Диплом жұмысы 9-сынып қазақ тілінің стилистикасын оқытудың әдіс-тәсілдері



бет11/21
Дата21.09.2023
өлшемі388,5 Kb.
#109480
түріДиплом
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21
Байланысты:
Дип.-9-сынып-қазақ-тілінің-стилистикасын-оқытудың-әдіс-тәсілдері

ЕКІНШІ ТАРАУ
9-СЫНЫПТА СТИЛИСТИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ.

9-сыныпта қазақ тілін оқыту бағдарламасының мазмұны бүгінгі таңда бұрынғыдан әлдеқайда өзгеше. Мұның басты себебі қазақ тілінің қазіргі қоғамдық мәнімен байланысты. Қай қоғамда да тіл проблемасы болатыны белгілі шындық десек, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін иеленуіне орай, шешімін табуға тиісті күрделі мәселелер әлі де баршылық. Бұл жағынан білім беру саласында да атқарылуға тиісті ауқымды істер жетерлік.


Жаңа буын оқулығының бағдарламасы да осы мақсатты көздейді, сондықтан да оқулық «Қазақ тілі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» тақырыбынан басталады да, ұлттық тіл, оның пайда болуы, тарихи кезеңдері сияқты танымдық тақырыптағы мәліметтермен жалғасады.
Дұрыс сөйлеп, сауатты жазу үшін, ең алдымен, қазақ тілінің заңдылықтарын үйреніп, айтылмақ ойды жазбаша түрде дәл әрі айқын етіп жеткізіп беру керек. Көркем әдебиет туындыларын мәнерлеп оқуды, іс қағаздарын мемлекеттік тілде толтыруды, ғылыми-зерттеу тілін, күнделікті ақпарат құралдарының зор мүмкіншіліктерін меңгеру қажет. Осыған орай оқулықта стилистика және тіл мәдениеті мәселелері қамтылған. Жалпы, дұрыс оқып, дұрыс жаза білудің, сауаттылықтың басты көрсеткіші — тыныс белгілерін жетік меңгеру. Сол себепті жаңа бағдарламада пунктуация арнайы жеке мәселе етіп алынып отыр.


2.1. 9-сыныпта қазақ тілі пәнін оқытудың ерекшеліктері
Мектепте қазақ тілін оқытудың басты мақсаты - ана тілінің қызметін жетік білетін, оны қарым-қатынас құралы ретінде емін-еркін пайдалана алатын тәлімді оқушы тәрбиелеп шығару. Ана тілі коммуникативтік қызметіне қоса, оқушының жалпы дүниетанымын, ойлау қабілетін қалыптастыратын маңызды құрал. Қазіргі таңда, қазақ тілі өзінің қоғамдық қызметіне шын мәнінде ие болып келе жатқан кезеңде, ана тілін оқыту – аса жауапты міндет. Оқу бағдарламасында қазақ тілін оқытуға қойылатын талап туралы: «Ана тілінің қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсінген, тілдің қызметін жүйелі меңгерген, коммуникативтік біліктілігі дамыған дара тұлға даярлауға мүмкіндік туғызу», - делінген. Міне, осы мақсатты орындау бағытында мектептегі қазақ тілі пәнінің құрылымы мен білім мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілді. Олардың ең бастылары 9-сыныпта оқытылатын материалдардық көлемі мен мазмұнына қатысты.
9-сынып оқулығы «Қазақ тілі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» атты тақырыптан басталады. Қазақстан - егемен мемлекет. Егемен мемлекеттің өзінің мемлекеттік тілі болуы қажет. 9-сынып оқушысы ұлттық тіл және оның формаларын, мемлекеттік тіл және оның қолданылатын орындарын, «Тіл туралы Заңды» білуге тиіс, бұл тарих пәнімен сабақтастықты да білдіреді.
Екінші тақырып - «Қазақ тілі - қазақ халқының ұлттық тілі». Зерттеулерде дүние жүзінде алты мыңға жуық тіл бар делініп жүр. Осы тілдер екі тұрғыдан: біріншіден, генеологиясына (шығу тегіне қарай); екіншіден, типологиясына (морфологиялық құрылысына) қарай топтастырылған. Туыстық жақындығы бойынша тілдер алпыс шақты үлкен-үлкен топқа бөлінеді. Мысалы: үндіеуропа тілдері, семит-хамит тілдері, кавказ тілдері, түркі тілдері т.б. Бұлардың әрқайсысы өз ішінде әлденеше топтар мен тармақтарға бөлінеді.
Қазақ тілі түркі тілдерінің батыс ғұн бұтағына, оның ішінде қыпшақ тобына жатады. Туыстығы жағынан қырғыз, қырым татары, татар, башқұрт, қарашай, ноғай, қарақалпақ тілдеріне жақын.
Қазір Қазақстанда тіл үйренуге деген құлшыныс өте үлкен, ендеше балалардың өздері оқып, үйреніп жүрген түрік тілі осы түркі тілдер тегіне, оның оғыз тобына енетінін, қазіргі түрікмен, гагауыз, әзірбайжан тілдеріне біршама жақындау екенін, ал ағылшын тілі үндіеуропа тегіне, оның батыс герман тобына жататынын т.б. тілдер туралы айту оқушылардың танымын тереңдете түседі. Бұл арада 9-сынып оқушысы мұғалімнің жеке біліктілігіне де мән беретінін ұмытпау керек. Біздер бағдарламада көрсетілген оқушының міндетті меңгеру деңгейі деген мәселелер көлемінен шығып кетпеуді ойластырдық. Ал мұғалім сыныптың осы мүмкіндіктерін айқын көріп отырғандықтан, әрине, жеңілдетіп немесе толықтырып, тереңдетіп оқытуына болады. Бұл тақырыпты түсіндіргенде қаралатын екінші бір мәселе - тілдердің туыстастығын танытатын белгілер. Ол - алдымен, лексикада мағыналары бірдей, дыбысталуы жағынан өте ұқсас сөздердің болуы. Оқулықта ол кесте түрінде беріледі, оны жеке кестеге де түсіруге болады. Сонымен қатар грамматикалық құрылымдағы ұқсастықтар да айтылып, енді олардың әрқайсысының ерекшеліктері де бар екендігі, солар арқылы туыстас тілдер бірінен-бірі бөлінетіндігі дәлелденеді.
Қазақ тілінің пайда болып, қалыптасу тарихы туыстас тілдер тарихынан алшақ кетпейді, оның да тамырын тым әріден іздеуге болады. Бұл жерден тақырыптың тарихпен, көне дәуір әдебиетімен, түркология ғылымымен, тілдер тарихымен байланыстылығы келіп шығады. Ғалым Н.Баскаков түркі тілдері дамуын алты кезеңге бөледі. Халық тарихы, тіл тарихы сол халықтың өзі жасаған әдеби, мәдени, рухани т.б. мұраларынан көрініс тапқан. Өкінішке орай, көшпелілер өмірінің алғашқы кезеңдері, әсіресе алтай дәуірі туралы жазба деректер жоқ. Ал ғұн дәуірі туралы мәліметтер басқа халықтардың жылнамаларында кездеседі, себебі сол кездегі Ғұн державасы басқа мемлекеттер үшін қаһарлы көрші болғаны белгілі. Бұл жерде оқушыға:
«Жазылмаған тарихымның жолдарын,
Ауызекі аңызыңнан іздедім»,
немесе:
«Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын
Домбыраңның пернесінен іздедім...
Тарихымды жазудамын бүгін мен,
Бабаларым, сенің Ана тіліңмен»,-
деп ақын М.Мақатаев айтқандай, тілдің тарихын білуге ниет еткен ұрпақ, «дайын» деректердің бар-жоғына қарамай-ақ, тарихтың көмескі тартқан соқпақтарынан керегін тауып алатынын, ол үшін үлкен ізденіс қажет екенін, бұл тек тіл сабағы үшін ғана емес, тарихпен де байланысып жатқанын айтқан жөн. Ол деректер халықтың жер-су атауларында, таным, наным туралы аңыз-шежірелерінде де жатыр. Қазақстанда қазақ халқының өткен дәуірлеріндегі мәдениетін бейнелейтін 25 мыңға жуық заттық мәдени ескерткіш бар, олардың, негізінен, Сыр, Отырар аймағында, Маңғыстау, Үстірт, Ұлытау төңірегінде, Талас-Шу аңғарында, Жетісу, Ертіс бойына шоғырланғаны туралы айтқан - белгілі қоғам қайраткері, этнограф-тарихшы Ө.Жәнібеков.
Мұндай деректерді айту барысында дидактиканың негізгі қағидаларының бірі - оқыта отырып тәрбиелеу, яғни оқушыны өз халқының тағдырына аялы сезіммен қарауға, отан сүйгіштікке тәрбиелеу сияқты мәселелер жүзеге асады.
Түркілердің құнды мұрасы - тас кітаптар. Оқулықта бұл туралы біраз дерек берілді, оқушыларға олардың суреті, көне ескерткіштер графикасы, яғни көне түркі жазуының кестесі көрсетілсе - артық емес.
Бұдан соң қазақ тілінің дамуына түркі тілдері дамуының орта кезеңінің әсері туралы әңгіме болады. Соңында қазақ тілінің өзіне өте жақын басқа тілдерден айырмашылығы көрсетілді.
Тақырыптарды түсіндіру кезінде лекциялық әдіс қолданылады, сонымен қатар оқушылардың өздерін ізденіске жетелеу мақсатында шағын баяндама, реферат жазғызу да қажет-ақ. Оқулықта берілген жаттығулардың мақсаты әр түрлі екеніне назар аударған жөн. Олар: «Әл-Фараби», «Ең қиын тіл қандай?», «Қай тіл көп тараған?», «Құпия жазулар туралы», «Күлтегін ескерткіші», «Түркі халықтарының тілдері туралы» атты тақырыптарда берілген, бұлардан оқушылар өздері үшін тың, жаңа деректер, мағлұматтар алады.
6-жаттығуда «Күлтегін» ескерткішінен алынған үзінді берілген. Алдымен қазіргі түркі тілдеріне ортақ сөздерді (тәңір, бол, есіт, біл, тыңда,
ұл, бір, бек, отыз, тоғыз т.б.) тауып, олардың бүгінгі дыбыстық өзгерісіне көңіл аударып, кестесін жасатуға болады. Бұл сөздерден осы күнгі түркі халықтары тілдеріндегі ассимиляция, сингармонизм заңдылықтарын да байқаймыз.
6-жаттығудагы «Күлтегін» ескерткішінен алынған шағын үзіндінің тақырыбын, идеясын талдау арқылы батырдың, елбасының бейнесін жасауға болады:
«Өлімші халықты тірілттім,
Жалаңаш халықты тонды қылдым».
Ел қамқоры, елі үшін еңіреп туған ерлердің сонау замандардан-ақ халықтың үзілмес арманы болып келе жатқандығын, ондай қаһармандарына халық алғысы мәңгілік екендігін ауыз әдебиетіндегі батырлар жырымен салыстыру арқылы түсіндіруге болады. Ал жырдың тек әдеби мұра ғана емес, тарихи, мәдени, тілдік мұра екенін де ескерту орынды. Сөз мағынасының ауысуы, кеңеюі сияқты мәселелерді оқушылар біледі, ендеше осындағы сөз мағынасына талдау жасап, «тірілттім» сөзінің ауыспалы мағынада қолданылып тұрғаны, «тон» сөзі бұрын жалпы киім дегенді білдірсе, қазіргі мағынасы тарылып, киімнің бір түрін білдіретіні айтылады. Халықтың әлеуметтік, қоғамдық дамуымен бірге, тіл дамып, байып отырады.
7-жаттығу морфологиялық және фонетикалық ұғымдарды тереңдету мақсатында орындатылады. Көптік жалғауының түркі тілдерінде дыбыстық нұхқасы жағынан әр түрлі болуы, ең алдымен, буын үндестігі мен дыбыс үндестігінің қалыптасу дәрежесін көрсетеді. Қазақ тілі - буын үндестігі қатаң сақталатын тіл.
Даналық тамыры - тереңде, ғасырлар қойнауында. Оған ата-бабаларымыз қалдырып кеткен мақал-мәтел, нақыл сөздер дәлел. Бұл тақырыптағы жаттығуларды орындату, күні бүгін естіп-біліп жүрген сөздердің соншалықты ерте замандарда пайда болғандығы бала сезіміне ерекше әсер етеді, халық ойының тереңдігін, халық даналығы өшпейтін, мәңгі жалғасып, халықпен бірге жасайтын мұра екендігін сезіну оқушының халқына, оның тарихына деген өзіндік көзқарасын қалыптастырады, оны сыйлауға, сүюге үйретеді. «Даналық тамыры - тереңде» немесе «Өз халқының ой байлығын білмеген адамды мәдениетті адам деуге бо ла ма?» деген сияқты тақырыптарда пікірталас өткізуге болады, ол оқушылардың өз пікірін жүйелеп, ойын дәлелді айтуға, қисынды жазуға, сауатты сөйлеуге үйретеді.
Бағдарламада берілген танымдық мақсаттағы екі тақырып лекциялық әдіспен түсіндіріледі, ол үшін материалды мынадай көлемде жүйелеп алуға болады:
1. «Тіл - қарым-қатынас құралы» дегенді қалай түсінеміз?
2. Ұлт тілі және оның қалыптасу жолы.
3. Ұлт тілінің құрамы жағынан біркелкі болмайтыны, оның жалпы
халыққа ортақ, түсінікті, қалыптасқан жоғары формасы - әдеби тілі және ауызекі сөйлеу тілі болатыны, сондай-ақ белгілі аймақтарда қолданылатын, жергілікті ерекшеліктері бар бөлігі болатыны, оның диалектілер деп аталатыны туралы.
4. Әдеби тіл, оның ерекшелігі, лексикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, стильдік нормалары туралы.
5. Қазақтың ұлттық тілінің Қазақстанның мемлекеттік тілі екендігі. Мемлекеттік тіл және оның қызметі, қолданылатын орындары туралы.
6. «Тіл туралы» заңның қабылдануы, оның себептері туралы. Жаттығу материалдарының төмендегідей жүйеде орындалғаны жөн:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет