ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін өте ауыр да түсініксіз жайттарға толы болды. Бұл қарастырып отырған кезеңде Қазақстан әлі де болса патшалық Ресей құрамындағы бодан ел қатарында еді. Сондықтан Қазақстан патшалық Ресей тарапынан жүргізілген отарлық саясатты басынан өткізді. Жалпы аталған мәселелерге қатысты жарық көрген ғылыми-зерттеу жұмыстарды талдай келе, біз ХХ ғасыр басындағы отарлық саясаттың бірнеше бағытта жүргендігін байқадық:
Экономикалық бағытта;
Саяси бағытта;
Рухани отарлау бағыты.
Патшалық Ресейдің отарлық саясатының экономикалық бағыты қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алу, салық саясаты сынды экономикалық сипаты басым оқиғалар желісінен тұрды. Рас қазақ жері патшалық Ресей үкіметінің қоныстандыру саясаты салдарынан талан-таражға түсті. 1861 жылы Ресейде басыбайлы құқық жойылады. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын Ресейдің шаруалары ірі жер иеленуші қожайындарға бағынышты болып, соларға тиеслі жерлерді өңдеумен күн көріп келе жатқан болатын. Әрине мұндай саясат тек қана ірі жер иеленушілері үшін ғана пайдалы болды. Өйткені шаруалардың көмегімен олар жыл сайын байып, мол табысқа кенеліп отырды. Ал қарастырып отырған жылы шаруалар ірі жер иеленушілерден толыққанды босап шықты. Бұл басыбайлы құқықтың жойылуының жақсы және теріс жақтары да бар болғаны белгілі. Жақсы жағы әрине орыс шаруалары тең құқықты болып, тәуелсіз болса, теріс жағы әрине олар ендігі кезекте жерсіз қалды. Осыған дейін өңдеп жүрген жерлері сол күйінде ірі жер иеленушілердің иелегінде кетті. Міне жерсіз қалған шаруалар патшаға қарсы түрлі толқулар ұйымдастырып, үлкен әлеуметтік құбылысқа да айналды. Патша өз кезегінде жерсіз шаруаларға жер тауып беру мақсатында Қазақстан жеріне назар аударды. Алғашқы уақыттарда орыс шаруаларының Қазақстан жеріне қоныс аударуы стихиялы түрде жүзеге аса бастады. Дегенмен патшалық Ресей Қазақстан жеріне қоныс аудару саясатын жоспарлы түрде ұйымдастыру қажеттілігін толыққанды сезді. Тек жоспармен қимылдау арқылы ғана кең жерді игеріп, әлі де болса қанша шаруаларды қабылдау мүмкіндігін дәл анықтауға болатын еді. Осы мақсатта Қазақстан жеріне түрлі экспедициялар ұйымдастырылды. Солардың қатарында атақты экспедициялардың бірі – Щербина экспедициясы болып табылады. Щербина экспедициясының басты мақсаты – қазақ даласындағы «артық жерлерді» анықтау еді. Қазақтар көшпелі мал шаруашылығына негізделген тұрмыс салтын ұстанды. Сондықтан патшалық Ресей үкіметі қазақ қоғамында «артық жерлер» көп деген пікірді ұстанды. Мысалы қазақтар жаз жайлауға көшкенде, қыстау жері бос жатқан еді. Алайда көшпелі мал шаруашылығы үшін ол жерлердің бір маусым демалып, шөптің көтерілуі үшін аса маңызды болды. Бұл көшпелі мал шаруашылығының басты ерекшелігі болып табылды. Міне осы жерлердеің барлығы да «артық жер» немесе орыс шаруалары қоныстануы тиіс жерлер деп табылды. Щербина экспедициясының қорытындысына сай, қазақтар үшін ең көп дегенде 188-509 десятина деп белгіленді. Тіпті 1908 жылы бұл қалып қайта қаралып, қазақтар үшін ең көп дегенде 218 десятина жер ғана пайдалануға болатындығы туралы шешім шықты. Бұл дегеніміз Щербина есептеген жер мөлшері тең жартысына дейін азайтылды. Бұл сөзсіз қазақтардың ата кәсібі болған мал шаруашылығына үлкен зиянын алып келді [18, 23 б.]. Бұл шаралардың барлығы да қоныстандыру саясатын күшейтті. Саяси тұрғыдан алғанда Қазақстан территориясы осы жылдары үш генерал-губернаторлыққа біріктірілген болатын. Орынбор генерал-губернаторлығы, Дала генерал-губернаторлығы мен Түркістан генерал-губернаторлығы болған еді. Кейіннен олар біріктіріліп, Қазақстан территориясы екі генерал-губернаторлыққа біріктірілді. Осы генерал-губернаторлықтың ішінде ең көп қоныстандыру саясатына тартылғаны Дала генерал-губернаторлығы еді. Олардың орталығы саналған Семей мен Ақмола және оларға қарасты уезд жерлеріне орыс шаруалары жаппай қоныстанды.
ХХ ғасыр басында Қазақстанға қоныс аудару саясатының күшеюіне Столыпиннің аграрлық реформасының да өзіндік әсері болды. 1906-1911 жылдaр аралығында Миниcтeрлeр Кeңeciнiң төрaғacы бола жүріп, Iшкi icтeр миниcтрi қызметін де атқарған реформатор саналған П.A. Cтолыпин қоныс аудару тәртібіне жаңаша өзгерістер әкелді. Оның жүргізген рeформacы Қазақстанға шаруалардың қоныc aудaру үдeрiciнe жоғары белсенділік бере алды. Әрине ол алдымен байырғы халық саналатын қазақтар және олардың шаруашылығына зор шығын әкелді. П.А. Столыпин жүргізген рeформa осыған дейін жүрген қоныс аудару саясатынан бірқатар өзгешілігі болды. Атап айтқанда ол Қазақстанға қоныc aудaрғaн шaруaлaрға иемденген жаңа жерлердің иeci eтiп бeкiттi. Демек қазақ жерлерінің жаңа қожайындары пайда болды. П.A. Cтолыпин жүргізген aгрaрлық caяcaт нәтижeciндe 1910 жылы 14 мaуcым айындa «Шaруaлaр жeр иeлeну туралы кeйбiр қaулылaр мен өзгeртулeр, толықтырулaр жөнінде» жаңа зaң жaрияланды. Оған қосымша ретінде 1911 жылы 29 мaмыр айындa «Жeргe орнaлacтыру бойынша мәселелер» деп аталатын жаңа зaң қaбылдaнды. Демек П.А. Столыпиннің aгрaрлық рeформaсы Қазақстан территориясына қоныc aудaрғaн орыс шaруaлaрын құқықтық тұрғыдан aзaт eтті және ең бастысы орыс шаруаларының Қазақстан аумағында көшiп-қонып, өздеріне лайықты деген жерлерді иемденуіне толыққанды eркiндiк бeрді. П.А. Столыпин орыс шаруаларына осындай толыққанды еркіндік бере отырып, бірқатар шарттарды да олардың алдына қойды. Ол шарттың мәні қоныc aудaрғaн орыс шaруaлaры белгілі және белгісіз себептермен қaзaқ өлкeлeрiндe «бақыт» таппаса, жeрге жeкe иелік ете отырып, пайда таба алмаса, өз Отаны, яғни Ресейге қайтып бару құқығынан айырылды. [19, c. 56]. Бұл шартпен таныса келе, біз мынандай қорытындыға келдік, біріншіден П.А. Столыпин Ресейдегі жер тапшылығы мәселесін түпкілікті шешуге тырысты. Демек ол орыс шаруалары ендігі кезекте Ресей үшін жоқ болып саналды. Екіншіден, П.А. Столыпин орыс шаруаларын түпкілікті Қазақстан территориясында қалдыра отырып, Ресейдің орыстандыру саясатының сенімді тіректерін қалыптастыруды көздеді.
Сөзсіз П.А. Cтолыпиннің аграрлық реформасы нәтижесінде өзінің үлесіне ие болып қалып көздеген және «тегін» жатқан байлықты ұстап қалғысы келген орыс шаруаларының Қaзaқcтaн территориясына бағытталған қоныc aудaру үдерісі тым күшейіп кетті. ХХ ғacыр бacындa Қазақстанның әкімшілік-территориялық бөліністерінде қазақтардан тартып алған жерлердің мөлшері әртүрлі болды. Мысалы Дaлa өлкeciндe тұратын қазақтар мекен етіп, шаруашылықтарын жүргізген 106 миллион дecятинa жeр болса, соның 30 миллион дecятинacын «артық жeр» дeп жариялаған болатын. Көшпенділер үшін ең басты мәселе қашанда жердің тапшылығы болған. Өйткені сан жағынан тым көп малдарын жаю және азығын тауып беру үшін үнемі көшіп қонды. Тіпті осы келтірген жүз миллионнан астам десятина жердің өзі таршылық еткені жасырын емес. Дегенмен осы «артық» деп танылған жерлердің барлығын 1906 мен 1915 жыл ішінде столпиндік реформа нәтижесінде Дала және Орынбор генерал-губернаторлық жерін мекен еткен қазақтардың 15,8 миллионнан астам дecятинa жерлерін тартып алып үлгерген болатын [20, c. 50].
Бір қызығы қоныс аудару Басқармасы қоныс аударған шаруаларға қазақтардың құнaрлы жeрлерін тартып алды. Оған қоса қоныс аудару басқармасының құпия Жарғысында қоныс аударушылар үшін өзен-көлдердің жағасы мен таулы жерлерді алып беру туралы бұйрық та шыққан болатын. Әрине осындай жерлерді мекен еткен қазақтар болса, шөлейіт жерлерге қоныс аударып, шaруaшылықтары күйзeліске ұшырады. Мал шаруашылығы дағдарысқа ұшырағандықтан, қазақтардың да күн көрici күн өткен сайын қиындaй түсті. Ол алдымен мaл жайылымдарының тарылуынан, өзен-көлдердің орыс шаруаларына берілу себепті cу тaпшылығынан көрінді. Мұндай мал шаруашылығы және адамдардың қиналуы тек қана жекелеген тұлғаларды емес, жалпыма сипат алды. Ауыл, aймaқ және рулар жер тапшылығын сезінді. Демек қазақтардың өз жерiнeн қуылуы бұқaрaлық cипaт aлғандығы туралы қорытындыға келуге болады. Рас өз атамекендерінен айырылған қазақтардың ендігі өмірі күрделі өзгерістерге ұшырады. Ол өзгерістер дәстүрлі қазақ қоғамының әлeумeттiк-экономикалық қырымен қатар, caяcи және ең бастысы рухани-мәдeни өмiрi салаларын қамтып, түбегейлі өзгeрicтeр әкелді. Патшалық Ресей өз кзеегінде қазақ жеріне қоныс аударған орыс шаруаларына мықты қорған болып, олардың барлық құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына ерекше көңіл бөлді. Тіпті жергілікті қазақтардан қорғану үшін оларды жаппай қаруландырып, қазақтардан қаруларды сатып алумен айналысты. Осылайша ақшаға қызыққан қазақтар қарусыз, ал отарлаушы орыс шаруалары толыққанды қаруланып шыға келді. Қазақтарды атып тастағаны үшін бірде-бір орыс шаруасы заңға тартылмады. Демек ХХ ғасыр басындағы қазақтардың құқықтары мүлдем сақталмады. Әрине орыс шаруаларының келуімен Қазақстандағы демографиялық ахуал өзгерді. Халық саны артып, қазақтардың үлес салмағы азая бастады. Патшалық Ресейдің қоныстандыру саясаты салдарынан қазақ жеріндегі орыс шаруаларының саны ХХ ғacырдың бacындaғы 1,3 миллион көрсеткішке жетті. Ал қазан революциясы қарсаңында бұл көрсеткіш екі есеге артты. Сәкесінше бұл біз атап өткендей жергілікті ұлт қазақтардың үлес салмағының кемуіне алып келді. 1903 жылғы статистикалық көрсеткішке қарағанда қaзaқтaрдың үлес салмағы 9%-ғa aзaйғaн екен. Сондықтан ХХ ғасыр басындағы қазақтардың негізгі ата кәсібі мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауы, халықтың әлеуметтік жағдайының қиындауы, өз жерінде кемсітілуі тікелей патшаның қоныстандыру саясатының салдары болды деп нақты айта аламыз. Ең бастысы бүгінгі таңдағы көпұлтты Қазақстанның тарихи алғышарттары осы жылдары қалыптасты. Өйткені тек орыc шаруалары ғана емес, сонымен укрaин, казак сынды ұлт өкілдерінің шаруалары белсенді қоныс аударды. 1914 жылғы статистикалық мәліметтерге қарағанда қaзaқтaрдың өз жеріндегі үлec caлмaғы 60% төмeндeгендігін байқаймыз. Сәйкесінше орыc және укрaин шаруаларының үлec caлмaғындағы өciм пайда болып, ол көрсеткіштер 29,6% көрсетті [21, с. 73].
Кеңес үкіметі жылдарында қазақ жеріне қоныс аударған орыс шаруалары Қазақстанға егіншілік мәдениеті әкелді деген қате және өтірікке негізделген пікір бар. Алайда бұл қате пікір. Мысалы патшаның отарлық саясатын белсенді жүргізіп, қазақтарды барынша тонап, қырған казактар қазақ жеріне келгенде егіншілікке үйрету емес, керісінше жабайылық танытты. Орныққан жерілеріндегі ормандарды бұталап, тақыр жерге айналдырды. Ал қазақ жеріне алғаш келген экспедиция мүшелері Алматы қаласының орнында елді-мекенге сипаттама жасағанда, суару жүйесі дамыған қала ретінде баға берген. Демек егін шаруашылығы қазақтарда орыс шаруалары келмей тұрып ақ дамыған болатын. Рас патшалық Ресей орыс шаруалары үшін шамадан және шектен тыс жерлерді алып бергендігін өздері де мойындады. Сондықтан болар, игерілмей жатқандығын байқаған патша шенеуніктері ХХ ғасыр басында орыс шаруалары иемденіп отырған 214 511 мың дecятинa жeрдiң 75 29 дecятинacын қaлa тұрғындарына, үлкен бөлігін қaзaқтaрғa қaйтaдан қайтаруға мәжбүр болған еді [22, 98 c.].
Патша үкіметінің отарлық саясатының экономикалық сипаты тек жерді иеленуден ғана емес, сонымен қатар салық жүйесінен де анық көрінді. Патша үкіметінің салық саясаты 1867 жылғы және 1868 жылы қабылданған әкімшілік реформалар барысында анықталды. Бұл салық түрлері ХХ ғасыр басында да қолданылып келді. Ең бірінші салынған салықтың бірі ол түтін салығы болды. Демек әр отбасы патша шенеуніктерінен үлкен салық мөлшерлемесін беріп отыруға мәжбүр болды. Оған қоса жер салығы, мал салықтары да болғаны жасырын емес. Тіпті сорақы салықтың да түрлері болып, қазақтарды тығырыққа тіреген де салықтың түрлері кеңінен танымал болды. Ол турасында Ахмет Байтұрсынұлы өзінің патша шенеуніктеріне жазған хатында қазақтарға жұмыртқа салығын салмауды өтініп сұрайды. Өйткені қазақ тауық асырамайтындығын айтып, қазақтар өздері өндіретін өнімдерге салық салуды сұраған. Осы жылдары А. Байтұрсынұлы «қазақтардың өмір сүрулерінің өзі проблемаға анлып отыр» деген күйінішпен айтқан сөзі кеңінен таралған болатын. Демек ХХ ғасыр басындағы қазақтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы өте қиын болғандығына көз жеткізік.
ХХ ғасыр басындағы саяси жағдайларға келер болсақ, ұлт қайраткерлерінің қалыптасуында үлкен маңызға ие болған Бірінші орыс революциясын айтпай кетуге болмайды. «Қанды жексенбі» деп аталып кеткен оқиғалардан бастау алатын бұл революция 1905 жылы басталған еді. Алаш қайраткері Халел Досмұхамедов осы бірінші орыс революциясы туралы ОГПУ дің тергеуінде айтқан сөзінде дәл осы революциядан кейін қазақ халқы саясат әлеміне тартылды деген болатын. Осы жылдары Ресейде оқып жүрген қазақ жастары түрлі листовкалар таратып, патшаға қарсы тұрудың үлкен әрекетін бастайды. Міне бірінші орыс революциясы кең қарқын алып, бүкіл Ресей аумағына тарала бастағандығынан қауіптенген патша наразы топпен келіссөз жүргізуге мәжбүр болады. Наразы топты тарату үшін патша бейбіт келіссөздер жүргізу үшін Мемлекеттік Дума деген заң шығарушы құрылымды ойлап табады. Наразы топқа өз іштеріңнен депутат сайлап, олардың наразы топтың ұсыныстарын жеткізсін деп, наразы топты тарата алады. Міне осы Мемлекеттік Думаның жұмысы да ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның саяси өмірінен мәліметтер береді. Өйткені І және ІІ мемлекеттік Дума жұмысына қазақ депутаттары да қатысқан болатын. І Мемлекеттік Дума жұмысы 1906 жылдың 27 сәуір айынан басталған болатын. 9 шілдеге дейін жалғасқан дума жұмысына қазақ депутаттары да сайланды. Олардың қатарында Торғай облысынан Ахмет Бірімжанов сайланыс, Орал облысынан А. Қалменов, ал ұлт қайраткерлерінің көшбасшысы болған Әлихан Бөкейханов Семей облысынан сайланады. Ал Ақмола облысынан Ш. Қосшығұлов сайланды. Бір ескертетін жайт осы сайланған төрт депутаттың тек екеуі ғана Дума жұмысына қатыса алған болатын. Егер де Ш. Қосшығұлов орыс тілін білмегені үшін Дума жұмысына жіберілмесе, Ә. Бөкейханов Дала генерал-губернаторының бұйрығымен жазықсыз қамауға алынады. Ал босап шыққанда Дума жұмысы таратылып кеткен болатын. ІІ Мемлекеттік Думаға Орал облысынан Бақытжан Қаратаев сайланса, Торғай облысынан Ахмет Бірімжанов, Семей облысынан Т. Нұрекенов, Жетісу облысынан Мұхамеджан Тынышпаев, Сырдария облысынан Т. Алдабергенов, Астрахан облысынан Бақтыгерей Құлманов сайланған болатын. ІІ Мемлекеттік Дума өзінің жұмысын 1907 жылдың 20 ақпанында бастап, жүз күннен астам уақыт жұмыс жасап, 3 маусым күні таратылады. Рас ІІ Мемлекеттік Думаның жұмысы қазақ мүддесінің қорғалуы тұрғысынан аса жемісті болды деп айтуға толық негіз бар. Мысалы Бақытжан Қаратаев өзіне берілген он минуттың ішінде патша үкіметінің қазақ жерінде жүргізіп жатқан озбырлыққа негізделген отарлық саясатын әшкере етеді. Қазақ халқының құқықтары қалай тапталып жатқандығын нақты мысалдармен келтіріп, қазақтың жерлері басқыншылықпен қалайша тартып алынып жатқандығын көтереді. Сөзсіз мұндай өзіне отар елдің өкілдерінің өзін қатаң сынауы сөзсіз патшалық Ресей үкіметі еш ұнамады. Сондықтан алдағы Мемлекеттік Дума жұмысына қазақтардан депутат сайлауды тоқтатады. Өйткені патшалық Ресей шынымен де ешқандай адамгершілік қағидаттары мен гуманисттік принциптерге жатпайтын өзінің теріс әрекеттерін еш ақтап ала алмайтын еді. Сол себепті мұның оңай және тез жолы қазақ депутаттарын сайлауға тыйым салу еді. Қазақ зиялылары мұның тоқтамай, өздерінің талап-тілектерін Мемлекеттік Думада жұмыс жасап тұрған мұсылмандар фракциясына беру арқылы жүзеге асырып отырды. Бір қызығы осы күнге дейін Ресей мұсылмандары ішінде татар және башқұрт сынды халықтың өкілдері өзінің оқымыстылығымен ерекшеленді деген пікір қалыптасқан. Әрине бұл пікірдің орын алуы да заңдылық еді. Дегенмен Мемлекеттік Дума жұмысындағы мұсылмандар фракциясының аса жауапты қызметтерін Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейханов атқарған болатын. Тіпті ерекше білімділік пен көрегенділікті талап ететін жұмыстардың өзі татар-башқұрт зиялыларының қолынан келмей жатқанда, оны ерекше жауапкершілікпен біз атаған қазақ қайракерлері атқарып отыр [23, с. 16].
Тіпті қазақ халқының қоныстандыру саясатынан тартып отырған азабы тек қана қазақ депутаттары ғана емес, сонымен қатар көзі ашық орыс депутаттарының да сауалына негіз болды. Әсіресе Cтолыпин жүргізген рeформa және оған дейін де жүргізілген қоныстандыру саясаты туралы I Мeмлeкeттiк Думaға Орынбор губeрнияcынaн caйлaнғaн дeпутaт Т.И. Ceдeльниковтің көтерген мәселесі көңіл аударлық. Депутат қоныстандыру саясаты барысында тапталған қaзaқ хaлқының мүддесін қорғау қажеттігін көтерген болатын. Әрине «артық жерлерді» анықтау мақсатында жүргізілген экспедициялар жұмысынан соң бірнеше қазақтардың жерсіз болып отырғандығын Т.И. Ceдeльников өзекті мәселе етіп көтереді. Ал жерсіз қалып отырған қазақтардың жалпы саны жүз мыңнан асады деп, мәселенің қаншалықты көлемді екендігін атап өтеді. дaғaн қaзaқтaр cөздiң турa мaғынacындa жeрciз болып тaбылaды дей келе, жері жетіспейтін қазақтардың жалпы саны миллионнaн кeм емес екендігін көрсетеді. Әрине мемлекеттік дума депутаттарының басым көпшілігі патша үкіметін жақтаушылар болғандықтан депутаттың көтерген мәселесі тек қазақ және мұсылман депутататтары тарапынан қолдауға ие болды. Т.И. Седельниковты қолдаған депутаттар патша үкіметінің қоныстандыру саясаты қазақ халқын түпкілікті жерсіздендіріп бітіреді деген пікірде болған еді [24, с. 45-48]. Рас Т. Седельников тарихи шындықты көре алған орыс депуттаттарының бірі ретінде қазақ тарихында өз орнын алды.
Қазақ даласының саясат әлеміне тартылып, өзінің мұң-мұқтаждылықтарын айта бастауы Бірінші орыс революциясынан кейін орын ала бастады. Мемлекеттік Дума жұмысына қатыспаған қазақ ұлттық қайраткерлері қазақ халқының мүддесі мен мұң-мұқтажын сипаттайтын петиция жазу жұмыстарын қолға алады. Тарихта ерекше танымал болған Қарқаралы петициясы еді. Қарқаралы петициясының жазылуына ерекше ықпалдастық білдірген тұлғалардың бірі де Ахмет Байтұрсынұлы болған еді. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлт қайраткерлері патша үкіметі бірнеше нақты шарттар қояды. Олардың ішінде:
Қазақтардан тартып алған жерлерді қайтару;
Орыс шаруаларын қоныстандыру саясатын тоқтату;
Қазақ халқының мүддесімен санау;
Қазақтарға салынатын салық жүйесін қайта қарау;
Қазақтардың арасында христиандандыру саясатын тоқтату;
Орыстандыру саясатын тоқтату;
Тіл саясатына дұрыс көзқарас және тағы да басқа маңызды мәселелерді қамтыған болатын.
Рас мемлекеттік Думадағы қазақ депутаттарының қызметінен бөлек, аталған жұмыстарға қатыспаған өзге де ұлт өкілдері қазақ халқының саяси санасын қалыптастыру бағыттарында белсенді қызметтерін жалғастыра берді. Оның бір жолы түрлі мысалдармен жазылған әңгімелер және өлең жолдарын шығарып, шығармашылық ізденіс үстінде болды. Міржақып Дулатов осы жылдары өзінің әйгілі болған «Оян, қазақ!» деп аталатын жыр жолдарын жазған болатын. Қазақтардың көзін ашып, басын көтеру керектігін жеткізген ақын, жер кетіп, дін нашарлағын тұста, қазақтардың жатуға еш құқығы жоқ екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар «Бақытсыз Жамал» атты қазақ халқының тұңғыш романын өмірге әкелді. Алаш қайраткерлерімен қатар жүріп, өзінің өлеңдерін «Қазақ» газетінде жариялап тұрған Шәкәрім Құдайбердиев болса, түрлі өлеңдер жазып, қазақ жастары арасында білім, ғылым саласын меңгерудің қажеттілігін түсіндірді. «Үш түрлі өмір бар, бәрі де рас...» деп келетін өлең жолдарында мына өмірде адам болып қалыптасып, ұрпақтар санасында адам қалпымда қалам десең, күн демей, түн демей ғылым іздеу керектігін атап өтеді.
Жалпы ХХ ғасыр басындағы қазақтардың саяси санасын ояту мақсатында жарық көрген мерзімді басылымдар тарихына тоқталмай кетуге болмайды. Біз отандық тарих ғылымында мерзімді басылымдардың бірнеше түрлерінің болғандығына көз жеткіздік. «Дала уәлаяты», «Түркістан уәлаяты» сынды патшалық Ресей тұсында шыққан мерзімді басылымдар болғанымен, зерттеушілер «Айқап» журналы мен «Қазақ» деп аталатын газет тарихына ерекше көңіл аударады. Оның басты себебі, аталған мерзімді басылымдар қазақ зиялы қауым өкілдері тарапынан шығарылып, қазақ жазушы, ақын және ұлт қайраткерлерінің шығармашылықтары жарияланды. Бұл жарияланған мақалалар мен өлеңдердің барлығы дерлік қазақ халқының мұң-мұқтаждылығы мен қазақ халқының басты мәселелеріне арналған болатын. Біз «Қазақ» газеті және Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси қызметін келесі тарауша барысында барынша қарастыратын боламыз. Сол себепті де «Айқап» журналына тоқталуды жөн деп таптық. «Айқап» журналы Троицк қаласынан шығып тұрған және қазақ тарихындағы тұңғыш журналдардың бірі саналады. Аталған журналдың бас редакторы Мұхамеджан Сералин болған. Журнал беттерінде қазақ қоғамында орын алып отырған патша үкіметінің отарлық саясаты, жер саясаты, қазақ қоғамындағы білім беру мәселелері көтерілген болатын. 1911 жылдан бастап шыға бастаған журнал 1915 жылға дейін жарық көріп тұрды. Жалпы саны сексеннен астам саны шықты. Журнал беттерінде Сұлтанмахмұт Торыағыров, С. Дөнентаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сынды ұлт қайраткерлерінің шығармалары жарияланды. Қарап тұрсақ журнал беттеріне кейіннен Алаш партиясы құрамында болған С. Торайғыров та, Алаш партиясының басты қарсыласы болған большевиктердің де өкілдері С. Сейфуллин, Б. Майлиндердің шығармалары жарияланды. Демек идея бөлек болғанымен оларға тән ортақ қасиет қазақ халқының көзін ашып, саяси санасының ояу болуына қол жеткізу болып табылды. «Айқап» журналында жарық көрген мақалалардың ішінде білім және ғылым саласына ерекше мән берілгендігін атап өтеміз. Қазақ халқы ежелден білім мен ғылым салаларының орнықты дамуына ерекше көңіл бөлген. Осы ретте атап өтетін бір жайт большевиктер қазан революциясынан кейін билікке келіп, қазақтар арасында кирилл қарпінің белсендітаратуына дейін-ақ қазақ балаларына заманауи білім беру ісіне мән берді. Мысалы қазақ даласы ежелден білім беру ісі дамыған болатын. Оны мектеп және медреселер ұйымдастырған болатын. Алайда мектеп пен медресе жұмыстары уақыт өте келе өзінің тиімсіздігін көрсетті. Әсіресе Ресейдің ірі орталықтарында оқып келген қазақ жастары ерекше сезінді. Сондықтан ХХ ғасыр басында қазақ даласында И. Гаспринский ойлап тапқан «жаңа әдісті» мектептер пайда бола бастады. Бұл «жаңа әдісті» мектептердің басты ерекшелігі тек діни негіздегі пәндер ғана емес, сонымен қатар зайырлы білім беру жүйесіне сай келетін пәндер де оқытыла бастады. Осы ретте біз атап өтетін бір жайт бар. Мысалы медресе десе біз тек қана діни ілімдерді оқытатын білім мекемесін елестетіміз. Алайда медреселердің өзі қазіргі таңдағы жоғары оқу орындары атқаратын қызметтерді атқарып отырған. Амангелді Иманов медреселік білім болған азамат. Дегенмен сол медресе қабырғасынан араб, парсы және түрік тілін жетік меңгеріп шыққан болатын. Мұның өзі медресенің тек діни ғана емес, сонымен қатар тіл саласында, арифметика мен география сынды салада жлоғары көрсеткіштерге қол жеткізген болатын [25, с. 47].
ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы саяси өмір 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғыспен тығыз байланысты дамыды. Осы жылы эрцгерцог Фердинандтың өлтірілуімен Үштык одақ пен Антанта одағы арасында үлкен соғыс орын алады. Патшалық Ресей де соғысқа кірді. Әрине қазақтар патшалық Ресейге бодан болуы себепті де соғыс ауыртпашылығын көтеруге мәжбүр болды. Мысалы соғыстың алғашқы күндерінде қазақтардан соғысқа адам алмайтындығын айтып, қазақтарды тек қана соғысқа қажетті тауарлармен қамтамасыз ету міндеті жүктелген болатын. Сондықтан соғыс жылдарында Түркістан өлкесінен 300 мың пұт ет алынса, 70 мыңға жуық жылқылар алынады. Жетісу өлкесінен де отыз миллионнан астам сомнан асатын мал өнімдерін алған еді. Сонымен қатар Түркістаннан он төрт мың жуық түйе де алынған болатын. Демек соғыс жылдарында қазақтар патша үкіметі тапсырған барлық салық түрлерін толыққанды өтеді. Сондықтан қазақтарды патша жарлығына адал болды деп айтуға негіз бар. Алайда 1916 жылдың 25 маусымында патша жаңа жарлық шығарып, өз уәдесінде тұрмайды. Жарлыққа сай ендігі кезекте патша қазақтардан соғысқа қажетті тауарларды жинап болған соң, ендігі кезекте тыл жұмыстарына 19 және 43 жас аралығындағы азаматтарды алуды жоспарлайды [26, 23 б.]. Әрине қазақтар бәлкім тыл жұмысына да баруы мүмкін еді. Алайда баратын адамдардың тізімін жасау барысында түрлі әділетсіздіктер орын ала бастады. Ол жылдары қазақтарда туу туралы куәлік болмаған. Сондықтан олардың нақты жасын анықтау мүмкін емес еді. Осыны пайдаланған тізімді жасаушылар өздерінің таныстарының балаларының жасын кішірейтіп, бөтендердің баласының жасын ұлғайтып көрсетуді әдетке айналдырды. Нәтижесінде қазақтар арасында назарылық толқулары орын ала бастады. Осы жылдары қазақтардың наразылығына қатысты қазақ зиялылары екі топқа бөлінеді. Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш арыстары патша жарлығына бағынуға шақырды. Қарсыласпай, тыл жұмыстарына адам жіберген дұрыцс деген пікір білдіреді. Өйткені қазақтар мен патша үкіметі әскерінің күші тең емес екендігін алға тартады. Кейінгі оқиғалар көрсеткендей Алаш арыстарының пікірі өте дұрыс болды. Ал Т. Рысқұлов, С. Сейфуллин, Ә. Жангелдин бастаған большевиктік көзқарастағы зиялылар патша жарлығына қарсы көтеріліске шығуға шақырады. Осылайша Қазақстан жерінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басталды. Көтерілістің негізгі екі ошағы қалыптасты. Оның бірі Торғай жерінде болса, екіншісі Жетісу көтерілісі болған еді. Торғай көтерілісі қазан революциясына дейін жалғасты және Амангелді Иманов бастаған Торғай көтерілісшілері патша әскерінен жеңілген жоқ. Өйткені Амангелді Иманов 50 мыңдай көтерілісшілерді кәсби тұрғыдан ондықтар, жүздіктер, мыңдықтар мен он мыңдықтар деген етіп бөледі. Сонымен қатар Амангелді Иманов көтеріліс ісіне ерекше дайындықпен келеді. Арнайы барлау қызметі жұмыс жасап, пошта байланысын жүзеге асырады. Ұстаханаларда қару-жарақ жасап, соғыс тактикасын жетілдіреді. Осындай дайындықтың арқасында амангелді Иманов патша әскерімен қақатығыстар барысында үнемі үстем түсіп отырған. Басқару ісін дұрыс ұйымдастыру мақсатында Торғай қазақтары өз іштерінен хан сайлауын өткізеді. Нәтижесінде Әбдіғаппар Жанбосынов Торғай көтерілісшілерінің ханы болып сайланып, Амангелді Иманов бас сардарбек болып тағайындалады [27, 13 б.]. Өз кезегінде Жетісу көтерілісі жеңіліс тапқан және қазақ халқының қырылуына алып келген оқиға болды. Өйткені Жетісу қазақтарының қарулануы өте жұпыны болды. Сондықтан жазалаушы әскерге қарсы тұра алмастан 238 мың қазақтар Жетісу жерінен Қытай жеріне босқын болып көшуге мәжбүр болды. Бір деректерде олардың саны 250 мыңнан астам болды деп те көрсетеді. Нәтижесінде Қытай жерінде олар қайыршының күйін кешіп, балаларын сату арқылы күн көрді. Осы оқиғалардан кейін ақпан революциясы орын алып, патша Николай ІІ биліктен кетірілді. Осы жағдайды пайдаланған Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш қайраткерлері Уақытша үкіметке хат жазып, босқын қазақтарды кешіру туралы хат жазады. Рас Уақытша үкімет Қытай асқан қазақтарға кешірім жариялады. Нәтижесінде М. Тынышпаев, А. Байтұрсынов бастаған Алаш қайраткерлері Қытай жерінен қазақтарды көшіре бастады. Қазақ жеріне қайт көшіп келген қазақтарды орналастырып, оларға тамақтандыру орталықтарын ашады. Осы мақсатта бүкіл Ресей бойынша бауырлас мұсылман елдерінен жылу жинап, арнайы қор жұмысын бастайды. Тіпті бұл қорға А. Иманов, Ә. Жанбосынов сынды тұлғалар да ақша аударады. Бір ескерте кететін жайттың бірі – патша ІІ Николай қазақтар қарсы шықты және тыл жұмысына баруға наразы екен деп адам алмай қалған жоқ. Қазақты қырып, оған қоса тыл жұмысына адамдарды алды. Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш арыстары тыл жұмысына алынған қазақтардың арасында болды. Сол жердегі қазақтардың жай-күйімен танысып, жергілікті басшыларға қазақтардың мұсылман екендігі және оларға шошқа өнімдерінен тамақ жасап бермеуін өтінеді. Елге қайтып келген соң Ахмет Байтұрсынов «Алаштың ұлдарына хат» деп аталатын мақала жариялап, қазақтың жастарына орыс тілін меңгеріп, тыл жұмысында жүрген қазақтарға тілмаш болуға шақырады. Өйткені ол жердегі қазақтар тіл білмегендіктен қатты қиналуда екендігін атап өтеді. Міне алғашқы жылдары қазақтардың осындай ауыр жағдайға түсетінін біліп, жарлыққа қарсы шықпауын өтінген болатын. Дегенмен қалыптасқан жағдайда абдырап қалмай, ұлт мүддесі үшін аяғына дейін қызмет қылғанына куә боламыз [28, 36 б.].
ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы саяси ахуалды сараптағанда біз міндетті түрде 1917 жылы орын алған ақпан және қазан революцияларын атап өтуіміз қажет. Ақпан революциясы 1917 жылы орын алып, патша ІІ Николайды биліктен тайдырды. Жай тайдырып қана қоймай, патшаны отбасымен қосып, большевиктер қырып тастады. Ал патша билігінің орнына қос үкімет орнады. Біріншісі Уақытша үкімет деп аталса, екіншісі жұмысшы, солдат және жұмысшыларының Кеңесі болды. Уақытша үкіметті қазақ зиялылары барынша қолдады. Мысалы Мұхамеджан Тынышпаев Жетісу облысындағы Уақытша үкіметтің комиссары болса, Мұстафа Шоқай Түркістандағы, Әлихан Бөкейханов Торғайдағы уақытша үкіметтің комиссары атанды. Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Революция және қазақтар» деп аталатын мақала жазып, онда ақпан революциясынан кейін қазақ даласында бостандықтың таңы атты деген мәліметтер қалдырады. Ақпан төңкерісінен кейін шынымен де қазақ даламсында саяси белсенділік байқалады. Қазақ комитеттері құрылып, саяси партиялардың ашылуы орын алды. Мысалы 1917 жылдың 21-26 шілде айы аралығында Орынбор қаласында тұңғыш жалпы қазақ съезі өтеді. Съезд қорытындысына сай өмірге Алаш партиясы келеді. Құрылған жаңа партия қазақ зиялыларының, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлт қайраткерлерінің ұзақ жылғы қоғамдық-саяси қызметінің заңды жемісі болды. Алаш партиясының бағдарламасы қараша айында «Қазақ» газетінде жарияланды. Осы аралықта қазан революциясы орын алады. Бұл қазан революциясын большевиктер ұйымдастырып, биліктен Уақытша үкіметті кетіреді. Уақытша үкіметтің басты кінәсі Бірінші дүниежүзілік соғыстан шықпауы еді. Әрине соғыстың аяқталуына аз уақыт қалған еді. Кейінгі оқиғалар көрсеткендей, І дүниежүзілік соғыс 1918 жылы аяқталған еді. Сондықтан Германияның жеңілетінін білген Уақытша үкімет аз ғана шыдап, содан кейін немістерден соғыс шығынын төлету арқылы пайда табуды ойлады. Алайда орыс халқы үшін соғыс жаңа салықтардың пайда болуына, жұмыс күнінің ұзаруына, ең бастысы адам шығынына алып келді. Міне осы наразылықты пайдаланған большевиктер қазан революциясын бастады. Нәтижесінде 25 қазан күні билікке қол жеткізіп, ертеңінде халықты өз жағына шығару үшін қос бірдей декрет қабылдады. «Жер туралы» және «Бітім туралы» деп аталатын екі декрет Ресей шаруаларының көңілінен шықты. Өйткені «Бітім туралы» декретке сай Ресей І дүниежүзілік соғыстан шығарылды. Сөзсіз мұндай шешім алдымен майдан даласынан туыстарының оралуы, салықтың азаюы, жұмыс күнінің қысқаруына жағдай жасады. Сондықтан да В.И. Ленин бастаған большевиктердің бұл әрекеті халық тарапынан қолдауға ие болды. Оған қоса «Жер туралы» декректке сай байлардың жерлері мемлекеттің меншігіне алынып, ол жерлерді шаруалар өз мүддесіне сай пайдаланады деген мәліметтер таратты. Сонымен қатар патшалық Ресей жері тек торыс шаруаларынан ғана тұрмайтындығын түсініп, В.И. Ленин Азия халықтарына үндеу жариялап, Азия халықтары, соның ішінде қазақтар өзін-өзі басқаруға құқылы екендігі және тіпті бөлініп шығуына да құқықылы деген жалған уәделер берді [29, 75 б.].
Міне осы өзін-өзі басқару құқығы туралы В.И. Ленин бастаған большевиктердің уәдесіне алданған Алаш қайраткерлері 1917 жылдың 5-13 желтоқсан айы аралығында Орынбор қаласында ІІ жалпықазақ съезінің жұмысын бастайды. Сеъздің басты мақсаты қазақ халқының өзіндік үкіметін құру болған еді. Нәтижесінде съездің соңғы күні Алаш-Орда үкіметі құрылып, үкімет төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Алаш-Орда үкіметінің астанасы болып Семей қаласы таңдалды. Алайда Алаш-Орда үкіметі большевиктер тарапынан мойындалмады. Демек большевиктердің сөзі мен ісі сай келмеді. Осылайша Алаш Орда үкімет мүшелері большевиктерді не қолдау не қолдамау керектігін түсінбеді. Қазан революциясынан кейін большевиктердің жерді тартып алу сынды саясаты патшалық Ресей тұсында байған топ өкілдеріне ұнамағаны анық. Олар большевиктерді биліктен кетіру үшін азамат соғысын ашқан болатын. Олардың әскери күштерін ақ гвардияшылар деп атады. Міне Алаш арыстары осы азамат соғысында өздеріне мемлекет береміз деген ақ гвардияшыларды қолдауға мәжбүр болды. Семей қаласында Алаш деп аталатын ұлттық кавалерия, атты әскерді құрып, Отыншы Әлжанов басшылығымен нақты соғыс әрекеттерін де ұйымдастырды. Большевиктерге қарсы соғыс жоспарын құрып, алғашқы шығындарға ұшыраған болатын. Алаш зиялылары мен ақ гвардияшылар арасындағы одақтастық ұзаққа бармады. Оған түрткі болған негізгі екі фактор еді:
Ақ гвардияшылардың қазақтарға мемлекет береміз деген уәдесінің өтірік болып шығуы;
Ақ гвардияшылардың қазақ даласын аяусыз қыруы болып табылады.
Азамат соғысы жылдарында Ужа қаласында ақ гвардияшылардың ең үлкен ірі құрылтайы өткен болатын. Адмирал Колчактың қатысуымен өткен құрылтайға Әлихан Бөкейханов та қатысты. Жиналыс барысында қазақ қайраткері Әлихан Бөкейханов казак әскерилері мен адмирал Колчак сынды беделді ақ гвардияшылардың басшыларының азамат соғысы аяқталғаннан кейін ешкімге тәуелсіздік, жеке ел болу үшін егемендіктің берілмейтіндігін ерекше атап өтеді. Патша үкіметі тұсындағы мемлекеттік құрылым сақталатындығын жеткізеді. Міне осы сөздерді естіген Ә. Бөкейханов өздерінің алданғанын білді. Оған қоса азамат соғысы жылдарында ақ гвардияшылар қазақ ауылдарын себепсіз қырды. Атаман Анненьков бастаған қарулы жасақтар қарусыз қазақтарды бүтіндей ауылдарды жоқ қылып жіберді. Мұндай заылмдықты күтпеген Алаш арыстары ақ гвардияшылардан үміттерін үзді. Сондықтан осы екі себепті басшылыққа ала отырып, 1919 жылдың наурыз айында Алаш арыстары большевиктер жағына өте бастайды. Осылайша Алаш қозғалысы тұйықталып, ендігі кезекте Кеңестер үкіметі аясында ұлт мүддесіне қызмет ету кезеңі басталды. Рас большевиктер Алаш арыстарын қуана өз қатарларына қосты. Өйткені қазақтар В.И. Ленинді емес, Ахмет байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарын жақсы білді. Сол себепті де Алаш арыстары большевиктер қатарына кіруі бұл үкіметтің дұрыс екендігі деген сияқты пікір қалыптастыру үшін аса маңызды болды [30, 65 б.].
ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның саяси-әлеуметтік жағдайы большевиктердің билігінің орнауымен тіпті ушыға түсті. Оған дәлел азамат соғысы жылдарында енгізілген «әскери коммунизм» саясатынан басталған саясат халықты кедейленуге алып келіп, оның соңы 1921-1922 жылдардағы аштыққа алып келді. Кеңестер үкіметі Қазақстанда жүргізген саясаты барынша қазақтарды тонауға бағытталды. Мысалы бір қарағанда керемет бастама болып көрінген индустриаландыру саясатын алсақ болады. Бұл саясаттың түпкі мәні Қазақстанды аграрлы елден, индустриалды мемлекетке айналдыру еді. Алайда бұл саясаттың барысына Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов сынды ұлт қайраткерлері қарсы шықты. Олардың пікірінше, Қазақстанда заводтар мен фабрикалар емес, керісінше теміржолдар салынып жатыр дей келе, бұл Қазақстанды шикізат көзіне айналдыру саясаты деген баға берді. Рас қазақ зиялыларының бұл пікірі өте орынды еді. Олар қазақ жерін шикізат көзіне айналдыру саясатының салдарын Қазақстан әлі де болса тартады деген болатын. Міне ел егемендігіне отыз жылдан астам уақыт өтсе де, бірде бір ауыз толтырып айтатын заводтар салынбады. Қазақстан әлі де болса шикізат көзі қызметін атқарып келеді. Смағұл Сәдуақасов «Қазақстан отар болды, отар болып қалады» деген пікірінің тарихи сабақтастығының үзілмегені жанға батады.
Тіпті ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы ұжымдастыру саясатының өзі жоспарсыз жүруі салдарынан 2,1 миллион қазақ аштықтан қырылса, 1 750 мың адам шетел асты. Осы ашаршылық, зұлмат салдарынан қазақ халқы 49%-ға азайды. Ашаршылық аяқталысымен, оның артынша 1937-1938 жылдары саяси қуғын-сүргін орын алып, Қазақстанда 120 мыңнан астам адам қуадаланып, оның 25 мыңы атылған болатын. Қудаланғандар Карлаг, Степлаг, Алжир түрмелерінде жазасын өтеуге мәжбүр болды. Міне Кеңестер билігінің алғашқы жылдарынан-ақ қазақ халқының қанын жазықсыз төгу саясаты белсенді жүргендігін байқаймыз. Сонымен тараушаны қорытындылай келе, ХХ ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік ахуал өте күрделі болғандығына көзіміз жетті. Біздің пікірімізше мұндағы басты мақсат – қазақтарды қыру арқылы санын саналы түрде азайту және кеңестік идеологияға сай азаматтардың бөлігін қалыптастыру болып табылады деп айтуға толық негіз бар.