Этикет хан (шах, король, патша) сарайларында рәсімділік сақтау тәртібі ретінде пайда болған.
"Этикет" сөзі француз тілінен аударғанда "рәсімді реттеуші қоқау-қағаз, этикетка, рәсім өткізу тәртібі" деген мағынаға ие.
XVIII ғасырда этикет деп монархтар сарайларында өзін-өзі ұстау ережелерінің жиынтығын айтатын болған, бірақ өмір бұл терминнің одан гөрі кең мағынада қолданылуын қажет етті.
Жоғары билік жүргізушілер арасындағы қарым-қатынастардың өз алдына бөлініп, қарапайым халықтан ерекшеленуінің нәтижесінде этикетке көп мән берілгендігін тарих дәлелдейді.
Этикет билеушілер сарайындағы өмірді қатаң түрде реттеп отырды: *кімнің қашан тұруы керектігі, *монархты кімнің, қашан, қалай киіндіретіндігі, *аудиенциялардың өту тәртібі және т.б.
Этикетке ұсақ-түйек деп мән бермеуге болмайтын, өйткені сол қатынастағы ұсақ-түйектердің дұрыс орындалмауынан қақтығыстар мен жанжалдар туып, тіпті мемлекеттер арасы шиеленісетін.
Әдеп амандасудан басталады
Амандасу – адамдардың бір-біріне деген құрметін, жылы ықыласын, мейірімін көрсету үлгісі. Сондықтан болар, қазақ тілінде "сәлем түзелмей әлем түзелмейді", "сәлеміміз түзу", "сәлемнен кете қойған жоқпыз" деген сөз түсініктері басқамен татулықты, басқаға деген жылы шырайды білдіреді.
Көптің үстіне, жиынға сырттан келген адам бірінші болып сәлем береді.
Телефон шалған адам алдымен сәлемдесіп барып қана өз шаруасына көшеді.
"Жылы-жылы сөйлесең, жылан да іннен шығады" деген қазақ халқының даналығынан туындаған мақал да жағымды, ізетті сөз саптаудың адамдар арасындағы қарым-қатынасты құрастырушы фактор екендігін танытады.
Жақсы сөйлеу, сыпайы сөйлеу – әдептіліктің маңызды шарты. Жақсы, орынды сөйлеп, елдің "тілін таба білу" іскер адамға пайдалы. Ал іскер пайда көздейтін адам болғандықтан, пайдаға жарайтын нәрсенің бәрін білгені жөн.
Жүздескенде жылы шырай таныту, басқалардың сенімін жоғалтпай, айтқан уәдеде тұра білу, өз бас пайдасын ойлай тұра басқалардың құқығын тәрк етпеу сияқты әрекеттер іскер адамға қажетті құлық, өмірлік ұстаным болуы тиіс.