1.2 Түркі халықтарындағы айтыс жанрының ортақ және дара белгілері Түркі мәдени мұрасының ең дамыған саласының бірі ақындық дәстүр, суырып салмалық өнер болып табылады. Бұл дәстүр мен өнер түркі мемлекеттері мен халықтары арасындағы ортақ мирас. Түркі халықтарының ортақ мәдени мирасының негізгі саласы, түпкі тамыры - ортақ тіл, тарих және бір мәдениетті бөліскен қоғамның бір тамырдан бастау алуы.
Айтыс өнері бүкіл түркі халықтарында ежелден бергі өмір сүріп келе жатқан және көпшілік алдында импровизация, суырып салмалық өнермен бетпе-бет өлең айтуға негізделген сөз жарысы. Айтыс көшпенді халықтардың барлығында дерлік бірдей көрініс тапқан өнер түрі. Бірақ кей халықтарда аз дамып, тіпті кей халықтарда ұмытылып кеткен ал енді кейде текстологиялық мәселегеде душар болған. Сол уақытта жазу-сызу болмауының әсерінен халық әдебиетінің дамуына, көркеюіне, ауызша жарыс, сайыстардың кең аймақтарда таралуы айтыстың ортаға шығуына қажеттілік тудырды.
Бұл туралы ғалым М.Жармұхамедұлы тамырлас, тағдырлас көшпелі қырғыз, қарақалпақ халықтарымен салыстырғанның өзінде қазақта ақындық дәстүр берік екенін дәлелдеген [2, 27-б.].
Қазақ айтыс өнерінің тууы мен дамуы туралы көрнекті қазақ ғалымы М.Жармұхамедов: «Айтыс өзінің тыңнан туған тапқырлығы мен жұртты баурағыш тартымдылық сипаттары арқылы қазақ өмірінің әр саласымен-ақ ертеден біте қайнасқан жанр. Арғы түбі сонау көне замандардағы топталып хормен айтылатын «Бәдік», «Жар-Жар» секілді тұрмыс-салт жырларынан басталып, дамуында қайымдасудың сан қилы белестерінен өткен бұл жанр бірте-бірте әдебиетіміздегі кең арналы ақындар айтысына келіп ұласқан. Қазақ халқының халық әдебиетіндегі басым жанр кең тынысты эпос, лиро-эпикалық жырлар десек, қазіргі қолда бар сан алуан материалдар осы айтыс жанрының сол аталған негізгі сала – батырлар жырымен кезінде иық тіресе дамып, тіпті, оған кей тұста елеулі ықпал жасап отырғанын да байқатады», - дейді [2, Б.13-14].
Соңғы кездерге дейін көшпелі өмір сүріп келген түркі елдеріне кіретін қазақ, қарақалпақ, қырғыз секілді түркі елдеріне енетін елдердің көбінде айтыс жанры бар. Бұл жанрдың тууына және өркендеуіне басты себеп - осы елдердің көшпелі тұрмыс-тіршілігінің өзгермеуі, сонымен бірге рухани бірден-бір азығы фольклор болуы, әмбесінде жазба мәдениетінің кемшін болуы және ортақ тіл, тарих және бір мәдениетті бөліскен қоғамның бір тамырдан бастау алуы.
Бүгінгі таңда түркі халықтардың арасында айтыстың басқа атаулары, өзгерістері, ерекшеліктері болса да, айтыстың әлі де өз құнын жоғалтпағанын байқаймыз. Қазақ және қарақалпақ халықтарында аталмыш жанр «айтыс» деп аталса, қырғыздарда «айтыш», түріктерде «атышма» немесе «дейішме», әзербайжандарда «дейішме» деп аталады. Бұдан басқа түркі халықтарда ескі замандарда айтыс болған, бірақ қазіргі таңда ұмытылып барады. Солардың ішінде айтысқа ұқсас құмықтарда «такмак», өзбектерда «яр-яр» немесе «аския», қырым-ноғай түріктерінде «дейішмеже», қарашай-балкар түріктерінде «айтыш», қырым түріктерінде «чын» немесе «манэ» деп ататалын түрлердің болғанын көруге болады.
Бір кезде бәрі де көшпелі өмір керуенін кешкен, тілі мен діні, әдет-ғұрып, салт-санасы бір-біріне өте жақын қырғыз бен қарақалпақ еліндегі айтыс өнері дәл қазақ еліндегідей кемелденіп толықтай жетіле қоймаған. Бұл халықтардың өзара өмір кешкен географиялық ортасы мен қоғамдық құрылысы да өзара ұқсас. Тіпті, бірдей деуге де болады, бірақ дәл осы ақындар айтысы бұлардың бірінде аз дамыса, ал, екіншісінде айрықша мол дамыған. Бұл мәселе ғасырлар бойғы келе жатқан халық пен айтыс ақындарының ұстанған қағидалары іспетті. Қалыпты әдеби дәстүрдің берік, тұрақтылығына келіп тіреледі. Осы айтыстың қазақ еліндегі бүкілхалықтық сипатын айшықтап берген әйгілі ғалым М.Әуезов кезінде тап басып танып: «Айтыс сөздерінің молдығы мен көп жайылғандығына қарасақ, казақ елі ақындық теңізі сияқты көрінеді. Өзге жұрттың әдебиет тарихын өлең түріне бөлгенде, айтыс өлеңі деген бөлім не жоқ болады, не болмаса өте аз кездеседі. Қазақтың өзге түрдегі ескілігінің барлығында өзге елдікіне ұқсастық болса да, айтыс өлеңдері барлығынан да жат, жаңа түр қазақ әдебиетінің өзіне ғана меншікті саналады. Басқа жұртта айтыс өлең болса, мұншалық мол болып етек алып жайылған емес» - дей келіп, қазақ айтыстарына ұқсас француз әдебиетіндегі тенсондар мен араб әдебиетіндегі «Мұғаллақаттардың» ерекшеліктеріне арнайы тоқталады. Алайда, ол бұлардың бірде бірінің қазақ айтыстарына тең келмейтінін баса көрсетіп, құнды пікір білдірген [8].