2.2. «Жаңа әліппе сабағы» немесе латын әліпбиіне көшу жолындағы еңбегі
“... Тіл –мәдени өркендеудің басты факторы. Тіл жоқ жерде халық, біріншіден ұлттық бет-бейнесінен айрылып қалады, екіншіден, рухани, мәдениет азғындауға ұшырайды. Тілсіз, сөзсіз ақылмен ойды қозғай алмайсың. Ал, ой-санасыз сөз жоқ. Яғни, сөйлей білмесе, адамның хайуаннан айырмасы аз”, – деген пікір айтқан Телжан Шонанұлының өмірінің өзекті мәселелерінің бірі ана тілін қорғап, дамыту, оны халықтың асыл мұрасы ретінде сақтау әрі қорғау еді.
Т. Шонанұлы қоғамдық-ағартушылық істерді қатар алып жүріп жиырмасыншы жылдары орын алған қазақ зиялылары тобының әліпби (алфавит) тартысы тарихында да өзіндік із қалдырады. 1924-1926 жылдары әліпби тартысы Түркістан мен Қазақстан аумағында толассыз жүрді. 1924 жылы 12-18 маусым аралығында болып өткен білімпаздардың тұңғыш съезінде қазақ ұлтына қатысты әр түрлі мәселелермен қатар әліпби алу ісі туралы сөз болады. Жалпы Кеңес үкіметі билігі тұсындағы ұлттық оқыған қауымның алғашқы бас қосуы осы қазақ білімпаздар тобының съезі болды. Түрлі баспасөз беттерінде білімпаздар тобының жиыны өтетіні туралы ерте-ақ жария етіліп, онда қандай мақсаттар атқарылатыны туралы жазылды.
Аталған съезд бірқатар қазақ зиялыларының қарсылығына қарамастан барлық түркі халықтарының жазуын латындандыру туралы шешім қабылдайды. Бұл шараға жетекшілік ететін жаңа түркі алфавитінің Орталық Атқару комитеті құрылып, оған Қазақ АКСР-нен тек Нәзір Төреқұлұлы енеді. Съезд мүшелігіндегі Телжан Шонанұлы латыншылар жағында болды. “Жалғыз қазақ емес, бүкіл араб әліппесін қолдап жүретін елдер арасында латын әліппесіне көшу деген ағым болғаны белгілі. Бұлар тек Кеңестер Одағындағы түріктердің ғана арасында емес, Одақ сыртындағы түріктер мен мұсылман елдерінің арасында да бар. Латын әліппесі бірқатар елдер әлемінде жатыр... әрине латынға қарсылар да бар. Қарсылардың да дәлелі бар. Әңгіме дұрыс шешілу үшін латыншылардың да, оған қарсылардың да ой-пікірлері айқындалуы қажет” – деп өз ойын білдіреді [22; 155].
1927 жылы 9 маусымда БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің секретариаты Қазақ КСР Халық комиссарлар Кеңесіне латын алфавитін насихаттайтын республикалық комитет құру турасында ұсыныс жасалады. Комитеттің құрамына Нығмет Нұрмақов (төраға), Телжан Шонанов, Әбдірахман Байдилдин, Ғаббас Тоғжанов, Ораз Жандосов, Қайыпов пен Ормантаев сияқты ұлт зиялыларын бекітті.
Осы тұста “Әліппе – мәдениет құралы” деп өз ойын ашық білдірген Т. Шонанұлы латын әліппесін алу мен оның төңерегінде болып жатқан түрлі мәселелерді баспасөз бетінде жариялап, халықты хабардар етіп отырды. Латын алфавитын насихаттайтын республикалық комитет құрамына енген Т.Шонанұлы латын әліпбиін алу қажеттілігі туралы көпшілікке түсіндіріп, баспасөз арқылы оқырман қауымға әр түрлі кеңестер беріп отырды. Мәселен, “Үмбетұлы Мәжитке жауап (латын әліппесі туралы сұрауына)” атты мақаласында бір ғана мақаланың төңерегінде бұл мәселені түсіндіре алмайтынын айта келіп, латын әліппесінің тиімділігін былай көрсетеді: “Әліппе жаңғыртудың екі жағын қарастыру керек:
1 негізі жағынан;
2 іске асырылуы жағынан.
Халық ағарту саласында қызмет жасап отырған ұлттық зиялылар өкілдерінің жұмысы күрделеніп, енді ғана қалыптасып, аяғынан тік тұра бастаған оқу жүйесін сауат аштыру мектептерінен жоғарғы оқу орындарына дейін – оқушылар мен оқытушыларды қайта оқыту; оқу бағдарламаларын қайта өзгерту; оқулықтарды арабтан латыншаға аудару сияқты т.б. көптеген ұйымдастырушылық-техникалық шаруалармен айналысуына тура келеді.
Т. Шонанұлы латын әліппесінің жай-күйін басылым беттерінде түсіндіре отырып, өз бетінше сауат аштырту ісіне кіріседі. Тіпті ол қазақ халқына таныс өлең жолдарын латын жазуымен көрсетіп, көзін үйретті. Мысалы, латын әліпбиімен Мағжанның “Бүлдірген беті бөбектің” өлеңін латын әліпбиімен былай жазып көрсетеді:
Бүлдірген беті бөбектің,
Қолында отыр сылдырмақ.
Өзі сақ-сақ күледі,
Сылдырмақтай сылдырлап ...
Сол сияқты қазақ еліне танымал “Елім-ай” әнін:
Басынан Қаратаудың көш келеді,
Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді.
Айырылған ағайыннан жаман екен,
Мөлдіреп қара көзге жас келеді.
Түрлі қиыншылықтардың туғанына қарамастан алфавит ауыстыру ісіне қазақтың ұлт зиялылары өзінің төл ісі ретінде жақын көріп, белсене атсалысты. Ұлт зиялылары қатарындағы Т. Шонанұлы да белсенділік танытып, “Жаңа мектеп” журналында “Жаңа әліппе сабағы” айдарымен бірнеше әліппе сабақтарын жариялап отырды. Тіл маманы өз кезегінде халыққа қарапайым тілде мысалдар келтіре отырып, жаңа әліппемен оқушылар сауатын ашуға мүмкіндіктер жасайды. “Білім негізі – хат тану. Бірінші басқышта бітірген бала тұрмысқа керек жерінде іркілмей, оқи, жаза білуі керек. Жеңіл кітаптарды түсінерлік болсын. Уақ хат, куәліктер, әдістер жаза алсын. Жарнамаларды, салық қағаздарын оқырлық болсын. Мұның үстіне жаңа әліппеміз қалың еңбекшілерге нағыз пайдалы да жеңіл әліппе болу үшін, өткір құрал болуы үшін істелетін бірқатар жұмыстарымызды үлгеруге уақыт жетпей жатыр. Онымыз жаңа әліпті телеграмм, радио, стеонграммалар үйлестіру ісі сияқтылар” – деп, бұдан әрі халықты жаңа әліппемен сауаттандыру жолдарын ұсынды [23; 58].
Сол сияқты Т. Шонанұлы өз кезегінде тек Қазақстан жағдайында ғана емес, бүкіл түркі әлеміндегі латын әліпбиі істеріне араласып, пікір қосып отырды. Орта Азия халықтары мен Кавказ, Еділ бойы, Орал тауы, Қырым түбегі түріктерінің тілдеріндегі аз-маз айырмашылықтардың барлығын атап көрсетіп, барлық түрік тілдерінің дыбыстық заңдылықтарын қарастырады.
Т. Шонанұлы түрік тілдерінің арасындағы кейбір айырмашылықтарды тек бірнеше әріптер төңерегінде ғана түзеуге болады деп есептеген. Мәселен, ол татар халқының жаңа емілесіне тоқталып, латын әліпбиіне көшу жолында әр түрлі түркі халықтарында туындауы мүмкін ерекшеліктерге татар тілінің мысалында тоқталады. Соңында Т. Шонанұлы “татарлардың бұл емілесі осы кезден барлық татарлы жерде ұсталуы керек. Біздің Қазақстан татарлары бұл емілені ұстауға міндетті. Осы кезден мектептеріне кіргізу керек. Татар оқытушылары бұл емілені біліп алулары керек. Татарша бас қаріп те ұсталады. Ұсталуы орыстікі сияқты жерлерде. Елдегі оқытушыларды да таныстыру үшін, тілін қазақша еміледе көрсетілген материалдарды татарша жаздық. Татарлардың жаңа емілесімен жаздық. Мұғалім түсінбеген жері болса, “Жаңа мектеп” басқармасынан сұрасын” – деп мәселені түсіндіре кетеді.[24; 22]
1929 жылға дейін республиканың астаналары болып келген Орынбор, Қызылорда қалаларында ғылым, оқу-ағарту қызыметіне қызу араласып, әліппе, оқулық, бағдарламалар жазып, халықты сауаттандыру жолында талмай қызмет жасады. Т. Шонанұлы енді Алматыға жол тартып, оқу-ағарту саласында ғылыми еңбектерін жалғастырумен болды.
1929 жылы Қазақ Халық Ағарту комиссариатында әдіскер болып жұмыс жасап жүрген Т. Шонанұлы жаңа астана Алматыға жұмыс бабымен келеді. Астанға келген Т. Шонанұлы осыған дейін алған біліміне қанағаттанбай, өздігінше (экстерно) емтихан тапсырып, жаңа ашылған оқу орны Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының әдеби-лингвистикалық факультетіне қабылданады.
Мұрағат мәліметтері көрсетіп отырғандай, Т. Шонанұлы өзінің ізденімпаздығы мен білімділігінің арқасында 1929 жылы-ақ доценттік ғылыми біліктілігіне (квалификациясына) қол жеткізіп, 1932 жылы көптен армандап келген жоғарғы оқу орынының дипломына ие болады.
1930-1934 жылдары Абай атындағы ҚазПИ-де оқытушы бола жүріп, студенттермен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, оларды мәдени іс-шараларға қатыстыру сияқты жұмыстар атқарады. Оқу орны студенттерінің білімге деген құштарлығын байқаған Т. Шонанұлы оларға аса түсіністікпен қарап, үлкен демеу көрсететіп отырды. Жастарға білім беру, ана тілін оқыту мәселелерімен қатар жалпы қоғамға, туған еліне, жеріне қатысты өзекті жайттарды түсіндірірді. Әсіресе Т. Шонанұлының оқытушылық қызметіндегі елеулі белес – жаңа арнаға бет бұрған ел өміріндегі білім жолын бір жүйеге келтіріп, тиянақты дәріс берудің жаңа жолын салу болды. Аталған бағытта оқытушы мектептегі оқу бағдарламасын жасаумен айналысты. Жаңа әліпбидің Қазақстандық комитетінің мүшесі болды, жаңа алфавиттің Бүкіл Одақтық комитетінің IV Пленумында Т.Шонанұлы, профессорлар Қ.Жұбанұлы және С.Асфендиярұлымен бірге академик А.Самойловичтің баяндамасы бойынша қабылданатын қаулы-қарарды дайындау комиссиясының құрамына енді. 1925-1929 жылдар аралығында “Жаңа мектеп” журналының негізін қалап, оның редакциялық алқасының мүшесі болған.
Т.Шонанұлы баспасөз бетінде туыстас түрік халықтарының емле жаңалықтармен оқушыларды үнемі таныстырып отырды. Мәселен, “Татар жаңа емлесі” (1920), “Ұйғыр емле конференциясының қорытындысы” (1930), “Орта Азияда латын әліппесі” (1927), “Түрікте жаңа әліппе” (1928), “Орыс емлесі мен әліппесін өзгерту мәселесі” (1923) тағы да басқа сияқты мақалалары жарияланған.
Т.Шонанұлы “Орыс емлесі мен әліппесін өзгерту мәселесі” деген еңбегінде: “Орыс елі мен қазақ елі қашаннан қатар жасап келеді: шаруашылық, мәдениет жүзінде, бірімен бірі борсық тамырындай айқасып жатыр. Қазақ мектебінде орыс тілі, орыс мектебінде қазақ тілі оқылады. Сондықтан, орыс емлесі мен әліппесінің өзгерісі Қазақстан мәдениетіне де әсер етпей қоймайды. Бұл мәселемен оқушыларымызды таныстыруды дұрыс деп таптық”, – деп жазады [25; 2].
Бүгінгі еліміз егемендік алып, мәдениетіміз бен салт-санамызда ата дәстүрін, ежелгі тарихи-мәдени байлығымызды қалпына келтіруге кіріскен шақта мәдениетімізді де жөндеу, алфавитіміздің алмастыру жақтарын бір ізге түсіру мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Соның ішінде қолданылып отырған алфавитімізді тағы да өзгерту, яғни латын алфавитіне қайтадан көшуді ұсыныстар мен оны қолдаушылар көпшілікке келе жатыр.
Қазақ халқы өзге түркі халықтары сияқты IV-V ғасыр бойы араб жазуын пайдаланды. Тек ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қана қазақ оқығандары, оның ішінде Ыбырай Алтынсарин тәрізді ағартушылар, қазақтын ұлтық жазба әдеби тілін қалыптастыру үшін оның дыбыстық жүйесін дұрыс бере алатын – жаңа алфавит қабылдаудың, не қолданылып жүрген араб графикасын біраз жетілдіруді күн тәртібіне қоя бастады. Сол тұстағы баспасөз беттерінен қазақтың орысша оқығандарының арасында араб жазуының кемшілік жақтарын сынай отырып, қазақ жазуына орыс графикасын енгізу жағдайында мақала жазушыларды да кездестіреміз.
Белгілі шығыстанушы Н.И.Ильминскийдің пікірінше, алфавит қай уақытта да дінмен бірге қабылданған. Мәселен Батыс Европа латын алфавитін латын шіркеуі, орыстар грек алфавитін славян шіркеуі арқылы қабылдаған. Татарлар (бұл жерде “түрік” деген мағынада) өзге мұсылман елдері тәрізді араб жазуына ислам дінінің таралуына байланысты көшкен. Араб жазуы – оларды ислам дінімен байланыстырушы үлкен құрал. Алайда, миссионерлер араб жазуын тастап орыс жазуына көшіруді тікелей өздері жүргізуге бата алмады, істеуді мақұл көрді. Бұл жайында Н.И.Ильминский былай деп жазады: “Орыс мектептерінде (бұл арада Омбы, Орынбор қадет корпустары мен орыс-қазақ мектептерін айтып отыр). Тәрбие алған жастары арасында, сөз жоқ, мұсылман дініне салқын қарайтын, өз ана тілдерін шала сүйетіндер бар. Соларға орыс алфавитін қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін сақтаудың негізгі амалы деп ұғындара алсақ, олар қырғыз (қазақ) тіліне орыс алфавитін енгізуде көп нәрсеге көмектесе алар еді”.
Бұл идея өз уақытында Р.Дүйсенбаев, О.Әлжанов сияқты қазақ оқығандары тарапынан қолдауда тапқан. Мәселен, Р.Дүйсенбаевтың “Дала уалаяты газетінде” жарияланған “Қазақ алфавиті туралы мәселеге” деген мақаласында автор араб әліппесінің кемшілігі ретінде ондағы дауысты дыбыстарды таңбалайтын әріптердің жеткіліксіздігін және олардың дәстүр бойынша үнемі жазыла бермейтіндігін, мұның өзі бірбіріне ұқсас сөздерді дұрыс оқуда қиындық келтіретіндігін көрсете келіп, қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толық бере алатын алфавит жасау мәселесін ұсынады. Ондағы бірінші кезекте ұсынатыны “орыс алфавиті”. Сол газеттің тұрақты авторларының бірі О.Әлжанов болса ол “Орыс әліппесі араб жазуына қарағанда, қазақ тілі дыбыстарын дәл және жақсы бере алады”, - дей келіп, “орыс жазуын пайдаланғанда оқитын қазақтарға да, қазақша білемін деген орыстарға да үлкен жеңілдік болар еді” – деп көрсетеді.
Бұдан өзгеше де пікірлер болған. Мәселен, Д.Сұлтанғазин “Қазақ сөзін қалайша жазу туралы” деген мақаласында “араб әліппесінің кемшілік жақтарын дұрыс көрсете отырып, қазақ сөздерін жазуға өзгеріссіз алса, орыс, латын графикаларының да келе бермейтіндігін дәлелдей келіп, жаңа бір алфавит қабылдағаннан гөрі “қазақтардың не заманнан бері ғадет алып үйренген” араб әліппесін қазақ тіліне лайықтап біраз өзгерту туралы ұсыныс жасайды. Солайша өзгерткен уақытта, - деп жазады ол – араб харіптері мұнан да жақсы болар еді”.
Қазақ жазуын орыс графикасына көшіру туралы мәселе 1876 жылдан бастап әртүрлі деңгейде бірнеше рет көтерілгенмен, Қазан төңкерісіне дейін өз шешімін таба алған жоқ. Бұның себебін шығыстанушы Н.Яковлев былай түсіндіреді: “Орыс графикасы миссионерлер мектебі арқылы таралғандықтан, кейбір халықтардың ұлттық сезіміне жағымсыз әсер етті. Бұл – орыстандыру және зорлықпен ұлттық ерекшеліктерді жою үшін істеген іс деп есептелінеді”.
ХХ ғасыр басында Ресей қарайтын елдерде алфавит жөндеу жұмысы қайтадан қолға алына бастады. Түрік халықтарының ішінде бірінші болып Әзербайжанда Мырза Фатали Ахундов араб жазуын латын графикасымен ауыстыру идеясын ұсынды. Мәселен, қазақ оқығандары, оның ішінде aғартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы, араб әліппесін қазақ тіліне ыңғайлау ісімен айналысты. Ахмет Байтұрсынұлы 1895-1909-шы жылдары әр сатылы мектептерде бала оқыта жүріп, араб алфавитінің оқушылардың сауаттануына көп қиындық келтіргендігін, жолын қарастырады. Бұл саладағы өзінің келген тұжырымдарын “Жазу тәртібі” деген мақаласында баяндайды. А.Байтұрсынұлының қазақ жазуына икемдеген араб алфавиті мектеп оқушылары және басқа да қазақтың, татaрдың зиялы азаматтары тарапынан қолдау тауып, күнделікті өмірде қолданыла бастайды. Алайда, бұл алфавит ресми түрде тек 1924 жылы Орынбор қаласында өткен қырғыз-қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде ғана қабылданды.
Міржақып Дулатұлының 1924 жылы Орынборда қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде сөйлеген сөзінде: “Қазақ жұрты өнерлі, мәдениетті болуына біз қарсы емеспеспіз. Жаңалыққа да, өзгеріске де қарсы емеспіз. Бірақ өзгерістердің де өзгерісі бар. Күндердің күнінде латын әрпін қолданатын болармыз”, - дейді Дулатұлы баяндамасында.
Дулатұлы Міржақып, араб әріптерін өзгерткенде он төрті ғана өзінің бұрыңғы түрінде іске жарайды, өзгесінің бәрін (дәл жартысын) арабшылар жанынан шығарып отыр. Телжан Қазақстанда жаңа жобаның әріптері жоқ дейді. Біздің баспаханаларымызда латын әрпі бар ма екен? Латыншылар (Абдірахман мен Телжанның баяндамасында) мықты дәлелдердің бірі – араб әрпі қымбатқа түседі, онымен басқан кітап, газеттеріміз қымбат болады, - дейді. Бұдан аз уақыт өтпей жатып, Ресейден шығатын “Жизнь национальностей” деп аталатын орталық журнал бетінде араб алфавитін латын графикасымен ауыстыру мәселесі көтерілді. Осы тұрғыда Телжан Шонанұлы өзінің “Орыс емлесі мен әліппесін өзгерту мәселесі” (1923) атты мақаласында: “Латын әліппесіне көшу мәселесі бұл күнде орыстарда күн тәртібінде тұр. Латын әліппесіне көшуді орыстың Миртов, Пешковский, Устинов сияқты ірі оқымыстылары қолдап отыр. Орыс халқы латын әліппесін алса, біз сықылды елдер бұрынғыдан да бетер, мәдениет жүзінде орыс еңбекшілерімен қоян-қолтық араласу оңайырақ болатыны ап-анық нәрсе. Бірақ, әдебиеті бай орыс халқына латын әліппесіне көшу оңай болмас”, – деп жазды ғалым.
Ақыры бұл мәселе, 1926 жылы Баку қаласында өткен Бүкілодақтық І түркологиялық съезд талқылауына түседі. Қазақстаннан барған делегаттар А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, Б.Сүлейұлы, Ө.Байсейітұлы, Татарстаннан Алпарұлы мен Шарап араб жазуын қалдыруды жақтап қанша рет сөйлесе де, съезд көпшілік дауыспен түрік халықтарының латын графикасын қабылдауын дұрыс деп тапты. Түркологтар съезінің шешімі жарияланысымен басқа республикалардағы сияқты Қазақстанда да, “Орталық жаңа әліппе комитеті” құрылып, мерзімді баспасөз беттерінде алфавит, емле проблемаларына арналған мақалалар жиі басылып, онда көбіне-көп латын графикасын насихаттау кең орын алды. Соның ішіндегі, Телжан Шонанұлының “Емле кеңесінің қорытындысы” деген мақаласында: “араб әліппесі кезінде емлеміз кемшіліксіз сияқты көрінетін ол араб әліппесінің кемшілігінен екен. Араб әліппесі тіліміздің көп қасиеттерін бүркеп көп байқатпайды екен, енді жаңа емле дыбыстарымыздың күшті заңдарына құрылған соң үйрену бұрыңғыдан анағұрлым оңай. Әріптермен танысқан соң аз уақыт ішінде дұрыс жазып, оқуға болады. Жаңа емлеміздің жұртшылық жағынан, мәдениет орнату жағынан маңызы осында” – деп толғанады ғалым.
Орталық жаңа әліппе комитеті 1927 жылы әуелі Ташкентте, кейін Қызылордада жазу, әліппе мәселелеріне арналған конференциялар өткізіледі. Бұл конференцияларда Ә.Байділдаұлының “Қазаққа араб әліппесін тастап, латын әліппесін алу керек” деген баяндамасы, оған қарсы Ахмет Байтұрсынұлының “Араб графикасында қалуымыздың қажеттілігі жайлы” баяндамасы тыңдалды.
Айтысқа қатысушылар арасында екі ұдай пікір болады: бірі (У.Ахметұлы, М.Дулатұлы, Е.Омарұлы, Ә.Байтасұлы тағы да басқа) латын алфавитін қабылдауды жақтап сөйледі. Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуын жақтаудағы негізгі дәлелдері – бұл алфавиттің 12-13 жыл бойы қолданып, орнығып қалғандығын, қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықтап, өзгертіліп, қазақ мәдениеті мұқтаждығын толық өтеп отырғандығына көңіл аударса, ол “Латыншылардың арабшыларды” түпкілікті жеңіп шығуына 1928 жылғы “Бүкілодақтық Орталық жаңа түрлі алфавит” деген комитетінің ІІІ пленумының тигізген ықпалы зор болды. Осы пленум шешіміне сай Бүкілодақтық Орталық комитет Президиумы “СССР халықтарының жаңа латын графикасы” негізіндегі алфавиті жөнінде қаулы қабылдап, онда жаңа алфавитке көшуге байланысты орындалатын практикалық шаралар мен көшудің нақты мерзімі белгіленді. Сөйтіп, 1928 жылы латынды жақтаушылардың конференциясы шақырылып, онда жаңа алфавиттің жобасы талқыланды. Латын әліпбиіне қосымша қазақтың өзіндік дыбыстарын белгілеуге алтын таңба алынды. “Латын әліппесіне көшу мәселесі – латын әліппесін қолдаушылардың ұстап отырған мықты дәлелі – бұл адам баласына ортақ интернационал әліппе болуға айналды” – деп жазады Телжан Шонанұлы [26].
Жаңа емле ережесінің жобасы 1929 жылы айының 2-8-де Қызылорда қаласында шақырылған конференцияда талқыланды. Қазақтың тіл мамандары басқа кеңеске арнап орыстың бірқатар тіл мамандары мен түрікшіл білгіштері де шақырылды. Ленинградтан Юдахин И, Мәскеуден Поливанов.Т, Ташкенттен Унсетнен Т., Шит К. сықылды орыстың оқымыстылары келді.
Т.Шонанұлының “Емле кеңесінің қорытындысы” атты мақаласы осы конференцияға арналған болса керек. Бұл еңбегінде ол, емлені қай (фонетикалық не морфологиялық) принцип негізінде қабылдау және термин сөздердің жазылуы жөніндегі мәселелер, шет тілден кірген сөздер мен дыбыс жүйесімен қазақ тілінің заңына келтіріліп жазылатынына тоқталады. “Емленің негізі өзгерген соң, бұрынғы жазуымыздың көп жерлері де өзгереді. Мәселен, бұрынғы “саб, қаб, отырыб” жазылатын сөздер енді естілуінше “сап, қап, отырып” жазылады, бұрын түрліше “оқу, қуу, келуу, күллеу” болып жазылмақшы. Бұрын тұқымын қуалып “баратун, келетун” сияқты жазылатын сөздер енді естілуінше “баратын, келетін” болып жазылмақшы. Жиылыстың тағы бір қазақ тіліне келтірген пайдасы дыбыстарымызды ілім жолымен жіктеп, белгілі заңдарын көрсеткендік. Сол заңдарға сүйеніп емле жасаумыз” – деп өз ойын білдіреді.
Осы өзі айтқан талаптарын Телжан Шонанұлы оқулық жазу ісінде басты назарда ұстайды. Ол жазған әліппе “Жаңалық” оқу құралы Қызылорда, Алматы қалаларында әлденеше рет басылып шығып, сол кездегі мектептер үшін негізгі оқу құралдарының бірі боп саналады.
Т.Шонанұлы, оқулық жазу барасында, алдыңғы буын – ағаларының тәжірибелерін кеңінен қолданған, үлгі тұтқан.
Кезінде Т.Шонанұлы Ахмет Байтұрсынұлы жазған “Әліп-би” оқулығына арнап пікір жазған еді, онда: “Ахаңнын жаңа әліп биі – оқу құралдығы жағынан бір қымбат болса, ішкі маңыздығымен екі есе қымбат. Жаңа әліп-би Ахаңнын бұрынғы әліп-билеріне тіпті ұқсамайды. Ақаң бұрынғы Әліпбилері кезінде “Әліп – екі үзсін әннен”, “Абжет әуестен”, ескі молдалардың оқыту әдісінен, ескі, “қытай”, жазуынан қалдырса, бұл әліппе бізді бұл күнгі педагогиканың соңғы сөзімен таныстырып отыр, жазу әдісі жағынан да, педагогиканың үстіміздегі мақсаты мен бағытына үйлесіп шығып отыр”, – деп жазды. Ал, кітаптың безендірілуі жөнінде: “Кітапта 126 сурет бар. Мұнан басқа диаграм, жаңа басқа түрлі сызықтар бар. Суреттері жақсы, пікірлерін жалаң қағаз бетінде ғана қалдырмай, өз тәжірибесіне арқау етіп отырған. Сондай-ақ, “Әліппе” оқулығын жазу барысында ол көптеген өзге ел әліппелерін, оның жазылу барысын зерттеді. Бұған дәлел төмендегі мақалалары: “Араб әліппесінің тарихы”, “Латын әліппесі туралы”, “Татар жаңа әліппесі” тағы да басқа мақалалары. Міне, қыруар зерттеу жұмыстары арқасында ол қазақ әліппесін жазу жұмысын сәтті жүзеге асырды деп пайымдауымызға болады.
Телжан Шонанұлы ғалымдардың атасы “Әліппе” оқу құралының алғашқы парақтарынан бастап ана тілге деген ілтипат пен құрметке баса назар аударады. Оның қай еңбегінен болмасын, туған тілге деген перзенттік ықылас байқалып тұрады. Қазақ тілі туралы айтқан ой-тұжырымдарының кейбірін тілге тиек етсек қазақ тілі тілімен бір тоғысқан”, “Қазақ тілі – түрік тілдерінің негізін аман сақтаған ардақты таза тіл” – деген. Бұл ана тілінің бағасын білген, жан-тәнімен сүйген ғалымның жүрек жарды пікірлерінің бірінен болса керек.
Т.Шонанұлының шетел тілдерінен енген сөздердің жазылуымен мәселе етіп, бірде, жазылуы түрлі пікірлер тудыратын сөздерді реттеуді сөз етуі – тілге жанашырлығының айқын дәлелі. Ғалым сондай-ақ, күнделікті баспасөз бетінде туыстас түрік халықтарының емле жаңалықтарымен оқушыларды үнемі таныстырып отырды. “Татар жаңа емлесі”, “Түрікте жаңа әліппе” тағы да басқа сияқты мақалалары жарияланған.
Қазақстан білім кеңесінің І басқыш мектепте қолдануға рұқсат еткен Телжан Шонанұлының «Жаңалық» атты əліппе кітабы 1931 жылы «Қазағы-стан» баспасында жарық көрді. Кітап 1928, 1929, 1930 жылдары бірнеше рет басылып шыққан. Қолдарыңызға кітаптың VI басылымы ұсынылып отыр. 1929 жылы қазақ жазуы латын графикасына көшіріліп (бұл мəселе алғаш рет 1924 жылғы білімпаздар съезінде сөз болады), жаңа жазуға көз жаттықтыру, қол үйрету, жаңа жазуға дағдыландыру, төселдіру қажет болғандықтан əрі 1929 жылғы емле конференциясының қаулысына сəйкес емледе көптеген өзгеріс бо-луына байланысты əліппе қоғам сұранысы бойынша жазылған.
Əліппе ХХ ғасырдың басында жиі қолданылған əдістің бірі – тұтас сөз əдісімен жазылған. Дидактиканың «жеңілден – қиынға, түсініктіден – түсініксізге» принципі басшылыққа алынып, балалардың жазуына, оқуына жеңіл болуына ерекше мəн берілген. Қиындығына қарай бастапқыда бір буынды сөз (а), онан соң екі буынды сөз (а-на), соңынан үш буынды сөз (а-на-ма), кейін көп буынды сөздер оқытылған. Соған сəйкес əуелі екі дыбысты ашық буын (дауысты дыбыс буын соңында а-на), сонан соң екі ды-бысты бітеу буын (ат), онан соң ортасы дауысты буын (нан, мал), соңынан төрт дыбысты буын (қарт, төрт) оқытылған. Əліппеге енген материалдар (лексикалық минимум) да сол ұстанымды негізге алған: үй іші, мектеп, мектеп тəртібі, күзгі жұмыс пен жаратылыс, қысқа қамдану, қыс басы. Кітап соңында кеспе əліппе берілген.
Əліппе кітабы атына заты сай қазақ мектебі үшін, оқытушылар үшін жаңа, тың дүние болғандықтан, оның əдіс-тəсілдерін мұғалімдерге де үйрету қажет болғандықтан, «Жаңалыққа жетекші» атты нұсқаулық жазылған. Кітапты қазақ жаңа əліббе кіндік комитеті бастырып, 1929 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазағыстан» баспасынан жарық көрген.
Латын əліпбиіне көшкеннен кейін туындаған күрделі мəселенің бірі – бас əріп мəселесі еді. Ондай мақалалардың қатарына: «Бас əріпті былай алайық» (1929, 26 қараша); «Бас əріп туралы айтыс» (1929, 2 желтоқсан); Ш.Тоқжігітов «Бас əріптің керегі жоқ» (1929, 2 желтоқсан); «Бас əріп керек» (1930, 4 ақпан); «Бас əріп керек пе, жоқ па?» т.б. жатқызуға болады. Бұл мəселеге əсіресе оқытушылар белсене үн қосқаны байқалады. Олар негізінен əдістемелік жағын жақсылап тексеруді, яғни «бас əріп, кіші əріпті жеке-жеке оқыту керек пе, жоқ əлде бас жəне кіші əріптерді бірге оқыту керек пе?» деген сауалдарға қатысты өз пікірлерін ортаға салды.
Кітапта сол кездегі емледегі өзгерістер айқын көрініс тапқан. Жуан-жіңішке дыбыстардың біркелкі таңбаланып, дəйекші арқылы ажыратылуы, бас əріптің болмауы, у, и дыбыстарының таңбалануындағы ерекшеліктер т.с.с. қазіргі кезде емле, орфография мəселелерімен айн-лысушы зерттеушілер үшін, ХХ ғасырдың басындағы терминдердің игерілуі, жалпы сол кезеңдегі тіл біліміндегі дау-таластарды, жазу алмастыруға байланысты туындаған қиыншылықтармен танысқысы келген ғалымдар үшін, жалпы көпшілік үшін бірден-бір дереккөз бола алады.
Араб жазуында бас əріп, кіші əріп, əріптің баспа түрі, жазба түрі дегендер жоқ, əріптердің сөз соңындағы таңбалануына қарап, сөздің бас-аяғы көрініп тұратын. Бастапқыда латын жазуын қолайлы етіп көрсету үшін əріптердің баспа түрі мен жазба түрі, бас əріп пен кіші əріптер көрсетілмеді. Оқуда да, жазуда да, жазуға төселіп, дағдылануда да көп қиындық келтіретіндіктен, сөз басында да, жалқы зат есімдерді таңбалауда да бас əріп қолданылмады. Бұл тіл үйретуде көп қиындық тудырды. Соған байланысты бас əріп мəселесі көп дау-таластарға негіз болды. Зерттеушілердің бір тобы «бас əріп керек» десе, енді бірі «бас əріп керек емес» деген пікірде болды. С.Əміржан «Бас əріп не үшін керек?» деген мақаласында: «Бас əріп – оқудың кілті жеке кісі əріптер болса, адамның көзін жетектейтін тізгін, жазғанды тез аңғаруына бастайтын ірі таңба – үлкен əріптер. Бетпақтың шөліндей тірі жансыз құм далада адасқан адам тəрізді – бас əріпсіз жазуда да адам көзін алып жүре алмақ емес. Екіншіден, оқу-жазудың, психологиялық негізі бойынша қалыпты оқу, безендіріп оқу, сөздің мəнісіне лайық дауысты өзгертіп оқу, тынатын жерде тыну үшін бас əріп керек. Əріп неғұрлым ұсақ болса (газет əрпі)– жай тыныс белгілері байқалмай – көбінесе үлкен əріптерге еріп оқыймыз. Бас əріп іле-сала танылатын ірі тыныс белгілері есебінде. Үшіншіден, қазақ тілі, əдебиеті енді ғана көркейтуге, баюға, мəдени керектің барлығын өтеуге бет алып отыр. Мəдени керегіміз ішінде мемлекеттік маңызы бар «кеңес тілі, заң тілі, телеграп маңдай жазуы, пылакат, ұран барлығы бар. Бұларды мəдени түрде жазғымыз келсе, бас əріп керек. Əліппенің интернационалдық мəні жай түрінен де – бас түрінде № жер жүзінде бірдей алынған. Мысалы, орыстағы СНК ВКП (б) деген орында біздер де SNK, BKP (в) десек, бұл көп жеңіл. Басқа жай сөздерден айырылмай оңаша көрінбей қалады». Автор сауаттану ісіне бас əріптің ешқандай зияны болмайтынын айта кетіп, жер-су атауларын, адам аттарын бас əріппен жазуды ұсынады.
Ал Қ.Басымов «Бас əріп – қол бөгеу» («Еңбекші қазақ. 1930 ж. 4 фев-раль. №28) деген мақаласында бас əріпті алсақ, оның араб əліпбиіне айы-рмашылығы болмай қалатынын, қайта оқыту мүлде қиындайтынын айта келіп, былай дейді: «Бас əріптің баспа түрі мен жазба түрі бір-біріне ұқсас келмейді. Жазуда бір төселдірсек, баспада қайтадан төселдіруге тура келеді. Оқу-жазу да, қай жағынан болса да аяқты орап салады да отырады. Жұмыстан жұмыс туғызып, еңбекті еш келіп адымыңды аттатпайды. Қосар əріптің бұл қылығы сау басқа сақина тілеп алған емей не?».[29; 286]
Бүкілодақтық Орталық жаңа түркі əліпбиі комитетінің І пленумында бас əріпті жою не сақтау туралы мəселе қойылып, онда бас əріпті алмау туралы шешім қабылданады. Ал 1930 жылдың 11 сəуірінде Қазақстан Орталық атқару комитетінің «Бас əріпті алу туралы» қаулысы шығады. Онда: «1931/32 оқу жылына арналған оқу құралдары бас əріппен басыл-сын, барлық мерзімді əдебиет 1931 жылдың бірінші қаңтарына шейін барлық оқушыларын бас əріптің түрі мен ережесімен таныстырып болсын да, сол күннен бастап бас əріпке көшсін, 1931 жылдың қаңтарынан бастап оқу құралдары бас əріппен басылсын» деген т.с.с. қаулыларды қабылдайды.
Кітапта «Жаңалықта» берілген оқу материалын балаларға оқытуда мұғалімдердің білуі тиіс, ескеруі қажет дүниелер берілген, оқытушылардың міндеті көрсетілген. Балалардың қолын жазуға қалай жаттықтыру керектігі, онда қолданылатын əдіс-тəсілдер көрсетілген. Емлеге үйрету жолдары беріліп, буын ойыны, лото ойыны, кеспе əліппені қолдану жолдары сипатталған. Сабақтың реті көрсетіліп, сабақ жоспарлары, үлгі сабақтар берілген. Сабақта ауа календарін қолдану жолдары көрсетіліп, пəнаралық байланысқа да ерекше мəн берілген. Сонымен қатар берілген тақырыптың күнделікті өмірмен байланысты болуы да ескеріліп отырған. Дыбыс, сандармен ғана таныстырып қоймай, балалардың тілін дамыту, тілін ұстарту жағына да баса назар аударылған. Санамақ, бесік жыры т.с.с. сияқты тəлімдік мəтіндер беріліп, сол арқылы ана тілін үйрету, тіл заңдылықтарын үйрету жағы ерекше ескерілген.
Осы “Жаңалық” (1931) оқу құралының мазмұнына тоқтала кетелiк: біріншіден, бұндағы көңіл аударуға тұратын нәрсе оқулықта сөздерді бейнелейтін жекелеген заттардың суреті және баланы ойлануға итермелейтін сюжетті суреттер өте көптен және екіншіден, түрлі мағынадағы мақал-мәтелдер, тазалық гигиеналық талаптар туралы сөздер кеңінен берілген.
Мысалы: “Кітапты күт” деген айдармен берілген талаптар “Кітап – адамның досы!” – деген ережелер бар.
“Саулық сақтап” деген талаптар “Басқа адамның орамалымен беті-қолыңды сүртпе!”, “Басқа адаммен бір аяқтан, бір қасықпен ас ішпе!”, “Асты қолымен жеме!” – деген дәрістерден құралған. Бұл тәрбиелік мәні бар сөздердің маңызы қаншалықты зор екені талас тудырмасы сөзсіз. Сонымен қатар, әліппе оқулығында мұғалімдерге арналған хабарландыру үлгілері, шағын әңгімелер, ай, күн, жыл аттары келтірілген. Ауа календары туралы айтылып, оны қалай толтыру үлгісі баяндалған ( кесте- 2).
2 кесте – Ауа календары
Мәселен, Ω - ашық, ( ) - жаңбыр, ∟ - қырау сияқты.
Әліппеден есеп мәселесі де ескеріліп келген. Цифрлардың таңбалану үлгілері, шағын есептер, қарапайым есеп амалдары, түбір асты, ауызша есептер берілген. Лото ойындары қарастырылған. Әліппе мазмұнына Ілияс, Сәкен, Сәбит, Әуелбек шығармаларынан үзінділер берілген.
Айталық: “Күн шыққанда атты Ілияс өлені берілген:
Мал масайрайды өрісте,
Ауыл-колхоз бірі істе
Тұр, көмекшім, күн шықты
Малда-атаң, әкең-егісте
Тәтең кергім керуде
Иірді апаң ұршықты т.б.
Телжан Шонанұлының жаңа әліппесі сол уақыт талабына сай жазылған, мазмұнды сан қырлы оқулықтардың әрі тәлімдік маңызы – сол ғалымдар арасында аса жоғары бағаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |