Ұрықтану Бұл екі жыныс клеткасының қосылуы арқылы жүретін процесс, яғни аталық және аналық гаметалардың қосылуы арқылы жүзеге асады. Жабық тұқымды өсімдіктердің аталық гаметасын спермия, ал аналық гаметасын - жұмыртқа клеткасы деп атайды. Тозаңның клеткасының біреуі, аналықтың аузына түсіп, экзиннің порасы арқылы созылып өсіп, тозаң түтігіне айналады. Кейде мұндай түтіктің ұзындығы бірнеше сантиметрге жетеді. Онда генеративтік клетканың бөлінуінің нәтижесінде екі спермия түзіледі. Тозаң түтігі аналық аузы мен мойнының борпылдақ ұлпасын жарып өтіп, гүл түйініне қарай өседі, одан әрі тозаң тесігі арқылы тұқым бүршігіне өтеді немесе жабындықтарды жарып өтіп ұрық қалтасымен тікелей түйіседі. Ұрық қалтасының тозаң түтігімен түйіскен жеріндегі қабықшасы шырыштанады, нәтижесінде тозаң түтігі қалтаның ішіне енеді. Ол жұмыртқа клеткасына жеткен соң жарылады нәтижесінде одан спермиялар босап шығады. Оның біреуі жұмыртқа клеткасымен қосылып зигта түзеді (2п), ал екіншісі ұрық қалтасының диплоидты орталық ядросымен (2п) қосылып триплоидты клетка түзеді. Осылайша қосарланып ұрықтану жүреді. Ол тек жабық тұқымды өсімдіктерге ғана тән.
Қосарланып ұрықтануды алғашқы рет белгілі орыс ғалымы, академик С.Г.Навашин (1898 г.) ашқан.
Қосарланып ұрықтанғаннан кейін зиготадан ұрық (2п), триплоидты клеткадан эндосперм (қор жинайтын ұлпа, 3п), интегументтерден спермодерма (дәннің қауызы), ал бүткіл тұқым бүршігінен дән пайда болады. Серіктік клеткалары мен антиподтары әдетте еріп кетеді, ал нуцеллус ұрық түзілген кезде, қор заты ретінде пайдаланылады, сиректеу ол қор жинайтын ұлпаға - периспермге айналады.
Апомиксис. Апомиксис деп ұрықтың әртүрлі жағдайларға байланысты ұрықтану процесінсіз (ядролардың қосылуынсыз) пайда болуын айтады. Апомиксис құбылысы қос және даражарнақты өсімдіктерде кездеседі. Олардың ішінде, әсіресе эволюциялық тұрғыдан қарағанда жақсы жетілген топтарда, мысалы, астық тұқымдасында, сарғалдақтар тұқымдасында, раушангүлділерде, күрделігүлділерде жиірек кездеседі.
Апомиксистің көптеген варианттары бар. Тұрақты апомиксисте ұрық қалтасы диплоидты және ұрық жұмыртқа клеткасынан (партаногенез), ұрық қалтасының жұмыртқа клеткасынан басқа кез-келген клеткасынан (апогамия), нуцеллустың, интегументтің, халазаның клеткасынан (апоспория) пайда болуы мүмкін. Апоспориялы ұрық қалтасы, дұрыс жетіліп қалыптасқан ұрық қалтасы секілді. Әдетте 8-ядролы болады, бірақ олардың полярлылығы бұзылады және әртүрлі ауытқушылықтарға ұшырайды. Апоспория мен полиэмброния (дәннің көп ұрықтылығы) байланысты болады. Қосымша ұрықтар лимонда және басқада цитрус тектестерге жататын өсімдіктерде жиі кездеседі.
Кейде апомиксиске гүлді алмастыратын пиязшықтарды немесе басқада вегетативтік көбеюге арналған құрылымдарды жатқызады.
Апомиксисті өсімдіктер көп жағдайда морфологиялық ауытқушылықтарға ұшырайды. Олардың тозаңы көптеген жақсы қасиеттерін жоғалтып, бұрынғы қабілетінен айрылады (дегенерацияға ұшырайды), тозаң қабы (тозаңдық) редукцияға ұшырайды. Табиғатта осындай морфологиялық ауытқушылықтарға ұшыраған өсімдіктерді анықтаудың "антоморфологиялық" тәсілі осыған негізделген.
Тұқым Тұқым дегеніміз тұқымды өсімдіктердің көбеюіне және таралуына арналған мүше (орган). Ол сырты жеміс қаппен (спермодерма) қапталған ұрықтан және қор жинайтын ұлпадан тұрады. Өсуге қолайсыз жағдайда (салқында, құрғақшылықта) тұқым тыныштық қалпында топырақта ұзақ уақыттар бойы жата беруі мүмкін. Қолайлы температурада және ылғал жеткілікті болған жағдайда тұқым бойына суды тартып, ауа жеткілікті мөлшерде келіп тұрса ісініп өседі.
Тұқымның классификациясы. Қор заттарының қай жерде жиналуына байланысты: эндоспермде, периспермде, ұрықта, эндоспермде және периспермде, эндоспермде және ұрықта тұқымның бес типі болады.
Эндоспермі бар тұқым. Сұлының дәнінің сыртын біршама жұқа жарғақ қабат (пленчатый слой) тығыз болып жауып тұрады. Оны дәннің ішкі бөлігінен ажырату қиын. Бұл дәннің қауызымен бірігіп кеткен жемісқап болып табылады (околоплодник). Дән бір тұқымды жеміс болып саналады. Оның ішінде кішкентай ұрық пен эндосперм болады. Ұрық алғашқы меристемадан тұрады, онда болашақ өсімдіктің вегетативтік органдарының бастамасы болады: ұрықтық тамырша тамыр оймақшасымен, тамырдың қынапшасы немесе колериза, ұрықтық сабақша (гипокотиль) және бүршікше. Онда ұрықтық жапырақшалармен қоршалған сабақтың өсу конусы жақсы байқалады. Сыртқы ұрықтық жапырақша колеоптиле деп аталынады. Ол бүршікшені топырақ арқылы өткенде қорғап тұрады. Жалғыз тұқым жарнағы эндоспермге жанасып жатады, оны қалқанша (щиток) деп атайды. Сабақшаның қалқаншаға қарама-қарсы жағында эпибласт (қабықша) орналасады. Ол редукцияға ұшыраған екінші тұқым жарнағы болса керек (кейбір астық тұқымдасында эпибласт түзілмейді). Эндоспермнің шет жағында алейрон дәндері деп аталынатын, белоктың түйіршіктерінен тұратын клеткалардың қатары болады. Бұл алейрон қабаты, оның астындағы клеткалар (дәннің ортаңғы бөлігінде) күрделі крахмал дәндерімен толтырылған болып келеді.