Дәріс № 9. Металдарды кесумен өңдеу. Метал кескіш станоктардың топталуы мен негізгі механизмдері Кесу процесі туралы жалпы мәліметтер Машиналар мен механизмдердің барлығы дерлік тетіктері тек кесумен механикалық өңдеуден кейін ғана сызбамен берілген түпкілікті пішіндер мен өлшемдерді иеленеді. Өңдегенге дейін болашақ тетік дайындама деп аталады. Өңдеу процесінде одан өңдеуге әдіп және кенерме деп аталатын артық металды жою қажет. Конструкциялық материалдарды кесумен өңдеу металл кескіш станоктарды құралмен механикалық өңдеуге әдіптен алу жолымен дайындаманың пішіндері мен өлшемдерін өзгертуге және алынатын тетік бетінің берілген дәлдігі мен кедір-бұдырлығын қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттердің жиынтығын білдіреді.
Алынатын тетіктер бетінің пішініне және сапасына, оларға қойылатын талаптарға байланысты дайындамаларды өңдеуді әр түрлі механикалық тәсілдермен: жонумен, жонғылаумен, сүргілеумен, бұрғылаумен, тарта жонумен, ажарлаумен және т.б. жүргізуге болады. Өңдеу тәсілдерінің әрқайсысы сәйкес жабдықта жүзеге асырылады және өзінің қолданылу саласы болады. Жоғары өнімді станоктарды, құрылғылар мен жылдам кесетін материалдардан жасалған қазіргі заманғы кескіш құралдарды пайдалану жолымен дайындамаларды өңдеу технологиясы кеңінен қолданыс тапты. Бұл өндірістің өнімділігін едәуір жақсартуға, оларды механикалық өңдеудің өзіндік құнын бір мезгілде төмендету кезінде тетіктердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Материалдарды кесумен өңдеу процесінде жүретін заңдылықтарды зерделеу, кескіш құралдар конструкцияларын, құрылғылар мен металл кескіш станоктарды жетілдіру, әсіресе кесу процестерін ұтымды басқару үшін де, қазіргі заманғы машиналар үшін тетіктерді өндірудің аса жетілген технологиялық процестерін әзірлеу және ендіру үшін де маңызды.
Металдарды кесумен өңдеудің негізгі тәсілдері Кесумен өңдеу процесінде екі түрлі жұмыстық қозғалысты ажыратады: жоңқа бөлінуінің жылдамдығын анықтайтын басты қозғалыс - V; құралдың кесетін жиегінің металдың жаңа қабаттарына енуін қамтамасыз ететін беру (жіберу) қозғалысы - S.
Металдарды кесумен өңдеудің көптен-көп тараған тәсілдері -жону, тесу, фрезерлеу, сүргілеу, ажарлау (1-сурет).
1-сурет. Металдарды кесумен өңдеудің негізгі тәсілдері
а-жону; б-тесу; в-фрезерлеу; г-көлденең-сүргілеу станоктарда жону;
д-бойлық- сүргілеу станоктарда сүргілеу; е-сыртқы дөңгелек ажарлау;
ж-жазық ажарлау
Кесу жылдамдығы деп, дайындаманың өңделетін бетіндегі уақыт бірлігінде құралдың кесу жиегімен салыстырғандағы ауысуын айтады. Жону кезіндегі кесу жылдамдығы: V = πDn /1000 (м/мин).
мұндағы D-дайындаманың өңделетін бетінің диаметрі, мм; n-дайындаманың бір минуттегі айналым саны.
Беріліс S-кескіштің кесу жиегінің өңделетін дайындама бір айналғандағы ілгерлемелі ауысуы (жонғанда берілістің өлшемі мм/айналым).
Кесу тереңдігі t-кескіштің бір өткенінде алынған өңделетін және өңделген беттердің ара қашықтығы. Сырттай бойлық жонғанда кесу тереңдігі былайша анықталады t = (D-d)/2, мұндағы d-дайындаманың өңделген бетінің диаметрі.
Кесіктің көлденең қимасы F (кесілген қабаттың ауданы) кесіктің ені а мен калыңдығының b көбейтіндісінен немесе беріліс S пен кесу тереңдігінің t көбейтіндісіне тең, былайша айтқанда F = аЬ = S*t