Дін қазіргі заманғы адам мен қоғамның рухани өмірінде ерекше орын алады. Кеңестік таптық идеология үстемдік құрған жылдары дін біржақты зерттелгені белгілі. Діннің соңғы жылдары қарқынды дамуы, қоғамда діни сенімді қабылдаушылардың санының көптеп артуы дінді жан-жақты зерттеуді қажет етті және бұл бағыттағы жұмыстар табысты жүргізіліп отыр. Мысалы, дінді тарих, әлеуметтану, мәдениеттану, саясаттану, философия және тағы басқа ғылымдар өз ғылымдары деңгейінен, әр түрлі аспектілерде зерттеуде.
Діннің анықтамасы: қасиеттілік, құдайылық - абсолютті бастаудың, Құдайдың бар екендігінен туындайтын және соған сәйкес мінез-құлық, өмір сүру тәртібін, өмір салтын қалыптастыратын көзқарас, дүниетаным; адамға күш беретін, тірек болатын, өзіне табындыратын тылсым күшпен байланыстылық және оған тәуелділік сезімі. Діннің дефинициясы жоғарғы күшке сенімі ретінде нақты емес. Діннің құдайға немесе құдайларға сенімі ретіндегі анықтамасы да тар болып табылады. Құдайдың барына сену, бірақ өміріңді онымен байланыстырмау. Мәселен, Эпикур құдайлардың барына күмәнданбаған, оларды мойындаған, сонымен бірге құдайлар адамдардың істеріне араласпаған және көп адамдар мен құдайлардың арасында байланыс болмаған деп түсіндіреді. Сонымен қоса болмыстың толықтығына сену (эмпирикалық Мен ішіндегі абсолютті Мен, әлеуметтік София, Құдай) діннің эгоцентрлік, социоцентрлік немесе космоцентрлік түсіндірудегі ортақ ядросы болып табылады.
Діннің даму сатылары да біртекті, біркелкі емес:
- табиғи дін - бұл кезенде табиғи күште құдайлар сияқты болып көрінді;
- зандық сипаттағы дін - діни қағидалар мен ережелерді бұлжытпай орындау талап етілді;
-ақталу діні, ол Құдайдың алдындағы күнәлілік, бүкіл болмыстың қасіреттілігі және Құдайдың мейірімділігі сезімінен туындайды.
Діни сана – жаратылыстан тыс күштерге, құдайга деген сеніммен туындайтын көзқарастардың, идеялардың, нанымдардың, теориялардың жиынтығы. Діни сананың құрылымына діни психология (діни идеялардың белгілі бір жүйесімен байланысты стихиялық түрде қалыптасатын түсінікгердің, сезімдердің, көңіл-күйлердің, әдет-дәстүрлердің жиынтығы) және діни идеология (діни идеялар жүйесі, оны қалыптастыру және тарату ісімен діни ұйымдар, дінбасылар, діни қызметшілер айналысады) кіреді. Діни идеологияның маңызды бөлігі болып теология есептеледі, ол құдай, оның қасиеттері, сапалары, белгілері туралы ілімнің жүйелі баяндалуы және негізделуі. Діни сенімге деген екі түрлі көзқарас бар. Атеистік көзқарас дін өмір шындығын бұрмалап, фантастикалық тұрғыдан түсіндіреді десе, дінді қолдаушылар оны нағыз ақиқат, танымның ең жоғарғы сатысы, адам өмірініндегі барлық сұрақтарға жауап бере алатын, қоғамдық сананың басқа формаларының бәрінен асып түсетін формасы деп тұжырымдайды. Қазіргі қоғамда екінші көзқарас басымырақ.
Діннің әлеуметтік тамырларымен қатар психологиялық тамырларын да атап кеткен дұрыс. Бұрын белгісіз, жаңа әлеуметтік өзгерістер, қатынастар, жағдайлар жеке адамның бойында да, қоғамда да жағымсыз эмоциялар тудыратыны күмәнсіз. Әрине, адамдардың бәрі бірдей дінге бас ұрмайды. Бірақ психологиялық-эмоциялық жағынан алғанда тұрақсыз, абстрактылық ойлауға, қиялға, әсірелеуге елестетуге көбірек бейім адам дінді тезірек қабылдайды. Діннің қызметтері кең:
1 әлеуметтік - дін қай заманда да қоғамдық процестердібасқару қоғамда тұрақтылық сақтау, ұлттық менталитет қалыптастыру қызметтерін атқарып отырды;
2 адамгершілік - дін жалпы адамзаттық моральдық қасиеттерді насихаттап, индивидтің адамгершілік келбетін өзгертуге үлесін қосады;
3 компенсаторлық- адам қиындық-дағдарысқа ұшыраған кезеңдерде дін көмекке келіп, қайырымсыз дүниені о дүниедегі мәңгілік бақытқа үмітпен алмастырады, адамға сенім-жігер, рухани күш береді.