2 сұрақ. Менеджмент түсінігінің мазмұны және оның ғылыми анықтамалары.
Қазақстан экономикасының нарықтық қатынастарға өтуіне байланысты біздің сөздік қорымызға «менеджер», «менеджмент» ұғымдары тез енді. Менеджмент сөзін қазақшаға дәл аударатын болсақ, онда «басқа біреу арқылы өз мақсатына жету» болып табылады. Алайда сөзбе-сөз аудару сөздің түпкі төркінін әрқашанда дәл бере бермейді. Күнделікті тұрмыста менеджмент сөзі белгілі бір ұғымдағы барлық адамдардың қызметіне басшылық етумен шұғылданып, өз мақсатына жетуді білдіреді.
«Менеджмент» ағылшын сөзі, оның түпкі төркіні гректің «манус», яғни «қол, күш» деген сөзінен шығып, алғашқы кезде мал бағу саласында, дәлірек айтқанда, ат тізгінін ұстау, меңгеру шеберлігін білдірген. Кейіннен бұл атақ адам қызметінің саласына ауысып, адамдарды басқарудың және ұйымдастырудың ғылыми, практикалық мәнін білдіретін болды.
Ағылшын тіліндегі Оксфордт сөздігінде бұл ұғымға мынадай түсінік берілді: а) адамдармен қарым-қатынас жасау әдісі, үлгісі;
ә) билік және басқару өнері;
б) шеберліктің ерекше түрі және әкімшілік дағды;
в) басқару органы, әкімшілік бөлігі. (1)
«Менеджмент негіздері» курсы бойынша студенттерге арналған американдық оқулықта төменлегідей анықтама берілген:«Менеджмент – бұл ұйым мақсаттарына жету үшін адамның материалдық және қаржылық ресурстарды ұтымды пайдалану процесі» (11)
Профессор И.Н.Герчиковаменеджментті нарық жағдайындағы фирманың кез-келген шаруашылық қызметінде белгілі бір мақсаттарға материалдық және еңбек ресурстарын ұтымды қолданып және менеджменттің экономикалық механизмінің принциптерін, қызметтерін және әдістерін пайдалана отырып қол жеткізуге бағытталған дербес кәсіби қызметтің түрі деп қарастырады.
Белорусь ғалымы Н.И.Кабушкиннің ойынша менеджмент – бұл адамның еңбегін, мінез-құлық мотивін және ой-өрісін қолдана отырып, жеңе білу, қойылған мақсаттарға жете білу туралы ғылым мен өнер.
Ф.М.Русинов пен М.Л.Разу менеджментті ұйымның шаруашылық өміріндегі ұтымды нәтижелерге, материалдық, еңбек, қаржылық, ақпараттық және ұйымдастыру ресурстарын тиімді прайдалану және экономикалық ынталандырудың алуан түрлі принциптерін, қызметтерін, әдістерін қолдану негізінде қол жеткізуге бағытталған кәсіби қызметтің ерекше түрі деп түсіндіреді.