Дәріс №6 Арғытүрктердің мәдени мұрасы Номадтық мәдениетті дамытудағы арғытүрік кезеңі



Дата15.11.2023
өлшемі66 Kb.
#122567
Байланысты:
6 Дәріс


Дәріс №6 Арғытүрктердің мәдени мұрасы



  1. Номадтық мәдениетті дамытудағы арғытүрік кезеңі;

  2. Ежелгі түркі өркениеті және оның ерекшеліктері



Ғұндар ұлысы ұзақ тарихи жолдан өткен. Оған қараған тайпалардың ежелгі қазақ жеріндегі үйсін, қаңлы, аландармен араласып кеткені, арғын, қыпшақ сияқты рулардың ғұндардан тарағаны туралы нақты деректерге сүйенген болжамдар көп. Ғұндардың қазақтың арғы тегі екенін айғақтайтын дәлелдер олардың моласынан шыққан жүннен істелген бұйымдардың, ою-кестелердің, өрнектердің олардың құрылымы жағынан қазақ арасында кең тараған ою-өрнектермен ұқсастығынан да табылған демек, үйсін, қаңлы аландардың, арғын, қыпшақтардың мәдениеті сақ, ғұн тайпалары мәдениетінің заңды жалғасы деуге әбден болады. Негізінен түркі тілінде сөйлеген ғұндардың діні тәңірелік дін, жазуы түркі жазуы болған.
Ғұндардан тараған тайпалардың қазақ халқының тарихи-мәдени болмысын, бет-бейнесін қалыптастыруға зор үлес қосқанын айту керек. Солардың біріүйсіндер туралы алғашқы деректер біздің жыл санауымыздан бұрынғы екінші ғасырда белгілі болған. Жетісу жерін Шу, Талас, Іле өзендерін Қаратаудың шығыс бетін қоныс еткен үйсіндердің қолөнер кәсібі, темір, ағаш өңдеу, үй кәсіпшілігі өрмек тоқымашылығы қатты дамыған. Олар қоладан, темірден, қару-жарақ, еңбек, өндіріс құрал-саймандарын, таға, қазан жасай білген. Әшекейлі ою-өрнектермен безендіріліп алтын, күмістен жүзік, білезік, сырға, алқа, түйреуіштер істеген, тері илеп одан киім-кешек тігіп, өрнекпен жүн мата тоқыған. Біздің ежелгі отандастарымыз тек қолөнерде емес, сонымен қатар ауыз әдебиетінде де теңдесі жоқ тотемдік аңыздар қалдырған. Үйсіндер дәуірі кезінде жеке бір хайуанның қасиеттері туралы аңыздар белгілі бір тайпаның генеологиялық шежіресі ретінде қабылданған. Бұл бір аңның образының жеке тайпаның қасиетті аталығына (аналығына) айналуы. Қасиетті төтем «қасиетті хайуанның» көркем таңбасы, яғни бір аңның қасиетті таңбасына табыну, бұл ғұрпы түрі үйсіндердің қолөнеріндегі негізгі сюжеттік сарын болған. Мысалы сақ-үйсіндердің қасиетті тотемдері болып: қасқыр-тотем, барыс-тотем, таутеке-тотем, бүркіт-тотем саналған. Аңдар бейнеленген көркем дүние, мүліктер ол кездерде қасиетті деп есептеледі, соның негізінде тұмарша ролін атқарады. Мысалы, тотем аңның бейнесі бар қару-жарақтар жауынгерге күш-қайрат, жараланбай соғысу мүмкіндігін береді деп есептеген. Үйсіндер фольклорында тотем аңдарға арналып, олардың табиғи қасиеттерін дәріптейтін мифопоэтикалық аңыздар шығарылған. Бұл аңыздардың көркем идеясы мен сюжеттік негізі - тотем аңдардың жылдамдығы, күші, ептілігі т.б.
1939 жылы Қазақстан Ғылымдар Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы археология және этнология институтының ғалымдары ұйымдастырған экспедиция Алматы қаласынан алыс емес Қарғалы тау шатқалынан қазба жұмыстары кезінде үлкен археологиялық жаңалық ашты. Қарғалы өзенінің бойындағы үйсін тайпасының бақсысы жерленген моладан ежелгі үйсіндердің 300-ге жуық алтын бұйымдарын тапты. Бұлар үйсіндердің «Аң стилінде» жасалған онға жуық таутекенің кіші мүсіншелері, сырғалар, екі өркешті түйе бейнеленген жүзіктер, бұлардың барлығы кезінде өте белсенді болған бақсыны жерлегенде бірге көмілген дүниелер. Бұл бұйымдармен қатар осы қорымнан көркемдігі жөнінен теңдесі жоқ алтын тәті (диадема) табылды. Алтыннан жасалған әшекей таспа «Қарғалы алтын тәтісі» деген атқа ие болды. Тәті-тікбұрышты, ұзындығы – 35 см, биіктігі – 4,4 см алтын бұйым. Қарғалы алтын тәтісі - әйел бақсының қасиетті әшекей бұйымы. Бақсының бас киіміне тағылатын бұл бұйымда қасиетті хайуандар мен адамдар фризді композиция негізінде орналасқан. Бұл бұйымның қалыптасып, жасалған кезі біздің дәуірімізге дейінгі 2-ғасыр. Тәтінің сюжеттік көркем ойы мен мақсаты адамдар өміріндегі қасиеттер: жақсылық пен зұлымдық, өмір мен өлім мәселелеріндегі тұрлаусыздықты көрсетуге негізделген. Композициялық құрылымы солдан оңға қарай: қанатты айдаһар үстіндегі қиял-ғажайып құс-адам, тұғырда тұрған пырақ (пегас) ат, қайтадан құс-адам қасқыр үстінде бейнеленген. Кейінгі лекте аюдың бейнесі де, үстіңгі жағында қиял-ғажайып тауыс құс бейнесі. Қанатты барыс мінген құс – адам, бұғы тәрізді зерен аталық пен аналық, екеуінің арасында тағы да қиял-ғажайып тауыс құс бейнеленіп, осымен композициялық жүйе бітеді. Алтын таспаның өң бойында бейнеленген үш қасқыр адамдардың барлығының басында ежелгі көшпенділер сақтар, үйсіндер-қаңлылар киген бас киім шошақ бөрік (башлық).
Ғұндардың, үйсін-қаңлылардың сенім-нанымдары, тілі.
Шынында ерте дүние адамдары өздері сеніп, құлшылық ететін табиғаттан тыс күштердің қаһарлы да құдіретті кейпін сомдауға ынта-ықыласын бағыштаған. Сондықтан көне өнер туындыларындағы мұндай көркем орындауларды сол кездің наным-сенімінен бөле қарауға болмайды. Үйсін мен ғұндардың діни нанымдары сақ-массагеттердің табиғат күштері жөніндегі фантастикалық идеологиясының негізінде өрістеді. Сақтардың табиғат құбылыстары жөніндегі көзқарастары алуан түрлі және ала-құла болған. Күллі скиф-сарматтар «ең құдіретті» деп білген соғыс құдайы Ареске (Арыс болуы да мүмкін) үлкен құрмет көрсетті.
Ғұндардың да діни сенімдері сақтарға ұқсас болған. Жаңа жылдың алғашқы айында ұлыс көсемдері ғибадатханаға жиналып, құлшылық жасаған. Шығып келе жатқан күнге, айға тағзым етіп, құрмет көрсеткен. Айдың бастапқы күндеріне ерекше мән беріп: сүй, сый деген сөздермен қарсы алған. Ұлылы, кішілі жортуыл-жорықтарға ай толғанда шығып, ай қорғалағанда қайтқан. Қадірменді адамдары өлгенде алтын-күмістелген аға табытқа салып жерлеген. Қызметші, күң-құлдары бірге көмілген. Өлтірген жауының басын әкелген ғұн жауынгері көсемнен сыйлық алып, әрі өлтірген жауының дүние-мүлкіне ие болған. Сақтар мен савроматтардағы отқа табыну ғұрпы о баста күнге табынудан шыққан. Күн мен от зұлым, қас күштерден қорғап, тазартады деген ұғыммен молаларды өртеп тазарту әдеті савромат, сармат, сақ зираттарынан көп кездеседі. Ғұндар мен үйсіндер, сақтар қабірлерінен жиі шығатын қызыл бояу, сол қасиетті күн мен оттың символы болған. Тотемдік және магиялық ескі түсініктер мойындарына тұмарлар асудан, тас моншақтар қадау, киімге құс қауырсындарын тігіп алудан, ұлу, жылан бас сүйектерін тағудан байқалған.
Б.э.д. 1 мың жылдықта Қазақстанда мекендеген тайпалар арасында табиғи діндер анимизм, тотемизм үстем болды. Бірте-бірте осы діндермен қатар зороастризм, буддизм элементтері ене бастады. Қазақстандық тайпалар өздерінің атамзаманнан қалыптасқан көне заң-жоралғылары мен дәстүрлерін қадірлеп, берік сақтаған. Сақ, ғұн, үйсін, қаңлылардың дәстүр-салттарының көп жағынан ұқсастығын көшпелі өмір заңдылығы қалыптастырған адамгершілік, арождан, мінез-құлық көрсеткіштерінен бөле қарауға болмайды. Дәстүр-салттағы бұл мінездемелік ерекшеліктер уақыттың өтуімен байланысты жаңа ұрпақ талғамына сай жаңарып, толығып отырды. Міне осындай, көшпелі тайпалармен бірге жасасып келе жатқан асыл мұраның қатарына олардың тілін де жатқызуға болады. Тіл алғашында адамдар арасындағы
қатынас құралы болса, кейін келе тайпалар мен тайпаларды табыстыратын да, шабыстыратын да өткір ойдың практикалық көрінісі болып алды. Тіл заманалар көшінде эволюциялық жолмен дамитын аса күрделі құбылыс болғандықтан, скиф-сақтар ежелгі иран тілінде, ғұн, үйсіндер және түрік тілінде сөйледі деп кесіп-пішіп айту да қиын. Бұл тайпалар иран-тұран, монғол-манчжур тілдерінің әлі іргесі бөлінбеген сатысындағы тіл қорымен пайдаланбады ма екен деген ой келеді. Мұнда Иран таулы қыратына парсы тайпаларының қоныстана бастауы кезінен парсы тілі тарихы әдебиетте атала бастайды, әрі Европа тілдерімен түбірлес деп қаралады. Ал түркі тілінің түп-тегі – қайдан және қай мың жылдықтардан басталатыны - ғылымда басы ашылмаған мәселе. Сондықтан, б.э.б. 1 мың жылдықта Қазақстан жерін мекендеген сақ, массагет, ғұн, үйсін, қаңлы тайпаларының тілі жөнінде қорытынды шығаруға немесе алдын-ала көрегендік болжам айтуға асықпаған мақұл. Сонымен, бұл тарауда қарастырған мәселелер төңірегінде төмендегідей қортынды жасауға болады.
Қазақстан жерін тас, қола дәуірінде мекендеген тайпалардың материалдық, мәдени мұралары көп болған. Ежелгі тайпалар табиғат құбылыстарынан қорыққанынан бір-біріне жақын жүрді. Қоршаған ортаның дүлей күштерінен бірігіп қорғанды. Күн көрінісінің негізі болған малын қысы-жазы бағып семіртті, осыдан бірте-бірте көшпелі өмір дағдысына көндігіп кетті. Көшпелі өмір, қоршаған ортаның географиялық та, климаттық та ұқсастығы бұл тайпалардың наным-сенімі мен дүние танымына да бірегей ықпал жасап отырды. Нәтижесінде, адамдар мінезіндегі әдет-салтындағы ұқсастық жақтар пайда бола бастады. Бұл ұқсастықтар кейінгі скиф-сақ, ғұн, үйсін атымен жазба тарихқа белгілі бола бастаған тайпалардың жол-жоралғы, салт-дәстүрлерінде бой көрсеткен моральдық, ақыл-естік нормативтерді қалыптастырды. Қазақстанда мекендеген ежелгі тайпалар адамзат мәдениетінің көне беттерін «аң стилі» өнер үлгісімен байытты, сөйтіп өз қолтаңбасын қалдырған жұрт санатында тарихта танылды.
«Түркі» сөзі біздің заманымыздан бұрынғы ҮІ ғасырда көшпелі халықтың атауы ретінде пайда болды. Ол кезде түркілер Монғолия мен Қытайдың солтүстік шекараларынан Қаратеңізге дейін созылып жатқан ұлы көшпелі империяның негізін қалады. Түркі мәдениетінің аса көрнекті жазба ескерткіші Құлтегін тасында былай деп жазылған: «Әлемнің көгінде аспан, астында қоңыр жер пайда болғанда, осы екеуінің арасында адам баласы жаратылды. Адам баласының үстінен менің бабаларым Бұмын қаған мен Истеми қаған билік жүргізді. Таққа отырған олар өз мемлекетін қорғап, Түркі заңдарын шығарып, бекітті». Н.А.Аристов «Түркілердің бастапқы ығу тегі олардың ата жұрты туралы» деген мәселеде: «Түркілердің егізгі басты үлкен тайпалары алғашында Алтайды мекендеген. Алтайдағы жер-су аттары көне түркі халық аңыздарына енуі бұған дәлел бола алады. Ежелгі үркі мемлекеті хундар империясы болып есептеледі», - дейді. Түркі алықтарының этникалық құрамы туралы іргелі еңбек Махмуд Қашқаридың Диван лұғат ат-түрік» кітабы болып табылады.
1991 жылғы дерек бойынша әлемде 130 миллионның үстінде түркі халықтары өмір сүріп келеді. Олардың әрқайсының бай тарихы, мәдениеті, жазу-сызуы, рухани ұстанымдары болған. Ежелгі заманда печенегтер, қыпшақтар, оғыздар, иемектер, башқұрттар, ябакулар, татарлар, қырғыздар, тухсилар, яғмалар, играктар, чаруктар, жұмылдар, ұйғырлар, танғұттар, табғаштар т.б. 20-ға жуық түркі тайпалары өмір сүрген. Түркі халықтарының жазба ескерткіші. Ү-ІХ ғасырларда түркілер қоныстанған Алтай, Сібір, Орта және Орталық Азия жерлеріне жазу, сызу, егін егу, әдебиет, өнер, тарих ғылымдарының, діни сенімдердің қалыптасқаны көпшілікке аян, оған Енисей жазу ескерткіштері, Орхон жылнамасы мен Талас аңғарынан табылған ескерткіштер айғақ. Орхон-Енисей жазу ескерткіштері табылған уақыт түркі тілдерінің даму тарихындағы «Көне түркі» дәуіріне сай келеді. Шығыс Түркі құрамында өмір сүрген тайпалар Орхон-Енисей жазуын қолданып, осы жазу тілінде сөйлеген. Түркілердің жазу ескерткіштерінің ең көп табылған жері – Орхон, Енисей, Селенга және Талас бойы. Орхон-Енисей жазуы өзінің жазу ерекшеліктері мен қолдану өрісіне сай Орхон-Енисей және Талас жазуы делініп екі топқа бөлінеді. Сібірдегі Енисей, Монғолиядағы Орхон, Қазақстандағы Талас өзендері бойынан табылған ежелгі түркілік сына жазуларын оқу ісімен түркітанушы-ғалымдардың бірнеше буыны 100 жылдың үстінде айналысып келеді. Олардың көш басында дат ғалымы В.Томсен, орыс түркітанушысы В.В.Радлов тұрды. Бұл ғалымдар ХІХ ғасырдың аяғында белгісіз жазулардың сырын ашқан еді. В.Томсен ең алғаш «түрік», «тәңірі» деген сөздерді оқып шықты. Олардан кейін Д.Клеменц, П.Мелиоранский, В.Малов сынды ғалымдар түркі жазуларының сырын ашты. Қазақстанда бұл жауапты шаруамен ғалымдар Айдаров, Құрышжанов, Томановтар айналысты. Енисей жазба мұралары. Олардың бұлайша аталуы тас бетіндегі сына жазуларының Енисей бойынан табылуымен байланысты. Бұған қосымша кейіннен Тува мен Хакасия, Краснояр өлкелерінен де осындай жазбалар табылған. Енисей жазбаларының жалпы саны – 85-ке жуық. Олардың ішінде кішігірім жазбалармен қатар ірі текстер де кездеседі. Енисей ескерткіштері көлемі жағынан негізінен шағын болып келеді. Ең үлкені 10-15 жолдан, ең кішісі 1-2 жолдан ғана тұрады. Қолданылуы жағынан Енисей ескерткіштері – ескі түркі жазуының алғашқы шығып, қалыптасып, тараған нұсқасы. Бұл жазу бертіндеп Орхон өзені, одан Талас өзені өңіріне тараған. Бұл тұжырымның шындыққа жанасымдылығы жеке таңбалардың тәсілі мен жетілдірілуінен де байқалады. Енисей жазба
ескерткіштерінің ең көне түрлері Минусинск ойпатынан табылған. Бұл жазбалар түркі халқы белгілі мөлшерде отырықшы болып, металл өңдеумен айналысқанын, мәдениетті ел болғанын көрсетеді. Орхон жазуы. Көне түркі жазба мұраларының ішінде қазіргі түркі тектес халықтардың бәріне ортақ көне түркі әдеби тілінде жазылған. Ол кезде сонау Сібірден бастап Орта Азия мен Қазақстан аймағы тұтастай Түркі қағандығының қол астына қараған болатын. ҮІ ғасырдың ортасында қазіргі солтүстік Монғолия жерінде бас құраған Түркі қағандығы сол ғасырдың аяқ шенінде батысы Каспий теңізіне, шығысы Корей бұғазына дейінгі аралықты алып жатқан ұлы империяға айналды. Кейін келе Батыс Түркі және Шығыс Түркі қағандығы деп аталатын екі үлкен қағандыққа бөлініп кеткені белгілі. Солай бола тұра, Ү-ҮІІІ ғасырларда жартастардың беттері мен тас мүсіндерге, сондай-ақ кейбір ыдыстардың жиегі, түбі және қабырғаларына ойылып жазылған көне түркі жазбаларының ішіндегі ең маңыздысы – Орхон жазба мұралары. Орхон өзенінің бойынан табылған бұл ескерткіштердің ішінде тасқа қашалып жазылған үш тарихи мұра ерекше аталады. Оның біріншісі – 731 жылы өлген хан інісі Күлтегінге, екіншісі – 735 жылы өлген Білге қағанның өзіне, ал үшіншісі – Тоныкөкке арналған ескерткіштер. Тоныкөк туралы Коппенгагендік профессор В.Томсен мен Клеменц ханымның еңбектерінен мынадай мағлұмат алынды. Орхон жазбаларында көрсетілгеніндей, Тоныкөк деп табылған ескерткіште ол – үш ханның ақылшысы және Білге қағанның құдасы болған адам. Қытай жазбаларында Тоныкөк жайлы 716 жылы айтылған. Елтерістің патшалық құруында оның қосқан үлесі туралы қытай және Тоныкөк жазбаларында толық көрсетілген. Көне түркі жазбаларын кейде «руна» жазуы деп те атайды. Оның себебі: Сібірде айдауда жүрген швед офицері И.Т.Страленберг пен немістің ғалымы Д.Г.Мессершмидт кездестірген құлпытастардағы өзі түсінбейтін жат жазуды өз елінің тілінде «руна» жазуы деп атаған еді. Бұл сөз термин ретінде бертін келе кеңінен таралып кетті. Орхон жазбаларында әскери күш және әскери рух қаншалықты дәріптеліп отырғанына қарамастан, одан адамшылыққа жат пиғыл кездеспейді. Мәдениетті деген халықтардан шыққан басқыншыларда кездесетін қатыгездік және қатыгездіктен ләззат алу элементтері мұнда атымен жоқ. Жазба ескерткіште империяның құрылуы – халыққа көрсеткен қызметім, келтірген пайдам деп түсіндіреді. Ал әскери тұрмысқа келетін болсақ, әрбір жауынгер соғыста ғана емес, күнделікті өмірде де ержүрек әрі ақылды болуы керек екенін ескертіп отырады. Жазба ескерткіштегі Білге қаған – үлкен ел басқарушы, Күлтегін - өз заманының даңқты батыры, Тоныкөк - әрі батыр, әрі шешен, жырау, әрі кемеңгер ақыл иесі. Тастағы жазбада Тоныкөк мемлекет қамын ойлайтын басшы түрінде суреттелсе, Күлтегін өз ағасы Білге қаған кезінде әскер басы болған, оның батырлығы сол кездегі ерліктің дара үлгісі ретінде беріледі. Құлтегін, Білге қаған жазбаларының авторы Иоллықтегін деген адам болған. Талас жазу ескерткіштері. Талас өзені аңғарынан табылған ескерткіштер «Талас ескерткіштері» деп аталып жүр. Талас өзенінің бойынан, Қырғыстан жерінен барлығы 13 ескерткіш табылған. Таластан табылған ескерткіштер көлемі әзірше өте шағын және сан жағынан да аз. Талас алқабынан 1932 жылы табылған руна жазуы бар асатаяқ та қызықтырары сөзсіз. Оның төрт қырына да көне түркі алфавитімен жазылған. Бұл асатаяқ шыршадан жасалған, оның құндылығы да осында Асатаяқ қазір Санкт-Петербургтегі мемлекеттік Эрмитажда сақтаулы. Орхон-Енисей ескерткіштері тектес таңба-жазулы тастар Әулиеата түбінен, Талдықорған өңірінен, Сарыарқадан және Алматы маңынан табылған. Сонымен, ежелгі түркі елі белгілі бір аумақта өмір сүріп, өзіне лайық жазуын, тілін, өзге де мәдениетін дамытқан. Ежелгі түркі мәдениетінің орталықтары Енисей, Орхон, Селенга, Талас өзендерінің бойы, Минусинск ойпаты, Алтай тауы, қазіргі Тува, Краснояр, Жетісу аймақтары болды. Ежелгі түркі жазуы туралы Орхон, Енисей, Талас жазба материалдарында археологиялық деректер баршылық. Түркілердің діни сенімдері. Ежелгі түркілердің діни сенімдері негізінен Көкке (Тәңірге) және Жерге (Жер-суға) табыну болды. Құдай күштерінің бұл жұбында Көк (Тәңір) негізгі болып саналады. Түркі қағандары тек Көк Тәңірісінің бұйрығымен билік етеді деп түсінілген. Мәселен Білге қаған: «Түркі халқы жойылмасын, ел болсын! Әкем Елтеріс қағанды, шешем Елбілге қатынды Тәңірі төбесіне ұстап, жоғары көтерген екен, мені қаған етіп отырғызған екен», - депті. Түркі хандары өз жазуларында Тәңіріні үнемі өздеріне рақымды болуға шақырады. Мазмұны жағынан келесі құдай отбасы және балалардың жебеушісі - әйел құдай Ұмай болды. ХІХ ғ. аяғында Ұмайға табыну Алтайдағы кейбір түркі тілді халықтар арасында сақталды. Бұлармен бірге Ұмай түркілердің жоғарыдағы құдайлар үштігіне енді және олардың барлық істерін жебеп отырды. Бұл Тоныкөк құрметіне қойылған ескерткіштен анық көрінеді, онда сәтті жорықтардың бірін суреттейтін тұста былай делінген: «Көк Тәңірі, Ұмай (құдай), қасиетті Жер-су, міне, осылар бізге жеңіс сыйлаған екен». Өзіндік ежелгі наным-сеніммен қатар, ҮІ-ІХ ғғ. Орталық Азияның, одан кейінірек Орта Азия мен Қазақстанның түркі тілді тайпалары арасында басқа өркениет дүниеге келтірген діни жүйе – буддизм, манихей, христиандық, иудаизм тарады. Иудаизмді өз қағанымен бірге хазар аристократтарының шектеулі тобы ғана қабылдады. Түркі ортасында таралған тағы бір дін Иранда «жарық ұстасы» Мани (216-277ж.) негіздеген манихейлік дін болды. Бұл – жарық пен қараңғылықтың әлемдік күресі, күнге, жарыққа сыйыну арқылы о дүниедегі қараңғылықтан құтылу жолдары, діни салт-жоралар және дұғалар арқылы адамдардың жан дүниесіндегі жарықтың бір бөлшегін азат ету туралы электикалық (қарама-қарсы көзқарастарды дәйексіз қосу) ілім.
Манихейлік өзінің барлық қағидаларын (көзқарастарын) принциптерін зороастризм, буддизм, христиандық және басқа философиялық ілімдерден алды, бірақ оларды логикалық қарама-қайшылықсыз күйге біріктіре алды. Иерархиялық ұйымдасқан монихейлік шіркеу белсенді миссионерлік жұмыс жүргізді. Әсіресе шығыста, Орта және Орталық Азияда, Қытайда кең тарады. Манихейлік және христиандық қауымдастық Таразда ҮІ-ІХ ғасырларда өмір сүрді. Егер ҮІІ ғ. христиан қауымдастығынан сирия тіліндегі қысқа ғана жазу қалса, едәуір құдіретті манихей қауымдастығының Таразда өз қауымдастығы болды. «Он оқ елінде» яғни Батыс Түркі елінде сенімді ояту үшін жазылған «манихейлік екі негіздің қасиетті кітабы» шығармасында Алтын қала Арғу Талас (Тараз) және манихейлік тұрақтар болған төрт Жетісу қаласы аталады. Тараздағы соғды халқының бір бөлігі зороастризм дінін сақтады, бұған Қазақстан археологтары зерттеген Тараздағы зороастризмдік оба куә болады. Діни синкретизм, яғни көп түрлілік ерте орта ғасырдағы Жетісу қаларының сипатты белгісі болды. Түркілердің исламды мойындауына тән болған сипат – қандай да бір мұсылман қаруының жеңісінсіз, халық ешқандай басқыншылыққа ұшырамай, тек бейбіт уағыз жолымен қабылдады. Алайда ислам түркі халқының жаугершілік рухын өзіне бағындыра алмады. Осыдан кейін түркілер мұсылман, парсы, араб мемлекетінің ықпалына түсті. Түркілер парсы дәстүрлері мен династиясын қабылдап, өздерін Афрасиабтың ұрпақтарымыз деп атай бастады. Сонымен, ежелгі түркі халықтарының исламға дейінгі мәдениетіне қатысты әлі де ғылыми тұрғыдан зерттелмеген мәселелердің көп екендігін атап айтуымыз керек. Бұл қиын да мәртебелі жұмыстың орындалуы осы түркі халықтарының бүгінгі және болашақ ұрпағының қасиетті борышы деп білген жөн.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет