Адамның иммунитет тапшылық вирусы (АИТВ) инфекциясы
Адамның иммунитет тапшылық вирусы (АИТВ) немесе ВИЧ (вирус иммунодефицита человека) соңғы кезеңі иммунитет тапшылық синдромымен (ЖИТС-СПИД) сипатталатын өте ауыр ағымды жұқпалы аурудың қоздырғышы болып табылады.
Бұл ауру және оның қоздырғышы өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында белгілі бола бастағанымен, аз уақыт аралығында жержүзінің көп елдеріне тарап, пандемиялық сырқаттар қатарынан орын алады.
ЖИТС - өте қауіпті жұқпалы ауру, көбінесе еңбекке қабілетті және адам өсімін беретін жас адамдарды жарақаттайды. Ауру ұзақ уақыт дамиды және өлімен аяқталу көрсеткіші өте жоғары.
Адамның иммунитет тапшылығы вирусы ретровирустар тобына жатады және оның осылай атауы себебі, онда рибонуклеин қышқылынан (РНҚ) информацияны (ақпаратты) дезоксирибонуклеин қышқылына (ДНҚ) беретін фермент – кері транскриптаза (обратная транскриптаза) бар. АИТВ Т4 –лимфоциттерді жарақаттауы салдарынан олар жойылып кетеді.