Дінмұхамед Ахметұлы арқасында Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғары деңгейде дамыды. Бүкілодақтық көлем бойынша мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның70%-ынан астамы, мырыштың 40%-ынан астамы қазақ жерінде өндірілді. Өскемен қорғасын-мырыш және титан-магний комбинаттары, Соколов-Сарыбай мен Лисаков кен-байыту комбинаттары, Жезқазған мен Балқаш таукен-металлургия комбинаттары, Ермаков пен Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары іске қосылып, Ақтөбе қаласындағы шығарылған хром кенінің көлемі артты.
Д.А.Қонаев металл өңдеу және көлік жасау салаларында өндіріс тиімділігін арттырып, Өскемен, Орал, Қарағанды, Петропавл, Шымкент, Алматы қалаларында көлік жасау зауыттары құрылды. Алматы ауыр машина жасау зауыты шығарған өнім әлемнің 40-тан астам мемлекетіне таралды. Қазақ жерінің аумағында көмір мен мұнай кен орындары ашылып, Қазақстан отын-энергетика өнеркәсібінің ірі орталығына айналды. Тараз және Шымкент қалаларында орналасқан комбинаттар сары фосфор өндіру бойынша әлемде бірінші орында болды.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бастамасы бойынша қазақ жерінің сол кездегі астанасы Алматы қаласында Үкімет үйі, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің ғимараты, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының ғимараты тұрғызылды. Қала көшелерінің саны артып, жаңа тұрғын үйлер салынып, 12 ықшам аудан ашылды. Мектеп пен бала-бақша ғимараттарының құрылысы басталып, Оқушылар сарайы жас өнерпаздарға есігін айқара ашты. Республика Сарайы, Спорт және Мәдениет Сарайы, «Медеу» спорт кешені, Ұлттық Кітапхана, цирк сынды мәдениет, білім және спорт нысандары бой көтерді. Авто, аэро және темір жол вокзалдары, әуежай, «Алматы», «Отырар», «Жетісу», «Алатау», «Достық», «Қазақстан» қонақүйлері салынып, қала көркін ашты.
Қазақстанның қуатты аграрлы-индустриалды мемлекет ретінде қалыптасуында Д.А.Қонаевтың сіңірген еңбегі ерекше. Д.А.Қонаевтың билігі кезеңінде Өскемендегі қорғасын-мырыш жəне титан- магний, Соколов-Сарыбай, Лисаков, Балқаш, Жезқазған тау-кен-металлургия комбинаттары кұрылды жəне дамыды. Оның көмегімен химия, метталлургия институттары ашылды..