Бұзаулардың бронхылары мен өкпелерінің қабаттаса қабынуы олардың 1 – 2 айлық жастарында жиі кездеседі. Әсіресе туа салысымен диспепсияға ұшыраған бұзаулар осы жаста бронхопневмониямен ауырғыш келеді. Ауру алдымен жоғарғы тыныс алу жолдарының қабынуынан басталып, ары қарай бронхыларды қамтиды да, көп ұзамай өкпе альвеоллаларының қабынуымен асқынады. Егерде ауруды уақытында анықтап, дер кезінде тиімді емдеу шарасын қолданбаса, онда ауру созылмалы түріне айналады. Асқынғын кезде іріңдеп, кей кезде шіру процесіне дейін баруы мүмкін. Мұндай жағдайда емнің қонуы қиындайды, аяғында малдың өлім-жітімге ұшырауына апарып соғады.
Бұзаулар туғаннан кейін 25-45 күндік жасында олардың организмінде зат алмасу процесінің төмендеуі байқалады. Ол тыныс алу жүйесінің қызметінің жеткіліксіздігін тудырады. Оны болдырмау үшін салмағы жылдам өсетін төлдің организмін оған қажетті керек қоректің заттармен қамтамасыз ету қажет. Олай болмағанда тыныс алу жолдарының ағзаларының қызметтерінің жеткіліксіздігінен өкпе альвеоллаларында оттегін сіңіру және көмірқышқыл газын бөліп шығару процесі бұзылады. Организмде қалыпты түрде зат алмасу процесін қамтамасыз ету үшін қажетті энергияның түзілуі нашарлайды. Міне, осылай, төлдердің салмағының жылдам өсуі олардың тыныс алу жүйесінің қызметтерінің қайшылықтарын туындатады.
Бронхопневмониямен ауырған бұзаулардың тәбеті төмендейді, кейде тіпті азақ қабылдамай көбінесе жата береді. Жүндері ұйпаланған, арқасы күдірейіп, басы салбырап, сыртқы ортаға реакциясы нашарлайды. Дененің ыстығы көтерілуі мүмкін. Тыныс алуы мен қан тамырының соғысы жиілейді. Танау қуысынан бастапқыда сұйық, артынан қоймалжың ақпаның аққаны байқалады. Тыңдағанда везикулярлық дыбыстың қатайғаны, артынан сырылдың пайда болғаны анықталады. Аурудың бастапқы клиникалық белгілері біліне бастаған кезде қам жасау керек. Ондай малдарды бөліп алып жеке жағдай туғызады. Жарық, таза, желдетілген бөлмеге орналастырады, таза сумен, толыққанды рационмен қамтамасыз етеді. Тиімді емдеу үшін қолайлы деген оттегімен емдеу әдісін қолдана отырып, этиотропты, симптоматикалық, организмді қуаттандыратын емдеу әдістерін ғылыми тұрғыда дәлелдеп тағайындаған дұрыс.
Оттегімен емдеу әдістерінің ішінде оны тыныс алу жолдары арқылы дем алдырып немесе құрсақ қуысына жіберу арқылы емдеуді ұсынған болар едік. Ең қолайлысы оттегімен байытылған ортада (34-60 %) ғылыми тұрғыда таңдап алынған дәрілік заттардың қоспасын шашырату арқылы емдеу әдісі.
Ауру бұзаулардың қанын лабораториялық тексергенде, аурудың жіті түрінде оның құрамындағы ақ және қызыл қан түйіршіктерінің көбейгені анықталады. Қышқылдығы жоғарылайды, диспротеинемия анықталады. Гемоглобиннің мөлшері төмендейді. Тыныс алу көрсеткіштерін тексергенде организмде оттегінің жеткіліксіздігінің белгілері байқалады: минуттық дем алыс мөлшері, терең дем алу көрсеткіші, оттегін сіңіру және көмірқышқыл газын бөлу, дем алу мен оттегін пайдалану коэффициенттері нашарлайды, ал дем алу эквиваленті жоғарылайды. Міне, осындай жағдайда тиімді әсер ететін дәрілік заттардың қоспасын оттегімен байытылған ортада золь ретінде бірден қабынған жерге жеткізу ең тиімді емдеу әдісі болып саналады.
Сыртқы ортаның қолайсыз жағдайлары организмнің жалпы резистенттілік қабілетін нашарлатып организмнің ауру тудыратын себептерге қарсы тұру механизмдерін әлсіретеді. Мұндай жағдайға жақсы күтімде болмаған аналық малдардан алынған гипотропиктер жиі ұшырайды.
Қалыпты жағдайда организмге ешқандай зиянсыз микроорганизмдер – сапрофиттер, организмнің резистенттілік қабілеті нашарлаған кезде патогендік қасиет білдіре бастайды. Бұл аурудың негізгі себептеріне қосымша фактор ретінде ауруды одан әрі асқындыра түседі. Сондықтан да аурулардың алдын алуда және бола қалған жағдайда дұрыс емдеуде организмнің өзін өзі қорғау процесін жақсартуға көңіл аудару керек.
Бұзаулардың өкпе ауруларына неғұрлым ертерек диагноз қою үшін малды тексеруді жан-жақты жүргізген дұрыс. Оған анамнезді дұрыс жинау, клиникалық және лабораториялық зерттеулерді тиянақты түрде жүргізу, мүмкіндік бар жерде арнайы зерттеу әдістерін (ЭКГ, ФКГ, рентгенография, рентгенограмма, ауру мал организміндегі микроорганимздердің белсенділігін анықтау және т.б.) пайдаланып, оған дұрыс интерпретация жасай білу әдістері жатады. Өзіміз жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарында осы аталған әдістердің барлығын пайдаландық және оларға дұрыс талдау жасауды жете меңгердік.
Бұзаулардың ауруын анықтағаннан кейін олардың бронхопневмонияның жіті түрімен ауыратын бұзауларынан 3 топ топтастырдық. Әрбір топта тәжірибе және бақылау топтарын қарастырдық.
Бірінші тәжірибе тобындағы бұзауларды таңдап алынған дәрілік заттардың ерітіндісін ауа қысымы арқылы золь ретінде шашаыратып, сонымен дем алдыру арқылы емдедік. Ал бақылау тобындағы бұзауларға дәрілік заттар золь ретінде емес анықтамада көрсетілген әдістермен берілді;
Екінші тәжірибе тобындағы бұзауларға дәрілік заттардың ерітіндісі оттегінің қысымы арқылы шашыратылып, дем алдыру арқылы емделді. Бақылау тобында оттегі қолданылған жоқ;
Үшінші тәжірибе тобындағы бұзауларға таңдап алынған дәрілік заттарға қосымша иммуномодулятор ретінде тимоген препараты қолданылды. Бақылау тобы тимоген препаратын алған жоқ.
Қолданылған дәрілік заттардың құрамы: белсенді антибиотик, норсульфазол, үшвитамин, глицерин.
Дәрілік заттарды ауа қысымы арқылы шашыратып емдеу (АЗТ) Ю.В.Головизниннің (1983), ал дәрілік заттарды оттегі қысымы арқылы шашыратып емдеу (ОЗТ) В.Н.Квятковскийдің (1990) әдістері бойынша жүргізілді. Бұл екі әдісте де САГ-1 генераторы қолданылды. Бірінші әдісте қажетті ауа қысымы СО-7А компрессоры арқылы алынды. Екінші әдісте оттегінің қысымы редуктор арқылы қысымы төмендетілген оттегінің баллонынан алынды.
Жалпы 3 емдеу әдістерінің нәтижелерін салыстырғанда тимогенді кешенді түрде қолдану арқылы емдеу әдісінің тиімдірек екендігі байқалады. Ол әдіспен емдеу біз жүргізген тәжірибеде АЗТ тобындағы нәтижеден 5,7 %-ға; ал ОЗТ тобындағы нәтижеден 3,6 %-ға жоғары болды.
Қорыта келе айтарымыз, жоғарыда келтірілген 3 емдеу әдістері де бұзаулардың өкпелерінің қабынуының жіті түрін емдеу үшін өте пайдалы әдістер екені сөзсіз. Солардың ішінде организмнің иммундық қабілетін жоғарылату үшін ұсынылатын дәрілік заттарды кешенді түрде пайдалану қазіргі кезде шағын шаруашылықтарда істеп жүрген мал мамандарының өз тәжірибелерінде каеңінен қоданылатын емдеу әдістері болар деген ойдамыз.