Парафинмен емдеу
Парафинмен емдеу жылулықпен емдеудің бір түріне жатады. Ол мұнайдан алынатын, аморфты, жоғарғы молекулалы көміртег қоспасы. Оның жеңіл балқитын (44-48º) және ауыр балқитын (52-56º) түрлері бар.
Парафиннің қасиеті оның өте жоғары жылу сиымдылығы мен өте нашар жылу өткізгіштігіне байланысты. Оны 100º-қа дейін қыздырып барып қолданады.
Парафинмен әсер ететін жердің жүнін қырқып тазалайды. Ол жерде су тамшысының болмауын қадағалайды. Парафинді аппликация ретінде жағу марлі салфетка арқылы, ванна түрінде және парафин дәрісі ретінде қолданады. Парафинмен сылағаннан кейін оның үстінен жылы қабатпен жауып қояды. Қолданған уақытта парафиннің температурасы 80 º-тан 45º-қа дейін төмендейді де, суыған сайын оның көлемі азайып теріні құрыстыру арқылы микромассаж жасайды және ол қойылған жерде тер көп бөлінеді.
Созылмалы қабыну процестерінде, көпке дейін жазылмайтын жараларда, парез-параличтерде, бұлшық еттердің және буындардың қабынуларында, жабық сынықтарда, сіңірлер тартылғанда, гинекологиялық ауруларда қолданылады.
Озокеритпен емдеу. Оны тау балауызы деп те атайды. Ол мұнай иісті, қара-қошқыл түсті, қоймалжың зат. Балқу температурасы 52-86ºС. Оның құрамында 68-85 % церезин, 3-7 % парафин, 40% минералды майлар, 1-33 %-ға дейін механикалық қоспалар болады.
Емдік әсерінің негізінде оның қабыну процесіне қарсы әсер ететін, экссудаттардың сіңуін жылдамдататын, ауырсынғандықты басатын қасиеттері жатыр. Оның әсер еткен жерінде ұзақ уақытқа созылатын белсенді қызару пайда болады да, жергілікті қан айналысы, тіндердің қоректенулері, патологиялық сұйықтардың сіңіп, таралуы жақсарады; ауырсынғандықты басады.
Озокеритті клеенкаға салып ауырған жерге басады. Сыртынан жылулық қабатымен жауып қояды. Парафинмен емдеуге болатын барлық ауруларда қолдануға болады.
Дәріс-10. Жарық сәулелерімен емдеу техникасы.
Жарықтың биологиялық әсері
Жарықпен емдеу техникалары
Жарық сәулелерімен емдеу үшін табиғи күн көзінен және өндірісте шығарылатын аппаратуралар арқылы алынатын жарық сәулелерінің энергиясы қолданылады.
Жарық энергиясы дегеніміз ауасыз кеңістікте 300 000 км/сек жылдамдықпен тарайтын сәулелердің энергиясы. Оның негізінде тербелу жиілігі мен ұзындығы әртүрлі электромагниттік толқын жатыр. Толқын ұзындығы белгілі бір өлшемдермен өлшенеді: µ - 0,001 мм; mµ - 0,001 µ немесе 0,000 001 мм; Aº - 0,1 mµ немесе 0,000 0001 мм.
Жарықтың табиғаты туралы көптген теориялар өмірге келді:
Ньютонның корпускулярлық теориясы – бөлшектердің ағымы туралы;
Гюгенстің толқын ағымы туралы теориясы;
жарықтың түзу сызық арқылы таралу теориясы;
жарықтың дифракциясы – қарсы кедергіден айналып өту қасиеті;
жарықтың интерференциясы – жарық сәулелері қабаттасқанда оның күшеюі немесе әлсіреуі;
фотоэффект құбылысы – жарықтың әсерінен заттардан электронның жұлынып алынуы;
квант теориясы – корпускулярлық және толқын ағыны теорияларының біріккен түрі.
Қазіргі қағида бойынша жарық дегеніміз кеңістікте электромагниттік толқын заңымен тарайтын бөлшектердің ағымы.
Толқын ұзындығы 759 mµ мен 400 mµ аралығындағы сәуле көзге көрінетін сәуле деп аталады.
Толқын ұзындығы 759 mµ - 343 µ аралығындағы сәуле инфрақызыл сәулесі деп, ал толқын ұзындығы 400 mµ - 180 mµ аралығындағы сәуле ультракүлгін сәулесі деп аталады.
Неғұрлым толқын ұзындығы ұзынырақ болса, солғұрлым жарық сәулесінің жылулық қасиеті басымырақ, ал неғұрлым толқын ұзындығы қысқарақ болса, оның химиялық қасиеті басымырақ болады.
Достарыңызбен бөлісу: |