Бақылау сұрақтары:
Немістің классикалық философиясы жаңа философияның қайнар көзі.
И. Канттың сын кезіндегі философиясының мәні неде?
Фейербахтың антропологиялық материализмінің маңызын ашыңыз?
Классикалық неміс философиясының тарихи алғышарттары, оның негізгі иедеялары мен принциптері.
Кант агностицизмі.
Канттың сынға дейінгі және сыни кезеңдерінің ерекшеліктері
Гегельдің диалектикасын қалай түсінуге болады?
Гегель философиясының қайшылықтары.
Әдебиеттер тізімі:
Мырзалы С. Қ. Философия. Алматы, 2014.
Нұрышева Г.Ж. Философия. Алматы, 2013.
Алтаев Ж., Қасабек А., Мұқамбетәлі Қ. Философия тарихы. – Алматы, 2000.
Асмус В.Ф. И. Кант. М.: 1973.
Абдильдин Ж.М. Диалектика Канта. А:1974.
Быховский Б. Э. Фейербах М.: 1967.
Гайденко П. П. Парадоксы свободы в учении Фихте. М.: 1990.
Гулыга А. В. Гегель. М.: 1970.
Гулыга А. В. Шеллнг.М.:1995.
Кузнецов В. Н. Немецкая классическая философия. М.: 2003.
№7-8 дәріс. ХХ ғасыр философиясындағы ғылыми таным мәселесі
ХІХ-ХХ ғ.ғ. философиясындағы ғылыми таным мәселесі
Позитивизм және оның тарихи түрлері.
Өмір философиясы. А. Шопенгауэр, Ф. Ницше.
Фрейдтің психоанализ теориясы.
Діни философия. Неотомизм. Персонализм.
ХХ─ХХІ ғ. басындағы саяси-әлеуметтік шындық, рухани мәдениеттің ерекшеліктері және олардың философиядағы көрінісі.
Прагматизм. Позитивизм мен рационализмнің дәстүрлері мен жаңалықтары: структурализм, герменевтика, постпозитивизм.
Экзистенциализмдегі рухани бостандық пен жауапкершілік мәселелері.
Постмодернизм философиясындағы түйінді ойлар.
ХХ ғасырдың басы мен орта шені – адамзат тарихындағы ғылыми-техникалық өрлеудің, мәдени-әлеуметтік өзгерістердің, саяси толқулар мен бейбіт ынтымақтастықтың, ал бұл кезеңнің соңғы ширегі мен келесі, ХХІ ғасырдың табалдырығы – рухани сұхбаттастықтың, ақпараттық кеңістіктің, жаһандану үрдісінің іске аса бастаған дәуірі болатын. Осыған орай, жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар мен адамзат танымының айтарлықтай өзгеруі гуманитарлық ғылымдар саласы мен олардың даму үдерісіне елеулі ықпал еткен болатын. Оның ішінде философия ғылымы да осы заман ағымы мен өмір шындығын сараптай бастады, өзінің жаңа бағдарларын туғызуға бет бұрды.
Позитивизм (позитивті – оңды, дұрыс, жағымды деген мағыналарды береді) – парадигмалық танымдық әдіснамалық құрылым болып табылатын, нақты ғылымдарды шынайы білімнің көз деп есептейтін бағыт. Оның бастапқы идеялары Юмның, Даламбердің еңбектерінен көрініс тапқанмен, оның негізін салушылар ретінде – Конт пен Спенсер аталады. Ол жорамалды, теориялық спекуляцияны, идеализмді, спиритуализмді, рационализмді теріске шығара отырып, бұрынғы: болмыс, мән, себеп, рух сияқты ұғымдар мен түсініктер ғылыми тексерілуге жатпайтын, тәжірибеде айқындалмайтын болғандықтан, мәңгі шешімін тапппайтын жалған мәселелер немесе өзінің мағынасын жойған деп есептейді. Сондықтан оларды метафизикалық мәселелер деп жариялап, өзінің бағытын метафизикалық емес, дұрыс бағыт деп түсінеді. Бұны аймақ бойынша франциялық; Литтре, Тэн, Ренан; Ағылшындық: Милль, Спенсер; немістік: Дюринг, Шуппе т.б. деп ажырату дәстүрге айналған.
Осы ағым негізінде неопозитивизм пайда болып, бұлардың негізгі идеялары постпозитивизм ағымымен жоққа шығарылды. Сондықтан позитивизм эволюциясын: 1) бірінші позитивизм: Конт, Милль; Спенсер, Литтре; 2) екінші позитивизм немесе эмпириокритицизм: Мах, Авенариус; 3) неопозитивизм: Поппер, Айдукевич, Уисдом, Остин және логикалық позитивизм: Шлик, Карнап, Нейрат т.б; 4) постпозитивизм – әдіснамалық радикализмді жұмсартуға бағытталған түрі: Кун, Лакатос, Тульмин, Фейерабенд т.б деп ажыратуға болады. Демек, позитивизм тамырлары ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда-ақ қалыптаса бастаса, ол ХХ ғасырда неопозитивизмге өтті.
Неопозитивизм – шындық туралы білімді күнделікті және нақты ойлау арқылы алуға болады, ал философия ойлаудың нәтижелерінен көрінетін тілді талдауды қолға алуы тиіс. Философиялық талдаулар объективті шындыққа таратылмайды, ол тек мәліметтермен, тәжірибемен, тілмен шектеліп отырылады. Ал тілдің объективті шындықты бере білу сәйкестігіне назар аудару керек. Сондықтан философияның міндеті күнделікті тілді зерттеумен айналысу деп біледі. Бұл бағыт жалпы неопозитивизм деп аталғанмен; логикалық атомизм, логикалық позитивизм, жалпы семантика, неореализм, аналитикалық философия, лингвистикалық философия, сыншыл рационализм сияқты салаларды қамтитын іргелі ағым ретінде пайда болады.
Феноменологияның сананың объектіге қатысын көрсететін басты түсінігі «интенция». Феноменологияда санадан тыс өмір сүретін объективті шындықты бар деп тікелей мойындауға болмайды, таным субъектісінің өзін танымға бағытталған таза сана деп түсіну керек (трансцендентальдік редукция), себебі, ол – тәжірибе мен тарихтан тыс сана ретінде психологиялық толқулар мен тілдегі көрінетін идеалды мағыналарға сәйкес келеді, олай болса, философия таза мағыналарды зерттеуі тиіс.
ГуссерльЭдмунд (1859-1938 жж.) неміс философ-идеалисі. Негізгі шығармасы: «Логикалық зерттеулер», «Еуропалық ғылымдардағы дағдарыс және трансцендентальді феноменология» т.б.
Ол психологизм бойынша кез-келген танымдық акт өзінің мазмұны арқылы эмпирикалық сананың құрылымы болып анықталады, сондықтан танушының субъективтілігінен тәуелсіз болып табылатын қандай-да ақиқат туралы ешнәрсе айтуға болмайды дей келе, психологизмнің өрістеуін Локктан бастап, Юм, Дж. Милль арқылы Вундтқа дейінгі аралықпен дәектейді. Қазіргі заманғы психологизмнің нұсқасы натурализмде, тарихилықта деп білді, сондықтан табиғат пен тарих туралы ғылымдар белгілі бір деңгейде негіздеуге мұқтаж, бұны философия, нақтырақ айтқанда, қатаң ғылым ретіндегі сананың феномендері туралы ілім — феноменология ғана бере алады деп байыптаған Гуссерль, сананы эмпирикалық мазмұннан тазартатын өзінен-өзі айқын логикалық қағидаларды табуға ұмтылды, бұл редукция арқылы ғана мүмкін болады деп түсіндірді. Философия бұрынғы барлық догматикалық тұжырымдаулардан азат болу керек, сондықтан бұл дәуірді қандай-ма болмасын шешімдерден қалыс қалу актісімен аяқтау қажет. Осыдан тек қана жалғыз санадан ажырағысыз бірлік — интенционалдық қана қалады: жеке адамдық психологиялық, әлеуметтік, нәсілдік сипаттамалардан азат болған жағдайдағы нәрсеге бағытталған сананың таза құрылымын қарастыру қажет деп атап өтеді. Осы интенционалдық арқылы Гуссерль басты теориялық-танымдық мәселе субъект-объект арақатынасын шешуге ұмтылды; ол екі жақтылықтың көпірі іспетті — жалпы адамзаттық сананың имманентті әлемнің өкілі болу мен болмыстың трансценденттік әлемінің аралғында дейді.
Гуссерль феномендегі әртүрлі қабаттарды көрсетеді: тілдік қабықша, әр түрлі психикалық толқулар, санадағы ойланылған заттар. Нәрселік болмыс санаға іштей тән болып табылады, ол санаға қатысу арқылы өзінің объективті мағынасын табады, сондықтан нәрселік болмыс пен сана бір-біріне өзара қатынасты (коррелятивті). Сана екі жақтылықтың бірлігі болып табылады: танымдық актілер — ноэзис және нәрселік мазмұндар — ноэма, бұлар идеалдық мағынаға сәйкес келеді. Сондықтан феноменологияның мақсаты — нәрсе туралы әр түрлі айтылған пікірлердің, сөздер мен бағалаулардың күңгірттеген мағынасын ашу. Бұл бағыт материализмнің барлық формаларын және сананың тарихи түсінігін жоққа шығарады. Сондықтан феноменологияның пәні — таза ақиқаттардың патшалығы, априорлы мағыналар. Гуссерль түсінігінде, бұл бағыт «бірінші философия» болып табылады. Таным сананың ағымы: іштей ұйымдасқан және тұтасқан, бірақ нақты психикалық актілерден, таным субъектісі мен оның қызметінен салыстырмалы түрде тәуелсіз. Сондықтан феноменологиялық редукция өзінің ішкі мәнінен тереңдеп, психологиялық транс жағдайындағы ештеңеге өту бойынша танымның қатпарларын зерделегісі келеді.
ХХ ғасырдағы ғылым философиясы мен әдіснамасы: философиясы және әдіснамасы ретінде екі сала ретінде қарастырылғанмен, екеуін бір парадигмада зерделеу соңғы жылдары қолға алынған. Бұнда ғылыми білімдердің қалыптасуы, ғылыми таным әдістері мен әдіснамалары, жалпы ғылыми таным парадигмалары т.б. мәселелер сарапталады. Ғылым философиясының аясына ғылым тарихының философиялық мәселелері де енгізіледі. Осыған орай, ХХ ғасырда қалыптасқан және жалпы ғылыми танымның, әсіресе, қоғамдық ғылымдардың әдіснамасына айналып отырған философиялық бағыттар мәдени-рухани аймаққа да кеңінен әсер етті. Олар әуел баста философиялық ағымдар ретінде пайда болған болатын.
Соның бірі – герменевтика,кең мағынасында «түсінуді» әлеуметтік болмыстың шарты ретінде қарастыратын философиядағы бағыт. Тар мағынасында білім саласындағы мәтін мен форманы түсіндіру техникасы мен ережелері. Яғни, мәтіннің мәнін оның объективтік – сөздердің грамматикалық мағынасы мен олардың тарихи жағдайларының варияцияларын және субъективтік – автордың ынтасын, айтайын деген ойын, түсінушінің талғамын т.б. түсіндірудің тоериясы мен өнері. Оның бізге белгілі шығу тарихы эллинзм дәуіріндегі көне мифоллогиялық шығармаларды түсіндіруден басталады, мәселен, өз дәуірінде Гомердің туындыларын сараптауды осыған жатқызуға болады. Ол кейіннен қасиетті діни жазбаларды түсіндірудің өнеріне айналды. Бұны экзегетика деп атайды. Герменевтика 19 ғасырда тек мәтінді түсіндірумен ғана шектелмейтіндей, еркін дамитын парадигманы қолға алды. Мәселен, Дильтей бұл бағытты қоғамдық ғылымдардың арнайы тәсілі ретінде қолданып, «түсіну» рух жөніндегі ғылым әдісі болып табылады дейді.
ХХ ғасырдың орта шеніне таман герменевтика философиялық түсіндірмелердің негізгі ұстанымына өтті. Гадамерде болмыс өзін нақты адамдар мен құбылыстар арқылы түсінеді, бұл – болмыс, тіл, дәстүр. Қазір жалпы мағынасында шындыққа философиялық тұрғыдан келу және адамның саналы іс-әрекеттерінің нәтижелерін талдайтын ғылым салаларында қолданылады. Герменевтика салысының негізгі орталық түсініктері: мәтін, мәтіндік талдау, түсіну мен түсіндіру, шеңбермен тұйықталу, сұхбат, қарым-қатынас т.б. Негізгі өкілдері: Дильтей, Гадамер, Рикер, Шлейермахер, Хабермас, Бетти т.б.
Философиялық герменевтика – түсінуді герменевтикалық шеңберге алып келетін (бүтін бөлшекпен, бөлшек бүтін арқылы түсініледі) шексіз процесс. Герменевтика дамуындағы әр түрлілік: аударма (өз тіліне мағынаны аудару), реконструкция (шынайы мағынаны тудыру), диалог (өмір сүретіндерге қатынасты жаңа мағынаны қалыптастыру) бойынша құрылады.
Реконструкция Шлейермахердің идеясы бойынша өркендей түсті, ол мәтін автордың ішкі сезім түйсіктерімен байланысып жатырғандығын атап көрсетті, ал Дильтей мәтіннің шығу жағдайына үңілді, герменевтиканың базасы сипаттамалы психология болып табылатындығын атап өтсе, Э. Бетти герменевтика философиядан тәуелсіз гуманитарлық ғылымдардың тәсілі болып қалуы тиіс екендігін негіздеді.
Шлейермахер Фридрих (1768 - 1834 жж.) немістің протестанттық теологы және философы герменевтиканың қалыптасуына ықпал еткен, бірақ ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген ойшыл. Негізгі шығармалары: «Дін туралы сұхбаттар» «Монологтар», «Диалектика» т.б. еңбектерімен қатар этика, эстетика, психология мәселелерімен шұғылданды.
Дильтей Вильгельм (1833 - 1911 жж.) немістің мәдениет тарихшысы, философ-идеалист. Негізгі шығармалары: «Сипаттамалы психология», «Дүниеге көзқарастың типтері және оның метафизикалық жүйедегі көрінісі» т.б.Өмір философиясының өкілі, түсіндірмелі психологияны негіздеуші Дильтейдің түсінігінде орталық мәселе мәдени-тарихи шындықтағы адам болмысынң тәсілі ретіндегі өмір ұғымы. Адам тарихты иеленбейді, өзі оның не екендігін ашып көрсететін тарих дей келе, тарихтан табиғат әлемін ажыратып алды. Таным теориясын «Рух туралы ғылым» деп ұсынды. Рух туралы ғылым ретінде философияның мақсаты — өмірдің өзінен шығатын өмірді түсіну. Осыған байланысты ол кейбір рухани тұтастыққа тікелей жетудің тәсілі ретінде «түсінуді» басты орынға шығарады. «Түсіну» өмірге интуитивті түрде енумен туыстас, оған сыртқы тәжірибемен және пайымдаудың құрылымдау қызметімен байланысты болып келетін «табиғат туралы» ғылымда қолданылатын «түсіндіруді» қарсы қойды. Өзінің жеке ішкі әлемін түсіну интроспекция арқылы қол жеткізіледі, өзге әлемді түсіну — «бірге күйзелу», «сезінісу» арқылы іске асады, ал мәдениетке қатысты алғанда өткенді түсіну интерпретация арқылы жүзеге асады, бұл тәсілді Дильтей герменевтика деп атаған: жеке құбылыстарды сол дәуірді қайта жағырту арқылы, ондағы тұтас жандық-рухани өмірдің сәтідеп түсіндіру қажеттігін ұсынды. Адам өзінің кім екенін тек қана тарих арқылы біле алады деп тұжырымдамды.
ХХ ғасырда қалыптасып, тек философияда ғана емес, рухани мәдениетке де тараған ағымдардың бірі – экзистенциализм. «Экзистенция» – өзін табу, ғұмыр кешу, көріну, қалыптасу деген сияқты мағыналарды беретін, нақты болмысты білдіруде қолданылатын философиялық категория. Бұл ұғым орта ғасырда заттардың болмысының өмір сүруінің толықпағандығы, аяқталмағандығы, өзінің мәніне сәйкес келмейтіндігі және құдайлық болмыспен жаратылғандығы сияқты түсініктерді берген болатын. Қазіргі философияда іргелі, терең онтологиялық мағынада адамның ғұмыр кешуін білдіреді. Осы сөзден туындаған экзистенциализм ағымы «ғұмыр кешу философиясы» деп те аталады. Оның бастапқы нышандары Ресейде, Шестов, Бердяев сияқты ойшылдардың идеяларында анық көрінді. Одан кейін Германияда: Хайдеггер, Ясперс, Бубер және екінші дүниежүзілік соғыс кезінде францияда қалыптасты: Марсель, Сартр, Мерло-Понти, Камю, Бовуар т.б. ХХ ғасырдың орта шенінде АҚШ-та, Италияда өркендеді.
Экзистенциализмді діни: Ясперс, Марсель, Бердяев, Шестов, Бубер және атеистік бағыттарға: Сартр, Камю, Мерло-Понти, Хайдеггер бөлу дәстүрі бар. Бұл бағыттың негізгі ерекшелігі – сенім, үміт, ауру, азап шегу, қамқорлық пен үрей, құмарлық сияқты психологиялық үрдістерді философемдерге айналдырып, оны онтологиялық тұрғыдан негіздеу болып табылады.
Камю Альбер (1913-1960 жж.) – француз философы, публицист, жазушы, драматург. Негізгі шығармалары: «Сизиф туралы аңыз», «Бөгде», «Бүлікшіл адам», «Оба», «Шведтік сұхбаттар» т.б. Ол діни үміт жоғалған жағдайда әлемнің позитивті болмысында үмітті қалай табу керек деген сауал тастай отырып, адамның бастапқыдағы әлемді түйсінуінің абсурдтылығын дәйектейді, осыдан адамның оқшауланған, парасатсыз күйін «әлемдегі болмыс» жағдайы бойынша сипаттау керектігін зерделейді. Бір жағынан ол абсурдты асбурдтылық болмысты түсінудің айқындылығы мен саналы ұғынуының шекарасы деп біледі. Ер адамдық адалдықты, күреске қаһармандық дайын болуды ол өзін-өзі өлтіруге, «философиялық суицидке» қарсы қояды. Абсурдтылық философияны негіздеген А.Камю «өмір дегеніміз сүруге тұра ма, ең басты философиялық мәселе осында, қалғандары екінші жоспардағы мәселелер болуы тиіс» деген пікірін ұсына отырып, адам өмірінің мағынасыздығын күнделікті күйбең тіршілік арқылы дәйектеуге ұмтылады. Бірақ сайып келгенде, бұл мағынасыздық өзін-өзі өлтіруге тікелей алып келмейтіндігін байыптайды.
Құдай болмаған соң мағынасыз, абсурдтық әлем қаһармандар мен тирандарды тудырады, бұл бір жағынан бүлікті моральдік сананың қалпы ретінде бағалауды талап етудің қажеттілігінен болса, екінші жағынан әлемді мәдени-тарихи үдеріс ретінде толғанудан келіп шығады. Бүлік абсурдтан жалыққан адамның қоғамдағы әлсін-әлсін қайталап отыратын қалыпты актісі болып көрінеді. Әлем осы бүлікпен, абсурдты жоюға бағытталған толғанылған, ойланылған әрекеттер арқылы өзінің мағынасына ие болады. Бүлікті осылай онтологиялық деңгейге шығару адамның дүниедегі жоғалған байланысын қалпына келтірудің құралына айналады, ол қоғамдағы қаталдықпен келісудің саяси тәсіліне өтеді дей келе, Ресейде неміс идеологиясын жақтаушылар нигилистік ұстаным бойынша қоғамда бүлік шығарғандығын мысалға алып атап өтеді.
ХайдеггерМартин (1889 - 1976 жж.) — неміс философы. Негізгі шығармалары: «Писхологизмдегі пікірлер туралы ілім», «Дунс Скоттың маңызы мен категориялары туралы ілім», «Болмыс пен мезгіл», «Феноменологияның негізгі мәселлелері», «Кант және метафизиканың мәселелері», «Гельдерлин және поэзияның мәні», «Ақиқат туралы Платон ілімі», «Ақиқаттың мәні» еңбектері мен «Заратустра деген кім?», «Шығармашылықты тудырудың көздері», «Әлем бейнесінің уақыты», «Феноменология және теология», «Метафизика дегеніміз не», «Гуманизм туралы хаттар» атты баяндамасы, «Ойлау деп нені атаймыз» атты курсы т.б. жинақтай келгенде оның барлығы жүздеген томды құраған. Оның шығармашылығын көптеген жағдайларда: ерте және соңғы Хайдеггерге ажыратып қарастырады, кейбір зерттеушілер ол екі кезеңнің арасында айырмашылық жоқ деп түсінеді. Дегенмен, бастапқыда экзистенциалист болған Хайдеггер, соңғы кезеңінде бұдан бас тартқандай болып, техника, ғылым, тіл мәселелерімен айналысады.
Хайдеггердің экзистенциализмі болмыстың мағынасы мәселесін орталық түсінікке шығарумен ерекшеленді және ол өзінің ілімін іргелі онтология деп атаған. Сондықтан бұл ілімде; «сұрқия», «шешімділік», «ар», «кінә», «өлімге ұмтылған болмыс», «қамқорлық», «өзінділік» т.б. психологиялық түсініктер онтологиялық деңгейге дейін көтеріледі. Ал кейіннен «болмыс», «ештеңе», «ашық», «негіз», «жерлік», «аспандық», «адамдық», «құдайлық» сияқты ғарыштық-онтологиялық түсініктерді қолдана отырып, өз ілімдерін дәйектейді.
Ол болмыстың мағынасы мен адамның ғұмыр кешуінің мағынасын іздеуде тіл бірегей және маңызды күшке айналады дей келе, тілді лингвистикалық құбылыс ретінде қарастыруден гөрі оның сөздерінен терең бастапқы болмыстық негіздерді табады, болмыс пен тілдің арасынан өзара байланыс пен өзара тәуелділікті ашады. М. Хайдеггердің түсінігі бойынша, тіл «іргелі онтологияның» тақырыбы ретінде болмыстан кем түспейді. Бұдан ол тіл жөніндегі іргелі ойларын әрі қарай сараптай түседі: «Тіл – болмыстың баспанасы, осы баспанада өмір сүретін адамдардың ішінде, ойшылдар мен ақындар баспананы қорғаушылар болып табылады. Ой, болмыстың ақиқатын айту үшін, болмыстың өзін жаулап алуына мүмкіндік береді».
Болмыстың мағынасын ашуда ол Бейболмыс пен Ештеңе мәселелерін қатыстырып, оны психофилософемдер бойынша сараптайды. Мәселен, іргелі онтологиясы бойынша бұны М. Хайдеггер адам болмысына қатысты тұрғыдан былайша тұжырымдайды: «Тек бастапқы Ештеңенің көрінуі негізінде адамдық қатысу бар-лыққа жақындай түседі және оған енуге қабілетті. Біздің қатынасуымыз қаншалықты дәрежеде бар-лыққа қатысты, ол қандай және болмайды, ол қалай көрінеді, осы сападағы оның қатысуы тек алдын-ала ашылған Ештеңеден туындайды». Сондықтан ол бұған «ойлау», «оқиға» тәрізді концепттерді қоса қарастыру парадигмаларын ұсынады. Неміс ойшылының бұл түсініктері тұтасып кетпейді және өмір сүретіндік әлдеқандай «қатыспайтындықты» қажет етпейтіндік, оның түсінігінде «өмір сүретіндік» құбылысы немесе өмір сүретін нәрселердің бәрі өзінің қалыптасуы мен «бар болуы» тұрғысынан өздігінен іске асатын бейне бір тәуелсіздікпен айғақталады. Бұл тәуелсіздік, әсіресе, бұл тұста Бейболмысқа тәуелді болмауға байланысты болып отыр. Сондықтан қалыптасудың бастапқыда болмысқа орнығуы оны ешқашан да «болмау» процесіне алып бармайтындығын нақты тұжырымдайды. СартрЖан Поль (1905-1980 жж.) — француз философы, жазушысы, атеистік экзистенциализмді негіздеушілердің бірі, өзінің ілімін феноменологиялық онтология деп атаған. Негізгі шығармалары: «Болмыс пен Ештеңе. Феноменологиялық онтологияның тәжірибелері», «Диалектикалық ақылға сын», «Эгоның Трансценденттілігі», т.б.
«Болмыс және Ештеңе» туындысында – болмыс дегеніміз не, сана мен әлемнің арасындағы іргелі болмыстық қатынастар қандай; бұл қатынастарға мүмкіндік ашатын сананың онтологиялық құрылымы қандай; нақты, жалғыз, аяқталған адамның онтологиялық конституциясын қандай тәсілмен қалай ашуға, тұжырымдауға, тіркеуге болады деген сауалдар тастайды. Осы сауалдарға жауап беру барысында ол, алдымен, әлемді феномен ретінде танудан бастайды. Әлем адамның өмірлік тәжірибесінде тікелей алынатын алдын-ала құрылған экзистенция ретіндегі күрделі қалыптасқан құрылым.
Осыған байланысты Ж.П. Сартр әлемдегі үш регионды атап көрсетеді: Біріншісі – (Өзіне бағытталған болмыс) жанды санаға берілген айғақтық мәліметтер және «не бар, сол ғана бар». Екіншісі — жанды сана (өзіне арналған болмыс). Бұнда сананың қалпы мен онтологиялық бостық, Ештеңе туралы сарапталады.
Бұл мәселелерді «Болмыс және Ештеңе» деген еңбегінде Бейболмыстың мәнін ашу үшін – «Терістеу», «Ештеңенің диалектикалық тұжырымдамасы», «Ештеңенің феноменологиялық тұжырымдамасы», «Ештеңенің жаратылуы» атты салаларға бөліп көрсетіп, жеке бөлімдерде арнайы талқылайды. «Терістеу» атты бөлімде болмысты бәрінің мәнін ашатын шарт түрінде емес, өзінің болмысы алынатын, түсірілетін тұжырым ретінде ұсынып, болмыстың өзін күрделі мағына деп пайымдайды да, болмыстың феномені мен феномен болмысының арақатынасының әлі де зерделей түсу қажеттігін тудыратын мәнін көрсетеді. Осы орайда, Сартр Гуссерльдің сана интенциясы туралы толғанысын таразылауға ұмтылып, дәстүрлі онтологиялық тұжырымдамаларды қайтадан байыптауға бағыттала отырып; «Ешқашанда объективтілік субъективтіліктен, трансценденттілік имманенттіліктен, болмыс бейболмыстын бөлініп шықпайды»,-дей келе, болмыстың мәнін Ештеңені қатыстыру арқылы ашады.
Ясперс Карл (1883-1969 жж.) — неміс философы және психиатр. Негізгі еңбектері: «Бүкіл жалпы психопатология», «Дүниеге көзқарас психологиясы», «Тарихтың тағайындалуы мен мағынасы», «Ницше», «Декарт және философия», «Экзистенциалдық философия», «Ақиқат туралы», «Философиялық сенім», «Философияға кіріспе» т.б.
Мәселен, дүниетанымның психологиялық мәселелерінде; шынайы философиялық рефлексияның оратылығы ретінде Ясперс кез-келген рационалистік тұрғыдан құрылған әлемнің картинасы шығармашылық ойлайтын адамның жасырын жан-дүниелік ұмтылыстарының тұспалдап айтылған интеллектуальді түсіндірмелерінен басқа ешнәрсе де емес деп тұжырымдады. Болмыс «шифрленген», міндетті түрде түсіндіруді қажет етеді.
Ясперс шынайы адам болмысының ашылуын «шекаралық жағдай» ретінде атап көрсетеді, бұл сәтте адам шынайы болмыспен бетпе-бет кездесіп, өзінің ішкі мағынасын толықтай ашады, ол жағдайлар өлім, ауру алдында т.б. көрінуі мүмкін. Адамның ешнәрсе араластырылмаған жеке даралығы, шынайы болмысы заттық әлемнің шекараларынан табылмайды, ол еркіндік: адам зерттеудің пәні немесе адам еркіндік ретінде.
Философия оның түсінігі бойынша, әдістері мен пәні шешімін тапқан арнайы ғылым емес, болмыстағы өмір сүретіндігімізді ғана куәландырады, метафизика адамды болмыстың мағынасын іздеумен келістіреді. «Әлемдегі болмыс», нәрселік болмыс, «ғұмыр кешу» — болмыстың заттық деңгейі, философиялау «әлемдегі бағдар». «Философиялық сенім» ашылу емес, ойтолғамның өнімі, философиялау қабілеті кез-келген адамға тән және шынайы «тілдік қарым-қатынасқа» жету мақсатын иеленеді. Адамдардың қарым-қатынасы – адам болмысының атрибуты. Бар-лық адамды үш тәсілмен қарсы алады; әлем, экзистенция және трансценденция. Трансценденция әлемнің және адамның ғұмыр кешуінің шетінің арғы жағындағы нәрсенің мәні, ол құндылық пен мағына береді: табиғат, миф, поэзия, философия — трансценденцияның шифрлары.
Тарих философиясымен айналысқан ойшыл адамзат дамуының үрдістерін былайша ажыратады: адамдардың тілді, еңбек құралдарын және отты пайдаланып, нәтижесінде жоғары өркениетті қалыптастыруы; екінші, Үнді, Египет, Месопатамия, Қытай – б.э.б. 5-3 мыңжылдық; Үшінші, «әлемдік уақыттың белдеуі» (осьтік уақыт) – (б.э.б 8-2 ғғ.). Бұл кезеңде бір уақытта және әрқайсысы өз бетімен жеке дара рухани дамудың кезеңін бастан өткізді. Адамдар жеке мүкіндіктерін, шынайы жауапкершіліктерін, өздерін-өздері түйсіне бастады, жеке оқшау тарихтар әлемдік тарихи үрдістермен алмастырылды. Мифтік дәуір өзін тыныштандыратындығымен, өзінен-өзі түсініктілігімен қоса аяқталып, рационалдылық пен тәжірибені рационалдылық тұрғыдан түсіндіру тарапынан мифке қарсы күрес басталды, құдайдың шынайы емес образына, азғырушыларға қарсы бір трансцендентті құдай үшін тайталас басталды. Бұндай адам болмысының жалпы өзгерісін шабыттану деп атуға болады. Төртінші кезең Еуропада (17-20 ғғ.) ғылыми-техникалық өркениеттің пайда болуы. Ясперстің саяси-құлықтылық ізденістері «неміс кінәсі», «қырғи-қабақ соғыс» т.б. зерттеулерінде шынайыландырылды.
Достарыңызбен бөлісу: |