Бактериялы қара дақ. Кең таралған ауру, әсіресе жауын-шашын мол жылдары жиі кездеседі.Жас және ересек өсімдіктердің барлық жер үсті бөліктері вегетациялық кезеңдерде ауруға шалдығады. Жас ұлпалар ауруларға төзімсіз келеді. Тұқым жарнақтың бетін-де жүйкені бойлаған қара дақтар түзіледі. Жапырақтағы майда, майлы дақтардың түсі алғаш қара-қоңыр болып, кейін қарайып, сарғыш жиекпен шектеледі. Сабақ пен сағақтағы қара дақтар, аталған мүшелерді бойлап, созылыңқы орналасады. Ылғалы мол жылдары залалданған сабақ шытынап, жарылады. Жемістегі дақтар алғаш ұсақ, жиекті, сүйел тәрізді болып, кейін олар ұлғайып (диаметрі 6-8 мм) ойық жараларға айналады. Ауру қоздырғышы – Xanthomonas visicotoria Dow. бактериясы. Ол өсімдікке устьица және жарақат арқылы еніп, клетка аралығымен тарайды. Залалданған жапырақта қоздырғыштың инкубациялық кезеңі 3-6, ал жемісте 5-6 күнге созылады. Аурудың дамуына 25-300°С температура және жоғары ылғалдылық қолайлы жағдай туғызады. Инфекция қоры – залалданған тұқым мен шірімеген өсімдік қалдықтары. Бұл қоздырғыш қызанақтан басқа бұрышты залалдайды. Кеселдің себебінен өсімдіктің өсуі саябырлап, өнімнің шығымы мен сапасы төмендейді.
Макроспориоз немесе құрғақ дақ. Республикада кең таралған ауру.
Залалданған жапырақта құрғақ, дөңгелек, шеңберлі айқын дақтар түзіледі. Олардың көлемі бірнеше миллиметрден 1,5 см дейін болуы мүмкін. Ауруға өсімдіктің басқа да мүшелері – жеміс сағақтар, жемістері және өркендері шалдығады.Жеміс бетінде түсі қоңыр сәл басылған дөңгелектеу дақтар пайда болып, оның үстінде түсі қара мақпалды өңез түзіледі. Кесел жемістің сағаққа тіркелген бөлігінен басталады.Ауру қоздырғышы – Macrosporium solani Ell. Et Mart. саңырауқұлағы. Оның жіпшумағы эндофитті, ұлпа бетіне конидия тасушылар мен конидиялар шығады. Конидияларының құрылысы әртүрлі болады. Жас конидиялары бір клеткалы, түссіз жетілгендері – бір-екі перделі, ал толық жетілгендерінің пішіні шоқпар тәрізді, бірнеше көлденең және бойлаған перделері бар. Құрғақ, ыстық ауа райымен жаңбыр немесе мол шық алмасқан жағдайда, ауру қарқынды дамиды. Инфекция қоры өсімдік қалдықтарында жіпше мен конидия түрінде және ауру жемістің қалдықтарында, тұқым арасында сақталады. Аурудан жапырақтың ассимиляциялық көлемі кішірейіп, тұқымның сапасы төмендейді.