлі қарқында дамуына байланысты алдыңғы және артқы ми көпіршіктері екіге бөлінеді. Алдыңғы ми көпіршігінен алдыңғы ми мен аралық ми пайда болса, артқы ми көпіршігінен артқы ми мен сопақша ми пайда болады. Ал ортаңғы ми көпіршігі көп өзгермей ортаңғы мидың өзін түзеді.
Ми бөліктерінің дамуына байланысты көпіршіктердің қуысы да өзгере бастайды. Алдыңғы ми көпіршігінің қуысынан екі ми сыңарларының ішінде жатқан екібүйір қарыншалары пайда болса, аралық мида-үшінші қарынша пайда болады. Ал ортаңғы мидың қуысы жіңішке түтік тәрізді болғандықтан оны су құбыры деп атайды. Ол жоғарғы жағынан үшінші қарыншамен байланысып жатса, төменгі жағынан төртінші қарыншаға жалғасады. Артқы ми қуысында төртінші қарынша пайда болады, ол төменгі жағынан жұлын арнасымен жалғасады. Бұл аталған ми қарыншалары мен түтіктері өзара тығыз байланыста жатып, ішіндегі жұлын-ми сұйықтығын бір-біріне өткізіп тұрады.
Ми бөлімдерінің әр түрлі дәрежеде дамуына байланысты ортаңғы ми тұсындағы төбе, артқы мидағы көпір, сопақша ми мен жұлын аралығындағы шүйде иіндері пайда болады.
Ми өзінің дамуына, құрылысына және атқаратын қызметіне қарай ми сыңарларының қыртысына, қыртыс асты бөлігіне және ми бағанына бөлінеді.
Ми сыңарларының қыртыстары мидың тарихи даму жолында жаңа өте күрделі бөлігі болып саналады. Ми сыңарлары ұрықтың 1-ші ми көпршігінен дамыған. Көлемнің үлкендігінен астыңғы жағында жатқан басқа ми бөліктерін қоршап жауып, жабындыға ұқсап жатады. Сондықтанда, оны ми жабындысы деп атайды. Оның сыртқы жағы өте қыртысты келеді, ал ішкі жағы ақ заттан түзілген. Осы ақ затта нейрондар жиынтығынан түзілген ядролар орналасады, оларды қыртысасты ядролар деп атайды.
Қыртысасты бөлімі де ұрықтың 1-ші ми көпіршігінен пайда болады. Бұл ми сыңарларының ақ затының ішінде терең жатқан сұр түсті ядролар бар. Олар нейрондардың шоғырынан түзілген.
Мидың баған бөлімі. Оған сопақшам ми, көпір, мишық, ми сабақтары мен төрт төмпешік жатады. Бұлар мидың тарихи ерте дамыған бөлімдері болып саналады. Олар ми сыңарларына қарағанда жай құрылысты, көлемдері де кіші келеді


Жұлын нервтері. Торабтары. Топографиясы. Нервтендіру аймақтары.
Адамда 31 жұп жұлын нервтері болады. Оларды жатқан жерлеріне қарай 8-жұп мойын, 12-жұп көкірек, 5-жұп бел, 5-жұп сегізкөз, 1-жұп құйымшақ нервтеріне бөледі.
Мойын торабы негізінде жоғарғы төрт жұп мойын нервтерінің алдыңғы бұталарының қосылысынан пайда болады. Ол мойын омыртқаларының жанында мойын бұлшық еттерінің астында орналасқан. Бұл торабтан таралатын нервтерді бұлшық ет, тері және аралас нервтер деп бөледі. Торабтан шығатын нервтер бастың тік және бүйір бұлшық еттерін, бас пен мойынның ұзын бұлшық еттерін, сатылы және төс-бұғана-емізікше бұлшық етерін нервтендіреді. Мойын торабынан төмендеу мойын нервісі, төмендеу тіласты нервісімен бірігіп мойын нерв ілмегін түзеді. Бұл нерв ілмегі тіласты сүйегінің төменгі жағындағы бұлшық еттерді нервтендіреді. Мойын торабынан бұлшық еттерге баратын қозғалтқыш нервтерден басқа, сезімтал нервтер де шығады. Оларға негізінде мойын терісіне тарамдалатын шүйделік кіші нерв, мойынның көлденең нервісі, бұғанаүсті нервтері жатады.
...Иық торабы мойынның төменгі төрт жұп нервісінің алдыңғы бұталарының өрімінен пайда болады. Бұл тораб мойынның екі жағында сатылы бұлшық еттердің аралығында жатады. Бұның бұғанаүсті бөлігінен шыққан қысқа нервтері адамның иық буынына, иық белдеуіне, көкіректің беткей бұлшық еттеріне тарамдалса, бұғанаасты бөлігінен шыққан ұзын нервтер қолдың ұзына бойына тарамдалып бұлшық еттері мен терісін нервтендіреді.
...Бел торабы негізінде төрт бел нервтерінің алдыңғы бұтақтарының өрімінен пайда болады. Бұл тораб бел омыртқаларының екі жақ бүйірінде, үлкен бел бұлшық еттерінің астында орналасқан. Одан шыққан қысқа нерв талшықтары бел-мықын және белдің шаршы бұлшық еттерін нервтендіреді. Торабтан шыққан ұзын нервтерінің жоғарғы бөлігі құрсақтың алдыңғы қабырғасын және жыныс мүшелерін нервтендіреді. Ұзын нервтердің төменгі тобына сан, қолсұғар, төменгі мықын-құрсақ және мықын-қасаға нервтері жатады.
...Сегізкөз торабы негізінде сегізкөз нервтерінің алдыңғы бұталарының өрімінен түзіледі, бұл ең ірі тораб болып саналады. Ол кіші жамбас қуысында алмұрт тәрізді бұлшық еттің алдында жатып қысқа және ұзын нервтерге тарамдалады.
Қысқа нервтерге жоғарғы және төменгі бөксе нервтері, ал ұзын нервтерге шонданай және санның артқы тері нервісі жатады.


Ми нервтері. Топографиясы. Қызметі.
Ми нервтері-12 жұп ми нервтері (ІҮ-нервтен басқасы) мидың астынғы жағынан тәртіппен басталып өздеріне тән аттарымен аталады. І-иіс нервісі, ІІ-көру нервісі, ІІІ-көз-қимылдату нервісі, ІҮ-шығыр н., Ү-үшкіл н., ҮІ-әкеткіш н., ҮІІ-бет н., ҮІІІ-кіреберіс-ұлу н., ІХ-тіл-жұтқыншақ н., Х-кезеген н., ХІ-қосымша н., ХІІ-тіласты нервісі.
І-иіс нервісі-cезімтал нервтер, ол (16-20) иіс нерв талшықтарынан түзілген. Иіс талшықтары мұрын қуысының кілегей қабықшасынан басталып, ми сауытының ішіне тор сүйегі арқылы еніп, иіс жолының нейрондары жатқан иіс жуашығына жетеді. Бұл нейрондардың талшықтары иіс жолы арқылы иіс бұрышына, одан белдеу, теңіз жылқысы қатпарының ілмегіне (иіс орталығына) келіп аяқталады.
ІІ-көру нервісі-сезімтал нервтер, бұл көз алмасының торлы қабықшасынан басталып, ми сауытының ішіне сына сүйектің көру арнасы арқылы енеді. Онда көру нервтерінің кейбір талшықтары айқасып көру жолы арқылы қыртысасты көру орталықтарына барып аяқталады. Қыртысасты көру орталықтары ортаңғы мидың жоғарғы қос төмпешігінде, сыртқы тізелі денеде және көру төпешігінің көпіршігінде орналасқан.
ІІІ-көз-қимылдату нервісі-негізінде қозғалтқыш нервтер қатарына жатады. Оның құрамында қарашықты тарылтатын және көздің әртүрлі қашықтықтағы заттарды көруін қамтамасыз ететін бұлшық еттерге баратын парасимпатикалық талшықтары да болады. Бұл нервтің орталығы ми сабақшаларының қақпақша бөлігінде жатады. Нервтің өзі, ми сабақшаларының арасынан ми бетіне теуіп, жоғарғы көз саңылауы арқылы көз шарасының ішіне еніп, көз алмасының жоғарғы, төменгі, ішкі тік бұлшық еттері мен төменгі қиғаш бұлшық етін нервтендіреді.
ІҮ-шығыр нервісі-қозғалтқыш нервтер. Нерв ядросы көз қимыл нервісі ядросының қасында, ми сабақшаларының қақпақша бөлігінде жатады. Бұл нервортаңғы мидың төменгі қос төмпешігінің астыңғы жағынан ми бетіне теуіп, жоғарғы көз саңылауы арқылы көз шарасына еніп, көз алмасының жоғарғы қиғаш бұлшық етін нервтендіреді. Маңдай сүйектің ілгектеніп тұрған өсіндісінен, жоғарғы қиғаш бұлшық етке тік түсіп тұруына байланысты оны шығыр нервісі деп атаған.
Ү-үшкіл нерв-аралас нерв болып саналады. Нерв орталығы ромбы ойысының жоғарғы бөлігінде, ми көпірінде жатады. Көпір бетіне үлкен және кіші түбірлерімен шығады. Үлкенін-сезімтал түбір, кішісін-қозғалтқыш түбіршік деп атайды. Сезімтал түбір айшық түйінін түзгеннен кейін түбіршекпен қосылып барып үш тарамға бөлінеді: көз, жоғарғы жақ және төменгі жақ нервілеріне. Осыған байланысты бұл нервті үшкіл нерв деп атайды.
ҮІ-әкеткіш нерв-қозғалтқыш нервтер қатарына жатады. Бұл нервтің де ядросы ромбы ойысының жоғарғы бөлігінде, ми көпірінің тұсында жатады. Нерв түбіршігі сопақша мидың пирамидасымен көпір аралығынан ми бетіне шығады. Жоғарғы көз саңылауы арқылы көз шарасына еніп, көз алмасының сыртқы тік етін нервтендіреді. Бұл бұлшық ет жиырылғанда көзді сыртқа қарай әкетеді (тартады), сондықтан бұл нервті әкеткіш нерв деп атаған.
ҮІІ-бет нервісі-аралас нервтерге жатады. Құрамында жақасты және тіласты сілекей бездеріне баратын парасимпатикалық талшықтары болады. Бұл нервтің де ядросы ромбы ойысының жоғарғы бөлігінде (ми көпірінде) жатады. Бет нервісі сопақша мидың зәйтун тұсынан ми бетіне шығып, самай сүйегінің тасша бөлігіндегі ішкі есту жолы арқылы жүріп отырып, ми сауытынан сыртқа теуіп, бетке тарамдалып, барлық ымдау бұлшық еттерін нервтендіреді. Нервтің сезімтал талшықтары тілдің алдыңғы бөлігіндегі дәм сезгіштігін қамтамасыз етеді.
ҮІІІ-кіреберіс-ұлу нервісі-соматикалық сезімтал нервтер қатарына жатады. Бұл нерв жеке кіреберіс ұлу деген екі бөліктен түзілген. Ұлу бөлігі есту толқынын ішкі құлақтан мидың самай бөлігіндегі жоғарғы есту қатпарына жеткізсе, кіреберіс бөлігі қозуды ішкі құлақтың тепе-теңдік мүшелерінен мишыққа береді.
Нервтің ұлу бөлігі ішкі құлақтың ұлу бөлігіндегі бұранда түйін жасушаларынан басталады. Бұл жасушалар есту жолының бірінші нейрондары болып саналады.
ІХ-тіл-жұтқыншақ нервісі-аралас нерв болып саналады. Бұл нерв құрамында шықшыт сілекей безін нервтендіретін парасимпатикалық нерв талшықтары болады. Нерв ядросы ромбы ойысының төменгі бөлігінде сопақша мида жатады. Ми бетіне зәйтун артынан шығып, шүйде сүйектің мойындырық тесігі арқылы ми сауытынан сыртқа тебеді. Нервтің талшықтары тілдің артқы бөлігімен жұмсақ таңдайдың кілегей қабықшасын, жұтқыншақты, көмей бездерін, ал қозғалтқыш талшықтары-жұтқыншақ бұлшық еттерін нервтендіреді.
Х-кезеген нерв-аралас нервтер қатарына жатады. Бұл нерв құрамында, көкірек қуысы мен құрсақ қуысында жатқан мүшелерді нервтендіретін парасимпатикалық талшықтар болады. Бұл нервтің де ядросы ромбы ойысының төменгі бөлігінде, сопақша мида жатады. Ми бетіне зәйтуннің артқы жағынан шығып, мойындырық тесігі арқылы ми сауытынан мойын бөлігіне қарай бағыт алады. Бұл нерв мойын бөлігінен көкірек қуысына одан құрсақ қуысына өтеді. Мойын бөлігінде-тіл түбірінің кілегей қабықшасын, көмекей бұлшық еттері мен кілегей қабықшасын, жұтқыншақ бұлшық еттерін; көкірек қуысында-жүректі, өңешті, өкпелер мен бронхыларды; құрсақ қуысында-ас қорыту мүшелерін тік ішекке дейін нервтендіреді. Сол себептен кезеген нерв, парасимпатикалық нервтердің ішіндегі ең ірісі және ең ұзыны болып табылады.
ХІ-қосымша нерв-қозғалтқыш нервтер қатарына жатады. Оның ядролары сопақша ми мен жұлынның жоғарғы сегменттерінде жатады. Осыған байланысты нервтің ми және жұлын бөліктеріндегі түбірлерді айырады. Нервтің төменгі жұлын түбірлері шүйде тесігі арқылы ми сауытына еніп, жоғарғы ми түбіршіктерімен қосылады. Осы қосылыстан пайда болған қосымша нервтің негізгі сабағы, кері ми сауытынан шығып, трапеция тәрізді және төс-бұғана-емізік бұлшық еттерін нервтендіреді.
ХІІ-тіласты нерв-қозғалтқыш нерв. Ядросы сопақша мида орналасқан. Бұл нерв сопақша ми пирамидасы мен зәйтун арасынан ми бетіне шығып, шүйденің тіласты арнасы арқылы ми сауытынан тілге қарай бағыт алады. Тіласты нерв тіл бұлшық еттері мен мойынның алдыңғы бетіндегі кейбір бұлшық еттерін нервтендіреді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет