Дифиллоботриоз. Қоздырушысы - Diphillobotrium latum. Тұрақты иесi адам, ит, мысық, түлкi, ақ түлкi және сусардың iшектерiнде өмiр сүредi. Балық аралық иесi. Адамда бұл құрттың ұзындығы 10 м, терiсi қымбат аңдарда 1,5 м жетедi. Оның балапан құрты (плерацеркоид) балықтың дене қуысын, бауырын, уылдырығын, етiн мекендейдi. Ақ түстi, кiшкене құрттың ұзындығы 1-1,5 см, енi 2-3 мм келедi.
Балықты сырттай қарағанда, оның дифиллоботриозбен зақымданғанын табу қиын. Сондықтан да ауруға күмәндi балықтардың iшiн жарып, iшектерiн, оргадарын және уылдырықтарын, диаметрi 1,5-4 мм келетiн фиброзды капсулаға тексередi. Етiнен қалыңдығы 5 мм болатын көлденең кесiндiсiн алып, микроскоп арқылы плероцеркоидтың бар-жоқтығын анықтайды. Бiрақ, триэнофорустан (адамға зиянсыз) ажырату керек. Дифиллоботрум латум плероцеркоидының бас бүртiгiнiң iлгектерi болмайды, ал триэнофорус плерацеркоидының төрт iлгегi бар.
Осындай зақымдалған балықты шала тұздалған немесе шала пiскен түрiнде тағамға пайдаланатын болса, адам ауруға шалдығады. Адамның ішегінде 1-2 айда ұзындығы 10 метрге жететiн ересек құрт өсiп-өнедi.
Описторхоз. Тұқы тұқымдас балықтардың (екiншi аралық иесi) ауруы. Аурудың қоздырушысы - Opistorchis felineus иттiң, кейбiр сүткоректiлердiң, сондай-ақ адамның өт жолдары мен өт қабында (тұрақты иесi) тоғышарлық тiршiлiк ететiн жалпақ құрт.
Ауру – Обь, Ертiс бассейндерiнде, Азов, Қара теңiз бен Каспий теңiзiне құятын суларда кездеседi. Ертiстi мекендейтiн балықтардың iшiнен ақ қайран, шабақ, оңғақ описторхозбен жиi зақымданады. Жыныстық жағынан жетiлген құрт тұрақты иелерiнiң өт жолдары мен ұйқы бездерiне өздерiнiң жұмыртқаларын салады. Олар өт арқылы iшекке түсiп, нәжiсiпен бірге суға түссе, оны ұлу жұтып жұмыртқадан церкарий шығады. Ол ұлудың шырынына араласып суға шығып, балықтың терi асты еттерiне енiп, метацеркарий личинкасына айналады.