Телиобазидиомицеттер класс тармағы – Telіobasіdіomycetіdae. Бұл класс тармағына жататын өсімдіктердің фрагмобазидийлері болады.
Бидайдың қатты қаракүйесі (Tіlletіa carіes), басқа қаракүйелер секілді паразит. Зақымданған масақ, зақымданбаған масаққа қарағанда жеңіл, өйткені оның дәндерінің көпшілігі телиоспораға толы болады. Телиоспоралар шар тәрізді түсі қара және үсті кедір-бұдыр (ячеистый) болып келеді. Астықты бастырған кезде споралар дәнге жабысады, ал тұқымды сепкенде топыраққа түседі. Телиоспоралар көктемде тұқыммен бірге өседі. Өсер алдында дикарионның ядролары қосылады, содан соң зигота мейоз арқылы бөлінеді. Осылардан кейін барып фрагмобазидия дамиды, ал оларда гаплоидты базидиоспоралары түзіледі. Базидиоспоралар өсімдіктерді тікелей зақымдай алмайды. Екі гетеротальды базидиоспоралар қосылып екі ядролы клетка түзеді. Осындай клеткадан дикарионды гифа пайда болады. Ол алдымен дәннің қауызының (околоплодник) астына, содан соң ұрықтың өсу конусына, одан өскінге өтіп өсімдікпен бірге өседі. Келешегінде гифа гүл шоғырына еніп дәннің ішінде ұлғаяды да, оның ішіндегі қоректік заттарын өз бойына сіңіреді. Қауызбен (околоплодник) спермодерма бұзылмайды, сондықтанда дән өзінің сыртқы формасын сақтайды, бірақ оның іші телиоспораға толы болады.
Қарабидайдың (T.secalіs), арпаның (T.hordeі) қатты қаракүйесінің, жүгерінің тозаңды қаракүйесінің (Sorosporіum reіlіanum) және тағы басқалардың өмірлік циклдары дәл осындай.
Бидайдың тозаңды қаракүйесінің (Ustіlago trіtіcі) - өмірлік циклы біршама күрделі. Зақымдалған масақтың және дәннің қауыздары (қабықшалары) жыртылып қара түсті телиоспоралармен жабылады. Олар бидайдың қатты телиоспораларына қарағанда ұсақ және үсті кедір - бұдыр емес (не ячеистый) тегіс болады. Телиоспоралар жел арқылы зақымдалмаған масақтың гүліндегі аналығының аузына келіп түседі де өнеді, олардан фрагмобазидий дамиды. Бірақта базидиоспоралар түзілмейді, фрагмобазидийдің гаплоидты клеткалары екеу - екеуден қосылып, дикарионды гифаларға айналады. Дикарионды гифалар гүл түйініне өтіп эндосперм мен ұрықтың ішінде ұлғайып өседі, бірақ оларды бұзып жармайды.
Зақымдалған дәннің формасы мен салмағы жағынан зақымданбаған дәннен айырмашылығы болмайды және өсуге қабілетті келеді.
Яғни бұл жерде зақымдану топырақта емес, өсімдік гүлдеген және дән байлаған кездерде жүреді. Келесі жылы тұқымды жерге сепкеннен кейін ұрық өне бастайды, осы кезде мицелийде ұрықпен бірге өсіп оның өсу конусына өтеді. Одан әрі ол сабақтың бойымен жоғары қарай жылжиды, сөйтіп қоректік заттар мол жиналатын гүл шоғырында ерекше қарқынмен өсіп ұлғаяды. Осы жерде мицелий жекелеген клеткаларға бөлінеді. Ал ол клеткалар қалың қабықшамен қапталып телиоспораларға айналады. Бұл жағдайда гүл шоғырының түрі өзгеріп, қаракүйенің ұсақ тозаңына айналады. Бұлармен күресу басқа қаракүйелерге қарағанда қиын, өйткені мұнда қаракүйе мицелийлері дәннің ішкі ұлпасында орналасады. Сондықтан, онымен күресу үшін тұқымды 3-4 сағат бойы 28-32 градустағы жылы суға салу керек, бұл уақытта мицелий өсе бастайды, ал ұрықтың өсуіне уақыт жетпейді. Одан кейін тұқымды 7-8 мин., 52-53 градустан астам суға салады, бұл кезде өскен мицелий күйеді, ал ұрыққа ешқандай зиян келмейді. Барлық колхоз, совхоздарда бұл шараны қолдануға қолайлы жағдай туа бермейді. Сондықтан егістікке таза сортты дәндерді сұрыптап алу қажет.
Пукциния, немесе астықтың сызықты таты (Puccіnіa gramіnіs) - сарыағаш өсімдігі мен астық тұқымдастарының паразиті. Астық тұқымдастары осы саңырауқұлақтың негізгі иесі де, ал сарыағаш өсімдігі аралық иесі болып табылады. Бұл саңырауқұлақ өзінің дамуын сарыағаштың жапырағынан бастайды. Зақымданған жапырақтың екі бетінде де қызғылт сарғыш түсті дақтар пайда болады. Зақымданған жапырақтың үстінгі бетінде пикнидийлер, ал астынғы жағында эцидийлер дамиды. Пикнидийлер құмыра тәрізді, үстінгі жағында тесігі бар қуыс. Осы қуыстың қабырғаларынан қысқа гаплоидты гифалар пайда болады, ал олардың ұшында өте ұсақ шар тәрізді споралар жетіледі. Оларды пикноспоралар немесе спермациялар деп атайды. Пикнидийлер дами келе жапырақтың жоғарғы эпидермисіне қысым туғызып, оны жарып шығады. Осы тесіктен сыртқа қысқа гифалар қоқырап шығып тұрады, оларды парафиздер деп атайды. Осы гифаларға пикноспоралар жабысады. Гифалардың арасымен сыртқа ерекше иісі бар шырынды сұйық шығып отырады, олармен бірге көптеген ұсақ пикноспораларда шығады. Осы шырынды сұйық өсімдіктің жапырағына қонған насекомдардың бауырына және табанына жабысады, онымен бірге пикноспоралар бір пикнидийден екінші пикнидийге ауысады. Пикноспоралар өздігінен басқа өсімдікті зақымдай алмайды, бірақ олардың дикариондық мицелийдің түзілуіне бірден - бір қатысы болады. Басқаша айтқанда жыныстық процеске қатысы болады. Дикариондық мицелий түзілу үшін бір жыныстық белгісі бар пикноспоралар қарама - қарсы жыныстық белгісі бар пикнидийге барып түсу керек. Сөйтіп басқа пикнидийдің шырынында пикноспоралары өсіп, гаплоидты мицелий берді, ал олар жапырақтың ішкі ұлпаларына өтеді. Онда осы мицелийдің гаплоидты гифалары басқа жыныстық белгісі бар гифалармен бірігіп эцидиялық (екі ядролы) спораның алғашқы бастамасын береді. Эцидийлер алғашқыда екі бөлікке бөлінеді:
1) төменгі эпидермиске қарай бағытталған, ұрпақ беруге қабілетсіз үлкен, қор заттары аз, клеткалардың тізбегінен тұратын бөлік;
2) ұрпақ беруге қабілетті, цитоплазмаға бай гифалардың жиынтығынан тұратын бөлік.
Эцидийлер жапырақтың астынғы бетінде орналасады. Олардың ішінде периди қабатымен қоршалған эцидиоспоралар пісіп жетіледі. Алғашқы пайда болған эцидийлер астынғы эпидермисті жарып шығады және бокал тәрізді формаға келеді. Эцидиоспоралар оларда тікесінен (вертикальды) қатар түзіп орналасады. Олар эцидийдің түбінде орналасқан ұзынша клеткалардан бөлініп шығады. Ұзынша клеткалар жапырақтың ұлпаларының клетка аралық қуыстары арқылы өтетін гифалардың жалғасы болып табылады. Эцидиоспоралар көптеп желмен ұшып астық тұқымдастарының сабағына және жапырағына барып түседі. Сонымен, зақымданған астық тұқымдасының сабағында және жапырағында жаздың ортасында ұзынша келген дөңестеу қызғыштау - қоңыр түсті дақтар (жастықшалар) пайда болады. Олар уредоспоралар деп аталынатын көптеген жаздық споралардан тұрады. Жаздың екінші жартысында қызғыштау - қоңыр түсті дақтардың орнында қара түсті дақтар пайда болады. Бұлар телиоспоралардың жиынтығы. Осы споралардың екеуіде астық тұқымдастарының сабақтары мен жапырақтарының ұлпаларында болатын дикарионды мицелийден жетіледі. Уредоспора бойында май тамшыларының болуына байланысты түсі темірдің татының түсіндей болып келетін екі ядролы клетка. Оның формасы сопақтау және бір клеткалы сағаққа орналасқан болып келеді. Уредоспоралар жел арқылы тарап, басқа өсімдіктерді зақымдайды. Телиоспораларда сағаққа орналасады. Оның да формасы ұзынша болып келеді, қоңыр түсті қалың қабықшасы болады және екі клеткадан тұрады.
Алғашқыда әрбір клеткада екі - екіден ядро болады. Содан соң дикарионның ядролары қосылады, нәтижесінде екі ядролы клеткалар бір ядролы диплоидты клеткаларға айналады.
Телиоспоралар топырақта немесе сояу болып қалған өсімдіктің қалдықтарында қыстап шығады. Көктемде өсудің алдында телиоспоралардың ядролары мейоз жолымен бөлінеді. Осындай әрбір клеткадан фрагмобазидий өсіп шығады, оның қысқа стеригмасының басында төрт гаплоидты базидиоспоралар пайда болады. Базидиоспоралар желменен ұшып сарыағаш өсімдігінің жапырағына барып түседі. Осы жерде олар өсіп жапырақтың ұлпасында мицелий түзеді. Сөйтіп бұл саңырауқұлақ өзінің даму циклын сарыағаш өсімдігінің жапырағынан қайта бастайды.
Дейтеромицеттер, немесе жетілмеген саңырауқұлақтар класы (Дейтеромицеты, или несовершенные грибы) – Deuteromycetes, Fungі іmperfectі.
Түрлерінің жалпы саны 300 мыңдай. Гифалары мүшеленген (членистый). Көбеюі конидилері арқылы жүзеге асады. Жыныстық жолмен көбеймейді. Бұлар парзиттер мен сапрофиттер болып келеді. Көптеген түрлері табиғатта аса кең тараған. Жетілмеген саңырауқұлақтар көп жағдайда ауылшаруашылық дақылдарын ауыруға шалдықтырады және оларды өлуге әкеліп соқтырады.
Жетілмеген саңырауқұлақтардың классификациясы конидия сағақтарының орналасуы мен конидилерінің формасына негізделген. Бір түрлерінде конидия сағақтары жалғыздан орналасып, онша үлкен болмайтын шоқ түзеді. Оны кореми деп атайды (ботритис- Botrіtіs туысы). Екінші бір түрлерінде гифалары матасып жапырақтың үстінде ложе немесе строма деп аталынатын құрлым түзеді (коллетотрихум - Colletotrіchum). Үшінші бір түрлерінің конидилері шар тәрізді немесе сопақтау болып келген, жоғарғы жағында тесігі бар қуыстың - пекнидидің ішінде орналасады (диплодина - Dіplodіna туысы).