Кез келген мәдениетті нақты құндылықтардың жиынтығы ретінде қарастыруға болады. Философиялық тұрғыдан алғанда құндылық дегеніміз – жалпы қоғам үшін, топ, адам үшін ең қадірлі, ең қасиетті нәрсе туралы түсінік. Әрбір мәдени дәуірдің өзіне тән құндылықтары, яғни белігілі бір аса құрметтелетін қасиеттер, құбылыстар жүйесі болды. Осы рухани абсолюттер ауысқан уақытта басқа дәуір басталады.
Құндылық ұғымы мәдениеттің ерекшелігін түсінуге көмектеседі. Адам өзі үшін не нәрсе маңызды екенін өзі анықтайды. Көптеген рухани абсолюттер көп адамдарға ортақ. Мысалы, тіршілік ету, өмірді сүю, ата-ананы қадірлеу, құрметтеу. Бұл барлық адамдарға қымбат, ортақ рухани абсолюттер. Бұлжымайтын, асыл өмірлік бейімделуді философия құндылық деп атады. Құндылық дегеніміз адамның өмірін мәнді, сәнді ететін түсініктер жүйесі. Адам баласының тарихында қандай қиындықтар болса да адамды адам етіп қалдыратын рухани тіректер қалыптасты. Осы рухани тіректер бірте-бірте құндылықтарға айналды.