1. Логикалық кідіріс. Бұл – табиғи кідіріс. Мұнда шығарманың мән-мағынасына орай, сол шығарманың идеясын ашатын жекелеген создерге салмақ түсіріледі. Бұл кезде тыныс белгілеріне онша назар аударылмайды.
Әрбір сөйлемде айтылатын ойға негіз болатын жеке сөз, не сөз тіркестері болады. Бұл сөздер сөйлемдегі басқа сөздер мен сөз тіркестерінен көтеріңкі оқылып, тыңдаушының назарын өзіне аударады. Мұндай сөйлем ішіндегі мағына жағынан мәні басым сөздерге логикалық екпін түсіріліп, логикалық кідіріс жасалып, мәнерлі оқылуы керек. Мысалы, Сүлеймен деген патша кірпі мен қарғаға былай деп бұйрық береді: - Сен, қарға, бір күнде жер дүниені аралап, жақсы сайрайтын құс тап. /Қазақтың халық ертегісінен/.
Бұл сөйлемде логикалық кідіріс «Сүлеймен деген патша», «сен, қарға», «бір күнде» деген сөз тіркестерінен соң жасалады. Өйткені, ой екпіні осы тіркестерге түсіп тұр.
Логикалық кідіріс жасап, ой екпінін дұрыс білу үшін сөйлем мағынасын, сөйлемдегі сөздердің бір-бірімен грамматикалық байланысын таба білу керек.
Пауза сақталмай оқылса, онда мәтін мазмұны түсініксіз болады. Мысалы, «ол үй емес» деген сөйлем паузасыз айтылса, онда айтып тұрғаным «басқа» деген ұғымды білдіреді. Яғни «ол» сөзі сөйлемде «үй» сөзіне анықтауыш ретінде қолданылады. Ал «ол» сөзінен кейін пауза жасасақ, онда айтып тұрғаным «үй емес, қора немесе басқа бірдеме» дегенді білдіреді. Мұнда «ол» бастауыш қызметін атқарып тұр.
2. Психологиялық кідіріс мәтіннің мазмұн-мағынасын, ондағы кейіпкердің іс-әрекетіне, оның көңіл-күйінің құбылуына байланысты оқылады. Мәтінді оқығанда психологиялық кідіріс дұрыс жасалса, тыңдаушы әрі қарай не болатынын тағатсыздана күтеді.
Мұнда жеке сөздерге, сөз тіркестері мен тармақтың әсеріне көбірек салмақ түсіріледі. Бұл кідіріс арқылы лирикадағы негізгі ой ашылады. Яғни, қуану, шаттану, толғаныс, өкіну, сағыну, кекету және басқа көңіл-күй беріледі.
- «Біраз сайрасам қайтеді?..» – депті бұлбұл жалынып. Жолбарыс:
- «Мен саған сайрағанды көрсетейін», – деп ұмтыла бергенде, бұлбұл пыр етіп ұша жөнеліпті. /«Мақтаншақ жолбарыс»/.
Бұл мысалда психологиялық кідірістер «сайрасам қайтеді», «жолбарыс», «сайрағанды көрсетейін» деген тіркестерден кейін қойылады.
Мәселен, Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» (14жол) өлеңін талдап көрейік. Өлең мәтінін толық келтірейік.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім. Өлең мәнерлеп оқылғаннан кейін, мәні ашылады. Мәнерлеп оқыған кезде тиісті кідірістің түрлерін қолданамыз. Абайдың бұл өлеңі баяу, салмақты үнмен оқылады. Ақынның оқу-білімнен кеш қалып қойғандағы өкініші кезінде психологиялың («жасымда ғылым бар деп ескермедім,ержеткен соң түспеді уысыма, қолымды мезгілінен кеш сермедім, бұл махрұм қылмағыма кім жазалы») кідіріс қажет. Оның құрылымы үш түйінді ойдан тұратындығы айтылады. Олар:
- ақын өкінішінің себебі (алты жол);
- баласын оқуға беру (төрт жол);
- өзі туралы (төрт жол).
Осыдан соң мынадай сұрақтар қойылып, өлең мәнін аша түсуге болады:
1. Ақын неге өкініш етті?
2. Ақын баласын қандай оқуға берді?
3. Ондағы мақсаты не?
4. Сол кездегі оқу туралы шектеулі түсінік қандай еді?
5. Ақынның оқуға насихаттағандағы мақсаты не?
6. Ақынның өзі туралы ойы қандай?
Өлең мәтініндегі «махрұм», «қызмет қылу», «шен алу», «қарасөзге дес бермеу», «басқа шауып төске өрлеу» деген сөздерге түсінік беріледі, мағынасы айқындалады. Жазушы М.Әуезовтің: «Көркемөнер – біздің ішкі дүниемізге, жан жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді» дегені еске түсіріледі. Әрбір көркем мәтін оқушының танымдық біліктілігін қалыптастырып, эстетикалық деңгейіне қозғау салады. Осы өлең арқылы жастар оқу-білімге деген көзқарасын, ғылымның мәнін, қоғамға, адамзатқа пайдалы болып, игілікті істер атқаратындай, азамат болу керектігін түйсінеді.
Осы ой Абайдың басқа да өлеңдерінде жалғасатындығы айтылады. Қазіргі кездегі «ғылым», «білім» сөздерінің мағынасы ашылып, оқу-білімнің пайдасы ұғындырылады.
Психологиялық кідіріс мәтінде немесе тіркесте бір бөлікті басқаларынан ерекше бөліп көрсетуі үшін әсіресе, эмоцияны білдіретін жерлері эмоцияны білдіретін жерлері баса оқылады. Мысалы, 2-сыныптағы Ш. Смаханұлының «Тәкәппар» мысалында:
«Мөлдір суым, мекенім, Енді қайтсем, жетермін!? Қадіріңді, білмедім, Неге шалқып жүрмедім!?» деген жолдары өте өкінішті күйде оқылады.
Паузаға үйрету 1-сыныптан бастап жүргізіледі. Оның 2 жолы бар: 1. Оқушы мұғалімге еліктеу арқылы үйренеді.
2. Арнаулы жаттығулар арқылы үйретіледі.
Оқуға үйрену барысында оқушының білігі мен дағдысын былайша бағалауға болады: 1. Баяу, бірақ дұрыс, түсініп, мәнерсіздеу оқиды;
2. Шапшаң, мәнерсіз, сөзді бұрмалап, түсінбей оқиды;
3. Шапшаң, дұрыс, түсініп, мәнерлеп оқиды.
4. Орташа қарқынмен,дұрыс, түсініп, мәнерлеп оқиды;
5. Өте баяу, бірқалыпты, дұрыс, түсініп, мәнерсіз оқиды.