4 тақырып. Орта ғасырлардағы Христиандық философия. 1. Орта ғасырлық философияның ерекшеліктері 2. Орта ғасырдағы негізгі философиялық бағыттар. Тарихшылар Орта ғасырларға Көне Рим Империясының құлауынан бастап Қайта Өрлеу (Ренессанс) заманына дейінгі уақытты жатқызады (V ғасырдан X1У ғасырға дейін). Яғни, бұл заман құл иеленушілік қоғамның Дүниеден кетіп, оның орнына феодалдық қоғамның келіп өмір сүрген уақыты. Демек, оның негізі - белгілі өндіріс тәсілінің орнауында.
Философтар бұл мәселеге біршама басқаша қарайды. Олардың ойынша, Орта ғасырлар Европа топырағына Христиан дінінің пайда болуымен бірге келіп, қайта Өрлеу заманына дейін созылды. Ал мұның өзі бірқұдайлыққа көшуменен (монотеизм), философияда адам және Құдай мәселерінінің бірінші орынға көтерілуімен байланысты.
Сонымен тарихшылар Орта ғасырларды 1 миллениумға (мың жылдық) теңесе, философтар оны 1.5 мың жылғы уақытқа дейін созады.
Көп жылдар бойы Орта ғасырларға көп көңіл бөлінбей, оны бір-екі ауыз сөзбен айтып өтіп әрі қарай кете беретінбіз. Орта ғасырлар тарихтағы бір кері тартпалық, діни түнек, бір орында тұрып қалу, алға жылжымау, ғылым мен техниканың алға баспауы, адамдардың рухани езіліске түсүі, ерікті ойдын қудалануы, өндіргіш күштердің тұрақтап қалуы ретінде суреттелген болатын.
Мұның негізгі себебі – Кеңес Заманындағы Орта ғасырларды атеистік (құдайсыздық) идеологиясының тұрғысынан сынау, бағалау болды.
Бүгінгі таңда біз Орта ғасырлар дәуіріне қызыға қарап жатырмыз. Әңгімені өндіргіш күштерден бастасақ, әрине, құлдық қоғаммен салыстырғанда бұл заманда үлкен алға жылжу байқалады. Шаруалар байларға тіркелгенмен, олардың өздерінің жан-ұясы, малы, жері болды. Олар жартылай ғана тәуелді адамдар болды.
Ғылым мен техникада да белгілі жаналықтар болды. Vқғ. қытайда фарфор өндірісі дами бастады. Бұл елде 1041 ж. алғашқы баспа дүниеге келіп кітаптар шыға бастады, шараптан спирт шығарыла бастады.
1010 жылы Солернода (Италия) алғашқы медициналық мектеп ашылды. Хққғ. ауыр соқамен жер жырту басталды, компас дүниеге келді.
1215 ж. Париж университінің жарғысы жарияланып, 1222 жылы Падуя (Италия) қаласында университет ашылды (салыстыр: Ресейде –1725 ж., қазақстанда - 1934ж.). 13 ғ. аяғында көзілдіріктер істеле бастады. Осы кезде механикалық сағаттар жасала бастады. 1320 жылы күкіртпен атылатын зеңбіректер пайда болды. Бұлардың бәрі де қоғам өмірінде алға жылжулықтың болғанын көрсетеді.
Ал Орта ғасырдағы рухани ақуалға келетін болсақ, ондағы ғажап өзгеріс-адам өзінің ішкі жан-дүниесінде рухты табып, өзінің Құдаймен байланысты пенде екенін аңғарады. Мұның өзі философияның жаңа түрінің пайда болуына әкеліп соқты. Ол - сенім шеңберіңдегі философия, рух саласын зерттеу философиясы.
Еуропа топырағында бұл заманда дүниеге келген философия негізінен діни көзқарасқа жақын, екінші жағынан адам тағдыры, ел қандай болуға тиіс т.с.с. мәселелерді қамтыды.
Бұл жаңа рухани ақуалдың бірінші ерекшелігі монотеистік (бірқұдайлық) көзқарастың негізін жасау. Ертедегі гректер Құдай бір ме әлде көп пе?- деген ой шеңберіңде болды. Аристотель аспандағы жұлдыздарды құдайлықпен теңеп, ал Плотин Ғарышты “Көрінген Құдай² деп есептесе, енді бір Құдайдан басқа ешнәрсе жоқтығы айтылды.
Екінші ерекшелігі – креационизм, (creatura - лат. сөзі, - жасау, жарату). Бұл Дүниені жоқтан бар қылып жасаған Құдайды мойындау. Грек философиясында Дүние әртүрлі стихияның қосындысы ретінде, я болмаса Платонның Демиург туралы ілімі, Аристотельдің “Мәңгілік қозғалтқышы² аркылы түсіндірілсе, Орта ғасырда Дүние мен адам Құдайдың құдіретті күші арқылы жаратылды деген пікірден таймайды.
Үшінші ерекшелік – Антропоцентризм, (antropos-адам, centrum-орталық). Грек философиясының негізгі мәселесі - ғылым. Адам мен ғылым бір-біріне қарсы қойылмайды, Ғарыш - макрокосм болса, адам – микрокосм. Адамды қандай дәріптеп биікке қойғанменен ол Ғарыштың шеңберінен шықпайды. Аристотельдің айтуынша, “адамнан да гөрі анағұрлым жетілген заттар табиғатта көп, оларды көруге болады: мысалы Ғарыштағы жұлдыздар². Басқаша көзқарас Орта ғасырда пайда болды - ол адамды ешнәрсемен салыстыруға болмайды, өйткені оны Құдай өзініне ұқсас қылып ерекше басқадан бөліп жасады. Олай болса, ол жаратылған Дүниенің қожайыны, бәрінен де биік тұр. Сонымен қатар, оның Құдай алдындағы ерекше пенде екендігі оған үлкен жүк артады - ол әр-қашанда өзінің ар-ұжданын, жан-дүниесін таза ұстауға тырысуы керек.
Төртінші ерекшелік - Құдайдың еркіне көну мәселесі.
Егер Грек философиясында табиғат (физис) заңы деген ұғым пайда болып, оған адам да, құдайлар да көнуі керек. Өйткені, оны ешкім жасаған жоқ, ол мәңгі болатын болса, Орта ғасырда, керісінше, адамға заңды беретін - Құдай, адам оның еркіне көнуі қажет (ешқандай қарсылықсыз). Ал Құдайдың еркіне көнбеуден жаман күнә жоқ.
Иса пайғамбардың өзі Құдайдың еркіне көніп талай-талай зардаптан өтіп өлді. Олай болса адам да өзінің Құдайға деген сүйіспеншілігін көрсетіп Иса пайғамбар жасап кеткен жолымен жүруі керек.
Бесінші ерекшелік - Құдайдың құдіретті көрегендігі. Егер гректер тағдырға (фатум) табынса, ал оның өзі табиғаттың қажеттілігінен шығатын болса, Құдай өзі жаратқан бүкіл Дүниені басқарып қоймай, ондағы әрбір адамның - күнәлі, кемтар, данышпан болса да, жүріс-тұрысын, іс-әрекетін бағалап отырады. Оған сенген адамға “Сұраса - беріледі, іздесе - табылады, қақса - ашылады².