Дәріс 13. Бәсекелестік пен бәсекеге қабілеттілік: мазмұны, макро-, мезо- және микродеңгейлерде сипаттау және басқару



Дата18.10.2023
өлшемі98,39 Kb.
#118709

Дәріс 13. Бәсекелестік пен бәсекеге қабілеттілік: мазмұны, макро-, мезо- және микродеңгейлерде сипаттау және басқару

Кәсіпорынды басқаруда бәсекелестік артықшылықтарды зерттеудің маңызы зор, себебі ұйымның дамуы сөзсіз нарықтағы басқа ұқсас өнім өндірушілер мен тасымалдаушылардың бәсекесі және қақтығысымен байланысты. Бірақ, зерттеушілер бәсекелестік, бәсекеге қабілеттілік және бәсекелік артықшылық ұғымдарын жиі шатастырады.


Латынның «concure» сөзінен мақсатқа жүгіру деп аударылатын бәсекелестік ұғымы мақсатқа жетудегі адамдар арасындағы бақталастық дегенді білдіреді. Сонымен қатар бәсекелестіктің басты құралы болып сұранысты қалыптастыру мен өткізуді ынталандыру болып табылады.
Бәсекелестік – нарық жағдайында қызмет ете алатын қаржылық тұрақты кәсіпорындарды іріктеу негізінде нарықты экономиканы табиғи реттеу механизмі. Бұдан басқа, бәсекелестік біртекті өнім шығаратын жеке шаруашылық субъектілерінің тұрақты жұмыс жасау және жоғары табыс табу мақсатында өткізу нарығы үшін экономикалық күресінің ресмиленген түрі болып табылады.
А. Смит өзінің «Халықтар байлығының табиғаты мен себебі туралы зерттеу» еңбегінде бәсекелестікті ұсыныс қысқарғанда бағаларды көтеретін, керісінше, ұсыныс артқанда бағаларды төмендететін қақтығыс деп анықтаған. Содан кейін А. Смиттің бәсекелестік теориясының дамуына Д. Риккардо, Дж. Кейнс, Ф. Котлер, Фр. Хайек, М. Портер, сонымен қатар Г. Азоев, П. Завьялов, И. Герчикова, Е. Горбашко, М. Кныш, И. Липсиц, Ю. Рубин, Р. Фатхутдинов, А. Юданов сияқты зерттеушілер елеулі үлес қосқан.
Объектінің сипатына, бәсекенің арнайы белгілері мен факторларына, сонымен қатар басқару иерархиясы деңгейлеріне (кәсіпорын – сала – аймақ – ұлттық экономика) байланысты бәсекеге қабілеттілік динамикасына қарай отандық әдебиетте де, шетел экономикалық әдебиетінде де «бәсекелестік» және «бәсекеге қабілеттілік» ұғымдарының әртүрлі түсіндірілетіндігін атап өту керек. Мысалы, Г. Азоев бәсекелестік «бір мақсатқа жетуге мүдделі дара заңды және жеке тұлғалар арасында қандай да бір майдандағы қақтығыс» деп есептейді.
А. Юданов нарықтық бәсекелестік тұтынушылардың төлеуге қабілетті сұранысының шектеулі көлемі үшін фирмалардың нарықтың ашық сегменттерінде жүргізетін күресі деп тұжырымдайды. Ресейлік зерттеушілер Шогеновтар «бәсекелестік – бұл өзара байланысты мақсаттары бар көптеген нарық қатысушыларының қақтығысы деп есептейді; ол қоғамдық өндірістің үйлесімділігін ұтымды реттейтін, бағаға әсер ету мүмкіндік болмайтын тәртіппен экономика мен қоғамдағы өндірушілер мен тұтынушылар қызметінің еркіндік бірлігіне кепілдік беретін механизм болып табылады».
Бәсекелестік ұғымымен қатар «бәсекеге қабілеттілік» категориясының әртүрлі анықтамалары бар. Сонымен, бәсекеге қабілеттілік деп «бір жағынан белгілі бір қоғамдық қажеттілікке сәйкестік дәрежесі бойынша, екінші жағынан осы қажеттілікті қанағаттандыруға кеткен шығын бойынша бәсекелес – тауардан айырмашылығын көрсететін тауар сипаттамасын» атайды. Бұдан басқа бәсекеге қабілеттілікті нарықтық қатынастар жағдайында өз қызметін іске асыруда және өндірісті ғылыми-техникалық жетілдіру, жұмысшыларды ынталандыру үшін жеткілікті табыс табуда жарыс мүмкіндігі деп те басқаша түсінеді. Менің ойымша, бәсекеге қабілеттілік ұғымы ашық нарық жағдайында қызмет ететін кәсіпорын деңгейінде толығырақ зерттеліп құрылымдалған. Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі деп қатаң бәсеке жағдайында шаруашылық қызметті іске асыру мүмкіндігі түсініледі. Г. Мадиев өз ұстанымымен келесі анықтаманы береді: кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі – облыс немесе аймақ ішіндегі берілген саланың басқа кәсіпорындарына қатысты артықшылығы.
Сонымен қатар бәсекеге қабілеттілікке қолданылатын, кейде тіпті қате баян етілетін бірталай түсініктемелер бар. Мысалы, П. Кругманның түсініктемесін келтіру орынды: «бәсекеге қабілеттілік ұлттық экономикаға тұтастай қолданғанда мағынасыз сөз болып табылады. Және бәсекеге қабілеттілікке құлай берілу қауіпті және қате болып табылады». П. Кругманның көзқарасы бойынша, мемлекеттер өзара тіпті компаниялар сияқты да бәсекелеспейді. Дегенмен, елдер олардың бәсекеге қабілеттілігі бойынша бағалана алады, егер бұның астында халықтың белгілі бір өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мүмкіндігі тұрса. Бұл жағдайда бәсекеге қабілетті кәсіпорындар елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты құраушысы болып табылады.
Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі келесі факторлармен анықталады:
– өнім мен қызмет сапасы;
– маркетинг пен өткізудің тиімді стратегиясы бар болуы;
– персонал мен менеджменттің квалификация деңгейі;
– өндірістің технологиялық деңгейі;
– кәсіпорын қызмет ететін салықтық орта;
– қаржыландыру көздерінің қолжетімділігі.
Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі ең бірінші тауардың бәсекеге қабілеттілігіне тәуелді. Бәсекелестік теориясында өнім мен өндірушінің бәсекеге қабілеттілігі арасында тікелей тәуекелділік бар деген ой қалыптасқан, себебі «бәсекеге қабілетті өнімді ... бәсекеге қабілетті кәсіпорын ғана өндіре алады».
Сонымен бірге, бәсекеге қабілеттілікті анықтауда елдік тәсіл де бар. Сонда, Г. Кушенов бәсекеге қабілеттілік ішкі және әлемдік нарықтың талаптарына жауап беретін тауарлар мен қызметтер өндірілетін және сол уақытта өз азаматтарының табыстарын сақтап немесе арттыра алатын еркін және әділ нарық жағдайында елдің мүмкіншілік деңгейі деп есептейді.
Американдық зерттеушілер бәсекеге қабілеттілік деп елдің халық­аралық шаруашылық қызметінің қатысушысы ретіндегі халықтың өмір сүру деңгейінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету қабілеті десе, ал американдық бизнеске қатысты – тұрақты артып отыратын қайтарыммен отандық капиталды пайдалану қабілеті деп түсінеді.
Елдің экономикалық болашағы көп жағдайда оның әлемдік нарықтағы жетістіктерімен анықталады деген идея әрқашан дұрыс бола бермейді. Көптеген өндірістік дамыған елдердің экономикалық жағдайы сыртқы саудаға, яғни 10-30% шамасында болатын экспорт-импорт үлесіне тәуелді екені белгілі. Дегенмен, ұлттық беделді сақтап тұру үшін ұлттық компаниялардың әлемдік нарықта елді қалай көрсететіні маңызды. Елдің саяси-экономикалық имиджі қаншалықты жоғары болса, соншалықты ол инвестицияға тартымды, осының салдары ретінде экономикалық даму мүмкіндіктері көп болады. Бұл жағдайда өнімнің бәсекеге қабілеттілігі артады.
Өнімнің бәсекеге қабілеттілігі категория ретінде кең ауқымда өзгере алатын маңызды нарықтық сипаттардың бірі болып табылады. «Бәсекеге қабілеттілік» ұғымы өз түсіндірмелерінде белгілі бір эволюциялық өзгерістерге ұшырағанын атап өту керек. Мысалы, А. Смит бәсекеге қабілеттілік деп шығындық артықшылықтарды түсінуді ұсынған. Кейінірек Д. Риккардо бұл тұжырымды еңбек өнімділігінің айырмашылығы негізіндегі салыстырмалы артықшылық концепциясы етіп жетілдірген. Б. Олин бәсекеге қабілеттілік категориясын молшылықта бар факторларды қарқынды қолдану аясына аударған. Ал А. Томсон, Дж. Формби бәсекеге қабілеттілікті тауарды дайын­дауға кажетті еңбек саны және сапасымен анықтаған.
Осылайша барлық келтірілген бәсекеге қабілеттілік тұжырымдамаларында тауарларды өзара салыстыру факторы негізгі фактор болып табылады. Сәйкесінше, сатып алушының алдарында бірдей тұтынушылық қасиеттері бар тауарларды салыстыра отырып тауардың бәсекеге қабілеттілік бағасын, яғни тауардың өз бәсекелестерінен артықшылығын және оның иесіне қажетті имидж жасайтын сипатының, қасиетінің бағасын шығаруға болады.
Көптеген зерттеушілер, соның ішінде, Г. Васильев, Н. Нагапетьянц және бірнеше басқа да авторлар тауардың бәсекеге қабілеттілігі нарықта басқа да ұқсас тауарлардан артықшылық қалыптастыратын оның экономикалық, техникалық және пайдаланушылық параметрлерінің деңгейі деп есептейді. И. Корнев, Ж.-Ж. Ламбена, А. Романова, В. Хруцкойдың еңбектерінде бәсекеге қабілеттілік сатып алушының нақты қажеттілігін қамтамасыз ету үшін берілген тауардың тауар-бәсекелестерден артықшылығын тудыруға мүмкіндік беретін оның сапалық және бағалық қасиеттерінің жиынтығы ретінде түсіндіріледі.
Мысалы, М. Портер бәсекеге қабілеттілік – бұл тауардың сатыла алу мүмкіндігі деп есептейді. Бұл кезде тауардың бәсекеге қабілеттілігі деп нақты тауардың тұтынушы үшін тартымдылығы түсініледі. Сондықтан, бәсекеге қабілеттілік берілген сатып алушы үшін сөзсіз қызығушылық туғызатын және оның қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз ететін тек нақты қасиеттер жиынтығымен анықталады деуге болады. Бұл ретте басқа қасиеттері назарға алынбайтынын ескеру керек.
Бәсекеге қабілеттілік және тауардың бәсекеге қабілеттілігі ұғым­дарына қатысты әртүрлі авторлардың ұстанымдары 18-кестеде берілген.

18-кесте – Бәсекеге қабілеттілік ұғымына қатысты ғалым-экономистердің салыстырмалы ұстанымдары





Терминнің атауы

Автордың
аты-жөні

Анықтама

Ерекшеліктері

1

2

3

4

Тауардың бәсекеге қабілеттілігі

Л.Г. Багиев

Сатып алушының нақты қажеттілігін қамтамасыз етуде берілген тауардың тауар-бәсекелестерден артықшылығын жасауға мүмкіндік туғызатын оның сапалық және бағалық сипаттарының жиынтығы

Сапалық қасиеттердің артықшылығы

Тауардың бәсекеге қабілеттілігі

Г.А. Васильев,
Н.А. Нагапетьянц

Нарықта басқа ұқсас тауарлармен қақтығысқа (бәсекеге) қарсы тұруға мүмкіндік беретін экономикалық, техникалық және пайдаланушылық параметрлердің деңгейі

Тауардың экономикалық, техникалық және пайдаланушылық параметрлерінің деңгейі

Тауардың бәсекеге қабілеттілігі

И.В. Корнев,
Ж.-Ж. Ламбен
А.Н. Романов,
В.Е. Хруцкий

Сатып алушының нақты қажеттілігін қамтамасыз ету үшін берілген тауардың тауар-бәсекелестерден артықшылығын тудыруға мүмкіндік беретін оның сапалық және бағалық қасиеттерінің жиынтығы

Тауардың сапалық қасиеттері­нің басымдылығы

Тауардың бәсекеге қабілеттілігі

М. Портер

Тауардың сатылу мүмкіндігі

Тауардың сатылу қабілеті

Бәсекеге қабілеттілік

А. Смит

Шығындық артықшылығы

Шығындық артықшылығы

Бәсекеге қабілеттілік

А. Томсон
Дж. Формби

Тауарды дайындауға кажетті еңбек саны және сапасы

Бір тауарға шаққандағы еңбек саны мен сапасына кеткен шығын

Бәсекеге қабілеттілік

Сағадиев К.

Бәсекеге қабілетті ұйымдар елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты құраушысы болып табылады.

Ұйымның бәсекеге қабілеттілігі –
елдің бәсекеге қабілеттілігі

Бәсекеге қабілеттілік

А.В. Селиверстов

Берілген нарықта ұсынылған ең жақсы ұқсас объектілермен салыстырғанда нақты қажеттілікті қанағаттандыру деңгейін сипаттайтын объектінің қасиеті

Нақты қажеттіліктің қанағаттандырылу деңгейі

Бәсекеге қабілеттілік

С.С. Арыстанбаева

Жүйенің барлық белгілері мен қасиеттерін иемденетін өзара байланысты ішкі жүйелер мен элементтердің жиынтығынан тұратын жүйе

Ішкі жүйелер мен элементтерден тұратын жүйе

Бәсекеге қабілеттілік

О.П. Ельцова

Жарыста ұту мүмкіндігі

Бәсекеге қабілеттілік рух

Бәсекеге қабілеттілік (макродеңгейде)

Г.В. Кушенов

Ішкі және әлемдік нарықтың талаптарына жауап беретін тауарлар мен қызметтер өндірілетін және сол уақытта өз азаматтарының табыстарын сақтап немесе арттыра алатын еркін және әділ нарық жағдайында елдің мүмкіншілік деңгейі

Өндірілетін тауардың Ішкі және әлемдік нарықтың талаптарына сай болуы

Бәсекеге қабілеттілік

О.Н. Комиссар.

Тауардың нақты бір қоғамдық қажеттілігіне сәйкес болу деңгейі бойынша да, сол қажеттілікті қанағаттандыру шығындары бойынша да бәсекелес – тауардан айырмашылығын көрсететін қасиеті.

Бәсекелес-тауарлардан ерекшелейтін тауарға тән қасиеттер

18-кестеде көрініп тұрғандай, әртүрлі авторлардың тұжырымдарында ортақ ой жоқ, себебі олардың әрбірі бәсекеге қабілеттілік мәнін анықтауда өздері ең маңызды деп тапқан факторды негізгі етіп алған. Бәсекеге қабілеттілік тұтынушының өнімді сатып алу, пайдалану және қалпына келтіру шығындарын анықтайтын, өнімнің сапасының құрамына кіретін және тұтынушы үшін маңызды осы өнімнің қасиеттерінің жиынтығымен анықталады.


Тауардың бәсекеге қабілеттілігінің салыстырмалы бағасы оның артықшылығына әсер ететін және нарықтағы сатылу көлемін анықтаушы бірқатар факторларға тәуелді екенін атап өту керек.

19-кесте – Тауардың бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторлары





Фактор

Өлшемнің сипаттамасы

1

2

Баға

Баға деңгейінің негізгі бәсекелестердің бағаларымен ара салмағы. Сұраныс пен ұсыныстың ара қатынасына байланысты бағалар дифференциациясы жүйесінің дамуы және де бәсекелестердің саясаты. Жеңілдіктер жүйесін тұтынушылар үшін тартымдылық.

Сапа

Өнімнің техникалық пайдалану қасиеттері (функционалдылық, сенімділік, пайдаланудағы қолайлылық). Тауардың беделділігі, дизайны, экологиялылығы

Сервис

Тауарды жеткізу сапасы. Саудалық қызмет көрсету деңгейі. Сервистік қызмет көрсету бойынша қосымша материалдар мен орталықтардың болуы

Марке­тингтік
орта

Маркетинг-логистиканы ұйымдастыру деңгейі. Жарнамалық шаралардың тиімділігі. Ораманың дизайн және мазмұндылық деңгейі. Тауардың брендингінің жетілдірілуі. Тауарды сатып алғанға дейінгі және кейінгі кепілді қызмет көрсетудің деңгейі. Тауарды мультимедиятехнология көмегімен атып алу мүмкіндігі

19-кестеде көрініп тұрғандай, бәсекеге қабілеттілікті құраушы факторларды үш топқа бөлуге болады: техникалық-экономикалық, коммерциялық және нормативтік-құқықтық. Техникалық-экономикалық факторларға сапа, сату бағасы, өнімді қолдану мен тұтыну шығынлары, қызметтер жатады. Олар еңбек өнімділігі мен қарқындылығы, өндіріс шығындары, өнімнің ғылыми сыйымдылығына және т.б. тәуелді. Коммерциялық факторлар тауардың нарықтағы сатылу шарттарын анықтайды. Олар нарық конъюнктурасы, көрсетілетін қызмет, жарнама, фирманың имиджінен тұрады. Нормативті-құқықтық факторлар нарықта тауарды қолданудың техникалық, экологиялық және моральдық-этикалық қауіпсіздік, және де патентік-құқықтық талаптарын көрсетеді. Тауар нарықтағы стандарттардың нормалары мен талаптарына сай болмаған жағдайда, ол сатыла алмайды.


Осы себептен аталған факторлар тобын нормативтерге сейкестік коэффиценті көмегімен бағалау орындауға міндетті шектеу болып табылады.
Бәсекеге қабілеттілік тек қана тұтынушылар үшін қызығушылық туғызатын тауар қасиеттерімен анықталады. Мысалы, бұл қасиеттерге мөлшер, балғындылық немесе дәм жатады. Сұлба, түс сияқты басқа параметрлер бәсекеге қабілеттілікті бағалау кезінде есептелмейді. Тауардың тартымдылық факторларын және бәсекеге қабілеттілігін көрсететін классификациялық сызба тізбек түрінде бейнелене алады: баға – сапа – сервис – маркетингтік орта. Бәсекеге қабілеттілік сапалық, экономикалық және маркетингтік көрсеткіштер көмегімен сипаттала алатын сапалық және бағалық факторларға байланысты.
12-суретке сәйкес, сапалық, экономикалық және маркетингтік көрсеткіштер өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне берілетін бағаны анықтайтын көрсеткіштер жиынтығына бөлінеді.
Микроэкономика деңгейінде өнімнің бәсекеге қабілеттілігі оның бағасы мен сапасының ара қатынасы, жеткізу шарттары, төлеу нысаны, тасымалдау түрі басқа да факторлармен анықталады. Кететін шығындар мен өнімнің сапасы арасындағы орнықты өзара байланысты, және де салыстырылушы объекттер қызметінің басқа параметрлері арасындағы қатынасты табу олардың бәсекеге қабілеттілігі анализінің күрделі міндеті болып табылады.
Бәсекеге қабілеттілік ұғымына анықтама беру келесі әдістемелік жағдайларға негізделеді:
– егер еңбек өнімдерінің тұтынушылық құны болса, олар нарықта айырбас заты бола алады;
– бәсекеге қабілеттілік тауарлардың қажеттіліктерге сәйкестігі бойынша салыстыру мен тексерістен өтетін нарықты кешенді зерттеу негізінде бағаланады, себебі тауардың бәсекеге қабілеттілігі сұрағына сатып алушы жауап береді.
– тұтынушы бұйымды өзіне ұқсас тауарлардың тұтас спектрінен таңдайды және оның қажеттілігін барынша қанағаттандыратын затты сатып алады.
Сәйкесінше, сатып алушының тауарды таңдауы оның екі тараптан бағалануына негізделеді: тауарды қолданудан алынатын пайдалылық эффектісі, және тауарды сатып алу мен пайдалану шығыстары. Аяғынды тұтынушы нені таңдап алса, сол бәсекеге қабілетті болып табылады.
Зерттеудің параметрлік әдістерін қолдану мезодеңгейдегі бәсекеге қабілеттілікті бағалауға жақын, яғни еңбек өнімділігі, ғылыми сыйымдылық пен капитал сыйымдылығы, өнімнің техникалық деңгейі, импорт алмастыру деңгейі, халықаралық кооперациялық байланыстар дәрежесі сияқты көрсеткіштер қолданылатын сала деңгейінде.

12-сурет – Тауардың бәсекеге қабілеттілігін


бағалау көрсеткіштерін топтастыру

13-сурет – Өнімнің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үлгісі


13-суретке сәйкес, өнімнің бәсекеге қабілеттілігі нарықтың қажеттіліктерін зерделеуден, ықтимал және нақты бәсекелестер туралы информация жинаудан және сатып алушылардың сұраныстарын зерттеуден басталады.


Макродеңгейдегі бәсекеге қабілеттілік ұғымын түсіну қиынырақ, себебі ол ұлттық экономика жағдайын, оның осы жағдайды жақсарту, атап айтқанда экономикалық өсу жылдамдығын арттыру, халықтың жұмысбастылық деңгейін көтеру және азаматтардың таза табысын үлкейту мүмкіндігін бейнелейді. Мысалы, К. Сағадиевтің беделді ойы бойынша бәсекеге қабілеттілікті экономиканың тұрақты өсу салдары ретінде қарастыру керек. Тұрақты даму деген елдің қазіргі халқының қажеттіліктерін болашақ ұрпақтың мүмкіндіктеріне қысым жасамай қанағаттандыру, бұл қоғамның үш бағытта: экономикалық, әлеуметтік және экологиялық өрлеуіне алып келеді.
Басқарудың үш деңгейінің де бәсекеге қабілеттілігінің ортақ сипат­тары көп:
1) Әсер ету факторларының бірлігі мен өзара байланысы;
2) Инвесторлар үшін тартымдылығы;
3) Инновацияларға қабілеттілігі;
4) Бір деңгей ішіндегі және деңгейлер арасындағы себеп-салдарлық байланыстың болуы, динамизм және т.б.
Дәстүрлі макро-, мезо- және микродеңгейлерге бөлінетін бәсекеге қабілеттілік ортақ бәсекелестік артықшылықтарға сүйенеді. Сондай-ақ, С. Арыстанбаеваның көзқарасы бойынша, бәсекеге қабілеттілік – бұл жүйенің барлық белгілері мен қасиеттерін иемденетін өзара байланысты ішкі жүйелер мен элементтердің жиынтығынан тұратын жүйе. Мұндай ой бәсекеге қабілеттілікті кеңірек, яғни субъектілер мен объектілердің барлық деңгейлерін және қызмет саласын қамтитын мәселе ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, тар көлемде де, яғни өзара байланысты бөлшектерден тұратын біртұтас ұғым ретінде зерделеуге мүмкіндік береді.
Елдің бәсекеге қабілеттілігі және оның шаруашылық белсенділігінің ашықтылығы сондағы өмір сүру деңгейімен тығыз байланысты. Нақ сондықтан мемлекеттер сауда либерализация жолымен кетті. Мысалы, бірнеше ғалым, соның ішінде Дж. Кейнс, Ұлы депрессия заманында болған экономикалық тоқырау үкіметтің протекционисттік саясаты нәтижесі екенін дәлелдеп берді.
Осындай тұжырымдамалар сектордың немесе жалпы саланың бәсекеге қабілеттілігіне қолданыла алады, себебі нақты бір сектордың жетістіктері сол секторды құрайтын компаниялардың қызметінің бейнесі болып табылады. Мұндай әдістемелік тәсіл келесі ұғымдарды ерекшелеуге мүмкіндік береді – ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі және экономикалық жүйенің бәсекеге қабілеттілігі.
Осыдан экономикалық жүйенің бәсекеге қабілеттілігі астарында ортақ негізі және иерархиялық құрылымы бар бірыңғай организм болып табылатын, және де ұштастырылған әрі келісілген факторлар, әдістер мен көрсету нысандары жиынтығынан тұратын экономикалық жүйенің белсенді жағдайы түсінілетіні белгілі болды. Мұнда шаруашылық жүргізуші субъектілермен бірге экономикалық агенттер ретінде мемлекет, саяси және мәдени институттар, қоғамдық ұйымдар болады. Бұл, ең бірінші, инновациялардың негiзiнде бәсекелiк артықшылықтары қалыптасатын экономикалық жүйенiң сондай даму деңгейiн тұспалдайды. ҒТП жетістіктерін қолдану, сөзсіз, экономиканың тиімділігін арттырады. Мұндай түсінік қоғамды бәсекеге қабілеттілік негізінде туындайтын экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени институттар бірлігі ретінде қабылдауға көзделеген. Бұл олардың шеңберінде болып жатқан құбылыстар мен процестерді бәсекеге қабiлеттiлiктiң факторлары немесе оның детерминанттары деп тануға мүмкіндік бередi.
Экономикалық жүйенің бәсекеге қабілеттілігінің тұжырымдамасы бәсекеге қабілеттіліктің анықтаушы факторлары жиынтығы мен талдау шеңберін анықтайды. Тұжырымдаманың бастапқы ой-түйіні ұзақ мерзімді өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілік макроэкономикалық шарттарды тұрақтандыру, сәйкес ынталандырушы құрылымдар құру есебінен ғана емес, жеке фирмалар немесе кластер-кәсіпорындар топтарын, аумақтарды дамытуға ұжымдық күш салуды шоғырландыратын қатынастар жүйесін құру есебінен іске асатынында. Сонымен қатар, қатынастардың нәтижелі жүйесін жасау тек мемлекеттің міндеті ғана емес, басқа да әртүрлі мемлекеттік емес субъектілердің міндеті екенін есте сақтау керек.
Бәсекеге қабілеттілікті анықтаушы факторлар қоғамдық жүйенің әртүрлі деңгейлерінде қалыптасатын элементтердің өзара байланысты айырбас кезінде түсінікті болғанда бәсекеге қабілеттілік жүйелі болады. Сондықтан микродеңгеймен (кәсіпорын, тұтынушылар, нарықтық мәмілелер) және макродеңгеймен (сауда, валюталық курс, мемлекеттің бюджеттік және сыртқы саудалық саясаты) бірге метадеңгей сұрақтарын да зерттеу керек. Мұндай тәсіл мемлекет неге тұрақты экономикалық дамуға қолайлы, ортақ мүмкіндіктер жасайтынын, және мұнда әртүрлі қоғам мүшелері кандай рөл ойнайтынын, мемлекеттік және мемлекеттік емес институттардың қалай байланысатынын, бұл байланыс процесінде қандай экономикалық даму мақсаттары қойылатынын анықтауға мүмкіндік береді. Дегенмен, мезодеңгейдің мәселелерін зерттеудің де маңызы зор, бұл жеке салалар мен аумақтардың өнімділігіне әсер ететін шараларға талдауға көмектеседі.
Жоғарыда айтылғаннан талдаудың немесе бәсекеге қабілеттіліктің төрт деңгейін өзіне біріктіретін экономикалық жүйенің бәсекеге қабілеттілік моделін қарастыру орынды. Аталған модельді қолдану ең маңыздысы елдің дамуының дұрыс стратегиясын құрастыру емес, стратегияны мемлекет, шаруашылық жүргізуші субъектілер, және ең бастысы, ірі корпоративтік құрылым мен қоғамдық институттар қызметінің үйлестірілген бағдарламасына айналдыру екенін тағы да көрсетіп тұр.
Қорыта келгенде, ұлттық жүйенің бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыру және арттыру тек макроэкономикалық реформаларды ғана емес, қоғамдық өзгерістер жүргізуді де талап етеді. Метадеңгейде әлеуметтік-мәдени, рухани және саяси сипаттағы факторлар шешуші рөлді ойнайды. Ұлттық ұдайы өндірістік базаны әдетте тек материалдық, экономикалық әлеуетпен теңдестіреді, бірақ шын мәнінде бұл әлдеқайда терең әрі кең ұғым деп есептейтін М. Гельвановскиймен келіспеске болмайды. Оның тереңдігі ел халқының негізгі бөлшегінің шаруашылық қызмет үлгісін қалыптастыратын және оны қолдана отырып мемлекет өзінің шаруашылық қызметінен ең жоғарғы әсерге қол жеткізетін бірегей әлеуметтік-мәдени кодпен анықталады.
14-суретке сәйкес бәсекеге қабілеттілік тек осындай мағынада ғана емес, микро-, мезо-, макро- және метабәсекеге қабілеттілік қырынан да зерттеледі. Осы зерттеулердің әр бағытында өзіндік тәсілдер мен әдістер, өз көрсеткіштер жиынтығы қолданылады. Мысалы, талдаудың дәстүрлі бағыты тауар мен қызметтің бәсекеге қабілеттілігін есептеу мен зерттеу, яғни микробәсекеге қабілеттілікті анықтау болып табылады.
Жеке кәсіпорындар мен фирмалар өндіретін нақты тауарлардың немесе стратегия, техникалық деңгей, кадрлық әлеует пен аталған құрылымдардың қаржылық жағдайын есепке ала отырып олар көрсететін қызметтердің бағасы мен сапасы қатынасын микробәсекеге қабілеттілік деп түсіну керек.
Бәсекелік орта деңгейін арттыру, атап айтқанда оған жеке кәсіпорындар мен фирмалардың шаруашылық өзара байланысы нәтижесі болып табылатын күрделі өндірістік жүйелерді және олардың қиыстыруларын енгізу, салыстырылатын объекттердің бәсекеге қабілеттілігін талдауды қиындатады. Бұл біріктірудің келесі сатысы – мезобәсекеге қабілеттілікке талдау жасауды қажет етеді.
Бізге дәстүрлі өлшемдерден басқа, берілген салаға тән және ел экономикасының және бар қаржылық мүмкіндіктерді ескере отырып жеке аймақтың дамуының әртүрлі нұсқалары кезіндегі оның динамикалығының дәрежесін сипаттайтын көрсеткіштер бойынша бағаланатын экономиканың жеке секторларының жұмыс тиімділігін мезобәсекеге қабілеттілік деп түсінуге болатын сияқты.

Экономиканың дербес салаларының бәсекеге қабілеттіліктері:
Инфрақұрылымның
Инновациялық-технологиялық саланың
Білім саласының
Өнеркәсіптік саланың
Сыртқы экономикалық саланың
Аймақтық саланың
Экологиялық саланың

Саяси және экономикалық ұйымдардың дамуға бағытталған нысандары:
Әлеуметтік-мәдени факторлардың
Адамгершілік құндылықтың
Саяси, құқықтық және экономикалық ұйымдардың
өзара әрекеттесуінің
Саяси тұрақтылықтың

МЕЗОДЕҢГЕЙ

МЕТАДЕҢГЕЙ





ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІГІ





МАКРОДЕҢГЕЙ

Мемлекеттің саясаты:
Бюджеттік, ақшалай
Салықтық, тарифтік-кедендік
Инвестициялық, валюталық, саудалық
Корпоративтік басқару

Фирмаішілік-және аралық тұрақты экономикалық өсуі бойынша шарттар :
Менеджменттің сапасының
Инновациялық менеджменттің
Өндірістік менеджменттің
Кәсіпорындар арасындағы логистикалық тәуелділіктердің
Жеткізушілер, өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы бірігудің
Қаржылық менеджменттің

МИКРОДЕҢГЕЙ

14-сурет – Мемлекеттің экономикалық жүйесінің бәсекеге қабілеттілігінің моделі


Тауар немесе фирмаға қатысты анықталған экономикалық мағынасы бар бәсекеге қабілеттілік ұғымында макро- және метадеңгейге қатысты сондай қатаңдық жоқ. Ғылыми ортада ұлттық бәсекеге қабілеттілік ұғымы туралы пікірталастар әлі де жалғасып жатқанын атап өту керек. Осыған байланысты, бұл ұғымның көпшілік мойындаған тұжырымдамасы жоқ, бұл макроэкономикалық бәсекеге қабілеттілік мәселесінің аса күрделілігімен, зерттеу процесінің ауқымдылығы және жан-жақтылығымен түсіндіріледі.
Сала деңгейінде бәсекеге қабілеттілікті келесі көрсеткіштерді қолданып бағалауға болады: еңбек өнімділігі, үлесті еңбекақы, капитал сыйымдылығы, ғылыми сыйымдылық пен өнімнің техникалық деңгейі, білім мен ғылыми бітемелердің жиынтығы.
Сонымен бірге, саланың импорттық тәуелділік немесе экспорттық бағытталу дәрежесін, саланың даму деңгейінің жалпы ұлттық шаруа­шылық даму деңгейіне сәйкестігін немесе олардың қиыстырылуын зерттеу қажет.
М. Портердің өндіріс факторларын қолдану тиімділігі негізіндегі кеңейтілген ұлттық бәсекеге қабілеттілік теориясы үлкен қызығу­шылық тудырады. Теорияда микро-, мезо- және макродеңгейлерді өзара байланыстырып, ол макробәсекеге қабілеттілік мәселелерін мезодеңгейге аударды, осылай бәсекелік артықшылықтардың төрт анықтаушысын айырды: өндіріс параметрлері; ішкі сұраныс параметрлері; әлемдік нарықта туыстық немесе қолдаушы салалардың болуы; фирмалардың стратегиясы, олардың құрылымы мен бақталастығы. М. Портер анықтаушылар жүйесіне үкіметтің жағдайы мен саясаты сияқты факторлардың тигізетін әсерін көрсетіп, елдің бәсекеге қабілеттілігінің дамуының үш сатысын ерекшеледі – факторлық, инвестициялық және инновациялық артықшылықтар.
Заманауи әлемдік экономиканың ерекшеліктеріне сүйене отырып макробәсекеге қабілеттілік деп елдің өзіндік саяси даму және басқа елдермен экономикалық сәтті бәсекелесе алу қабілеттілігін түсінген дұрыс.
Елдің макробәсекеге қабілеттілігі бірқатар факторларға тәуелді, олардың негізгілері келесілер:
– саяси бостандық пен қауіпсіздік дәрежесі;
– ішкі саяси және әлеуметтік тұрақтылық;
– басқа елдердің көрсеткіштерімен салыстырғандағы саяси және экономикалық салаларда (елдің көлемдік және үлестік көрсеткіштерінің арақатынасы: халық саны, демографиялық динамика, алынатын аумақ) жергілікті келісушілік;
– басқа елдердің ұқсас көрсеткіштеріне қатысты халықтың өмір сүру деңгейі мен оның әлеуметтік топтар бойынша дифференциясы.
Тек экономикалық көзқарас тұрғысынан елдің бәсекеге қабілеттілігін келесі көрсеткіштерді қолданып бағалауға болады: еңбек өнімділігі, үлестік еңбекақы, капитал сыйымдылығы мен ғылыми сыйымдылық, экономиканың ашықтық дәрежесі, экспорт сыйымдылығы мен импорттық тәуелділік, сауда шарттары, материал сыйымдылығы мен тасымалдау сыйымдылығы, әлемнің ұлы елдерінің валюталарына қатысты ұлттық валюта курсының динамикасы, басқа елдермен салыстырғанда әлеуметтік шаруашылық салаларының қызметінің тиімділігі.
Қорыта келгенде, қазіргі таңда ұлттық экономикалық қауіпсіздіктің басты мәселелерінің бірі болып өндірілетін өнімнің бәсекеге қабілеттілігі табылады. Көптеген отандық компаниялар мен кәсіпорындар әлі қатаң бәсекелестік күреске дайын емес. Бұған елдегі бәсекелестік қатынастардың дамуының төмен деңгейін атап өткен зерттеушілердің мәліметтері дәлел. Мұндай жағдайды анықтаушы негізгі факторлардың бірі бәсекеге қабілеттілік стратегиясын қалыптастыру туралы жүйелі көзқарастың және дамудың келешегі бар бағыттары туралы айқын ойдың болмауы.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет