Бақылау сұрақтары
Таным теориясының маңызы неде?
Таным – шындықты бейнелеу. Танымның субьектісі мен обьектісі.
Білім құрылымы. Сезімдік және рационалдық таным.
Философиядағы ақиқат мәселесі. Ақиқаттың обьективтілігі. Абсолюттік және
салыстырмалы ақиқат диалектикасы. Ақиқат өлшемі.
Ғылыми және салыстырмалы ақиқат ерекшелігі.
Танымның эмпирикалық және теориялық деңгейлері, олардың құрылымы.
Ғылыми танымның әдістері.
Әдебиеттер тізімі
Балғынбаев А. С. Субьектінің ғылыми танымдағы белсенділігі. Алматы, 1997.
Гадамер Х. Т. Истина и метод . М.: 1988.
Заблуждаюшейся разум. М.:1990.
Мұсаева Н. Р. Тылсым табиғат. Алматы, 1997. Мәдени-философиялық энцеклопедиялық сөздік Т. Х. Ғабитов, А. Т. Құлсариева. – Алматы, 2004.
Нысанбаев Ә., Әбжанов Т. Ойлау тарихының елестері. Алматы, 1994.
Сартр Ж. П. Проблемы метода. Алматы, 1994.
Теория познания. В 4-х томах. М.: 1991.
№12 дәріс. Әлемді танудағы философияның танымдық-құрылымдаушы ролі және оның жеке ғылымдармен өзара ықпалдасуы
1.Болмыс ұғымы. Болмыстың түрлері.
2.Материя, қозғалыс, кеңістік пен уақыт
3.Қазіргі заманғы әлемді синергетикалық, кванттық-релятивистік тұрғыдан түйсіну әлемді тереңірек түсінудің баспалдағы
Онтология тақырыбы бойынша, оның ауқымында қамтылатын – Болмыс, Материя, Даму, Табиғат атты төрт мәселе қарстырылады. Болмыс мәселесінде: болмыс ұғымының концептуалды (таза жалпы ұғымдық көрінісі) деңгейі, бұл ұғымның философия тарихындағы байыпталу көріністері, болмыстың ішкі мәні, тұтастығы және түрлері мен олардың арақатынасы, болмыстың қабаттары туралы ілім, болмыстың баламалары зерделену объектісіне айналады.
Болмыс – өмір сүретіндердің әртүрлілігі үшін және тұтастай әлемнің бар болуының негізін бекітетін философиялық категория. Яғни, тіршілік ету, бар болу қасиеттерін жинақтаған бүкіл әлем, ондағы заттар мен құбылыстар, идеялар дүниесі. Ол кейде «дүние», «әлем» түсініктерімен сәйкес, синонимдес мағынада да қолданылады. Бірақ «болмыс» атауында оның бар болуына, тіршілік етуіне, осы әлемге қатысуына баса назар аударылса, «әлем», «дүние» сияқты түсініктер болмыстың шынайы түзілімінің тұтастығын бейнелеу үшін қолданылады. Мәселен, әлемдегі болмыс – әлемнің бар болу, өмір сүруін бекіте түссе, «әлем болмысы» сол әлемнің шынайлығы мен жалпы болуға қатысуын анықтай түседі. Демек, болмыс, жалпы алғанда, не нәрсе, ол мейлі материалдық немесе руханилық болсын, әйтеуір бар болса, соны тұтас қамтитын философиялық категорияға айналған.
Болмыс түсінігін философияға алғаш енгізген көне Грекиядағы Элеаттар мектебінің негізін салушы Парменид болатын. Оның тұжырымы бойынша болмыс – бүтін, шынайылық, игіліктілік, әсемділік бола отырып, біртұтас қозғалыссыз, тұйық шар формалары деп түсіндіріледі. Кейінгі Элеаттар мектебінің өкілдері шынайы болмысты сезімдік әлем мен алдамшы болып көрінетіндерге қарсы қойды, болмыс туралы ілімді таза, біртұтас, өзгермейтін мәңгі өмір сүретіндерді қарастыратын ілім етіп құрды.
Онтология (онтос - өмір сүретіндер, мән; логос-ілім деген мағынада) – болмыс туралы ілім, өмір сүріп тұрғандардың формасы, оның іргелі қағидалары, болмыс туралы неғұрлым жалпы анықтамалар оны категория ретінде қарастыратын философияның басты салаларының бірі. «Онтология» терминін 1613 жылы Гоклениус енгізген және 1656 жылы бұған тәуелсіз түрде бұл термин И. Клаубергтің еңбектерінде кездеседі. Метафизика негізі болып саналатын, заттар мен болмыс метафизикасы – онтология деп тұжырымдалады.
Болмыс туралы ілім бұған дейін осындай арнайы атауға ие болған соң, жаңа дәуірде онтология гносеологиямен жалғасты. Бұл кезеңде: натуралистік онтология – математика мен жаратылыстану объектілері сезімдік түрде танылмайды деп танитын, дискреттік онтология – атомдық түсініктердің өрлеуі, болмыстың үздіксіздігі туралы пайымдаулар, монистік және плюролистік онтология – объективті өмір сүретіндердің бірлігі мен көп түрлілігі ұсынылды.
Классикалық неміс философиясы идеализмінде, әсіресе, Г.Ф. Гегельдің ұғымынша, ойлау мен болмыс сәйкес; ойлау, рух, абсолютті ақыл – болмыс субстанциясын құрайды. Бірақ бұл сәйкестік таным мен даму заңдылықтары бойынша түсіндірілген. Ол онтологияны – мәннің абстрактілі анықтамалары жөнінде ілім деп тұжырымдаса, И. Кант онтологияны мазмұнсыз метафизика деп санап, оны трансцендентальді философиямен алмастырады да, философияны тек таным теориясы деп түсіндіреді.
Сонымен қатар болмысты философияның салалары мен бағыттары бойынша сараптауға болады; теологияда – құдай болмысты мәңгі жаратушы, оған өз үстемдігін жүргізуші, метафизикада, идеализмде болмыс – рух түрінде, материалистерде – материя, әлемнің тұтастай алғандағы заттық құрылымы, энергетизмде – жайлаған энергия болып түсінілген. Қазіргі онтологияда болмыс әр түрлі тіршіліктің тұтастығы деген ой-пікірге келіп тоғысады.
Ал ХХ ғасырдағы экзистенциализм ағымы болмыс мәселесімен арнайы шұғылданаған болатын. Мәселен, М. Хайдеггердің «іргелі (фундаментальді) онтологиясында» – «болмыс қалай өмір сүруді иеленеді, негізі неге өмір сүріп тұрғандар бар, ештеңе неге жоқ, болмыстың мағынасы неде?» деген сауалдар қойылады да, адам болмысы жалпы болмысқа қатысты түрде талданады. Адам өмірінде «қол астына иеленетін керек заттар», практикалық нәрселер, ал адам үшін тек теориялық маңызы барлар – нақты болмыс деп ажырата келе, болмыс өлімге бағытталған, ол уақыт бойынша емес, болмыс сол уақыттың өзі ретінде өмір сүретіндігі туралы пайымдалды. Болмыстың мағынасын толықтай зерделеу үшін оның қарама-қарсы жағы, баламасы Ештеңе немесе Бейболмыс арқылы ашылатындығын терең байыптаған неміс ойшылы мынадай тұжырмдарға келеді: болмыс ештеңені жоққа шығарудан пайда болады, ештеңе өмір сүретіндерге толығып, шоғырлануға, тиелуге мүмкіндік береді, содан соң болмыс ашылады, ашылу үшін өмір сүреді, бар болуды қажетсінеді. Осы ағымның өкілің Ж.П. Сартрдың көзқарасы бойынша, болмыс таза, логикалы, өзімен-өзі барабарлық. Тілде «бар» сөзі арқылы қолданылады.
Сондай ақ, ХХ ғасырдағы неопозитивизм, постмодернизм сияқты ағымдарда «болмыс философиясынан бас тарту» түсінігі бар. Болмыс философиясынан бас тарту – философиядағы негізгі категория – болмыс проблемасын проблема ретінде, философия объектісі ретінде жоққа шығару. Бұл тек болмыс қана емес, дәстүрлі метафизикалық проблемаларды терістейтін пікірлермен байланысты туындаған. Бас тарту басқа қырынан келу, ішінара жоққа шығару, мәселесінің қойылуын өзгерту түрінде емес, болмысты тікілей ескірген ұғым ретінде қарастырады.
Болмыстың мәні мәселесі оның жалпылама сипаты мен негізгі өмір сүру формасына, ішкі заңдылықтарына байланысты болып келеді. Яғни, ол барлық өмір сүретіндердің бірлігі, тұтас әлем болып табылатын болмыс ұғымынан туындап, екі түрлі сипатта анықталады: 1) кез-келген бар болып тұрған жеке нәрселерге қатысты, көлемі жөнінен неғұрлым кең, бәрін қамтитын ұғым, ал мазмұны жөнінен кедей, «өмір сүруден» басқа ешқандай қасиетті иемденбейді; 2) тек бір затқа қатысты, бәрінің бірлігі, сондықтан, оның мазмұны шексіз, мүмкін болатын барлық қасиеттерді жинақтайды, әр түрлілікті тұтастандырып тұрады.
Бұдан дүниенің мәнін тереңірек ашу үшін болмыстың қырлары мәселесі туындайды, болмыстың қырлары – болмыс сипатын ашудың метафизикалық негіздері, оны айқындаудың іргелі сауалдары. Болмыстың ең негізгі сипаты – «бар болу», одан айрылса болмыс емес. Яғни – «бар. Бұдан болмыстың бірінші қыры туындайды: 1) «Дүние бар ма, болса ол қай жақта деген сауалға» – бар, барлық жерде деген жауап беріледі. Себебі, ол болмайтын болса, онда болмыс туралы түсініктер мен идеялардың барлығы да болмас еді, бізің өмір сүруіміз бен әлемге қатынасымыздың өзі жалған болып табылар еді. Ал болмыс еместік арнайы орынды иеленбейтіндіктен, болмыс барлық жерде де бар және рухани кеңістікті де тұтас қамтып тұрады, бұдан болмыс болмайтын жер жоқ деген нақты тұжырым алынады.
2) Болмыстың әр түрлі қырлары тең өмір сүреді, барша тіршілік ететіндер органикалық еместер, организмдер, мегаәлем т.б. барлығы бар болу құқы бойынша, жалпы алғанда, өзара тең. Бұл теңдік дүниедегінің барлығының: қалыптасып, пайда болып, одан соң белгілі бір уақыт бойынша өмір сүріп, кейіннен мүмкіндіктерін сарыққаннан соң жойылатындығы арқылы анық көрінеді. Олардың тең құқықтығы антропоцентристік емес, онтологиялық мәнде – бәрі де осы дүние элементтері, өмір сүру хұқын тең дәрежеде иеленген.
Демек, болмысты болмыс еместен қалай ажыратамыз деген сауалға, оның мынадай қасиеттерін тиянақтап көрсетуге болады: болу, бар болу, (әлемге) қатысу, өмір сүру, тіршілік ету, көріну, объект ретінде ұсынылу т.б. Сонымен қатар болмыстың ішкі мәнінің өмір сүретіндігін анықтау мақсатында Бар-лық (сущее), демек, бар екендік туралы айталады, бұл болмыстың жалпы атауынан гөрі нақты бар нәрселерді сипаттау сәтінде қолданылатын ұғым. Ал бірдеңе немесе әлдене (нечто) әйтеуір не болса да бар, жоқ емес деген мағынаны білдіру үшін қолданылатын түсінік.
Болмыстың мәнін түсінудің тағы бір тұсы оның тұтастығын, ішкі бірлігін түйсінуде болып табылады. Болмыс біртұтас, ал оның жекелеген элементтері осы тұтастықты құраушы ғана емес, оның қажетті, өзге түрлерге ықпалдылығы бойынша өмір сүретін жалпының ішіндегі жекелігі. Бұдан болмыстың бүтіндігінің органикалық бірлігі түсінігі туындайды. Яғни, органикалық бүтін оның әрбір бөлшегінің маңызды құрылым екендігін, егер ол бөлшек қатыспаса, бүтіндіктің бұзылатындығын негізге алады. Бұндай болмыстың бүтіндігі диалектикада – бәрінің бәрімен байланысы қағидасы бойынша, синергетикада – әлемнің тұтастай бір-бірінен туындап, өздігінен ұйымдасып отыратындығы арқылы дәйектеледі. Мәселен, экологиялық баланс ұғымында табиғаттағы әрбір тіршілік иесінің осы тұтастықты құрайтындығы және олардың мөлшерінің, санының сақталып отыруы тиіс екендігі туралы айтылады. Осыған орай, әрбір тіршілік иесімен, заттармен, құбылыстармен қатар әрбір адам да осы болмыс тұтастығының қажетті элементі болып табылады. Абай айтқандай: «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар қалан» деген тұжырым осы болмыс тұтастығын анық ашып көрсететін тұжырым екендігі сөзсіз. Ол әрбір болмыс элементін кірпішке теңей отыра, әрбір адамның әлем алдында кірпіш тәрізді теңдігін байыптайды.
Болмыстың сан түрлі алуандығына, тіршілік ету дәстүрлерінің әр түрліліліне, жалпы сансыз формада болатындығына байланысты оларды топтап, түрлерге ажыратып қарастыру жолға қойылған. Осыған орай, болмысты жалпы екі түрге бөледі: шынайы (реалды) және рухани (идеалды). Реалды, яғни материалды түріне – заттар, денелер, құбылыстар, адамдар жасаған заттар, табиғат болмысы жатқызылады. Олар кеңістікте орналасады, уақыт бойынша өмір сүреді, сезімдік көрсеткіштері бар, қайталанбайтын, жеке өмір сүретіндердің барлығын құрайды. Идеалды – кеңістіксіз, уақытсыз, факті болу қасиеті жоқ, мәңгі өмір сүретін, өзгермейтін болмыс түрлерін қамтиды: құндылықтар, идеялар, логикалық ұғымдар, фантазиялар, мифтер т.б. да бар ретінде сақталады.
Материалдық болмыс – болмыстың материалдық, заттық түрі болғандықтан, бұған материализмде басымдылық беріліп, табиғат болмысы түрінде ажыратылады. Ол адам санасының тәуелсіз, объективті кеңістік пен уақыт бойынша барлық жерде және әрқашан болуымен, болып отыруымен, болатынымен анықталады. Олар ауыспалы, белгілі бір жерде, белгілі бір уақытта өмір сүреді, кейіннен жоғалады. Оны адамдандырылған және табиғи деп бөледі. Яғни, екінші табиғат пен бірінші табиғатқа сәйкестенеді. Екінші табиғат адамдар жасаған бүкіл материалдық игіліктердің жиынтығы болып табылса, бірінші табиғат дүниенің өзгертілмеген таза қалпы.
Осындай жіктеулерге байланысты көне грек философы Платон бастапқыдан әлемді «шын дүние» және «жалған дүние» деп екіге бөледі. Оның шын дүниесі – өзгермейтін тұрақты идеялар дүниесі, олар мәңгі өмір сүреді, ал жалған дүние – өтпелі, тұрақсыз, өзгермелі материалдық дүние, олар ештеңеге барабар келеді деп түсіндіреді, себебі үнемі ауысып отырады, анықтау да қиынға түседі.
Сонымен қатар материалдық және рухани түрлеріне қосымша болмысты мынадай төрт түрге бөлу нұсқасы да ұсынылады: материалдық, рухани, адам және әлеуметтік болмыс. Бұндағы адам болмысы – әлемдегі адамның биологиялық-әлеуметтік жақтарын, адамдық мәнді, оның феноменін, қайталанбас даралығын т.б. білдірсе, әлеуметтік – адам болмысының қоғамдасуының, бірлесіп өмір сүруінің сипатын береді.
Идеалды болмыс объективтенген және объективтендірілген болып та бөлінеді. Н. Гартманда рухани болмыс та адам санасынан тәуелсіз объективті бөлек патшалық ретінде өмір сүреді. Субъективті идеализмде болмыс бүтіндей түйсіктер комплексі, субъективті, адам санасынан туындайды, сондықтан болмыс сананың тануы мен анықтауы бойынша ғана өзінің бар екендігін дәйектей алады деген ой ниетін паш етеді.
Жаңа замандағы француз ойшылы Р. Декарт болмыстың екі түрін бастамалық негізде ажыратты: рух пен материя, жан мен тән. Ал К. Корш әлемді материалдық және рухани деп екіге бөлуге болмайды, әлем біртұтас деп түсінген. Болмыстың бұл түрлері өзара диалектикалық бірлікте екендігі сөзсіз. Мәселен, рухани болмыс өз кезегінде, материалдық болмысқа өтеді: идея, пікір заттанауы арқылы материалдық болмысқа айналады немесе жоғалған болмыс бұрынғы болған болмыс күйінде идея ретінде сақталады.
ХХ ғасырдың аяғына таман ғылым дамуының салдарынан болмыстың материалдық және рухани болып бөлінуін нақты ажыратуды күрделендіріп жіберетін мәселелер туындады. Соңғы уақыттарда ғылыми танымдық деңгейге дейін көтеріліп келе жатырған мистикалық пікірлерде рухани болмыстың материалдық негізі, өріс тәрізді ықпалы туралы жиі айтылуда. Мәселен, ойдың материалданатындығы, парапсихологиялық өріс ықпалы, музыка үнінің толқындық көрінісімен қатар эстетикалық көркем заттық нақыштар тудыратындығы т.б. осының айғағы. Яғни, бұнда рухани болмыстың материалдық негізі бар екендігі туралы тұжырымдар дәйектелуге қарай бет түзейді.
Сонымен қатар қазіргі виртуальдік әлемді қайсысына жатқызу болады, бұл әлде мүлде болмыс емес пе деген сияқты сауалдар да болмыс түрлерін ажыратуды күрделендіре түседі.
Болмыс философияда іргелі мәселе ретінде пайымдалатын болғандықтан, оның мәнін терңірек ашуға бағдарланған түсініктер мен ұғымдар туындаған. Соның бірі «болмыс аналогиясы» деп аталады. Ол католиктік философиядағы орталық ұғымдардың бірі ретінде – кез-келген мәнді нәрсенің басқа бір мәнді нәрсеге ұқсастығы мен одан өзгеше болатындығын дәйектейді. Бірлік пен ұсқастық бастапқы болса, оның кейінгі айырмашылығы мен даралануы құдай әрекеті арқылы жүзеге асқан деген тұжырыммен жалғасады. Осыдан «болмыс қабаттары туралы ілім» қалыптасады. Бұл ілімде болмыстың сан алуандығын жоғары-төмендік қатынастар бойынша тікқимамен (вертикальді) орналастыруға болады деген түсінік арқылы әр түрлі жүйелер философия тарихында ұсынылған болатын. Көне Грек ойшылы Аристотель 5 қабатты көрсетті: төменгісі – материя, жоғарғысы – рух, аралығында – заттар, тірі организмдер, жан орналасады. Төменгі қабат күшті, ықпалды болып келеді жоғарғыны алып жүруші ретінде түсініледі, ал жоғарғы қабат жаңа қасиеттерді иемденетін еркін болып табылады.
Материя дегеніміз - біздің түйсіктеріміз арқылы мәлім болатын және одан тәуелсіз өмір сүре отырып, түйсіктеріміз арқылы олардың сәулесі, бейнесі, көшірмесі түсірілетін объективті реалдылықты бейнелеу үшін қолданылатын категория деген дәстүрлі жалпы анықтама белгілі. Дегенмен, философия тарихында бұндай анықтамаға сәйкес келмейтін түсініктер де бар. Мәселен, 18 ғасырдағы ағылшынның субъективті идеализмінің көрнекті өкілдері немесе эмпириокритицистер атап көрсеткендей, материя объективті емес, ол сананың туындысы, түйсіктердің жиынтығынан басқа түк те емес екендігі Д. Юмның, Дж. Берклидің, Э. Махтың т.б. көзқарастарында айтылады. Сондықтан материя – кеңістікте өмір сүретін, руханилыққа қарама-қарсы «заттық» әлемдердің бірлігі мен тұтастығын айқындайтын арнайы философиялық жалпы ұғым де те анықтауға болады.
Сонымен физикалық өрістер, элементар бөлшек, атом, молекула, химиялық элементтер, ағзалар, геологиялық формациялар, ғарыштық жүйе т.б. барлығы материя тобына жатқызылады.
Космогенез, яғни, философия тарихы бойынша қарастырылатын космологияның (ғарыш туралы ілім) даму эволюциясының тұтас өн бойында таразыланатын мәнді объектіге де айналған «Хаос» мәселесі бүгінгі күнге дейін жалғасын табуда. Осыған орай, космологияға әлемнің жаңаша картинасын құру үлгісі бойынша, бүткіл жаратылыс пен ғарыш жөніндегі түсініктердің ғылымдар мен пәнаралық біріктірілген әдіснамалары шеңберінде қарастырылуы арқылы, дін мен ғылымның үйлесімділігі мен бірлігінің жаңа туындылар мен өнімді идея тудырушылығы негізінде қайтадан тануға ұмытылыс бойынша қатынас жасау – ХХІ ғасырдағы ғылымдар интеграциясының да басты талабы болып отыр. Мәселен, ғаламдық эволюционизм тұжырымдамасы, синергетика, материяның қалыптасуының жаңа құрылымдарының жобалары, эволюциядағы өздігінен ұйымдасу т.б. мәселелердің түпнегіздік шығу тегіне байланыстылығы – хаос түсінігін орталық философиялық-ғылыми айналымға шығарады. Қазіргі замандағы жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдар желісіндегі космогенез мәселесі – хаос пен тәртіптің диалектикасына және бір-біріне өту сатыларын зерделеуге де қатысты.
Физикадағы термодинамика қағидаларының энтропия заңы да хаос мәселесіне байланысты. Термодинамикалық хаос – космоэволюциядағы белсенді жақ ретінде маңызды буын өшеміне өтеді де, «жылу өлімі теориясы» арқылы өзіне қайта оралатын Бейболмыстың мәніне тоғысады. Мәселен, бұл теорияның негізгі түйіндері бойынша, әлемнің жылу энергиясы таралып, сейіліп, тоқталу мен аяқталуға келіп тамамдалатындығы туралы гипотезалық тұжырым ұсынылады. Дегенмен, энтропия теориясын да позитивті және негативті екі аспектіде қарастыру нұсқасындағы, позитивті ұстанымдарда, әлемнің болашақтағы күйрейтіндігі туралы қайғылы бейнеден арылатын оңды теория да жасақталды.
Материяның осындай сан алуандығына орай оларды былайша жіктеп көрсету жолға қойылған: 1) өлі табиғат (тіршілік белгісі жоқтар); 2) тірі табиғат (биологиялық жүйелер); 3) әлеуметтік жүйе (қоғамдасу, мемлекет т.б)
Кеңістік пен уақыт материяның өмір сүруінің формалары екендігін байыптағанда, кез-келген материя қозғалысы белгілі бір уақыт ішінде жүзеге асып, кеңістік арқылы орындалатындығы басты негізге алынады. Уақыттан тыс қозғалыс болмайды, қозғалыс болмағаннан кейін материя да болмайды, сәйкесінше, қозғалыс белгілі бір кеңістік өлшемдерін пайдалана отырып, өзін-өзі іске асырады, демек, кеңістіктен тыс қозғалыстың болуы да мүмкін емес, бұндай кеңістіксіз қозғалыстың мүлде болмауы, материяның да мүлде өмір сүрмеуіне алып келеді. Сондықтан, материяның жалпы өмір сүруінің шарты – кеңістік, кеңістікте орналаспаған, одан тыс материя болуы да мүмкін емес, ол белгілі бір уақыт ішінде өмір сүреді, мәңгі болғанмен, бір түрден, екінші бір түрге ауысу сәтінде уақытты пайдалана отырып, құбылады.
Философия мен жаратылыстану құбылыстарында уақыт пен кеңістіктің шынайы-шынайы еместігі жөнінде екі түрлі көзқарастар бар: Біріншісі – уақыт пен кеңістік объективті өмір сүрмейді, біздің санамызды ғана деп санайтын субъективті идеалистік бағыт: Дж. Беркли – оны субъективті қабылдаудың формасы; Кант – біздің санамыздың априорлық формалары; Э. Мах – түйсіктер қатары жүйесінің тәртібі деп түсінеді. Екіншісі – уақытпен кеңістік біздің санамыздан туелсіз шынайы өмір сүреді деп санайтын материализм, неореализм сияқты бағыттар. Ол үшін кеңістік пен уақыттың сипаттары мен қасиеттерін айырмашылықты түрде зерделеп алу қажет.
Кеңістіктің сипаттары: үш өлшемді – ені, ұзындығы, биіктігі бар; қайтымды - қозғалушы дене өзінің бастапқы нүктесіне қайта орала алады, қақ жарылғандай симметриялы бола алады, екінші бір аймақта айна тәрізді болып көрінеді; ал уақыттың сипаттары: бір өлшемді – өткеннен болашаққа қарай жүреді, шартты түрде үш кезеңнен тұрады – өткен, осы шақ, болашақ, қайтымсыз – дәл бұрынғы қалпына қайта орала алмайды. т.б.
Ал ортақ қасиеттері диалектикалық негізде құрылады: шексіз, әрі шекті, шетсіз, әрі шетті, субъективті және объективті, абсолютті және салыстырмалы, үздікті және үздіксіз т.б.
Шексіздік – шекарасы болмайтын, аяқталуы мүлде ойланылмайтын философиялық категория. Оның мынадай сипаттары бар: трансфинитті – абсолютті шексіз үстемдік; инфинитті – аяқталуы, соңы болмайтындық; индефинитті – шектелмегендік, ickommensurable – өлшенбейтіндік т.б. Осыған орай, уақыт пен кеңістіктің де соңы, аяқталар шекарасы жоқ, қозғалушы дене ашық кеңістікте бір нәрсеге тіреліп қалмайды немесе оның уақыты біткендіктен тоқтап қала алмайды. Сонымен қатар, шекті – белгілі бір таным парадигмаларында ол аяқталады, белгілі бір жүйе тұйықталған болғандықтан, жеке жүйелерде уақыт пен кеңістік өзінің тұйықталғандығын көрсете алады. Шектілік кеңістік пен уақыттағы барлық шектеулі күйлерді көрсетеді. Әлемдегі қандай да болсын нақты сапаның шегі бар, ол белгілі бір өлшем шегінде өмір сүреді, бірақ ол шексіздікпен тығыз байланысты, себебі шектіліктің өзі шексіздікті қамтиды. Шексіздік теориялық түрде, әсіресе математикада анық байқалады, шексіздіктің ең үлкен мөлшері, алдын-ала белгіленген шексіздіктен үлкенірек деп шартты түрде алынады.
Олардың объективтілігі біздің санамыздан тәуелсіз бола отырып, мәңгі өмір сүретіндігімен айқындалады, яғни, біз оларды бағындырып, уақытты кері қайтарып немесе тездетіп жібере алмаймыз, ол бірқалыпты өз жылдамдығымен жүріп отырады немесе кеңістікті өзгертіп, сығып жіберуде мүмкін емес, тіпті сана қабылдамаған күннің өзінде де, адамзат жойылып кетсе де олар бәрібір бар болып тұрады.
Кеңістік пен уақыттың абсолюттілігі – санамыздан тәуелсіз объективтілігінен, үздіксіздігінен, шексіздігінен анық байқалса, салыстырмалылығы кейбір шектерде, таным түсініктерде ол белгілі бір шарттарман айқындалатындығына байланысты болып келеді. Мәселен, 1916 жылы А. Эйнштейн абсолюттік қозғалыс, абсолюттік уақыт, абсолюттік кеңістік ұғымдарынан бас тарта отырып, өзінің салыстырмалылық теориясын ұсынды, бұның кеңістік пен уақытқа қатысты қыры уақыттың салыстырмалы екендігін байыптауға құрылған; дененің жылдамдығы артқан сайын, оның массасы ауырлап, уақыттың жүрісі баяулай түседі, ол қозғалыс жарық жылдамдығына, яғни, 300 000 км/сек жеткен сәтте уақыттың жойылатындығын негіздеп, ол жарық жылдамдығымен шартталған екендігін дәйектейді. Осыдан кеңістіктің төртінші өлшемі уақыт болып айқындалды.
ХХ ғасырдың орта шеніне таман кеңістік пен уақыт жөніндегі теориялар жаңара түсті, әсіресе, теориялық жағынан тым жетіліп кетті. Физикоматематикалық теорияларда 4, 5, 6 тіпті одан да көп өлшемді кеңістіктің болуы мүмкін екендігі ұсынылды. Олар реалды үш өлшемді кеңістікке қайшы келмейді және осы дүниеге кірігіп, мүлде басқа парадигмалармен барлығы да жарыспалы түрде бола береді деген жоба ұсынылады. Үшбұрыш бұрыштарының қосындысы 180º тең болатындығы жөніндегі Евклид геометриясының орнын евклидтік емес геометриялар басты. Лобачевский геометриясында ол үнемі 180º-тан кем болатындығы дәйектелсе, Риман кеңістігінде ол үнемі асып кететіндігі сөз болады. Ал «әлемдік сызық» түсінігіндегі Риман ұсынған төрт өлшемді кеңістіктің қисаюы уақыты жоқ координатқа айналады. Минковский ұсынған әлемде уақыт жоқ, бірақ ол бар, онда бір нәрсенің өтуі де мүмкін емес. Эйнштейн тартылысқа байланысты кеңістіктің қисаюын ұсынса, ол 1922 жылы Э. Картанның айналмалы кеңістік теориясымен жалғаса түсті. Бұдай теориялар кеңістік пен уақыттың бірлікте ғана емес, ажыратып қарауға да келмейтін одақтас болып табылатындығы туралы Минковсий әлемі ұсынған тұжырымдамамен үндесіп, кеңістік пен уақыт – «континуум» деген ортақ атауға ие болды.
Достарыңызбен бөлісу: |