Диплом жұмысы Жұмыстың тақырыбы



бет19/22
Дата26.02.2023
өлшемі485 Kb.
#69979
түріДиплом
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22
Сұрау есімдіктері. Сұрау есімдіктерінің қазіргі түлғалары тарихи тұрғыдан құранды. Сонымен бірге, сұрау есімдіктері тілдің көне дәуірінде қазіргі тілдердегідей сан жағынан мол, тұлғалық жағынан әр қилы болмаған. Бұған дәлел ретінде қазіргі заманда белгілі болып отырған ескерткіштер тілдеріне жүгіну орынды. Орхон-Енисей жазбаларында, мысал үшін, сұрау мәнінде қолданылған сөздер саны 2—3-тен аспайды. Сұрау есімдіктерінің сан жағынан молайып, тұлғалық жағынан әр қилы бола бастауы кейінгі дәуірлерде, алғашқы түбірлердің күрделеніп, ұялас туынды түбірлердің молаюымен тұстас болғандығы анық. Сұрау есімдіктердің құрамының не біріккен, не түбір мен қосымшаның кірігуі арқылы қалыптасуы соның нәтижесі.
Қазіргі түркі тілдерінде сұрау мәнінде қолданылатын есімдіктер негізінен 3 түбірдің айналасына топталады. Олар: кім, не, қай (қан). Бір тілде сұрау есімдіктерінің саны аз, бірінде көп болуы да мүмкін. Бірақ қайсысы да осы түбірлер негізінде жасалған. Әрине, чуваш, т.б. кейбір тілдерде шет тілдерден ауысқан сұрау мәнді сөздер де кездеседі. Бірақ ондайлар аса көп емес. Егер жеке тілдерге тән дыбыс ерекшеліктерін (тарихи тұрғыдан әбден түсінікті) ескерсек, түркі тілдеріндегі сұрау есімдіктері ортақ түбірлерден ортақ тәсілдер арқылы күрделеніп, өзгеріп отырғандығын көреміз.
Сұрау есімдіктеріне негіз болған не, қай (қан), кім түбірлері о баста есім болған. Ондай жорамалға әлгі түбірлердің кейінгі барысында есім ұялас туынды сөздер жасауы ғана емес, түбір қалпында қолданысы да дәлел бола алады. Мысалға қай сөзінің дербес қолданысын қарастырайық: қай кісі, қай нәрсе, қай бір адам, т. б. Қай түбірінің мұндай атрибуттық ыңғайда дербес қолданылуы екі түрлі жайды аңғартады, біріншіден, түбір есім екендігі байқалса, екіншіден, тап осы қолданыс бұл түбірдің қатыстық мәнін көрсетеді. Сонда қай есім түбірі о баста сұрау мәнін емес, қатыстық мән (относительное) берген. Нақ осындай ерекшелікті не, кім сөздері жайлы да айтуға болар еді. Не нәрсе, не іс және кім де кім тәрізді тіркестер құрамында бұлар да атрибуттық қызметте жұмсалып, қатыстық мән береді. 8–9-ғасыр жазбалары тілінде не есімдігінің қолданысы да сұраулық мәннен гөрі қатыстық мәнді көбірек танытады: не қағанқа ішіг-күчіг берурмен — қай қағанға ісім мен күшімді жұмсармын. Бұл сөйлемде не есімдігі қатыстық мәнде және қай есімдігінің орнына жұмсалғандығы анық. Жалпы 8–9-ғасыр ескерткіштері тілінде не және қай есімдіктерінің қолданысы өзара айқын жіктелмегендігі байқалады. Салыстырыңыз: не ойун, не ийрдә (қай, қандай ойын, қай жерде).
Қай түбірі қазіргі қазақ тіліндегі қайда, қайдан, қанша, қашан, қандай, қаны (кәні), қалай тәрізді сұрау есімдіктеріне негіз болған. Егер осы түбірлерді байқап қарасақ, бірде байырғы түбір мен қосымшаның (қайда, қайдан, кандай, қалай), кейде екі түбірдің бірігуін көреміз. Бірақ барлығына ортақ түбір — қай (қан). Әрине, кейбір сөздер құрамына қарай, бастапқы түбір қай емес, қа деп те ойлауға болар еді. Өйткені қай-да, қай-дан болғанмен, қа-лай екені айқын. Алайда қазақ тілінде қалай есімдігіне синонимдес қайтіп (кәйтіп) дейтін де сұраулық сөз бар. Қалай және қайтіп есімдіктерінің мәндестігін былай қойғанда, ортақ түбірге негізделгендігі де күмән туғызбайды. Бұлай деуге тікелей себеп — қазіргі түркі тілдерінің кейбірінде қалай сұрау есімдігі хайди (хақас т.), хайдах (якут т.), кайде (шор), қанайып, қандайып (алтай т., қазақ тіліндегі қайтіп сұрау есімдігімен салыстыр) түрінде де айтылады. Осы фактілермен салыстыра келгенде, ортақ түбір қа емес, қай (қан) болып шығады. Ф.Г. Исхаков қалай есімдігін мынадай құрама бөліктерге талдап қарастырады: қа(й) ла-й. Мұндағы -ла — етістік тудыратын аффикс, — көсемшелік форма. Сөйтіп қалай — сұрау есімдігі әуелі есім, одан туынды етістік, көсемше. Ал көсемше тұлғаларының сұрау есімдігі есебінде қалыптасуы әсте жат құбылыс емес. Ол үшін қайтіп сөзін (қай-ті-іп) еске түсірсе де жеткілікті.
Жоғарыда келтірілген сұрау есімдіктері құрамындағы байырғы түбір бірде қай, бірде қан түрінде дыбысталған. Мұның үстіне қазіргі кейбір түркі тілдерінде сол сұрау есімдіктері хайдағ (қандай, хақас), ханна (қайда, якут) тәріздес те дыбысталатынын еске алсақ, сұрау есімдіктерінің едәуір тобына негіз болған түбір жалпы түркі тілдері құрамында бірде қан, бірде қай түрінде айтылуын көреміз. Көне жазбалар тілінде: қаны, қайуда, қайу, қайда, т. б. Сөйтіп кейде бір ғана ескерткіш тілінде бірде қанда (н-мен айтылған), бірде қайда (й-мен айтылған). Осы бір ғана түбір ыңғайында байқалатын н-й сәйкестігі тайпалық тілдер ерекшелігі болуы да ықтимал. Алайда Орхон-Енисей жазбаларында сұрау есімдіктері тек қана қанта, қантан түрінде кездеседі. Егер осы фактіні ескерсек, н~ й сәйкестігі кейін пайда болған құбылыс деп қарауға тура келеді. Махмуд Қашқари қой сөзінің бірде й мен қой түрінде, бір-де қон түрінде айтылатынын келтіреді де, н-мен айту арғу тайпасының ерекшелігі деп көрсетеді. Және Қашқари сұрау есімдігінің де екі түрлі айтылуын келтіреді. Ол былай деп жазады: «Түріктер қайу нең (қайсы нәрсе) десе, олар (арғулар) қану дейді». Бұған қарағанда, сұрау есімдіктеріне негіз болған түбірдің екі түрлі дыбысталуы Қашқари дәуірінде қалыптасқан құбылыс және бұның өзі тайпалық тілдердің қалдығы есебінде орнығып қалған деп қарауға дәлел бар. Қайтіп сұраулық сөзінің құрамын былай деп те қарайды: қай-ет-іп. Қай — сұрау есімдігі (әрине, ескірген) -ет көмекші етістік, ал соңғы морфема көсемшелік қосымша. Екі сөз (ескі сұрау есімдігі мен көмекші етістік) біріккен уақытта соңғы сөз құрамында элизия болып, е түсіп қалған.
Сонымен, бұл айтылғандардан шығатын қорытынды қандай және қайда сұрау есімдіктері бір ғана түбірдің екі түрлі фонетикалық варианттары негізінде қалыптаскан ұялас сөздер.
Жоғарыда қай (қан) түбірі — есім сөз деген тұжырым айтылды. Сол тұжырымды дәлелдейтін тағы бір факт — оның септелуі, қайда және қайдан сұрау есімдіктері жатыс және шығыс септік жалғаулары мен есім түбірдің бірігуінен барып қалыптасқандығы анық. Ал қайсы есімдігі есім түбір мен тәуелдік жалғаудың III жағының бірігуінен қалыптасқан. Көне жазбалар тілінде де қайдан, қандан, қайда, қанда, қайдын түрінде ұшырасады. Жалғаулар құрамындағы дауыстылардың батыс және оңтүстік тілдер ыңғайына қарай дыбысталуын еске алмасақ, қазіргі тілдерден ешбір айырмашылық байқалмайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет