Қызмет мақсаты- жоспарланатын, болжанатын , күтілетін нәтиже;
Сабақ мақсаты - оқытушы мен білім алушының біріккен әрекетінің нәтижесі, оқу сабағы барысында білім алушылардың басым көпшілігін шығаруға жоспарлайтын білім дәрежесі.
Сабаққа қатысу мақсаты-кез келген оқытушының әр сабағында бақыланатын және ауызша, сандық бағаланатын оқытушы мен білім алушының әрекетінің нәтижесі мен түрі.
Педагогикалық менеджмент міндеттері .
Педагог келесілерді жүзеге асырады:
Басқаратын объектінің қалпын өзгерту бойынша шешім қабылдау үшін ақпаратты түрлендіру;
Оқыту мен тәрбиелеу үдерісін қағидаттар, әдістер, құралдар мен нысандардың өзара байланысты жүйесіндей басқару;
Оқушылардың еңбегін, уәждері мен қажеттіліктерін пайдалана отырып, қойған мақсаттарға жету;
Білім беру тұжырымдамалары негізінде қабылданатын, жүзеге асырылатын және адам факторын есепке ала отырып, оқу тәрбиелеу мақсаттарының жүйесін оқушылардың жету үдерістерін ұйымдастыру және т.б.
3. Білім беру жүйесінің міндеттері: 1) ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау.
2) жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту;
3) азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға жат кез келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу;
4) белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке адамды тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру;
5) отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктеріне баулу; қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу; мемлекеттік тілді, орыс, шетел тілдерін меңгерту;
6) педагог қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін арттыруды қамтамасыз ету;
7) білім беру ұйымдарының еріктілігін, дербестігін кеңейту, білім беру ісін басқаруды демократияландыру;
8) қоғам мен экономиканың қажеттеріне жауап беретін білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесінің жұмыс істеуі;
9) оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде кәсіптік білім беру бағдарламаларының қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттеріне тез бейімделуіне ықпал ететін кредиттік, қашықтан оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және тиімді пайдалану;
10) жалпы оқытудың, жұмыс орны бойынша оқытудың және еңбек нарығының қажеттері арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін және әркімге өзінің білімге негізделген жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмектесетін оқыту жүйесін өмір бойы дамыту;
11) білімнің, ғылымның және өндірістің интеграциясы;
12) білім алушылардың кәсіптік бағдарлануын қамтамасыз ету;
13) жұмыс берушілермен және басқа да әлеуметтік әріптестермен белсенді өзара іс-қимыл арқылы техникалық және кәсіптік білім берудің озық қарқынмен дамытылуын қамтамасыз ету болып табылады.