Тапсырма: «Қауымының» сөзін буынға бөліп жазыңдар
Өздік диктант
НАУРЫЗ
Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі, мәселен, Үндістан, Иран, Ауған, Бұхар, Кавказ Түркістандықтар да мейрам етеді. Бірақ бәрін салыстырғанда, Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі – айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, наурыздың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса көңіліне шаттық беретін анық.
(М. Дулатов.) (61 сөз)
Тапсырма: Бітеу буынды сөздерді теріп жазыңдар
Бақылау диктанты
ОРМАН «САНИТАРЫ»
Тоқылдақ — орманның қанатты достарының бірі. Бұл құс ағашқа өрмелеп тіршілік етуге бейімделген. Тұмсығы қашау сиякты, табандары қысқа, тырнақтары ішіне қарай кіріп, ал сыртқы саусағы арт жағына қарай қайырылып тұрады. Қашау рөлін атқаратын тұмсығының жәрдемімен олар ағаштарды ойып, ұя жасайды және ағаш қабығының астындағы ұсақ жәндік, шыбын-шіркейлерді теріп жейді. Күз бен қыста оларға қылқан жапырақты ағаштардың жаңғағы, бүрі жем болады. Орманшылар тоқылдақты орман "санитары" деп атайды. Өйткені, олардың біреуі тәуліғіне 700-ге жуық зиянкестерді құртады. Сонымен қатар тоқылдақтар тек зиянкес жәндіктері бар ағаштардың діңін ғана ойып, сонда ұя салады. Мұның өзі орманшыға қандай ағаштың зақымданғанын және оларды сақтап қалуға дереу шара қолдану керектігін дер кезінде ескертеді.
Халық айтатын: «Ит — аңшы үшін, тоқылдақ — орман үшін» деген сөздің мәні осыдан шықса керек. Алматы қорығында бұл құстың саны жылдан-жылға артып келеді. Табиғат байлықтарын қорғауға алудың нәтижесі деп осыны айтуға болады.
(«Зерде» журналынан.) (134 сөз.)
Грамматикалық тапсырма: Асты сызылған сөздерді сөз құрамына талдаңдар.
Бақылау диктанты
ТАРИХ АҚТАДЫ
Ахмет Байтұрсынов 1872 жылы бұрынғы Торғай облысы, Торғай уезінде туган.
Ахмет Байтұрсынов еңбек жолын бала оқытудан бастаған. Қар-қаралыда оқытушы болып жүріп, патша үкіметінің отарлау саяса-тына қарсы шығады. Сол үшін оны түрмеге жабады. 12 жыл айдауда жүреді. Бірақ ол алған бетінен қайтпайды. Барлық жастық, саналы өмірін халқын отарлықтан құтқаруға сарп етті. Бас көтеруге, бостандық үшін күресуге шақырады. Үгіт жүргізеді.
Ахмет Байтұрсынов қазақ әдебиеті мен мәдениетін зерттеуші, Қазақстан ғылымын алғашқы ұйымдастырушылардың бірі болды.
«Ұлтшыл, халық жауы» деген жала жабылып, сталиндік режімнің құрбаны болды.
Ахмет Байтұрсыновты тарих ақтады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Тіл білімі институтына Ахмет Байтұрсынов есімі берілді.
(Р. Сыздықова.) (95 сөз.)
Достарыңызбен бөлісу: |