Аккомодация (лат. accomodatio – бейімделу) – морфемелар жігінде қатар келген дауысты және дауыссыз дыбыстардың бір – біріне ықпал етіп, бейімделіп айтылуы. Мысалы: ат, ет, от, өт деген сөздерде бір ғана т фонемасы дауыстылардың әсерінен төрт түрлі реңге ие болатынын білеміз. Бұл – буын ішіндегі ықпал.
Аккомадация құбылысында қазақ тілінде негізінен дауыстылар дауыссыздарды дауыстының қатысы және айтылуы жағынан өзіне бейімдеп тұрады. Мысалы: тарағы (тарақ – ы), ағешкі (ақ ешкі), қарағой (қара қой) дегендерде дауыстылар дауыстың қатысы жағынан дауыссыздарды игеріп тұр.
Аккомодацияны екіге бөліп қарауға болады:
1.Дауыстылар мен дауыссыздардың үндесуі (прогрессивті аккомодация).
2.Дауыссыздар мен дауыстылардың үндесуі (регрессивті аккомодация).
Ассимиляция (лат. аssimilative - ұқсау) – морфемалардың жігінде көрші келген дауыссыздардың акустика – артикуляциялық жақтан біріне – бірінің ұқсауы, бейімделуі. Бұлар да бірін – бірі дауыстың қатысы (ат – ты, ат – қа, қа – ғаз – ға, қар – ға) және артикуляциясы жағынан игеріп тұрады. Соңғыға мысал: қаңға (қан – ға), башшы (бас – шы), жамбады (жан – бады) т.б.
Дауыссыз дыбыстардың бір – біріне ықпалын үшке бөліп қараған жөн.
1) Прогрессивті ассимиляция.
2) Регрессивті ассимиляция.
3) Тоғыспалы ассимиляция.
Прогрессивті ассимиляция. Қазақ тілінде прогрессивті ассимиляция өте күшті. Бұл заң бойынша алдыңғы морфеманың соңғы дауыссыз дыбысы кейінгі морфеманың басқы дауыссыз дыбысына акустикалық жақтан ықпал етіп, игеріп тұрады. Бұл, әсіресе сөз бен қосымшаның аралығында жақсы сақталады, яғни қосымшаның басқы дыбысы түбірдің соңғы дыбысына толық тәуелді болып тұрады.
Мұның өзі сөз бен сөздің аралығындағы дауыссыздарға да тікелей қатысты. Дауыссыздардың әр түріне байланысты прогрессивті ассимиляция мынадай болады:
1) Үнді дауыссыздар сөзді аяқтап тұра алады және бұлар дауыстылар сияқты өзінен кейінгі морфеманың тек ұяң, үндіден басталуын талап етеді: мал – дың, мал – ға, мал – мен, ем – ді, ем – нен т.б.
2) Қазақ тілінде ұяң дауыссыздардан тек ж, з дыбыстары ғана сөз соңында келеді. Оның өзінде ж дыбысына аяқталған сөздер саналуы – ақ (лаж, мұқтаж, уәж). Әдетте орыс тілінде сөз соңында ұяң дауыссыздар айтылмайды.
3) Қатаң дауыссыздардың бәрі де сөзді аяқтап тұра алады. Сөз соңындағы қатаңдар өзінен кейінгі морфемалардың тек қатаң дауыссыздардан басталуын талап етеді: тас – қа, тас – ты, кес – се, кес – кен, кес – пе.