1 тақырып. Философия, оның пәні мен қоғамдық маңызы. 1 – тарау. Философия және оның адам мен қоғам өміріндегі алатын орны. Адам басқа тіршіліктерге қарағанда ерекше пенде - ол өзін бүкіл Дүниеден бөліп алып, оған қарсы қоя алады. Менің осы Дүниедегі орным қандай? Мен бұл өмірге не істеу үшін келдім? Адамды Құдай, я болмаса ²ұлы мәртебелі Табиғат² неге жаратты? Бұл Дүниені адам танып түбіне жете алар ма екен? Мені жағалай қоршаған табиғат неге шексіз, әр-түрлі және сондай әсем? Ертең-ақ бұл әсем Дүниені өлер шағымда қалайша қиып кетемін? Егер мен бұл Дүниеге уақытша ғана келсем, онда бұл өмірдің мәні неде?, - деген осындай және мыңдаған басқа сұрақтар адамның ойына оқтын-оқтын келеді. Әрбір адам өзінің ой-өрісі, өмірден алған тәжрибесі, жалпы мәдениетінің деңгейіне қарай бұл сауалдарға жауап беріп, өзіне тән дүниеге деген көзқарас қалыптастырады.
Алайда, қайсыбір Дүниеге деген көзқарасты философияға жатқызуға болмайды, өйткені, соңғыға тек қана абстрактылық ой-өріс дамуының негізінде Дүниені ұғымдармен бейнелеу түрі жатады (abstractіo – латын сөзі, -ой арқылы заттың, құбылыстың әр-түрлі жақтарын бір-бірінен бөліп алып қарау). Олай болса, философия – Дүниеге деген дамыған көзқарас түрі.
Тарихи дүниеге деген көзқарастың тұрпайы түрі алғашқы қауымдық қоғамның шеңберінде Дүниеге келеді. Оны біз мифология дейміз. (mіthos - грек сөзі, - баян, аңыз, logos – грек сөзі, ілім деген мағна береді).
Миф – табиғат, қоғам және адам жөніндегі алғашқы тұрпайы фантастикалық түсініктер (phantasіa – грек сөзі, -қиял, елес). Алғашқы қауымдық қоғамдағы әлеуметтік дамудың тым төмендігі, адамның табиғаттың әр-түрлі күштеріне қарсы тұра алмауы, сонымен қатар, өзінің өмірге деген қажеттіктерін өтеу жолындағы сол табиғат құбылыстарын сезіну және түсіну іңкәрі – мифтердің Дүниеге келуінің қайнар көзі болып табылады.
Әрбір халық өзінің дүниеге келу жолында әр-түрлі мифтерді ойлап шығарды. Дүниенің пайда болуы мен тәртібі, жақсылық пен жамандық, көркемдік пен түрсіздік, адам өмірінің мәні мен құндылығы т.с.с. сұрақтарға берген жауаптар халықтар аңыздарында әртүрлі дәрежеде берілген. Ол жағалай қоршаған табиғаттың ерекшелігіне және соған сәйкес қалыптасқан халық тіліне байланысты болса керек.
Бірақ, тереңірек қарасақ, әр-түрлі халықтардың дүниеге қойған сұрақтары, ізденістерінің бір-біріне ұқсас жақтарын да көруге болады. Олар – Дүние қалай пайда болды? Кім адамды тудырды? Адам неге өледі? Адамдардың сөйлейтін тілдері неге әртүрлі? Аспан мен жер неге бір-бірінен бөлінген? т.с.с.
Әрине, бұл сұрақтарға берілген жауаптар бүгінгі адамдарды қанағаттандырмайды, оған ол тұрпайы болып көрінеді, өйткені, мифтерде табиғаттың құбылыстары сиқырлы күштер арқылы түсіндіріледі. Мифтер – адамзаттың “балалық тарихындағы“ туындылары. Сол кездегі адамдар мифтердегі айтылатын сиқырлы күштерге адам өзінің ықпалын тигізе алатынына кәміл сенді. Сонымен, олар жағалай қоршаған ортаны, табиғаттың зор күштерін қиялдық жолмен түсінуге және игеруге тырысты.
Жалпылай келе, әр-түрлі халықтардың мифтерін белгілі бір топтарға бөлуге болады. Мифтердің ең үлкен бөлігінің бірі космогониялық (cosmos - грек сөзі, -әлем, genesіs - грек сөзі, -дүниеге келу, пайда болу) аңыздар. Оларда көбінесе Дүниенің алғашқы жағдайы хаос (chaos – грек сөзі, -шексіз шашылған бытыраңқы дүние) арқылы көрсетіледі. Сиқырлы құдіретті күштің іс-әрекеті арқылы хаос жер мен көкке бөлініп, Дүниеге тәртіп келіп, әр-түрлі табиғаттың құбылыстары дүниеге келеді.
Дүниеге деген жалған көзқарас ретінде мифтің қандай ерекшеліктерін атап өтуге болады?
Біріншіден, миф алғашқы пайда болған қоғамдық сананың формасы ретінде өзінің ішінде болашақта дүниеге келетін өнер, дін, саясат, мораль сияқты құбылыстардың элементтерін бойында сақтайды. Сондықтан мифті ғалымдар қоғамдық сананың синкретикалық түрі деп есептейді (synkretіsmos – грек сөзі, -қосылған, араласқан, бөлінбеген деген мағна береді).
Екінші ерекшелігі – мифтегі адам мен табиғаттың бірлігі, жағалай қоршаған ортаны антропоморфизациялау, адамның өзіндік мәндік қасиеттерін бүкіл табиғатқа таратуы, табиғаттың құбылыстары мен заттарын олардың адам сияқты жаны, ойы, сезімі, іңкәрі бар деп түсінуі. Мысалы, жерге нәр беретін аспаннан жауған нөсерді мифте Құдайлардың жыныс қатынасынан шығатыны жөніндегі қиали ойлары.
Үшіншіден – мифте әлі ғылыми ұғымдар жоқ, онда қоршаған орта, әлеуметтік қатынастар көркем сөз арқылы бейнеленеді.
Әлемнің пайда болуы жөнінде кейбір Шығыс халықтарының аңыздарында антропоцентрлік көзқарас та кездеседі. (antropоs – грек сөзі, -адам, centrum – латын сөзі, -орта, әр-түрлі қатынастардың бір жүйеге қосылатын нүктесі). Бұл мифтер Дүниеден бұрын алғашқы еңгезердей адам болған, ал ол өлген кезде оның денесінен Дүние жаратылады,- деген пікір айтады.
Көне заманда күн мен ай, аспан мен жұлдыздар жөніндегі аңыздар адамдардың өмірінде кең орын алған. Күннің сәулесінің жер бетіндегі тіршіліктің өміріне тигізетін шешуші рөлі сол заманда-ақ анықталып, Күн құдайы негізгі табынатын Құдайлардың біріне айналған. Сонау көне заманда пайда болған дөңгелек, күнге ұқсатылып жасалған. Мысалы, біздің ертедегі бабаларымыз аспанға табынып (тәңір, қытайша - тян) жер мен тіршілікті, адамды жаратқан сол аспан Құдайы деп есептеген.
Жағалай қоршаған ортадағы өзгерістер, қайталау үрдістері, жыл маусымдарының, күн мен түннің ауысып отыруы, жер сілкіну, дауыл, топан-су, т.с.с құбылыстар көне мифтерде жұлдыздар мен планеталардың орналасуымен, солардың ықпалымен түсіндірілді. Аспандағы жұлдыздардан тұратын фигуралар жердегі ақуалды, болашақта болатын оқиғаларды анықтайды,- деп есептеген. Бүгінгі астрологиялық болжамдар (astron – грек сөзі, -жұлдыз) сол көне замандағы пайда болған мифтерге сүйенеді.
Көп халықтардың мифтерінде ерекше орынды әйел құдай алады (қазақтың Ұмайы, гректердің Деметрасы т.с.с). Әйел құдайы - құнарлықтың, жер-бетіндегі тіршіліктің әміршісі. Ол аңшыларға сәттілік әкелетін, жер мен мал шаруашылығында – мол өнім тудыртатын Құдай.
Әлемдегі Құдайлар мен адамдардың қарым-қатынастарына арналған мифтердің де орны бөлек. Ертедегі халықтардың мифтерінде әрбір табиғат құбылысын тудыратын өз Құдайлары болды. Мысалы, үнді халқы өзінің мифологиясында 3000 аса Құдайлардың бейнесін жасады. Құдайлар грек мифологиясында да өте көп.
Біріншіден, Құдайлар – мәңгілік жандар, ал адам болса – уақытша Дүниеге келеді. Өйткен себебі - Құдайлар алғашқы мәңгілік табиғат заттарынан жаратылған, ал адам болса – ол бір мифтерде - Құдайлардың саздан жаратқан пендесі, екіншілерде - Құдайдың сөзінен пайда болған дейді. Бірақ, дегенмен қайсыбір миф адамға кішкентай-да болса мәңгілік өмір сүру мүмкіншілігін қалдырады, егер сол адам өзінің ізгі өмірімен, тазалығымен құдайлардың мейірімін туғызса.
Екіншіден, аспандағы Құдайлардың өмірі жердегі адамдардың өміріне өте ұқсас. Құдайлар да адамдар сияқты күледі, жылайды, қуанады, өкінеді, ғашық болады т.с.с. Оны біз мифтегі социоморфизациялаудың нәтижесі деп түсінуіміз керек (socіetas – лат. сөзі, -қоғам, morphe – грек сөзі, -форма, түр).
Әрине, мифтердің пілдей бөлігі – батырлар хиқаялары (Қобыланды, Шора, Алпамыс т.с.с.). Батырлар – бұрынғы заманда өмір сүрген бабалар, олар өздерінің өжеттігімен, зор күш-қуатымен ерекше бейнеленеді. Олар өздерінің ғажап істерімен халыққа жасаған ізгі жақсылықтары арқылы адамдарды неше-түрлі қиындықтардан аман-есен алып шығып, бақытты өмірге жетелейді.
Бүгінгі өмірде ғылым мен техниканың, гуманитарлық пәндердің дамуына қарамастан (humanіtas - латын сөзі, -адамгершілік, адамзаты) мифтерге сену, олардың жаңа түрлерін тудыру осы уақытқа шейін жалғасып келе жатыр. Мысалы, адамдардың ғарыштағы басқа саналы пеенделерге кездесуге деген бітпес іңкәрі неше-түрлі аспаннан ұшып келген тарелкалар жөнінде, ондағы жандардың адамға ұқсас екені, жердің қызының ғарыштан келген жігітке ғашық болғаны жөніндегі мифтерді атап өтуге болады. Сонымен, бүгінгі таңда, сонау мыңдаған жылдар өткен замандағы сияқты, қазіргі мифтің мазмұнынан біз жоғарыда көрсетілген антропоморфизациялауды байқаймыз.
Әсіресе, қазіргі өтпелі замандағы әлеуметтік-экономикалық орасан зор қиындықтар, адамның рухани өмірінің өзегін құрайтын құндылықтардың күрт өзгеруі қоғам өмірі жөнінде, билік басындағы отырған адамдар, олардың жан-ұялары, өмір салты жөнінде неше-түрлі мифтерді тудырып отыр. Әрине, оларды тудыратын халық, бұл мифтерде адамдардың жақсы өмірге деген іңкәрі, өмірдегі болып жатқан көп әділетсіздіктерді қабылдамауы байқалады.
Уақыт өте келе мифологияның шеңберінен дін бөлініп шықты, - сонымен дүниеге деген көзқарас, дүниесезімінің жаңа түрі қоғамға келді. Дін де, мифологияға ұқсас синкретикалық табиғатымен, сонымен қатар Дүниені фантастикалық бейнелеуімен ерекшеленеді.
Сонымен қатар бұл құбылыстардың негізгі айырмашылықтары – мифте шынайы өмір мен қиял бір-бірімен араласып жатса, дінде “бұл Дүние“ мен “о Дүние“ бір-бірінен анағұрлым алшақ жатыр. Өйткені, егер бұл Дүниедегінің бәрі де өтпелі, кемшілікті, өз-өзіне жеткіліксіз болатын болса, о Дүние – мәңгі, әсем, бақытты, жетілген т.с.с.
Дінде ең құдіретті жасампаз - Құдай – табиғаттан жоғары және бөлек тұр. Оны ғылыми жолмен танып-білу мүмкін емес, ол адамға аян арқылы беріледі де адамның жан-дүниесінде терең сенім сезімін туғызады.
Сенім дегеніміз – белгілі бір қоғамдағы уағыздалатын пікірлерге, нәрселерге берілу, олардың шындығын тексеру, я болмаса дәлелдеуді қажет етпеу. Осы тұрғыдан алғанда сенімді екіге бөлуге болады. Олардың бірі - ғылыми сенімдік. Оған қазіргі адамдардың ғылым мен техниканың жетістіктеріне, олардың болашақта адамзат өмірін түбегейлі өзгертетіне сену. Оны философияда сциентизм ия болмаса технократизм дейді. (scіentіa - латын сөзі, -білім, ғылым, techne- грек сөзі, -өнер, жасай білу, шеберлік, cratos - грек сөзі, -билік).
Сенімнің екінші түріне адамзаттың күнделікті тәжірибесінен, я болмаса ғылыми деректерден шықпайтын, тіпті оған қайшы келетін қиялдарға нандыру және соларды адамның өз - өзіне нандыруы жатады. Міне, осы соңғы сенімдік түрі қайсыбір діннің негізін құрайды. Діни сенімнің қайнар көзі – адамның дүниені сезімдік-құндылық тұрғыдан игеруінде, ал Дүниеге деген ақыл-ой, парасат арқылы келген көзқарастарға дін қарсы келеді. Ғасырлар бойы жиналып келе жатқан ғылыми деректер жағалай ортадағы білім мен ақыл-ойдың негізіндегі жасалған күрделі өзгерістер діннің өрісін тарытып, оның ғылымға жақын түрлерін тудырады. Негізінен біз оларды пантеизм және деизм дейміз (pan- грек сөзі, -бәрі, theos - құдай, deus - латын сөзі, -құдай).