Кіріспе
Зерттеудің өзектілігі. Адам мен табиғаттың, қоғам мен ортаның өзара әрекеттестігі, оның өнеркәсіпті өндірістің қазіргі таңдағы көптеген жарамсыз технологиялармен қарқынды өсу жағдайында өмір сүруі, қиындықтың шама-шегіне жетті. Адамзат тіршілігінің өзіне қауіп төнді: табиғат қорлары үзіліссіз сарқылысқа түсті, ортаның ластануынан адам өміріне қауіп төнді. Бүкіл әлемде экологиялық дағдарыстар мен апаттар ұлғая түсуде. Мұндай апатты зардаптар Қазақстанның Семей, Қызылорда, Батыс Қазақстан (Нарын, Азғыр, Тайсойған), Орталық қазақстан (Сарышаған, Байқоңыр, Балқаш), Оңтүстік қазақстан (Созақ) аймақтарында көрініс тапты, олар табиғи экологиялық жүйе тұрғысында, экологиялық жағдайы өте нашар жерге айналды, ал экологиялық әлеуметтік тұрғыда экологиялық зардапты ауданның бірі болып саналады. Экологиялық апаттар биоортадағы жағдайларға еткен әсері арқылы дүние жүзінің әрбір аймағындағы құбылыстардың дамуына айтарлықтай ықпал жасауда.
Рио-де-Жанейрода (1992, маусым) БҰҰ – ның қоршаған орта бойынша өткізген конференциясында қарастырылған мәселелер (дүние жүзіндегі бүгінгі экологиялық жағдай; әлемдік қауымдастардың экологияны тұрақты дамытуға талпынысы т.б.) бойынша қабылданған шешімдер білім мен тәрбиені экологияландыруға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Жеткіншектердің экологиялық білімі мен тәрбиесі міндеттерінің маңыздылығы арта түседі [1;2].
Өркениетті елдермен қатар Егеменді Қазақстан Республикасы да Рио-92 қабылдаған шешімге парасаттылық көрсетіп, біздің қоғамның приоритетті дамуының стратегиялық бағыттағы “2030” тұрақты дамуының сара жолын көрсетті [3].
Одан кейін де Елбасының мемлекеттік экосаясаты мен экономикалық саясаты табиғат ресурстарын тиімді пайдалану әлемдік деңгейдегі үрдістеріне үн қосып “адам – қоғам – табиғат” арасындағы гармониялық үйлесімділіктің теориялық аспектілерін тұжырымдады. Бүгінгі таңда “Білім туралы” Заңдарды жетілдіру және білім сапасын әлем кеңістігінің білім деңгейіне көтеру көзделіп отыр. Яғни нәтижеге бағытталған білім сапасын өміршең ету жоспарлануда.
Елбасының қолдауымен Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау және қалыптасқан экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бірнеше маңызды заңдар мен құжаттар қабылданды [4;5;6;]. Соның ең маңыздысы “Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасы” (2003 ж.) көпшілікке экологиялық білім мен тәрбие берудің өміршең бағдарламасын нақтылап берді [7]. Елбасының №1241 (2003) Жарлығымен мақұлданған бұл тұжырымдама ҚР “Қазақстан Республикасының конституциясы’, “Білім туралы” заңына сәйкестендірілген бірден-бір мемлекеттік білім мен экологиялық саясатына қолдау көрсеткен шешуші құжаттардың бірі болды [8;9].
Экологиялық проблеманың пайда болуы ең алдымен әлеуметтік-экономикалық факторларға байланысты және бұл проблемаларды техникалық құралдармен де, жеке адамның топтасқан қауымның қоршаған ортаға көзқарасын, қатынасын қайта бағдарлау жолымен де шешуге болады. Адамзат экологиялық тұрғыда қоғамды дамытудағы көзқараспен байланыстағы жаңа менталитетті қалыптастыру қажеттігін ойындайды. Әлеуметтік әрекет құралы ретінде қоғамдық экологиялық таным әлеуметтік бақылаудың барлық механизмдерін дұрыс іске асыруды қамтамасыздандыруы қажет, тұрғылықты халық қоршаған ортаны жақсарту мәселесіне, сонымен бірге оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие беру мәселелеріне аса назар аударғаны жөн.
Осы тұрғыда жеткіншектердің экологиялық ой-өрісін дамыту, экологиялық мәдениетін қалыптастыру проблемасының көкейкестілігі күннен – күнге арта түсуде. Ғалымдардың пайымдауынша, экологиялық білім мен тәрбие барлық тіршілікке қатысты ішкі жауапкершілік сезімі мен парызды дамытуы қажет, өйткені тіршілікті ортаны сақтау мен адамның денсаулығы қоғамның құндылық жүйесінде ең маңызды категорияның бірі болып саналады.
Экологиялық білім бүгінгі заманның кешенді проблемасы ретінде философиялық - әлеуметтік зерттеулердің обьектісінен түскен емес. Олардың еңбектерінде экологиялық проблема жалпы адами тұрғыда қарастырылады (Э.В.Гирусов, А.С.Ахизер, И.П. Герасимов, В.Д.Мазур) [10;11;12;13]. Экологиялық білімді дамытуда бірқатар тұжырымдамалардың (Рио-де-Жанейрода (1992) БҰҰ –ның өткізген конференциясында қабылданған; ЮНЕСКО – ЮНЕП үкіметаралық конференцияда (Тбилиси, 1977) қабылданған [14]; “Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасы” 2003 ж. қабылданған) негізгі қағидаларының маңыздылығы жоғары болды [7].
Бүгінгі Республикамыздың Білім және Ғылым министрлігінің бағдарламасына сәйкес оқу жүйесін және білім беруді жаңа деңгейде ұйымдастыру өзекті мәселеге айналып, қолға алынып отыр. Осы өзекті мәселенің бірі – ол бала бақшадан бастап, орта және жоғары мектептерде үздіксіз экологиялық білім жүйесін қалыптастыру.
Баланың жеке тұлға болып қалыптасуына тәрбиенің табиғаттың қатысында, табиғат арқылы берілуіне байланысты екендігін бүгінде ғылыми педагогикалық зерттеулер дәлелдеп отыр. Табиғатпен қарым – қатынас баланың ойлау, есте сақтау, бақылағыштық қабілеттеріне, сана – сезімінің жылдам өсіп жетілуіне, түйсігіне т.б. оңды әсер ету мүмкіндігі шексіз. Себебі, Адам табиғи тірі ағзаның бірі. Адам өзінің болмысы мен игерген білім жүйесі нәтижесінде өзін кейінгі өмір кезеңдерінде көрсете алады.
Адамның тура және жанама іс-әрекеттерінің қатысында еліміздің экологиялық жағдайының асқындап, оның дүниежүзілік қауіпті жағдайға айналып отырғандығы бәрімізге мәлім. Сондықтан да қоғамның қазіргі талабы - әрбір адамның экологиялық сауатты, мәдениетті болуы. Осы тұста білім саласының барлық буынына экологиялық мазмұнның берілу қажеттігі туындайды. Қажеттілік экологиялық білім беру мәселесін шешуді төменнен жоғарыға қарай жүргізілуін, оны жеке пәндермен ғылыми негізде ұштастыра және тәжірибе жүзіне дамыта оқыту барысында, барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдаланумен байланыстырады. Сонда бесіктен бастап, ата анаға дейін экологиялық тәрбие, мәдениет дағдысын қалыптасу қажеттігі туындайды.
Кейінгі кездегі мектептерге арналып шығарылып жатқан жаңа оқулықтарда экологиялық түсініктер беріліп жүр. Себебі, жоғары мектеп өзінің іргетасы саналып жүрген орта мектептерден сапалық өзгерісті талап етеді. Кез–келген пәнді оқытуда, ондағы тақырып материалдарының мәтінінің мазмұнын баяндағанда, түсіндіргенде оған табиғатты қорғау және көркейту шараларын үйретуді көздейтін, табиғат байлықтарына жауапкершілікпен қарайтын,яғни экологиялық білімді орнықтырудың мүмкіндіктерін арттыратын педагогикалық іс-әрекет қажеттігі туындайды. Осы қажеттілік қанағаттандырылса ғана тұлғаны экологиялық тәрбиеге қалыптастыру үрдісінің алғашқы сатысы жүзеге асырылды деуімізге болады.
Оқу үрдісі тәрбие үрдісінің құрамдас бөлігі ретінде жалпы мақсаттан бастау алып, ортақ белгілі бір талаптарға жүгінетіні белгілі. Сондықтан да мектеп қабырғасында жас ұрпаққа экологиялық білім мен тәрбие берудің мақсаты – білім мен білікті қалыптастыру ғана емес,ол тұлғаның дүниетанымын дамытып, жан-жақты етіп тәрбиелеу. Осы қайшылықтарды зерттеу проблемамызды айқындауға және тақырыпты “Оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие берудің кейбір мәселелері” деп таңдауымызға негіз болды.
Достарыңызбен бөлісу: |