Инфляцияға қарсы саясат деген бұл инфляцияны төмендетуге бағытталған мемлекеттік реттеу құралдарының жиынтығы. XX ғ. 60 жылдарынан бастап бағаны тікелей және жанама түрде реттеу мақсатымен барлық экономикаға ортақ шаралар қолданыла бастады.
Тікелей реттеу табыстар саясаты шеңберінде жүргізілді. Табыстар саясатын екі бағытқа бөлуге болады: жалақы мен бағалардың өсу нысандарын белгілеу және осыларға тікелей бақылау жүргізу. Бақылауға заң актілерінің күші тән болады. Жалақы ставкаларының өзгерістері әдетте барлық экономикадағы еңбек өнімділігінің өсу қарқынымен байланысты болады; бағалардың өзгерістері еңбекақыға жұмсалған шығындардың өзгерістерін өтеу үшін жүргізіледі. Осы бағыттың мәні мынада: жалдамалы жұмыскерлердің табыстары тікелей реттеледі, ал пайда – жанама түрде баға арқылы реттеледі. Заң жүзінде бағаның өсуіне шектеудің қойылуы, бағаларын жоғарылату пайдалы болатын тауарлардың көлеңкелі нарығын дамытуы мүмкін.