Салт етістік. Ы.Маманов табыс септіктегі тура толықтауышты керек етпейтін, яғни меңгермейтін етістіктерді салт етістіктер деп атайды. Олардың етістік тұлғаларының барлық түрінде де кездесетінін айтады. Еліктеуіш сөздер мен “ет” көмекші етістігі тіркесу арқылы және бейнелеуіш етістіктерді түгелімен осы салт етістік тобына жатқызады. Салт етістіктердің табиғатын адамның не басқа заттардың қозғалыс қимылын, күйін, белгінің өзгеру процесін, табиғат құбылыстарының өзгеру күйін білдіруімен түсіндіреді. Өздік етіс пен ырықсыз етісті салт етістікке, ал өзгелік етісті сабақты етістікке тән деп алады.
Өздік етіс. Өздік етіс формасында берілетін қимыл-әрекеттің иесі әдетте адам немесе басқа жанды зат болып келетіні белгілі. Ы.Маманов кез келген етістіктің өздік етіс тұлғасында жұмсалмайтындығын және өздік етіс мағынасын бере де алмайтындығын дәлелдейді. Мысалы, алыстан көрінді, қорқып тартынып қалды, алма екіге бөлінді деген тіркестерде өздік етіс мағынасы жоқ. Мұндай тіркестерді осы күнгі грамматикада жаңа мағыналы сөз деп таниды. Белгілі ғалым С.Исаев өздік етістің жоғарыдағыдай ерекшеліктеріне байланысты мақаласында мектеп грамматикасында берілген анықтаманы дұрыс деп есептейді. Яғни, іс істеушіге арнайы айтылып, амал сол іс істеушінің өзіне көшетінін көрсететін етістіктің түрін өздік етіс деп атаймыз [181, 55-56 б.].
Ырықсыз етіс. Ырықсыз етіс сабақты етістіктің түбіріне -ыл, -іл, -л жұрнағы жалғану арқылы жасалатыны көптеген тілшілер еңбектерінде дәлелденген. Егер түбір етістіктің соңғы буынында л дыбысы келсе, ырықсыз етіс жұрнағы -ын, -ін, -н түрінде жалғанады.
Ы.Маманов кейбір етістіктердің өздік етіс те, ырықсыз етіс те бола алатындығынайтады. Бұлардың қай етіске жататындығы контекске байланысты аңғарылады дейді. Мысалға, Айша әдеміленді, үй әдемілендідеген сөйлемдегі алғашқы әдеміленді – өздік етіс мағынасын білдірсе, екінші сөйлемде ырықсыз етіс мағынасын білдіріп тұрғандығын сөз етеді.
Ғалым А.Қалыбаеваның етіс категориясына байланысты монографиясында “өздік етіс пен ырықсыз етістің тұлғалық белгілерінде пәлендей айырмашылық жоқ” екендігі айтылады. “Екі етістің негізгі айырмашылығы – сөйлемдегі жалпы ой мен бастауыштардың мазмұнында” делінген [182, 29 б.].
Жас зерттеуші М.Жүнісова “Ескі түркі тілдеріндегі етіс категориясы” атты диссертациясында М.Қашқари өздік және ырықсыз етіс мағыналарының ұштасып жататындығын айтқан деп көрсетеді [183].
Ы.Маманов келтірген мысалдарға ұқсас мысалдар “Қазақ грамматикасында” да беріледі. Ы.Мамановтың айтуынша, екі етістіктегі негізгі айырмашылық – олардың семантикасында. Өздік етісте субъект бастауыш болса, ырықсыз етісте субъект көрінбейді, грамматикалық бастауыш логикалық объект болады. Оған төмендегідей мысалдарды келтірсек түсінікті болады: Арман тазаланды – есік тазаланды; Ол көрінді – бұл көрінді, бір қара көрінді; Адам керілді – жіп керілді т.б.
Ж.Әмірова өз мақаласында ырықсыз етістің синтаксистік, стильдік қызметіне тоқталады. Ырықсыз етіс жұрнақтарының өзінді етіс мағынасында жұмсалатынын айтып, бұл екі етіс формасының тарихи жағынан бір ізден тарап, кейін дараланғандығын келтіреді [184, 80-83 б.].
Ал зерттеуші А.Ерғалауовтың мақаласында ырықсыз етіс формасын етістіктің шақ түрімен байланыстырады да, ағылшын және қазақ тілдеріндегі ырықсыз етісті салыстыра зерттейді [185]. Сөйтіп, ырықсыз етісті оқытқанда, алдымен өткен шақ формаларына көңіл бөліну керек дегенді айтады. Біздің ойымызша, етіс категориясы мен шақ категориясы өз алдына жеке-жеке қаралуы тиіс. Өйткені шақ категориясының салт, сабақты етістіктің етіске тікелей қатысы сияқты байланыс жоқ.
Жоғарда айтылғандар өздік етіс формасын зерттеушілердің пікірі бір арнаға келіп тоғысатынын көрсетті.