Кезең-кезеңге бөлiнiп, сынаптай сырғып өтетiн адам ғұмыры бiр орнында тұрмақ емес. Жастық қайрат та, жiгiттiк бұла дәурен де жылдар өткен сайын кемiп, қарттыққа жеткенде семерi ақиқат. Дегенмен жастығыңда кiм болдың, не атқардың, жақсы болдың ба, жаман болдың ба, мейлi, кiм болсаң да сол кезеңде сыншы елдiң өзiңе берген атақ-бағасы қария жасқа жеткенiңде де қалмайды екен. Мiне, бойына бiткен тасқын күш пен арыстан жүректiң, адуынды мiнез бен бетi қайтпайтын қайсарлықтың, өзгеге ұқсамайтын дара жаратылыстың арқасында жасында есiмiне «қарақшы» деген қоспа атауды iлiктiрiп алған Сүлеймендi жасы жетпiске таяса да, ел әлi күнге солай атайды. Бiреулер ол атауды сүйiнiшпен айтса, бiреулер күйiнiшпен айтады. Сүйiнiшi — ел кейде өзi жақсы көрген қаһарманды қарақшы деп ныспылайтындығы. Өйткенi қазақ ұғымында қарақшы деген атау бiр жағынан ел қараушысы, елдiң бетке ұстар азаматы деген мағынаға да сайған. Осы тұрғыдан алғанда, Сүлеймен қарақшы — биiк рухты адам. Бұл оны дәрiптеу емес. Себебi Сүлеймен әр жер- әр жерде кездесетiн, iс-әрекетi майда-шүйде ұрлық пен тасадан оқ ататын, опасыз тiрлiк жасайтын ұсақ ұры-қары мен қанiшердiң қатарына жатпаған. Ол ылғи өзi секiлдi мықтылармен алысқан. Ал оның заманында ондай мықтылар, баскесерлер, момынға күн бермейтiн залымдар, әлсiздi мұқатқанына мәз жауыздар көп болған. Сүлеймен соларды тезге салып, орталарында әдiлдiк орнатам деп, көп тәлкектi бастан кешкен адам. Ол ғұмыр бойы бiр-ақ арманмен өткен — жуас жылап, кедей күңiренбесе, кембағал кемсеңдеп, жарлы зарламаса екен деген. Сондықтан да ол Тәшкен саудагерлерi мен байбатшаларынан түсiрген дүние мүлiктердiң барлығын кедей-жатақ пен кембағалдарға таратып берiп отырған. Ал өзiне өле өлгенiнше жалғыз аттан басқа мал жинамаған.
Өткен ғасырдың елуiншi жылдарының аяғына таман өзi туылған ауылға келiп орныққанда жақын маңдағы бiр де бiр ауылға ұры түспейтiн болған. Бұған себеп — түн кезгiш сұғанақ қолды, арам пиғылды ұры-қарылар одан үрейлерi ұша
қорыққан. Әрi пiр тұтқан. Осыған байланысты олар харам ниеттерiмен Сүлеймен маңайына жолай алмаған. Осы үшiн де және мәрттiгi мен азаматтығын бағалап, жұрт оны “қарақшы” деп сүйiспеншiлiкпен атаған. Ал күйiнiшпен атайтындар...
Әмбе ел бiр адам туралы бiр пiкiрде ешуақытта болмаған. Әсiресе “жақсының артынан сөз ередi” дегендей, атағы шыққан адам төңiрегiнде қаңқу сөздер көп болады. Адамның шын болмыс-бiтiмiне көздерiн жеткiзуге өрелерi жетпейтiн надандар бiреудiң бойынан кемшiлiк iздеуге құмар болатыны бар емес пе. Сүлейменнiң даңқты iстерiнен гөрi пендешiлiгiн теруге құмбыл сондай жетесiздер ғой, тап өздерi одан зардап шеккендей, оны бiр құбыжыққа теңеп “күйiнетiндерi”. Бiрақ осы еңбекте баян етiлген Сүлейменнiң қам-қарекеттерi ондайлардың аузына құм құюға жетерлiк болар деп есептеймiз.
...Сонымен, бiз осы кiтабымызда Сүлеймен атты қаһарманымыздың қырық жасына дейiнгi шым-шытырық оқиғалар мен сергелдең жүрiске толы өмiрiн паш еттiк. Ендi оның қалған өмiрi қалай өттi деңiз. Менiң көп жылдар басшылық қызметте болған Үмбетәлiұлы Дүйсенбек деген жақын туыс ағам болатын. Сүлеймен қайтыс болар алдында сол кiсiнiң үйiнде болыпты. Дүйсекең сонда Сүлейменмен не жайында әңгiмелескенiн маған ауызба-ауыз айтқан едi. Осы әңгiменi толық жазып, хикаямызға нүкте қойсақ па деймiн. Қайран, ешқашан қамығуды бiлмейтiн құрыш жүректi ер Сүлеймен, сонда қатты жасыпты...
1967 жылдың қазан айының басы болатын. Мен Ленин ауданындағы “Қызылтаң” колхозында бастық едiм. Бiр күнi жұмыстан кештетiп үйге келсем жеңгең:
Сенi бағаналы берi үйде бiр дәу кiсi күтiп отыр. Түрi де сұмдық қорқынышты. Ойпырмай, мұндай дәу, әрi сұсты кiсiнi ешқашан көрген емеспiн. Өзiң танымасаң, ол маған тiптi бейтаныс, — дедi.
Үйге кiрсем, төрде теңкиiп Сүкең жамбастап жатыр. Менi көрген соң қорбаңдап, екi қолымен жер тiрей орнынан тұрды. Оны көрмегенiме бiраз болып едi. Қартайып қалыпты. Бiрақ баяғы нән денесi со күйi. Мен сәлемiмдi аяқтап үлгергенше:
Амансың ба, бауырым? — деп құшақтай алды. Алпамсадай денесiмен құшағына алып, жауырынымнан қапсыра құшақтап қысып жiбергенде, Құдай салмасын, сүйектерiм қытыр-қытыр ете қалды-ау. Маған мейiрiмi түсiп, жай ықыласпен құшағына қысқанына жаным шыға жаздаған мен, сол сәт “бұл кiсiден әлi қайрат қайтпаған екен-ау” деп ойладым.
Отырдық, Сүкең малдас құра, оң жағыма жайғасты. Ол кiсiнiң отырысының өзi ерен едi-ау. Сипаттап жеткiзе алмаймын. Күректей алақандары мен жас баланың бiлегiндей жуан, әрi ұзын саусақты қолдарын екi тiзесiне қойып бiраз уақыт хал- жағдай сұрасты. Мен де қалыспай одан жай-күй сұрастырып жатырмын. Сүкең әдеттегiдей асықпай сөйлейтiн мақамымен жауап қайтарып отырды.
Жеңгең дастарханды қайта жасады. Шай демдедi. Оны құя бергенде жеңгеңе:
Қазанға тамақ салып па едiң? — дедiм. Ол жауап бергенше, Сүкең сөзге араласты:
Қарағым, Дүйсенбек. “Жаман үйдi қонағы билейдi” деген болмасын. Оның үстiне “мейман ерте келмей ме, болмаса ертең келмей ме” деген сөз бар. Менiң кештетiп келгенiм былай тұрсын, сен өзiң де жұмыстан кеш оралдың. Сол үшiн де келiндi әуре етiп, ет-петке әрекеттендiрмей-ақ қой. Бағана келе сала, бұл жайында келiннiң өзiне де ескерткем. Шынымды айтсам, баяғыда бiр қойдың етiн бiр өзiм жейтiн маған осы күнi жатар алдында жеген ет батпай жүр. Түнiмен жүрегiмдi қыжылдатып, мазамды алады. Кәрiлiк таяйын деген шығар. Одан да келiн жеңiл-желпi тамақ iстей салсын. — Сүкең осыны айтып, сәл күлiмсiредi:
Дастарханыңа араласты деп айып етпе, iнiм. Өмiр бойы өз дегенiммен жүрген адаммын ғой. Соған сайып, кей-кейде ибалық дегендi де ұмытып кетем.
Мен оған әзiлмен жауаптадым:
Ойыңызды тура айтпасаңыз, дегенiңiздi iстетпесеңiз, сiз онда Сүлеймен қарақшы боласыз ба.
Оған күле қарап едiм, ол кiсi тiптi еңкiлдей күлдi.
Ой, Дүйсенбек-ай, Сүлейменнiң қарақшы деген ныспысы көрге кiргенiнде де қалмайтын шығар. Әй, осы, мен әлi ешкiмнен
ашып сұраған емен. Сенен сұрайыншы. Бұл жұрт, жоқ, мысалы, мына сен, менi неге, нелiктен қарақшы атайсыңдар?
Қапелiмде күмiлжiп кiбiртiктедiм де қалдым:
Кiм бiледi... Жұрт солай дегесiн... бiз де солай...
Соны айтқан жұртың бар болсын, — деп Сүкең дереу түнерген кейiпке ендi.
Оның мұндай кейпiн көрген соң оны ренжiтiп алдым ба деп iштей қатты састым. Көңiлiн не айтып жiбiтсем екен деп ойлап отырғанымда, Сүкең терең күрсiнiп, сөйлеп кеттi. Даусында ызғар жоқ. Үнi тым мұңды жанның даусындай боп, жұмсақ естiлдi.
“Құлан құдыққа құласа, құлағында көлбақа ойнайды” деген сөз бар-ә, Дүйсенбек? “Арыстан қартайса тышқанға күлкi” деген тағы бар. Баяғыда қауқарым мол кезде ешкiм бетiме ойнап болса да, шын болса да “қарақшысың” деп айта алмайтын. Қазiр құрдасым да, замандасым да, үлкен де, кiшi де ойнағансып, осы бiр тұрпайы, естiсем аза бойым қаза болатын сөздi бетiме былш еткiзiп айта беретiн болды. Дегенмен мен өзiмдi қарақшы санаған емеспiн. Iлкiде, жастық кезiмде аласапыран күндердi бастан өткерiп жүргенiмде адамға жақпайтын талай қылықты жасаған шығармын. Иә, жасағаным анық қой. Бiрақ оларды — өзiмдi, қала бердi өзге әлсiздер мен момындарды қорғау үшiн жасадым. Жасамасам болмады. Қайтейiн, тағдырыма әу баста сондай iстер жазылған шығар.
Сүкеңнiң сөзiне зейiн қоя тыңдаған мен, ол тоқтаған кезде әңгiменi ары қарай жалғастыру үшiн не айтарымды бiлмей, тағы дағдардым. Ол да бiрауық үнсiз отырды. Бiр кезде тамағын кенеп алды да сөйлей жөнелдi:
Бiлсең, Дүйсенбек, маған қарақшы деген ат жиырма үш жасымда жабысты. Жалғандықта көп нөкерiн маған қарсы айтақтатып, менi келемежге айналдырған орыс попының басын тамға салынған паруаз ағашпен ұрып, қақ жарып кеткен соң жұрт өзiмдi қарақшы атап кеттi. Расында, содан кейiн қырық жасқа дейiнгi өмiрiм ылғи дала тағысындай түзде өттi. Тауда басмашылармен, шаһарда адам жегiш жөйiттермен, опасыз қаскөйлермен алысқа түстiм. Бiр жерде жұртқа бекерден-бекерге
зәбiр көрсетiп жүрген мықтысымақтың атын естiсем болды, соны тiзерлетпейiнше, тыныштық таппайтынмын. Жайлы тұрмыс, жұмсақ көрпе маған жақпайтын. Әлi де сондаймын ғой. Қартайсам да қыранға ұқсап биiкке самғағым, көкжалға ұқсап дала кезiп кеткiм келiп тұрады. Осы мiнезiмдi әлi күнге дейiн өзiм де ұқпай келемiн. Сенсең, iнiм, мынау кең дүние маған тар болады да тұрады.
Соғыс басталған қырық бiрiншi жылы мен қырық үште едiм. Онда Тәшкенде тұрғаныммен, ешқандай жеке документiм болмайтын. Документiм болмағасын, еш жерде тiркеуде де жоқпын да. Соның кесiрiнен Тәшкен военкоматына “Менi соғысқа жiбер” деп қанша өтiнсем де, майданға жiбермей қойды. Бiр жағы — менiң түрiме қарап, “Сiз елуге таяп қалғансыз-ау. Елу жастағыларды соғысқа жiбере алмаймыз. Одан да соғыстағы майдангерлер үшiн осында еңбек етiңiз” деп дәл жасыма сенбедi. Сөйтiп, қан кешуге әбден үйренген мен, жат жерде өлiктерi қалған талай қандастарыммен бiрге соғысқа бара алмадым. Алай мен Тәшкендегi баскесерлер мен жөйттердi басып-жаншып, қаһарман атанғанша, сол соғысқа барып, жаумен аянбай ашық айқасып, батыр атанған мың есе тәуiр ме едi. Амал не, Ұлы Отан соғысының нәсiбiн Құдай маған таттырмады. Егер де сол соғыста сондағы ұран — “Ел үшiн”, “Сталин үшiн” деген аттанмен жауға шауып, мерт болсам, менiң күрделi ғұмырымды жете түсiнбегендiктен, ой-саналары ауыл қырынан аспайтын надан жел сөздiлер мен қорқақ бейпiл ауыздылар айтып жүрген “қарақшы” деген ныспым жоғалып, жұрт менi “Ел үшiн жанын қиған ер Сүлеймен” дер ме едi.
Осы сәт ол туралы көптен берi бағамдап жүрген ойымды
айтудың сәтi келдi. Сүкең сөзiн тоқтатып, кеседегi шайға қолын созғанда сол ойымды жайып салдым:
Сiз тегiн адам емессiз, Сүке. Арғы бабаңыз Төле биден бастап бергi аталарыңыздың барлығы әруақты кiсiлер болған. Бiрi шешен, бiрi би, бiрi батыр, бiрi бай едi. Солардан қалған рух пен қасиет жиылып кеп, бiр байлықтан басқасының бәрi өзiңiзге қонған-ау. Сонша қатерлi өмiр кешiп жүргенiңiзде, сiздi неге бiр тентек тасада тұрып атып кетпедi. Ұйықтап жатқаныңызда
бiр бұзық неге басыңызды шауып кетпедi? Осындай-осындай қауiптерден сiздi үнемi қорғап жүрген бiр киенiң болғаны да. Ондай кие, әруақты жандарда ғана болатыны аян.
Бүгiн Сүке, тым көңiлсiзсiз ғой. Бөтен жерде емес, iнiңiздiң үйiнде отырсыз. Бұрын үнемi қабағыңыз ашық жүретiн едi. Ашық-жарқын отырыңызшы. Өзiңiз шақырып келтiре алмайтын қонақсыз. Келгенiңiзге қуанып отырмын. Жадырап, өткен- кеткеннен сыр шертсеңiз тәуiр болар едi.
“Балықшы балығын, қойшы қойын айтады” дегендей, менде адам қызығарлық өткен шақ бар деймiсiң. Мен айтсам, кейбiр әңгiмелерiме төбе шашың тiк тұрады. Қарақшының айтатыны қарақшылық жортуылдан басқа не болсын.
Сiз, Сүке, жұрт жек көретiн қарақшы емессiз. Бiле бiлсеңiз, сiз күллi халықтың сүйiктi тұлғасысыз. Iсi лас, тiрлiгi нас, жаман қарақшыны жұрт сыйламас-ты. Ал, сiз, қарақшы деген атпен зор даңққа бөленiп, сол атақпен қошаметтi өмiр сүрдiңiз. Елдiң өзiңiзге деген iлтипаты өзгеше. Осыған шүкiр деңiз.
Е-е, Дүйсенбек, жұрттың бәрiнiң түсiнiгi сенiкiндей деймiсiң. Жасым ұлғайған сайын өткенiме көп көз жiберiп, өмiрiмнiң бiрталай кезеңiне өкiнiш бiлдiрiп, түн ұйқымның төрт бөлiнетiнi бар. Неге сонша сергелдең өмiрге құмар болғаныма таңмын. Таң бола тұрып, “басқаша өмiр сүре алмас едiм-ау бәрiбiр” деген ой туады тағы. Менi қынжылтатын, ылғи маза бермейтiн бiр ой бар. Мына жалғанда кiм мәңгiлiк дейсiң. Мен де кетермiн бiр күнi. Бiр күнi емес-ау, сол ажал қап-қара болып, кешелi берi жаныма таяп-таяп келiп жүргендей... Иә, құрғыр ажалдан кiм құтылған? Ол тап келсе, артымда не қалды, соны ойлап мазаланам. Ел не айтады мен жайында. Ұрпақтарым кiм болды дейдi? Менiң ешкiмнiң басынғанын көтере алмайтын биiк көкiрегiмдi, ешкiмге намысымды жiбермейтiн өршiл жүрегiмнiң сырын кейiнгiлер ұға ала ма? Әлде майда-шүйде ұры-қарыларға бас болған, талайдың түбiне жеткен қанiшердiң нағыз өзi болған дер ме?
Мен Сүкеңнiң мұң торлаған көңiлiн серпiлткiм келдi. Ол үшiн оның қуанышпен еске алатын естелiктерiн қозғайын дедiм:
Осы, Сүке, сiз сотталғанда, болмаса ұсталғанда, өмiрi мiлисалардың алдында жүрмейтiн едi деген қауесет бар. Сол рас па?
Ол менiң ойымды сезгендей:
Сен көңiлiмдi көтерейiн деп отырсың-ау деймiн, — дедi. — Сосын сәл жымиды. — Оның рас. Қай кезде де мiлисалар менiң алдымда жүретiн. Мен қашпай, олардың соңынан ерiп, баратын жерге iлесiп баратынмын.
Сiзде алтын көп болған дейдi...
Болды. 1930-40 жылдары Тәшкенде не нәрсе болмайтын. Ондағы өмiр бiздiң дала мен тау қазақтарының өмiрiнен тым басқаша едi. Алтыны көп байлар да мол-ды. Талай бай, алдымызда кiнәлi болған талай белсендi кей кезде бiзге алтын берiп құтылатын. Бiрақ сол алтындардың қызығын өз басым көрген емеспiн. Кейiн Бекаба деген жөйiттi өлтiрген кезiмде де бес-алты қадақ алтын олжалағам. Тағай деген досым оны Тәшкен саудагерлерiне сатып, көп ақша жинап бердi. Ал ақшаны кембағалдарға тараттым.
Кейбiр ұрылардың Өзбекстаннан, Қырғызстаннан айдап келген жылқыларын тартып алып, ауыл-ауылдарға таратқаныңыз да шындық қой.
Иә.
Кавказдықтардың өзiңiзбен аттас бiр дәуiн ұрып-жығып, келiмсектердiң екi аяқтарын бiр етiкке тығып қойғаныңыз жайында да есiтiп едiм. Сол оқиға қай жылы және қалай болған едi?
Мен елу жетiншi жылға дейiн Тәшкенде тұрдым. Бiрақ ауық- ауық елге соғып тұратынмын. Елу төртiншi жылы жазда ауылға келсем, елдегi бiраз жұрт маған олардан көрiп жүрген зәбiрлерiн айтты. Сөйтсем, олар жиылып алып, қазақтарға тыныштық бермейдi екен. Малдарын ұрлағандары былай тұрсын, базарлар мен көшелерде ашық түрде әлiмжеттiк жасап, онша-мұнша зат- бұйымдарын тартып алады екен. Мұндайды естiген мен, сiрә, шыдап тұрам ба? Жексенбi күнi Ленгiрдiң мал базарына сондай зорлықшылардың белсендiлерi түгел жиналатынын бiлген соң сонда бардым. Бiр мықтысынан бастап, оншақтысын жайратып салдым. “Бұдан былай бiр қазаққа тигендерiңдi естиiн, бәрiңдi бүгiнгiден бетер етемiн” дедiм.
Алайда олар жүдә кекшiл ғой. Тағы топтанып алса, бас бермейтiн бұзық. Менен жеңiлгеннен кейiн тыныш жүрмей, сонау Қарағандыдан өздерi пiр тұтатын бiр дәуiн шақыртыпты. Соны құлағым шалғасын, Тәшкенге қайтпай, әлгiнi күттiм. Арада он бес күндей өткенде, бiреуi келiп: “Бiздiң Қарағандыдан келген дәуiмiз саған екi күннен соң Ленгiрдегi базарға келсiн” — деп айтты”, — дедi. «Батыр болса, қарусыз, пышақсыз болсын» дептi тағы. Бардым. Базар ортасында шешендер топырлап тұр. Ортасындағы бiреудiң тұлғасы бөлек. Құдды Сiбiрдегi қара Ибан сияқты. Өздерiнiң күткен адамы мен екенiмдi бiлгесiн, қолын берiп танысты. Оның да аты — Сүлеймен екен. Бiрден қалай төбелесетiнiмiздi және жасымды сұрады. Менен екi жас үлкен екенiн бiлгесiн: “Бiр-бiрден ғана ұрысайық. Кiм орнынан тұрмай қалса, сол жеңiлген болады. Жеңiлген адам жеңгеннiң уәжiнде тұрсын”, — дедiм. “Жарайды, бiрiншi болып қайсымыз ұрамыз?”,
дедi ол. “Сенiң жасың үлкен екен, әрi қонақсың. Сондықтан да бiрiншi кезектi саған бердiм”, — дедiм.
Екеумiз топтан бөлiнiп, базар ортасына шықтық. Ол оң қолын ары-берi айналдырып, бiраз дайындалып алды да, құлақшекемнен қойып қалды. Көптен берi мұндай дүлей соққыны көрген жоқ едiм. Көзiм тұманданып, талықсыған күй кештiм. Бiр жағыма қарай үш-төрт қадам тәлтiректедiм-ау деймiн. Бiрақ құламадым. Аздан соң өз-өзiме келдiм. Қатты соққы тисе қатты көтерiлетiн ашуым басыма шықты. “Әй, нәлетi! Ендi сен тұр! Қазақ қаһармандары, әсiресе мына мен сияқты қаһарман ешкiмге әруағын таптаттырған емес!” — деп құлақ үстiнен аямай бiр ұрдым. Ол цементтелген жалпақ базар лавкасынан ары асып, жерге бүк түстi. Қайтып тұра алмады. Жанындағыларын да тағы қырып салар едiм. Бiрақ мен өздерiне бұрыла бергенiмде, олар қаша жөнелдi. Қанша дегенмен елу беске келiп, шау тартып қалған шағым ғой, қуып жете алмайтынымды бiлгесiн, соңдарынан түспедiм.
Кейiн есiттiм, жаңағы Сүлеймен сол құлағанынан адам қатарына қайта қосылмапты. Сiрә, миына қан құйылып кетсе керек, бiр қолы мен бiр аяғы iстемей, тiлi де сөзге жөндi келмей, көп жыл төсек тартып жатыпты.
Жалпы, Сүлеймен деген атты иеленгендер мықты бола ма, қайдам, Қырғызстанда да бiр Сүлеймен деген дәумен алысуыма тура келген. Бұл осыдан жетi-сегiз жыл бұрын болған-ды. Жас та болса, “Қабылан қарақшы” атанып жүрген Көкiбелдегi бағыс Алпыс бiр күнi маған келiп: “Бүршiмуллада бiр қыпшақ ортағым бар едi, соны және iнiсiн Ош жақтан келген қырғыздың Сүлеймен деген шоңы өлiмшi етiп ұрыпты да, он жетi жасар қарындасын тартып әкетiптi. Сүлейменге дау сала баруға жалғыз болып тұрмын. Бiрге барып, әлгiден құн алып қайтайық та”, — дедi. Алпысқа келсем де, бiреудiң бiреуге көрсеткен зорлығына шыдамайтын әдетiм әлi қалған емес-тi. Оның үстiне Алпыс қарақшыны туған iнiмдей көрiп, қатты сыйлайтынмын. Ол өзi алған бетiнен қайтпайтын нағыз жаужүрек нарқасқа-тын. Сөзiн жерге тастамай, атпен тау асып, Ошқа бардық. Iздеп жүрiп, әлгi Сүлеймендi таптық. Анықтап айтқанда, бiр көкпардың үстiнде кездестiк. Жасы менен он жастай кiшi екен. Неге келгенiмiздi бiлген соң, бiрден шаптығып шыға келдi. Нойыстың мiнезi жаман екен. “Сен екеуiң өлiктерiң қырғыз тастарының астында қалсын деп келдiңдер ме? Бүкiл елдi шулатып, әркiмнiң жоғын жоқтаушы атанған Сүлеймен дегенiң мынау ма? Алдымен осыны ат тұяғына таптаттырайын, одан соң Алпыс, сенiң өлiгiңдi көмусiз қалдырамын” — деп Алпысқа дiк-дiк еттi. Дiкiлдегенi аздай, маған тұра шауып, ат үстiнде бос отырған маған шапшаң қимылмен шап берiп, әп-сәтте оң қолымды тақымына басып алмасы бар ма. Өзi сияқты дәу аты оның тақым қағысына үйренiп қалған ба, менiң қолым үзеңгi астына қалай түстi, солай алға қарай шаба кеттi. Мен атыммен бiрге сүйретiлiп кете бардым. Сол қолыммен ананың бiр жерiнен ұстап алайын десем, найсап, қамшысымен бас-көз демей төбелеп, басымды көтертпедi. “Әй, еркек болсаң, бұлай қатындық iс қылма. Ашық күреске шық” деп айқайлап келем. Ол тыңдар емес. Тақым астындағы оң қолым зырқылдап, сынар халге жеткенде, бар даусыммен “жiбер” деп айқай салдым. Қатты даусымнан ол селк еттi де, тақымын бiр сәт босаңсытып алды. Осыны пайдаланып, тақымынан қолымды суырып алдым да, тура желкесiне жабыстым. Сол күйi атынан аунатып түсiрдiм. Құдай салмасын, сонда екеумiз жарты сағаттай
алыстық. Ақырында қан-жоса етiп, таяқтап тастадым. Екi күннен соң Алпыстың ортағын ұрғаны және қызды зорлап алып кеткенi үшiн он жылқы айып төлеп, бiзден әзер құтылды.
Сiздi Қажымұқанмен белдестi дей ме?..
Қырық алтыншы жылы Қаратауда жүргенiмде Қажымұқан Шаянға келiп, өнер көрсетедi екен дегендi есiтiп, арнайы iздеп бардым. Жарықтық, жетпiс беске келсе де, тұғырдан таймаған саңлақ екен. Менi белдесуге шақырды. Жарты сағаттай бiр- бiрiмiздi ырғасып тұрдық. Ол айтты: “Әттең-ай, жас кезiңде маған неге кездеспедiң? Мен сенi өзiмнен күштi балуан етер едiм-ау”, — деп.
Екi күн бiрге болдық. Менiң тау-тас кезген сергелдең өмiрiмдi есiтiп, құдды бiр туған әкемдей қатты торықты. “Мен өмiр бойы өзiммен күшi теңдес келетiн қазақ жiгiтiн iздеп таппап едiм. Сондай жiгiт — сен, тау-тас кезiп, башмашылармен айқасып жүрiпсiң-ау. Әттең-ай, әттең, екiнiң бiрiне қона бермейтiн бұла қара күш өзiңдi тапқан-ақ екен-ау. Бiрақ, қап, соны балуандыққа жұмсағаныңда ғой”, — деп күрсiндi.
Қанша рет ажалдан қалдыңыз?
Ой, менi өлтiрем деушiлер көп болды. Мана сен айтқандай, үнемi бiр әруақтың арқасында аман қалып жүрдiм. Саған бiр құпиямды айтайын. Бұрындары басыма аса қатерлi қауiп төнген кезде көзiме көрiнетiн ақбоз атты, қара киiмдi шал бiр көрiнетiн. Сол көрiнсе болды, ылғи жеңiске жететiнмiн. Көрiнбегенiне талай жыл өтiп едi... Бағана осында келе жатқанымда, ол маған тағы да көрiндi. Сонау Қазы-ғұрттың басынан ұшып шықты да, тура қарсы алдыма келiп, бiраз тұрды. Сосын аспанға тiк көтерiлiп, тым биiкке самғап кеттi. Соның кiм екенiн күнi бүгiнге дейiн түсiне алмадым. Бүгiн көрiнгенде көңiлiм бiрден пәс тартты. Содан әлi серпiле алмай отырмын.
Оның көңiлiн басқа нәрсеге аударайын деген оймен тағы сұрақ қойдым:
Тәшкендегi шайханада молданы сойғаныңызды айтып берiңiзшi.
Ол мақтаныш ететiн әңгiме емес. Менде бiр үлкен күнә болса, сол iсiм маңдайыма аса үлкен күнә болып жазылып қалған
шығар. Ол дәйiстi өлтiрем деп өлтiрдi дейсiң бе. Өзiнен болды. Отыз сегiзiншi жылы, яки тура қырық жасқа толған шағымда Қоңырбөрiктен он жетi жасар қыз алдым. Арада үш ай өткенде Жайқынбайдың Құлтаны колхоздан ұрланған малдарды менен көрiп, жаламен үш жылға соттатып жiбердi. Сотталып бара жатып Құлтанға айттым: “Үш жыл емес, мен үш-ақ ай отырамын. Келген күнi сенiң басыңды аламын”, — дедiм. Алатын едiм. Егер сол молданың қылығы болмағанда...
Сөзiңiздi бөлейiн, Сүке. Сiз қанша рет сотталсаңыз да және қанша жылға кесiлсеңiз де, үш айдан артық отырмағанға
ұқсайсыз. Осының сыры неде?
Бұл да хақиқат нәрсе. Әйтеуiр бiр амалын тауып шығып кететiнмiн. Оның үстiне артымда менi жоқтайтын адамдарым көп едi. Түрме бастықтарының бәрi ақшаға сатылатын.
Ендi жаңағы әңгiмеңiздi жалғастырсаңыз.
Содан айтқанымдай, үш айдан кейiн ауылға оралдым. Келсем, жас қатыным жоқ. Ауылда сол кезде Тәшкен жақтан келген бiр сарт молда имамдық жасап жүретiн. Сол молда мен түрмеге кеткен соң әйелiмдi: “Байың ендi келмейдi. Өкiмет оны атып тастайды. Сен жас кезiңде теңiңдi тауып ал” деп әбден айналдырып, қапалдағы қатыны өлген бiреуге бiр бұзаулы сиырға сатып жiберiптi. Молда айтқан соң жазғанда шара бар ма? Айтқанына көнiп, кете барған ғой.
Ол кәззәп, молданы айтам да, ауылға келе жатқанымды есiтiп, үйi мен бала-шағаларын тастай сап, қашып кетiптi. Жаңағы оқиғаны ағайындардан естiген мен, қапалдағы қатынымды iздеп бардым. Байы да, өзi де қорыққандарынан сөйлеуге тiлдерi шықпай, отырып қалды. Мен хақиқатты бiлген соң оларға жақсылық тiледiм де, әлгi молданы iздеуге шықтым. Ой, сондағы ашуланғанымды көрсең. Ондай кезде менi ешкiм ұстай алмайды. Содан молданың соңынан Тәшкен бардым. Танитындардан сұрастырып жүрiп, оның Хожентке кеткенiн есiттiм. Хожентке барсам, ол Ошқа қашыпты. Найсап, өзiн iздеп келе жатқанымды күнi бұрын бiлiп қоя ма, қай жерге барсам да, орнын сипап қаламын.
Қойшы, сонымен, бүкiл Өзбекстан мен Тәжiкстанды бес ай адақтап, молданы қолға түсiре алмадым. Арада бiр жыл өткенде оған деген ашуым басылып, ол уақиғаны ұмытқандай едiм. Бiр күнi жазға салым Тәшкендегi Әстi имам мешiтiнiң шайханасына барып қалсам, әлгi сабаз қақ төрдегi нар үстiнде шәй iшiп отыр. Менi көрiп, тiл-ауыздан айырылды. Ал менiң басылып қалған ашуым бұрқ етiп қайта көтерiлiп кетпесi бар ма? Шынымды айтсам, ол ашу — анау жас қатынымды қызғанғаннан көтерiлетiн...
Көрген сәтте-ақ әлгi молдаға жетiп бардым да, сол жағын ала малдас құрдым. “Қалай, пiрiм, амансың ба?” деп едiм, тiлi жұтылғырдың сөйлеуге шамасы келмей, басын изеген болды. Мен шайханашыны шақырып, екi табақ палау мен екi бөтелке арақ әкелуiн өтiндiм. Ол аталған нәрселердi заматта әкелдi. “Же!”
дедiм молдаға палауды көрсетiп. Қатты әбiржiген ол, екi табақ палауды да апыл-ғұпыл жеп қойды. Оны жеп болғанда бөтелкенiң бiрiн ашып, кесеге толтыра құйдым да, “Iш!” — дедiм. Сорлы қорыққанынан кесе тола арақты сiмiрiп салды. Екiншiсiн де сөйттi. Содан маған бiр, жанын солар сақтап қалатындай айналада толып отырған жұртқа бiр, алақ-жұлақ қарады. “Болдың ба?” — деп сұрадым мен. Ол басын изедi. “Болсаң, иманыңды үйiр”, — дедiм де, қонышымдағы ұзын екi жүздi қанжарымды суырып алып, әлгiнiң басын тiземе бастым да, тамағынан орып-орып жiбердiм. Орғаным былай тұрсын, қой бауыздағандай тамағын осып, басын кесiп алдым да, шайхананың ортасына лақтырып жiбердiм. Мойнынан қаны атқылаған бассыз дене орнынан ұшып тұрды да, екi-үш қадам жасап, нардан аунап түстi.
Ой, сондағы шайханадағы жұрттың дүрлiккенiн көрсең. Бiреулерi тесiкке, бiреулерi есiкке қарай қашты. Лап етiп, бiрден қашқандары сондай, есiк пен тесiкке бiразы кептелiп, сыртқа шығып кетуге мұршалары болмай, бiрiнiң үстiн бiрi басты. “Ей, сендердiң ешқайсыларыңа тимеймiн. Неге қашасыңдар?!” — деп айқайласам да, құлақ асар бiрi жоқ. Екi шайханшық сарт көмiр салатын үлкен жәшiкке кiрiп тығылып жатыр. Оларға да “қорықпаңдар”, — деп айқайладым. Есi кеткен екеуi жәшiкке түсiп алып, үстерiнен қақпағын жауып алды.
Бұл уақиға осылай болған. Көп кешiкпей он бесшақты мiлиса келдi. Соңдарынан ерiп, мiлисаханаға бардым. Сол жолы тағы да үш жылға сотталдым. Бiрақ тағы үш-ақ ай отырдым. Иә, Дүйсенбек, жұрт аңыз қылып айтатын бұл қылығым ерлiк емес. Осы үшiн өмiр бойы өкiнiп келемiн. Жалпы, атыс-шабыспен өткен бар өмiрiме өкiнемiн. Десем де, момынның мүддесi үшiн күрескенiмдi ойлап, сәл жеңiлденем.
Соншама қауiп-қатердi бастан өткерiп жүргенiңiзде, қорыққан кезiңiз болды ма?
Қорқу, үрку деген — маған жат нәрсе. Тiптi оның не екенiн осы жасыма дейiн бiлмеймiн. Ешнәрседен қобалжып, сескенген емен. Дегенмен бiр рет қатты абыржығам. Бекаба жөйiттi көрген кезде. Өйткенi ол маған адам емес, мақұлық тектес болып көрiнген. Әрi қарусыз едiм.
Елге қылған жақсылығыңыз да аз болмады-ау...
Жақсы адам жасаған жақсылығын айтпайды. Ондайым болса, оны көргендер айта жүрер.
Ашығын айтсам, сiздi бiреулер шын қаһарман ретiнде сыйлайды, ал кейбiреу қорыққанынан асты-үстiңiзге түседi. Сайып айтқанда, қай жерге барсаңыз да, төр сiздiкi. Ал ендi сiз өзiңiз бұрынғы өткен кiсiлердiң қайсыларын құрметтедiңiз. Қазiргi қариялар мен жастар арасында сыйлайтындарыңыз бар ма?
Iлгергi қариялардан айтсам, Ордабек болыс пен Естемес, Досалы билердi қатты құрметтедiм. Ондай тектi жаратылған адамдарды қанша жерлердi шарласам да көрген емеспiн. Сиқымдағы Құлажан мен Нұржандай, шегiрдегi Сыдықтай шабандоздар ендi қайтып туылмайды. Парманқұл мен Қараман сияқты ержүректер өмiрге келмейдi ендi. Бауыржан Момышұлымен де талай табақтас болдым. Ол да қазақ маңдайына бiткен ерен тұлға. Қазiргi қариялардан өзiңнiң туысың, көсемсөздi Аманкелдiнiң Садығы мен Ұлтанбектiң Бекмырзасы, өз жақыным Шаңбай дәу, Нарымбеттiң Тұрғанбегi, ауылдағы Жолдықара балуан, сiргелi қайшылыдағы суырып салма ақын Ырыспанбеттiң Ыбрайы жаныма жақын адамдар. Жастардан өзiңнен бастап iнiмдей жақсы көретiн бiраз жiгiттер бар…
Бұдан кейiн де мен көп сұрақ бердiм. Сүкең бәрiне қысқа, әрi нақты жауап бердi. Түнгi сағат он екiден асқанда көсiле сөйлей бастады. Содан таңғы сағат төртке дейiн тоқтамады. Сонда өткен өмiрiнiң бәрiн бәрiн айтып өттi десем де болады. Әр әңгiмесiн өкiнiшпен аяқтап, қайта-қайта күрсiндi. Торығып отырып, сыр айтты. Сiбiр түрмесiнде қаза болған жас кезiндегi достары — Төрекелдi, Аязбек, Ажандарды еске алып, аһ ұрдi. Оның сол түнi неге сонша iштей ауыр күйзелiстi бастан кешiрiп отырғанының мәнiсiн ұқпаппын.
Сағат таңғы беске таяғанда жатуға ыңғайландық. Сүкең тысқа шығып келдi. Реңi күреңiтiп, бiртүрлi қобалжыған кейiппен кiрдi үйге. Кiре сала:
Дүйсенбек, жаңа далаға шықсам, ақбоз атты, қара киiмдi елес— шалым тура сенiң есiк алдыңда тұр. Бұрын көрiнгенде ылғи күлушi едi. Ал бүгiн қабағы қатулы. Маған қолымен аспанды көрсеттi де, өзi көкке көтерiлiп, зым-зия болды. Бүгiндiкке осылай екi рет көрiндi. Дұшпан арасында, жау iшiнде отырған жоқпын... Неге қайта-қайта келе бердi екен ол? — дедi.
Мен ештеңе дей алмадым. Салынған қатар төсекке қисайдық. Ұйықтай алмадым. Сүкең де ояу жатты. Қайта-қайта Алланы аузына алып, жиi-жиi күрсiндi.
Таңертең сағат жетiде колхоздың таңғы нарядына баруым керек болғасын, үйден алты жарымда шығып кеттiм. Мен кеткенде Сүкең де тұрып, киiнiп жатқан-ды. Содан нарядты өткiзiп, колхоздағы басқарма мүшелерiне қажеттi тапсырмалар берiп, сағат тоғыздан аса үйге келдiм. Сүкең есiк алдында отыр екен.
Ерте келгенiң жақсы болды. Маған машина тауып берсең болар едi. Шыршықтағы екiншi жеңгеңдi көрiп қайтсам деп едiм.
Сiз үшiн бәрi дайын, Сүке. Шайланып алайық та. Қырқыншы жылдардан кейiн еш жерде жұмыс iстемесе де,
Сүкең атақ-даңқының арқасында өз несiбесiн өзi тапқан. Ал, соңғы кездерi оны ел асырап жүргенiн бiлетiнмiн. Оның түрлi деңгейдегi хатшылар мен бастықтардың, сот төрағалары мен прокурорлардың, совхоз директорларының үйлерiне қонаққа баратынын да бiлем. Даңқты Сүкеңнiң үйлерiне неге келгенiн
әлгi кiсiлер айтқызбай-ақ сезедi. Әлбетте, Сүкең өзi ешқашан ештеңе сұрамайды. Әлгiндей кiсiлер оны разы етуге өздерi ықыластанады.
Бiршама уақыттан соң Сүкеңе шапан-шаттығын жауып, колхоздың “ЗИС” маркалы жүк машинасын арнайы бөлдiрiп, шопырға оны баратын жерiне дейiн апарып тастауды тапсырдым. Машина кабинасына зорға сыйған Сүкең кетерде:
Дүйсенбек, биыл алпыс тоғызға келдiм. Он алты жас-қа дейiнгi өмiрiмдi есептемегенде, қалған ғұмырымның барлығы дала мен тау арасында қыран сияқты қалықтаумен өттi. Осыған орай кейде ойлаймын, ажал маған үйде емес, далада тап болады- ау деп. Қош болғайсың. Бұрындары кездескен кездерiмiзде артық-кем қылық көрсетiп, ағат сөйлеген жерiм болса кешкейсiң, iнiм, — дедi.
Сiз маған ешқашан әбестiк көрсеткен емессiз, Сүке, — деппiн аузыма басқа сөз түспей.
Ол аттанып кеттi. Мен кеңсеге келдiм. Кабинетке кiрiп жайғаса бергенiмде, мана Сүкеңдi алып кеткен машинаның шопыры кiрдi алқынып. Жүрегiм бiр жаманшылықты сезгендей:
Не болды? Сүкең қайда? — дедiм абдырап.
Ол кiсi жолда... Анау қыр басына шыға бергенiмiзде бiрден жүрегi тоқтап... жүрiп кеттi... — дедi ол ентiгiн баса алмай.
Асып-сасқан мен кеңсенiң бiрталай қызметкерiн алып, “ЗИС” тұрған қырға бардым. Сүкең кабинада шалқайып отыр. Реңi боп-боз. Демi жоқ. Сол қолы рөл үстiнде жатыр. Рөлдiң бiр шетi майысып қалыпты. Жарықтық, жүрегi тоқтап бара жатқанда соңғы рет ышқынып, рөлдi бiр ұрса керек. Рөл құрыш темiрден жасалған ғой. Оны дәу балғамен ұрып әзер майыстырасың. Ал Сүкеңнiң соққысы...
Мiне, Сүкең осылай дүниеден өтiп едi...
...Бұл күндерi ел арасында Сүлеймен туралы естелiктер жылдар саңлауынан сығалап жеткен аңыздардай жаңғырып тұр. Бiрақ сол аңызға айналған қаһарман бейне туралы естелiктер жыл өткен сайын көмескiленгендей ме, қалай, бүгiнгi ұрпақ оның қарақшы деген атынан басқа нақты кiм болғанынан бейхабар
болып барады. Осы еңбек оның қандай тұлға болғанын сiздерге, құрметтi оқырман, айқындап берген де болар.
...Көзi кетсе де, атқарған iсi ауыздан кетпеген, бiртуар қаһарман тектi ер Сүлеймен, сенiң де есiмiң тарихта жүрсiн!..
МАЗМҰНЫ
БIРIНШI БӨЛIМ 3
ЕКIНШI БӨЛIМ 88
ҮШIНШI БӨЛIМ 245
ТӨРТIНШI БӨЛIМ 421
ЭПИЛОГ ОРНЫНА 536
Момбек Әбдіәкімұлы
СҮЛЕЙМЕН ҚАРАҚШЫ
Корректор
Мақпал Қалдыбекқызы
Дизайнер
Азамат Санкибаев
Мұқаба дизайны
Атаберді Кочербаев
Таралымы 2000 дана
Достарыңызбен бөлісу: |