Қабілеттер мәселесі психологиядағы ең күрделі және аз дамыған мәселелердің бірі болып табылады. Мұны қарастыра отырып, ең алдымен, психологиялық зерттеудің нақты пәні адамның іс-әрекеті мен мінез-құлқы екенін атап өткен жөн. Адамның қабілеті – табиғаттың адамға берген ең үлкен сыйының бірі. Бұған әрбір адам ие бола алады.
Қабілеттер адамдардың өмір сүру барысында қалыптасады, олар объективті жағдайлардың өзгеруімен өзгереді. Қабілеттерді ғылыми-психологиялық тұрғыда зерттеу XIX ғасырдан басталды, қабілеттерді талдауға ерекше талпыныс жасаған ағылшын психологы Фрэнсис Гальтон болды. Ғалым өзінің еңбектерінде адамның жетістіктерінің жоғары деңгейін анықтайтын қабілеттердің тұқым қуалаушылық арқылы берілетін туралы тұжырым жасады.
Қабілеттерді әрі қарай зерттеген ағылшын психологтарының бірі Чарльз Эдвард Спирмен болды. Ол қабілеттер құрылымын эмпирикалық тұрғыда зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі болды. Ол қабілеттердің «Екі факторлы интеллект теориясының» негізін қалады.
Қабілеттерді зерттеген тағы бір ғалым Джой П.Гилфорд болды. Ол қабілеттердің құрылымын зерттеуде әрбір қабілеттің үш негізгі қасиеті болатын модель жасады: «мазмұн», «операцияла», «өнімдер». «Мазмұн» қабілеттің сапасы ретінде ұсынылған материалдың түрімен анықталады: графикалық, символдық, семантикалық, мінез-құлық. «Операциялар» проблемаларды шешуде қолданылатын ең жалпы ойлау әрекеттерін сипаттайды. «Өнімдер» мәселені шешу нәтижелерін сипаттайды.
Ресейлік психология ғылымында қабілеттердің жалпы теориясының дамуына Борис Михайлович Теплов үлкен үлес қосты. Ол қабілеттердің табиғатының әртүрлі қабілеттердің үйлесіміне байланысты болатынын атап өтті. Қабілеттер бейімділікке негізделген, олар болмаған жағдайда қабілеттерді дамыту мүмкін емес.
Л. С.Выготский, Б. Г. Ананьев, С. Л. Рубинштейн, В. Д. Шадриков, В. Н. Дружинин, М. А. Холодный және басқа да көптеген танымал кеңестік психологтардың еңбектерінде психология ғылымында адамның қабілеттерінің бірқатар тұрақты классификациялары дамыды. Бұл жіктеулерде табиғи, биологиялық тұрғыдан анықталған қабілеттер мен тарихи және мәдени шығу тегі бар ерекше қабілеттер негізгі болып табылады.
Психологиялық сөздікте қабілет - сапа, мүмкіндік, шеберлік, тәжірибе, шеберлік, талант ретінде анықталады. Қабілеттер белгілі бір уақытта белгілі бір әрекеттерді орындауға мүмкіндік береді.
Қабілет - бұл адамның кез - келген әрекетті орындауға дайындығы; жарамдылық -кез-келген әрекетті орындау үшін барлық потенциалдың немесе қабілеттіліктің белгілі бір деңгейіне жету мүмкіндігі.
Қабілеттер - бұл ақыл-ой сапалары, олар арқылы адам салыстырмалы түрде білімді, біліктерді және дағдыларды меңгереді және кез келген іс-әрекетті табысты орындайды. Осылайша, қабілеттер - бұл тұлғаның психологиялық ерекшеліктері, олар белгілі іс-әрекетті табысты жүзеге асырудың шарттары болып табылады.
2.Қабілет және нышан.
Арнайы жүргізілген зерттеулердің көпшілігі адамның қабілеті ата тегіне, яғни тұқым қуалау факторына байланысты деген көзқарасты қолдайды. Бұл көзқарас бойынша, әр адамның қабілеті – оған туа берілетін өзіндік дара табиғи қасиет.
Дегенмен, қабілетті адамда тек туа пайда болатын қасиет деген дұрыс емес. Себебі, қабілет – адамның даралық психологиялық ерекшелігі. Ал туа пайда болатын нәрсе – қабілеттің дамуына негіз болатын анатомиялық және физиологиялық ерекшелік – нышан. Нышанның табиғи негізі – жоғары жүйке жүйесінің қызметтері, бас миындағы клеткалардың қозу, тежелу сияқты сан қилы әрекеті және олардың алмасып отыруы.
Нышан мидың, жүйке жүйесінің, талдағыштардың адамдар арасындағы табиғи даралық өзгешеліктерін айыруға себеп болатын тума анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктері.
Адамның белгілі бір іс-әрекетті орындауға бейімді болуы қабілеттің дамып қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Алайда, бұл нышандар іс-әрекеттің нәтижелі болуының толық жағдайы болып саналмайды. Ол үшін адам бойындағы нышандарды дер кезінде анықтап алу керек.
Нышандардың әртүрлі қабілеттерге байланысты маңызы бірдей емес. Көбіне нышандық қасиеттер музыкалық және суретшілік өнерде қажет. Тума берілген нәзік есту қасиеті – музыкант болудың, ал түр-түстерді айыра білу – болашақ суреткер болудың алғы шарты.
3.Қабілеттің түрлері мен деңгейлері.
Әрбір адамның іс-әрекетті орындау тәсілі сол адамдардың психикалық таным процесінің даму ерекшеліктеріне, жүйке жүйесі талдағыштарының жұмысына, сезім мүшелерінің сыртқы тітіркендіргіштерге әсерленіп, қабылдау жылдамдығына және адамның даралық қасиетіне байланысты. Қабілеттілік – адамдағы жеке-дара өзіндік ерекшелік, яғни бір адамның екінші адамнан айырмашылығын көрсететін психологиялық сипат.
Кез-келген адамның екі үш түрлі іс-әрекетті атқаруға бейімділігі болады. Бұл - адам қабілетінің жалпы түрі, өмір суруі мен тіршілік етуге деген икемі және әрекетшіл көрінісі. Адам әрекетсіз, еңбексіз ешқандай іс тындыра алмайтын болса, ол өмір сүре алмас еді. Жалпы қабілет адамның жеке басының әрекетімен байланысты түрде жүзеге асады. Адамның даралық ерекшеліктерінен оның арнаулы қабілеті де аңғарылады. Қабілеттің арнаулы тұрі белгілі бір істі үздік орындаудан, оған деген ықылас-ынтадан, дағды мен икемділіктен айқын көрінеді.
Сонымен, қабілет негізінен екіге бөлінеді. Адамның ақыл-ой өзгешеліктерінің жеке қасиеттерін көрсететін кез келген адамнан табылатын қабілет жалпы қабілет деп аталады. Ақылдың орамдылығы мен сыншылдығы, материалды еске тез қалдыра алу, зейінділік пен байқампаздық т.б. осы секілді ақыл-ой әрекетінде көріністін өзгешеліктер жалпы қабілет болып табылады.
Іс-әрекеттің жеке салаларында ғана көрініп, оның нәтижелі орындалуына мүмкіндік беретін қабілетті арнаулы қабілет деп атайды. Бұған суретшінің, музыканттың, актердің, спортшының, математик-ғалымның, ақын-жазушының қабілеттерін жатқызуға болады. Соңғы кездері кейбір зерттеушілер қабілеттің үшінші түрі деп практикалық іске қабілеттіліктіайтып жүр. Бұған ұйымдастырушылық қабілет, мұғалімдік шеберлік, конструктивті-техникалық қабілеттерді жатқызады.
Адам қабілетінің даралық ерекшеліктеріне дарындылық, шеберлік, талант, данышпандық, шабыт кіреді.
Әртүрлі іс-әрекеттер аймағына қажет білім, ептілік-дағдылар бірлігін жеңіл әрі нәтижелі игеруді қамтамасыз етуші жалпы қабілеттер ерекшелігін дарындылық деп атайды. Дарындылық әрбір адамның ақыл-сана, оқу, шығармашылық, көркемөнер, адамаралық қатынастар түзу және психомоторлық қызметтерінде көрініс береді.
Дарындылық дәрежесінің артуы қажетті білімдер мен ептілік, дағдыларды игеріп әрі жетілдіріп баруға тікелей тәуелді.
Қабілеттер өз деңгейлері мен ауқымы жағынан ажыратылады. Нақты іс-әрекет аймағында өте жоғары деңгейге көтерілген қабілет – шеберлік деп аталады. Шеберлік, яғни бір іс-әрекет аймағында жоғары жетілгендік үлкен де қажырлы еңбек негізінде пайда болады. Шеберлік көбіне өндірістік қайта жасау қызметтерімен байланысты келеді.
Шеберлік деңгейі - өзгермелі, дамудағы құрылым. Іс-әрекет барысында адамның қабілет түзілімі, тұлғалық мәні қалыптасып, бір деңгейден екіншісіне көтерілумен ұдайы ауысып барады.
Адам қабілетінің ерекше даралық сипатын көрсететін психологиялық құбылыс – талант. Талант арнайы қабілеттердің жоғары деңгейлі дамуын білдіреді. Қабілеттер сияқты талант та іс-әрекетте көрініп, өрістейді. Талантты адамның қызметі өзінің жаңашылдығымен, қайталанбас мәнерімен ажыралады.
Қабілеттердің даму барысындағы ең жоғары, шындалу деңгейі – данышпандық деп аталады. Шығармашылық қызметі қоғам өмірінің бір дәуірінде, адамзат мәдениетінің тарихында белгілі із қалдырған адам ғана данышпан бола алады.
Адамның шығармашылық іс-әрекетінің аса табысты болуына рухи көтеріңкілік пен ерекше күш-қуат туындайтын кездер болады. Бұл жағдайдағы адамды жаңа идеяларға жетектеп, оларды іске асыруға ынталандыратын психологиялық қалып – шабыт деп аталады. Шабыт шығармашыл тұлғаның жоғары белсенділігінен, оның іс-әрекетінің жемістілігінен, жасампаздық ептілігінен, жаңалық ойлап табу қызметіне толық берілуінен көрінеді.