астау тәрізді- түтігі цилиндр тәрізді кұлте алақаны жалпақ болып келетін;
қалпақша тәрізді- күлте жапырақшалары жоғарғы ұштары арқылы біріккен (жүзім- виноград).
Зигоморфты біріккен жапырақшалы күлтелердің ішінен мыналарды жиі кездестіруге болады:
қос ерінді- күлте алақаны әртүрлі болып келетін екі еріннен тұрады- үстінгі және астынғы;
тілше гүл- түтіктен тіл тәріздес біріккен жапырақшалары кетеді;
тегеурін гүл- күлте жапырақшалары тегеурін (шпорец) деп аталынатын іші қуыс өсінді түзеді.
Күлте жапырақшалары бос орналасқан гүлдердің ішінде де зигоморфты және актиноморфтылары болады.
Андроцей. Бұл бір гүлдегі аталықтардың жиынтығы. Андроцейдегі аталықтардың саны көп мөлшерде ауытқып отырады- бірден бірнеше жүзге дейін. Аталықтары не жеке- жеке бос орналасқан немесе әртүрлі деңгейде біріккен болып келеді. Егер аталықтардың барлығы біріккен болса, онда оларды бір ағайынды, аталықтардың біреуі бос қалып, қалғандары біріккен болса- екі ағайынды, ал егерде аталықтары бірнеше топ түзіп бірігетін болса- көп ағайынды аталықтар деп атайды. Аталықтардың биіктіктері бірдей болуыда немесе әртүрлі болуыда мүмкін. Биіктіктері әртүрлі болып келетін аталықтарды мынадай топтарға бөледі: екі жақсы жетілген аталығы болатын, үш жақсы жетілген аталығы болатын және т.б. Екі жақсы жетілген аталығы болған жағдайда, аталықтың екеуі басқаларынан биік болады, ал үш жақсы жетілген аталығы болғанда, аталықтың үшеуі басқаларынан биік болады және т.б.
Аталық. Қалыпты жағдайда аталық екі бөліктен тұрады- аталық жіпшесінен және тозаңқаптан (тозаңдықтан).
Аталық жіпшесі өсімдіктердің көпшілігінде қарапайым, тармақталмаған болып келеді. Алайда олардың кейбіреулерінде, әртүрлі формада, бүйірлік өскіншелер жетіледі немесе бұтақтанады. Егер аталықтың жіпшесі болмаса, онда оны отырмалы аталық деп атайды.
Тозаңқап әдетте "текалар" деп аталынатын екі жартыдан тұрады, ал ол жартылары бір- бірімен дәнекер арқылы біріккен. Кейде дәнекерді аталықтың жеке бөлігі ретінде қарастырады, бірақта микроскоппен қарағанда оның ұлпасының тозаңның ұлпасынан айырмашылығы болмайды. Әрбір тека екі ұядан немесе тозаңқаптан тұрады. Тозаңқаптың сыртын бір қабат эпидермис қаптап тұрады. Бұл микроспорофиллдің қалдығы болып табылады. Тозаңқаптың тереңдеу орналасқан ұлпалары микроспорангияға жатады. Эпидермистің астында жатқан қабатты (субэпидермальный слой) эндотеций деп атайды. Эндотецийдің клеткалары, клетка ішілік тірі заттарын ерте жоғалтады, олардың қабырғаларынан тозаңқаптың жарылуына мүмкіндік жасайтын фиброзды белдікшелер бөлінеді. Эндотецийдің астындағы, жас тозаңқапта, ортаңғы қабат және төсеніш қабат (тапетум) орналасады. Төсеніш қабаттың клеткалары ірі, цитоплазмасы қою және бірнеше ядросы болады. Әрбір ұяның ортасында спора түзетін ұлпа болады, оның клеткаларынан алдымен микроспоралар, содан соң тозаң түзіледі. Тозаңқап піскен кезде төсеніш қабат пен ортаңғы қабаттың клеткалары жойылады, өйткені олардың клетка ішілік заттарының барлығы өсіп келе жатқан микроспоралар мен тозаңдардың түзілуіне жұмсалады. Тозаңдардың құрылысы бірдей, бірақ оның жабынының (спорадермасының) морфологиясы алуан түрлі болып келеді.
Өсімдіктердің кейбір түрлерінің аталықтарының бір бөлігінің, тозаңдығы болмайды және олар жіпшелер түрінде ғана беріледі. Мұндай стерилді аталықтарды стаминодийлер деп атайды (зығырда), олар көп жағдайда шірнеліктерге (нектарники) айналып кетеді. Кейде стаминодийлер ашық түске боялып, күлте жапырақшаларға ұқсас, жалпақ тақталардың формасына келеді (каннада).
Гинецей. Бұл бір гүлдегі аналықтардың жиынтығы. Бір жеміс жапырақшадан (мегаспорофилл) тұратын аналық түзетін гинецейді, бір мүшелі, ал бірнеше жеміс жапырақшадан тұратын аналық түзетін гинецейді көп мүшелі деп атайды. Егерде көп мүшелі гинецейдің жеміс жапырақшалары бір- бірімен бірікпеген болса және көп аналық түзсе онда мұндай гинецейді апокарпты деп атайды, ал егер жеміс жапырақшалардың бір- бірімен бірігіп кетуінің нәтижесінде бір ғана аналық түзілетін болса, онда мұндай гинецейді ценокарпты деп атайды. Ценокарпты гинецейдің гүл түйінінде қанша бағана болса, оның сонша жеміс жапырақшасы болады. Гүл түйінінде қанша ұя немесе тегіс болса, аналықтың аузының сонша жақтауы болады.
Бұл жағдайда жоғарыда келтірілген белгілердің барлығын ескеріп отыру қажет, өйткені олардың белгілерінің біреуі жеміс жапырақшаларының санын барлық уақытта дәл көрсете бермеуі мүмкін.
Аналық. Бұл бір немесе бірнеше жеміс жапырақшалардың бірігіп кетуінің нәтижесінде түзілетін, тұқым бүрлері орналасатын жабық қуыс (гүл түйіні, плацента). Аналық гүл түйінінен, аналықтың мойнынан және аналықтың аузынан тұрады. Кейде аналықтың мойны болмайды, бұл жағдайда аналықтың аузы отырмалы болып келеді.