дәріс. Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы – академ сағ


-дәріс. Қазақстандағы «қайта құру» саясаты – 2 академ.сағ



бет13/16
Дата10.05.2023
өлшемі328,71 Kb.
#91531
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
Дәрістер, 2023 (копия)

12-дәріс. Қазақстандағы «қайта құру» саясаты – 2 академ.сағ.
Жоспары:

  1. М.С.Горбачевтың «қайта құру» саясаты кезіндегі Қазақстан

  2. Д.А. Қонаевтың қызметі.

  3. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі

  4. Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация.

  5. КСРО-ның ыдырауы және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) құрылуы.

1. КСРО құрамындағы барлық одақтас республикаларда 1980-ші ж.ж. басында аса күрделі жағдай басталды. Кеңес Одағындағы дағдарыс пен тоқырау тереңдей берді, әкімшіл-әміршіл басқару әдісі елді дағдарыстан алып шығуға дәрменсіздігін көрсетті. Халық шаруашылығындағы жоспарлы экономика жүйесі тиімсіз екені айқын көрініс берді. Бұдан кеңестік қоғамның саяси-экономикалық жүйесіне түбегейлі реформалар жасау талабы туындады. Жасына келген қарт адамдардан құралған КОКП Орталық комитетінің саяси бюросы мен президиумы реформалар жүргізуге қабілетсіз болды. 1982-1985 ж.ж. Л. И. Брежнев, М. А. Суслов және У.Черненко қайтыс болып, 1985 ж. наурыз айында КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы болып М.С.Горбачев сайланды. Қызметінің алғашқы күнінен бастап елдегі дағдарыс жағдайының себептерін ашу үшін батыл шаралар жүргізіп, күн тәртібіне кадр мәселесін қойды.


1985 ж. сәуірде өткізілген КОКП ОК Пленумында М. Горбачев әлеуметтік-экономикалық жүйе мен қоғамдық өмірге реформалар - қайта құрулар жүргізетінін мәлімдеді. Қайта құру саясаты мемлекеттің қоғамдық-саяси институттарының бүкіл жүйесін демократияландыру және халықтың өзін-өзі басқаруын тереңдету деп түсіндірілді. Қайта құру саясатының негізгі бағыттары - қоғам өмірін демократияландыру және жариялылықты дамыту, әлеуметтік- экономикалық дамуды жеделдету болды. Жеделдету саясатының мақсаты - өндірісті басқару әдістерін өзгертіп, ғылыми-техникалық жетістіктерді енгізу арқылы халық шаруашылығын дамыту. Іс жүзінде ол өндіріс орындарын шаруашылық есепке көшіру және жекеменшік түрлерін дамыта отырып, нарықтық экономикаға бетбұрыс жасау еді. Бұл саясатты іске асыру бағытында бүкіл елде кооперативтік қозғалыс басталды. Кооперативтік шаруашылықтардың тиімді жақтары бірден байқалды. Бірақ, жеделдету бағыты ғылыми тұрғыда негізделмей, асығыс енгізілген еді. Мемлекет жетекшілері экономиканы басқаруда әлі де директивалық әдістерге сүйенді. Бұл жеделдету бағытының басты қайшылығы болатын. Бірақ бұл шаралар экономиканы дағдарыстан шығара алмады. Халық шаруашылығындағы жағдай ауырлай түсті. Күнделікті тұтынатын тауарлар тапшылығы айқын сезіле бастады. Азық-түлік түрлері азайып кетті. Қоғамның саяси жүйесін жаңартпайынша, экономиканы басқарудың жаңа әдістері нәтиже бермейтіндігі дәлелденді. Мемлекеттік жоспарлау барысында республикалар мүддесі екінші кезекке ысырылды. Өйткені қазба байлықтан түскен табыстар республикаларға аз мөлшерде ғана беріліп, жергілікті халық оның игілігін көре алмады. Тұтыну тауарларының 60%-ы шеттен тасымалданды. Ғылым мен
мәдениет, білім беру салаларын қаржыландыруда «бюджеттік қалдық» ұстанымы сақталып қалды.
Рухани салада да терең қайшылықтар орын алды Мәдениет халықтық дәстүрінен, ұлттық келбетінен айырыла бастады. Қазақ тілі қоғамдық қызметінен айырылып, тұрмыстық тіл деңгейіне түсті. Нәтижесінде 1954-1986 жылдары 600-ден астам қазақ тілінде оқытатын мектептер жабылды. Маңызды саяси шешімдер Мәскеуде қабылданып, одақтас республикаларға оларды орындау үшін бұйрық ретінде жіберіліп отырды. Орталықтың шешімдерімен келіспеу, оған сын айту «ұлтшылдық» ретінде бағаланды. Қазақстан халқының көз алдында Арал мен Семей экологиялық қасіреті қалыптасып жатты. Кеңес қоғамында адамдардың әлеуметтік немқұрайдылығы күшейді.
Сонымен, 1986 ж. КОКП-ның XXVII съезінде мақұлданған М.С.Горбачев саясатының ұрандары: жариялылық, жеделдету, қайта құру. Қайта құру ешқандай бағдарламасыз, ғылыми айқындамасыз жүргізілді. Бұл бағыттың қияли болжамдары көп болып, алғашқы кезден бастап сәтсіздікке ұшырай бастады. Бұған Москвада В.В.Гришин, Ленинградта Г.В.Романов, Қазақстанда Д.А.Қонаев, Әзербайжанда Г.Әлиев сияқты басшылар кінәлі деп шешілді.
2. Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаев (1912—1993) — аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО, шет ел ордендері мен медальдарының иегері. Алматы қаласында, қызметкерлердің отбасында өмірге келген. 1936 ж. Мәскеудің Түсті металл институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне де бастаған. Д.Қонаев 1955—60 және 1962—64 ж.ж. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960—62 және 1964—86 ж.ж. Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Д. Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қайшылықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді.
Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68жұмысшылар кентімен 43 қала пайда болды. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды.Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды. Дінмұхамед Ахметұлының арқасында Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғары деңгейде дамыды. Бүкілодақтық көлем бойынша мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның 70%ынан астамы, мырыштың 40%-ынан астамы қазақ жерінде өндірілді. Өскемен қорғасын-мырыш және титан-магний комбинаттары, Соколов-Сарыбай мен Лисаков кен-байыту комбинаттары, Жезқазған мен Балқаш таукен-металлургия комбинаттары, Ермак пен  Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары іске қосылып, Ақтөбе қаласындағы шығарылған хром кенінің көлемі артты.
Д.А.Қонаев металл өңдеу және көлік жасау салаларында өндіріс тиімділігінарттырып,Өскемен, Орал, Қарағанды, Петропавл, Шымкент, Алматы қалаларында көлік жасау зауыттары құрылды. Алматы ауыр машина жасау зауыты шығарған өнім әлемнің 40-тан астам мемлекетіне таралды. Қазақ жерінің аумағында көмір мен мұнай кен орындары ашылып, Қазақстан отын-энергетика өнеркәсібінің ірі орталығына айналды. Тараз және Шымкент қалаларында орналасқан комбинаттар сары фосфор өндіру бойынша әлемде бірінші орында болды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Д.А.Қонаев ғылым саласында орасан зор қызмет етті. 100-ден аса ғылыми еңбектермен зерттеулер жазды. Біраз ғылыми жұмыстарын шаруашылық пен өндірістік тәжірибеден өткізді. Өз еңбектерінің халық шаруашылығына тигізер пайдасының зор екендігін іс жүзінде дәлелдеген еді. Өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, ол жас ғалымдарды қолдап, білім жүйесіне ерекше көңіл бөлді.
Қазақ өнерін жоғары бағалаған Д.Қонаев өнерде жүрген жандарды жан-жақты қолдап, қазақ мәдениетінің дамуына ықпал етті. Өнер ордалары салынып, мәдениет үйлері өз қызметін бастады. Қазақ жерінің барлық аймақтарында дерлік білім және мәдени ошақтар ашылып, тұрғын үйлер тұрғызылып, әлеуметтік нысандар салынды.
Д.А.Қонаевтың бастамасы бойынша қазақ жерінің сол кездегі астанасы Алматы қаласында Үкімет үйі, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің ғимараты, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының ғимараты тұрғызылды. Қала көшелерінің саны артып, жаңа тұрғын үйлер салынып, 12 ықшам аудан ашылды. Мектеп пен бала-бақша ғимараттарының құрылысы басталып, Оқушылар сарайы, Республика Сарайы, Спорт және Мәдениет Сарайы, «Медеу» спорт кешені, Ұлттық Кітапхана, цирк сынды мәдениет, білім және спорт нысандары бой көтерді. Авто, аэро және темір жол вокзалдары, әуежай, «Алматы», «Отырар», «Жетісу», «Алатау», «Достық», «Қазақстан» қонақүйлері салынып, қала көркін ашты.
Д.А.Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен, танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. 1960 ж.ж. басында Н.С. Хрущевтің озбырлығымен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайта қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді. Д.А. Қонаевтың қайраткерлігі мен адамгершілік қасиеттері халыққа мәлім еді. Сондықтан да елімізде Д.А. Қонаевтың жеке басына табынудың өзіндік белгілері де қалыптасты. Өйткені, мемлекет қайраткері ретінде Д.А. Қонаев та сол әміршіл-әкімшіл жүйенің перзенті еді.
1986 ж.ж. СОКП Орталық Комитетінің Бас Хатшысы болып М.С. Горбачевтің келуіне байланысты Д. Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан босатылды. 18 минут өткізілген пленумда орнына Ульяновск облысынан Г.В. Колбин отырғызылды. Орталықтың жүргізіп отырған әділетсіз саясатына қарсы республика жастары өз қарсылықтарын білдіріп алаңға шықты. Бұл әйгілі Желтоқсан оқиғасына ұласты. Д.А.Қонаев 1993 ж. 22 тамызда дүниеден өтті. 2022 жылы ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың ұсынысымен Қапшағай қаласына Д.Қонаевтың аты берілді.
3. Жиырмасыншы ғасыр Қазақстан тарихына қазақ халқының өмір сүру жолындағы талпыныстарына толы бірнеше қасіретті оқиғалармен енді.
Ғасырдың басында отаршыл Ресейге қарсы ең қуатты жалпыұлттық әрекет – 1916 ж. қазақтардың көтерілісі болды. Бұл көтеріліс аймақтық, бытыраңқы сипатқа ие болды және объективті себептерге байланысты біртұтас басқару орталығы бар ұйымдасқан қарсылық қозғалысына айнала алмады да, жеңіліске ұшырады. Соған қарамастан, ол азаттық үшін, ұлтты сақтау үшін қолына қару алып күресу қажеттігі туралы халықтың санасын оятуға түрткі болды.
1917-1918 жж. Ресей империясының ыдырауы құлдықта болған халықтардың көптен күткен еркіндік үмітін оятты. Қазақ зиялылары (Алаш партиясы) автономиялық мемлекет құруға кіріскенімен, оны коммунистер талқандады.1929 ж. қазақ әліпбиін латын әліпбиіне ауыстырылды. Өсіп келе жатқан жаңа ұрпақ өзінің әдеби мұрасынан айырылып, халқының тарихын бастапқы дерек көздерінен зерттеу мүмкіндігінен айырылды. Қазақ халқына қарсы, оны толығымен жоюға арналған нағыз геноцидті коммунистер 1932 ж. ұйымдастырды. Қолда бар деректер бойынша 3,5 миллионға жуық қазақ, қазақ этносының жартысынан астамы аштықтан өлген. 1937 ж. – қазақтың кезекті қасіреті, қырғыннан әбден айыға қоймаған халық «сүттің бетіндегі қаймағынан» айырылып, ақыры басы кесілген жылы. 50 мыңнан астам қазақ зиялылары репрессияға ұшырап, атылды. Осы уақытқа дейін бұл террордың нәтижесі толық зерттеліп, оның құрбандарының аты-жөні толық жария етілмеген.
Құтырған коммунистік үгіт-насихатқа қарамастан, қазақтың жас ұрпағы өз халқының қорлық тарихы, геноцид және қазақ ұлтын жоюға бағытталған саясат туралы біршама шындықты білді, өйткені мұның бәрін жасыру мүмкін емес еді. Мемлекеттік ұлттық саясат ұлттарға бөлінбей, біртұтас кеңес халқы болуы керек және біртұтас мемлекеттік тіл-орыс тілі болуы керек деген атышулы сталиндік «теорияға» негізделген болатын. Коммунистер К.Маркстің «халықты жою үшін оның тілін тартып алу керек» деген сөздерін қатаң сақтай отырып әрекет етті. Мысалы, 1989 ж. халық санағы бойынша өз ана тілін білмейтін қазақтардың саны жалпы халықтың 40 пайызын құраған.
Қазақ мектептерінің жаппай жойылуы, орта және жоғары арнаулы оқу орындарында қазақ тілінде оқытылмауы халықтың төл мәдениетінің жойылу қаупіне әкелді. Қазақ ұлтын жоюдың бір әдісі-жергілікті халықты жасанды түрде ассимиляциялау болды. Ол индустрияландыру жылдарында Қазақстандағы Еңбек армиясын толықтыруға қазақ емес халықты жұмылдыру арқылы жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Ұжымдастыру кезеңінде кулактар Қазақстанға көшірілді, соғыс жылдарында Қиыр Шығыстан корейлерді, сондай-ақ кавказ халықтары мен немістерді жер аударып, тың игеру үшін ішкі Ресейден миллиондаған басқа ұлт өкілдері әкелінді. Н.Хрущев: «Егер патша ұзақ уақыт бойы бұл өлкені патшалық әдіспен адамдармен толтыра алмаса, біз мұны кеңестік әдіспен орындадық» деп масаттанды.
80-жылдардың ортасына қарай Қазақстанда қазақ жастарынан қуатты жұмысшы табы, сондай-ақ интеллигенция табы қалыптасты. Олар жүріп жатқан коммунистік геноцид саясаттың барлық «жақсылығын» сезінді және бастарынан өткерді. Түптеп келгенде қазақ ұлтын ассимиляциялау, тілі мен мәдениетінен айыру арқылы жоюды көздеген бұл саясатқа байырғы халықтың сана-сезімі жоғары өкілдері арасында наразылық пісіп-жетілді. ХХ ғасырдың сексенінші жылдарында Қазақстанның саяси жағдайы дауыл алдындағы тыныштықты еске түсірді. Халық наразылығын жару үшін тек ұшқын керек болды.1986 жылғы 16 желтоқсандағы ҚКП ОК пленумының Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына Қазақстанды 22 жыл басқарған Д.А.Қонаевтың орнына Г.В.Колбинді сайлау туралы шешімі осындай ұшқын болды.
1986 жылы 17 желтоқсанда қазақ жұмысшылары мен студенттері бұл шешімге қарсы шықты, «әр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек», «Қазаққа қазақ басшы» деп ұрандатты. Толқу республиканың барлық облыс орталықтары мен ірі елді мекендерін қамтыды. Көтерілісті басу үшін Кеңес Одағының әр қалаларынан КСРО Ішкі істер министрлігінің іріктелген арнайы жасақтары шығарылды. 17 және 18 желтоқсанда Алматыда көтерілісшілер тұрақты армияның, полицияның қарулы күштерімен және 10 мың жасақтармен күресті. Көтеріліс аяусыз басылды. Желтоқсан көтерілісі бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 БЛКЖО мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды. Жергілікті кадрларды қуғынға салған Г.В.Колбин 1989 ж. Мәскеуге кеткеннен кейін, орнына Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы болып Н.Ә.Назарбаев сайланды. Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінің рөлін төмендету үшін коммунистік режимнің қуыршақтары оны ұлтшыл элементтер, нашақорлар мен маскүнемдер ұйымдастырған «Желтоқсан оқиғасы» деп бағалады. Қазақ КСР-нің қуыршақ үкіметі мен жоғарғы партия басшылығы Орталықтың озбырлығына наразылық танытып, қарсы болудың орнына, өз халқының бейбіт шеруін басып-жаншуға белсене атсалысты.
1990 ж. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ақын-патриот Мұхтар Шахановтың жанқиярлық ерлігінің арқасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «1986 ж. Алматыдағы және Қазақстанның басқа облыстарындағы Желтоқсан оқиғасына қорытынды баға беру» комиссиясы құрылды. Комиссия Желтоқсан көтерілістерінің себеп-салдарын зерттеуде үлкен жұмыс атқарды. Комиссияның қорытындысы туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мәжілісінде баяндалып, олар міндетті емес қаулы қабылдады, комиссияның тексеру материалдары сияқты, қаулыны да билік назардан тыс қалдырды. Содан бері талай уақыт өтсе де, Қазақстан егеменді ел атанғанымен, Желтоқсан көтерілісі әлі де лайықты бағасын алған жоқ. Қайғылы оқиғаның шынайы ауқымы мен оны жасағандар халықтан жасырын қалды. Оның себебі, осы қасіретті жасағандардың соңғы уақытқа дейін жоғары мемлекеттік қызметтерді атқарып, елді басқарып отырғанында болса керек. Желтоқсан көтерілісі, қазіргі кезеңнің талабымен қарағанда, алғаш рет демократия және жариялылық жағдайындағы халықтың еркіндік үшін көтерген талабы мен ескі партиялық ойлау арасындағы қақтығыс болғаны сөзсіз.
Желтоқсан көтерілісінің саяси және тарихи маңызы өте зор болды. Біріншіден, Желтоқсан көтерілісі Кеңес Одағындағы демократиялық өзгерістерге жол ашып берді; екіншіден, Желтоқсан көтерілісі қазақ халқының ұлттық рухы мен саяси санасының өрлеуіне алғышарт жасады; үшіншіден, әлемдік қауымдастыққа өркениетті қазақ деген халықтың бар екенін паш етті; төртіншіден, тоталитарлықжүйенің ыдырау процесін жеделдетті; бесіншіден, қазақ халқының тәуелсіздігіне ашылған жол болды.
4. 1980 жылдардың аяғында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі мен
ұлттық тәуелсіздік мәселелері алдыңғы қатарға шыға бастады. 1988 ж. Қазақ КСРКомпартиясының OK 1920-1950 ж.ж. қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылып кеткен қайраткерлерді ақтау туралы қаулы қабылдады. Соған сәйкес Ә. Бекейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ш. Құдайбердіұлы, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, X. Досмұхамедов, М. Тынышпаев сынды көптеген Алаш қайраткерлері мен ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдерін ақтауға және олардың мураларын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берілді. Сол тарихи кезеңдегі ең басты оқиғалардың бірі -1989 ж. 22 қыркүйекте қабылданған «Тіл туралы» Заң. Бұл Заңда қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі деп бекітілді. Осылайша тәуелсіздік жолында ұлттық тарих пен мемлекеттік тіл қоғамды жұмылдырушы әрі біріктіруші күшке айналды. 1990 жылы 24 сәуірде Республикада президенттік басқару институты енгізілді. Жоғарғы Кеңестің сессиясында Н.Ә. Назарбаев Қазақ КСР Президенті болып сайланды. Одақтас республикалар Кеңес Одағын егеменді мемлекеттердің одағына айналдыру реформасын дайындай бастады. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» қабылдады. Бұл тарихи құжат еліміздің тәуелсіздігіне жасалған маңызды қадам болды.
1990 ж. қазанда республикада жағдай барынша шиеленісті. Халық депуттары арасынан М.Оспанов бастаған «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобының «Егемендік туралы декларацияның» баламалы жобасы баспасөз беттерінде ерекше дүмпу тудырды. Олар полиэтникалық қоғамда ұлттық мемлекеттің тұжырымын жүзеге асыру жағымсыз салдарға әкеледі деп, ұлттық республиканың орнына азаматтық қоғам кұрылуы тиіс деген ұстанымда болды. Казақ зиялылары Егемендік туралы Декларацияның жобасы тіл туралы заңға қайшы келетінін айтып, дабыл көтерді. Тіл туралы заңда орыс тілі- ұлтаралық қатынас тілі деп жарияланған болатын. Декларация жобасын жасаушылардың оны ресми тіл деп өзгертіп жібергені сынға алынды. Ғалымдар, орыс тілін Қазақ КСР-нде ресми тіл деп жарияласақ, қазақ тілі мемлекеттік статусын жоғалтады деп, туған топырағында қазақ тілі ресми тіл болуға тиіс екенін дәлелдеді. Ұзақ пікір-таластан кейін, 1990 ж. 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданған сәттен бастап егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады.
Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы болды. Бұл декларацияның қабылдануымен, егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет - Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Бұл күн 2001-2009 жж. аралығында мемлекеттік мереке ретінде атап өтіліп келді. 2009 ж. "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгертілуіне байланысты, Н. Назарбаевтың жарлығымен 25 қазан - Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды.
Сол кездегі Жоғары Кеңестің төрағасы Серікболсын Әбділдин: Қазақстан егемендік туралы заңды ең соңғылардың бірі болып қабылдады. Және осы заңның қабылдануына қарамастан біз Одақ құрамында қала бердік. Аталған Декларацияның барлық баптары Совет Одағының сол кездегі Конституциясына байланыстырылып жасалды. Ол Одақтан шығуды, сонымен бірге өзге де республикалармен ынтымақтасуды жоққа шығарған жоқ. Түпкілікті шешім қабылдау кезінде субьективті факторлар да ықпал етті. Себебі, қазанның 25-ін Республика күні ретінде белгілеуді Н.Назарбаев қалады. Өз қалауын ол 1990 жылдың 25 қазаны оған Қазақстан Республикасының сайланған президенті болуға мүмкіндік береді деп түсіндірді. Шындығында ол Қазақ ССР-інің президенті болып 1991 ж. желтоқсанның 1-і күні сайланды. Сол жылы желтоқсанның 10-ы біз бұл заңды күшіне енгіздік, ал ертеңінде ел атауындағы «Советтік Социалистік» деген сөздерді алып тастап, Қазақстан Республикасы деп атадық. Бұның барлығы заңдық жағынан бұрмалау еді,-дейді.
2022 ж. маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 ж. 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, - деді. Президенттің айтуынша, бұл күн күнтізбеде мереке емес, еске алу күні сипатында ерекшеленетін болмақ.
2022 ж. бастап, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні болып аталып өтілмек. Бұл күні ресми демалыс болады. Мәжіліс депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Нәтижесінде 25 қазан-ұлтық мереке Республика күні деп белгіленіп, 16 желтоқсан мемлекеттік мереке-Тәуелсіздік күні болып қала береді.
Сонымен, Тәуелсіз Қазақстанның Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мерекеге айналды. Ұлттық мерекелер кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі, өйткені олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттігіміздің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалармен байланысты. Керісінше, Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіледі. Бұл әлеуметтік және саяси мәні бар оқиғаға арналған дата. Оны мерекелеу ресми іс-шаралармен қатар жүруі мүмкін.
5. КСРО-дағы қайта құру үрдісінің тығырыққа тірелуі, әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар және т.б. себептер социалистік жүйенің ұзаққа бармайтындыгын аңғартты. Батыс елдерінің саясаттанушыларының КСРО-ның көп ұзамай күйрейтіндігі туралы болжамдары расқа айналды.
КСРО-ның құлауының басты себептерінің бірі - Одақ экономикасы технологиялық жагынан артта қалды, тауарлардың бүкіл әлемде бәсекеге түсуі төмендеді. Соғыстан кейінгі жылдары КСРО АҚШ-пен әскери бәсекеге түсіп, қорғаныс ісіне аса көп қаржы жұмсады. 1950-1990 ж.ж. арасындағы 40 жылда әскери шығын 20 триллион долларға жетіп, экономиканы орасан зор зардаптарға ұшыратты. 1991 ж. карай Кеңес Одағы республикаларының бір-бірімен біте қайнасып, бірігіп-кірігіп кеткен шаруашылық қарым-катынасының бұзылуына байланысты Қазақстан да экономикалық тығырыққа тірелді.
1991 ж. көктемінде Одақ пен егеменді республикалар арасындағы қарым-қатынастар өте күрделі болды. Одақтас республикалардың басшылары егемендік мәселесі туралы 1991 ж. сәуір-маусым айларында Мәскеу түбіндегі Ново-Огаревода бірнеше рет кездесті.1991 ж. 23 сәуірде РКФСР, Украина, Қазақстан, Белорусия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркменстан басшылары дайындаған жаңа Шарт бойынша КСРО енді Кеңестік Егеменді Республикалар Одағы деп аталатын болды. Елдегі жағдайды тұрақтандыруға шұғыл шара қолдану және дағдарысты еңсеру туралы мәлімдемеге қол қойылды. КЕРО-ның жаңа Конституциясын қабылдау қажеттігі айтылды.
17 наурыздағы референдумда азаматтардың көпшілігі КСРО-ны сақтап қалу жөнінде өз пікірін білдірсе, екінші жағынан Б.Н. Ельцин бастаған республика басшылары жаңа Одақтың арқасында өз ұстанымдарын күшейтуге тырысты. Ал, М.С. Горбачев жаңа одақтық шарт жасауға талпынды. Сөйтіп, КСРО-ның болашағы жайлы қарама- қайшылықты үдеріс басталды.1991 ж. 12 маусымда Ресей Президенті болып Б.Н. Ельцин сайланып, Мәскеудегі қос өкіметтілік ахуалды бұрынғыдан да шиеленістіре түсті. 29 маусымда М.С.Горбачев, Н.Ә. Назарбаев және Б.Н. Ельцин құпия кездесті, жаңа Одақтық шарт жасалып, шартқа 20 тамызда қол қою келісілді. Егемен Мемлекеттер Одағының Премьер-министрі лауазымы Н.Ә. Назарбаевқа, Президенттік М.С. Горбачевке ұсынылды. Осы келісім Ресейдегі 1991 ж. тамыз бүлігіне түрткі болды. Жаз бойы тайталасушы күштер (бұрынғы одақ пен жаңа одақты жақтаушылар) бір-бірін аңдып,өздеріне одақтас іздеп және халықаралық қауымдастықтың көзқарасын да анықтауға тырысты. Осындай қайшылықты жағдайда М.С. Горбачевтің әрекеті, қарсыластарын 1964 ж. Н.С. Хрущевты орнынан алғандай, мемлекеттік төңкеріске итермелеп, 1991 ж. 19 тамызда Горбачев биліктен кетті.
1991 ж. 19 тамызда КСРО-да Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ТЖМК) құрылғаны жарияланды. Іс жүзінде бұл мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті еді. Бірақ бүлік жүзеге аспай, оны ұйымдастырушылар тұтқынға алынды. Бұл жағдайлар Кеңес Одағының ыдырауын тездетіп, оны реформалаудың 20 тамызға белгіленген Ново-огарево келісімін болдырмай тастады. Н.Назарбаев Одақты сақтауға, реформаларды онан әрі жалғастыруға ерекше мән беріп, Ново-Огарево келісіміне қол қоюға шақырғанымен, бүлікшілер әрекеті мүмкіндік бермеді. «Тамыз бүлігі» КОКП-ның тарауына әкелді. 1991 ж. 7 қыркүйекте Қазақстан Компартиясының төтенше және кезектен тыс съезінде Қазақстан Компартиясын таратылып, жаңадан, Қазақстанның Социалистік партиясы (ҚСП) құрылды. 1991 ж. күзінде Компартия мүшелерінің бір бөлігі Қазақстанның Халықтық Конгресс партиясы катарына өтті. Бұл партияға танымал ақын, әрі қоғам қайраткерлері О.Сүлейменов пен М.Шаханов ұйытқы болды.
90-ж. КСРО-ның дағдарысын әлемдік қауымдастық жіті қадағалап отырды. Сингапурдың негізін салушы, әрі оны отыз жылдың ішінде дамыған мемлекет қатарына жеткізген Ли Куан Ю 1991 ж. мамыр айында Алматыға келгенде, коммунизмнің ешқандай болашағы жоқ екенін дәлелдеп, КСРО-ның құлайтындығын, Қазақстанның болашағының зор екенін мәлімдеді.
1991 ж. 8 желтоқсанда Ресей басшысы Б.Ельцин, Украина басшысы Л. Кравчук, Белоруссия басшысы С. Шушкеевич Минск жанындағы Беловежье нуында кездесіп, КСРО-ның құрылуы туралы 1922 ж. 30 желтоқсандағы шартты бұзу жөнінде келісімге қол қойды. Нәтижесінде КСРО халықаралық құқық субъектісі және геосаяси шындық ретінде күшін жойды. Сол жылдың 13 желтоқсанында Ашхабадта өткен кездесуде Орта Азия және Қазақстан Республикасы басшылары «Беловежье келісімін» қолдады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы келісімге қол жеткізді. Осы жағдайға байланысты 1991 ж. 21 желтоқсанда Алматыда 11 республика өкілдері ТМД құрылғғандығы жөнінде шартқа қол қойды.
Осылайша, 1991 ж. желтоқсандағы Алматыда бас қосқан тәуелсіз елдер басшыларының келісімі КСРО-ның өмір сүруін тоқтатты. 1991 ж. 25 желтоқсанда, кешкі сағат 19-дан 38 минут кеткенде Кремльдің үстіндегі КСРО-ның қызыл жалауы түсіріліп, орнына Ресей жалауы ілінді. Сөйтіп, XX ғасыр тарихындағы ең ірі держава -КСРО деген ел тарих қойнауына кірді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет