Үлкен ми сыңарларының төменгі беті. Мидың төменгі бетінен үлкен ми сыңарларының, мишықтың төменгі жағы, ми сабауының бүкіл төменгі беті ,мидан шығатын нервтер көрінеді. Мидың төменгі бетінің алдыңғы бөлімінде маңдай үлестері жатады. Оның төменгі бетінде иіс сезу буылтықтары бар, оларға мұрын қуысынан торлы сүйектің тесіктері арқылы бас сүйек нервтерінің 1-жұбын – иіс сезу нервтерін түзетін жіңішке нерв жіптері өтеді. Иіс сезу буылтықтары артқа жүріп, иіссезу жолына жалғасады, оның артқы бөлімі жуандап, иіс сезу үшбұрышын құрайды. Оның артында алдыңғы тесіктелген зат орналасқан. Оның тесіктері арқылы миға тамырлар өтеді. Бұл заттың ортасында «Х» әрпіне ұқсас көру қиылысы жатады. Көру қиылысының артында сұр төмпе бар,оның ұшы құйғышқа созылып, түрік ертоқымында жататын гипофизге жалғасады. Сұр төмпенің артында екі емізік тәрізді дене жатады. Оның артында терең аяқшааралық шұңқыр орналасқан, ол бүйірлерінен ми аяқшаларымен шектелген. Шұңқырдың түбі артқы тесіктелген зат деп аталады.
Мидың дамуы. Үлкен ми нерв түтігінің алдыңғы кеңейген бөлігінен, ал жұлын артқы бөлігінен пайда болады.Ұрықтың өсу барысында нерв түтігінің алдыңғы бөлігінен 3 ми көпіршігі пайда болады : алдыңғы, ортаңғы, артқы немесе ромб тәрізді. Бұл саты одан әрі дифференцациялану барысында мидың негізгі бес бөліміне бастама беретін бес көпіршікті сатысына ауысады.
Ми құрсақта даму негізінде артқы жағынан бастап санағанда мына бөлімдерге бөлінеді:
1.Ромб тәрізді немесе артқы ми,rhomdencephalon, сопақша ми мен меншікті артқы мидан тұрады.
2.Ортаңғы ми, mesencephalon.
3.Алдыңғы ми, prosencephalon, ол аралық ми, а) diencephalon және соңғы миға,telencephalon бөлінеді.
Мишық пен соңғы мидан басқа аталған бөлімдердің бәрі ми сабауын құрайды.
Сопақша ми, myelencephalon, medulla oblongata, жұлынның тікелей жалғасы
және артқы мидың бөлігі. Сопақша ми ми сауытының ішінде, шүйде сүйегінің ылдиының үстінде жатады. Алдыңғы беті ылдиға, артқы беті мишыққа қараған және екі бүйір беті бар, жоғарғы кеңейген шеті көпірмен шектеседі, ал төменгі шеті –шүйде сүйектің үлкен тесігінің деңгейі.
Сопақша мидың алдыңғы бетінде орталық саңылау бар, ол жұлынның алдыңғы орталық сайының жалғасы.Орталық саңылаудың бүйірлерінде пирамидалар жатады.Олар жұлынның алдыңғы жіпшелерінің жалғасы.Омыртқалыларда пирамидалар болмайды,ал адамда ол күшті дамыған және жаңа қыртыс дами бастағанда пайда болады. Өйткені, пирамидалық талшықтар ең жоғары дамыған үлкен ми қыртысын бассүйек нервтерінің ядроларымен және жұлынның алдыңғы мүйіздерімен байланыстырады.
Пирамидадан латералды сопақша дөңес-олива жатады.Ол пирамидадан алдыңғы латералды сай арқылы бөлінген.
Сопақша мидың артқы бетінде жұлынның аттас сайының жалғасы-артқы медиалды сай жалғасып жатады, олар жоғары қарай ажырай, мишыққа келеді. Әр артқы жіпше аралық сай арқылы медиалды-жіңішке және латералды – сынатәрізді будаға бөлінеді.Бұл екі буда ромб тәрізді шұңқырдың төменгі бұрышында томпайып тұрады. Бұлар жіңішке және сына тәрізді сұр зат ядроларынан пайда болған, бұл ядроларда артқы жіпшелерде өтетін жұлынның жоғары кететін талшықтары аяқталады.Оливаның артындағы сайдан бассүйек нервтерінің XI, X,IX жұптары шығады.