Джон Фиджеральд Кеннеди 1971 ж 29 мамырда Массачусетс штатынын Бостон аласы Бруклин ауданында дџниеге келді


ІІ-тарау. Джон Ф. Кеннедидің сыртқы саясаты



бет6/9
Дата27.11.2023
өлшемі464,5 Kb.
#130112
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Дип.-Джон-Ф.Кеннеди-саясаткер-және-дипломат

ІІ-тарау. Джон Ф. Кеннедидің сыртқы саясаты.

1961 жылы қаңтарда Джон Кеннеди Президент қызметіне кіріскен кезде Америка сыртқы саясаты қырғи- қабақ соғыстың бел ортасында еді.


Кенеди 1960 жылы Желтоқсаның өзінде-ақ АҚШ қорғаныс министрі Макнамараға АҚШ әскери стратегиясын қайта құруға тапсырма береді. Сонымен қатар Кеннеди қызметке кіріскеннен кейін 1-аптадан соң Макнамараға Кеннедиге және үкіметке өзі жүргізген зерттеулер нәтижелерін баяндайды. Зерттеу нәтижесінде мынадай жайттарға куә болады: Американ әскери стартегиясы тек алдын-ала жоспарланған бюджет қаржысымен құрылады және әскерге бөлінетін қаржы АҚШ ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жетпейді. Макнамараның айтуы бойынша АҚШ әлсіз әскермен жасақтанған және жаяу дивизиялар сүңгуір қайықтар ядролық ракеталар қарапайым қарулар және оқ дәрілер жетіспейді. Бұл олқылықтар үлкен қаржыны талап етеді. АҚШ-та әскери тапсырыс берудің дәуірі туды. Ол Кеннеди Президент болған үш жылда тоқтамады. Үш жылда тек қосымша әскери қаржы 17 млрд. долларды құрады.
2.1. Кариб дағдарысы.

Кеннеди өз президенттік қызметінің маңызды бөлігін сыртқы саясатқа арнады.


60-жылдардың басында әлем Адамзат тарихындағы ең елеулі және қарама-қайшы мәселелерге толы болды. 1956 жылы Суэц дағдарысынан кейін 1961 жылы батыс Берлин үшін ГДР мен КСРО билік басындағылардың келіспеушілігі туындайды. Ал 1962 жылдың қазанындағы Кариб дағдарысы әлемді термоядролық соғысқа жақындатты.
1962 жылы қазанның ІІ-жартысы тарихқа қырғи-қабақ соғыстың шиеленісін туындатқан және әлемді ядролық апаттың шегіне жеткізген Кариб дағдарысы деген атпен кірді. Адамзат апокалипсистің шынайылығын толығымен сезінді. Бақытқа орай, сол кезде ақыл күші ойламаушылық үстінен үстемдік алды. КСРО, АҚШ және Кубаның мемлекеттік қайраткерлері “ ядролық тығырықтың “ не екенін ұғынды және өткір халықаралық мәселені әскери емес, саяси тұрғыдан шешуге жол тапты.
Бірақ барлық елдер бұл тәжірибені назарда ұстанбады. Осының дәлелі ретінде жақында шиеленіскен Балкан мәселесін айтуға болады Кариб дағдарысы қандай қарама – қайшылықтар кейін туындауы мүмкін еді. Бұл шиеленістің негізін сонау алыс 1962 жылы іздеу керек. Солтүстікатлантика одағының негізгі мақсаты өзінің үстемдігін барынша ұлғайту еді. Өзінің әскери күшін іс - әрекетпен көрсету және бітімгершілікті қарудың күшімен жасау НАТО – ның европалық тәуелсіз мемлекеттерінің ішкі істеріне араласуына жол ашты. Сол кезде американдықтар сол кездегі КСРО – ның Батыс елдеріне қарсы әскери күштерін қолдана алмайтынын және қолданғысы келмейтінін түсініп, өзінің іс - әрекеттерінен әлде қайда ұзаққа шапты. /19/

Әлем ешқашан 1962 жылы Кариб дағдарысы уақытындағыдай ядролық соғысқа жақын тұрмаған шығар. 1962 жылы 27 қазанда ядролық қауіп шегіне жеткен және бұл қауіп бұрыс әрі қайғылы жолмен шешілуі мүмкін еді. Бұл сөзге айқын дәлел 1987 жылы Кембриджде өткен Кариб дағдарысына арналған конференциядағы американ әкімшілігінің мүшелері Макпамара , Банда және Соренсеннің айтқан сөздері еді. Бұл жоғарғы мәртебелі шенеуніктер Дж. Кенедидің Ақ үй қызметкерлерінің барлығына Вашингтоннан кетуін және ядролық қарудың іске қосылғанын күтуі туралы бұйрық бергенін айтады. Екі астана да ядролық қауіп жамылды және ядролық соққылармен алмасу қаупі күшейе түсті.


Кариб дағдарысы туралы айтпас бұрын “ қырғи қабақ соғыстың “ бірнеше оқиғаларына тоқталу керек. Әйтпесе, оның себептерін және шиеленістің қалай өрбігенін түсіну мүмкін емес. Кариб оқиғасы жылымық кезеңдегі кеңес-американ қатынасының дамуына себепші болды. Екі ядролық алпауыттың арасындағы мағынасыз термоядролық жарыс пен ескі саясаттың қауіптілігін көрсете отырып, екі ел арасындағы қатынастарды тамырымен өзгерту қажет екендігін атап көрсетті.
Үш жыл бұрын Кубада Кастра Рустың бапсшылығындағы революциялық үкімет орныққан еді. Американ әкімшілігі оның негізін салушы диктатор Батистаны ұната қоймағанымен Кубалық революционердің жеңісін де жақсы қарсы алған жоқ. Мүмкін, америкалықтарды олардың әскери базасы Гуантанаманың жаңа биліктің тастап шығуына қойған талабынан сақтануы болар немесе америкалық басшылық Кубалық эмигранттардың сөзіне тым құлақ асып кеткен болар, әлде сонау бастан-ақ аралдағы америкалық күштеуді жоюға тырысқан Фидель Кастроның билік басына келуі әсер еткен болуы мүмкін.
Алайда, мұның себебін, не болғанын атап айту қиын. Қалай болғанда да Вашингтон Кастро жеңісінің екінші күні-ақ оның үкіметімен белсенді конфрантация жүргізу жолына түскен еді.
1960 жылы америкалықтар кубалық қантты сатып алуын тоқтатты және осы әрекеттерімен елді экономикалық апат шегіне қойды, ал 1961 жылы 2 қаңтарында Құрама Штаттар Кубамен дипломатиялық қарым – қатынастарын түгелдей
дерлік тоқтатты.
Ол кезеңде Фидель Кастро коммунист те, марксист те емес еді. Америкалықтардың өздерінің қате саясатымен Кеңес Одағымен жақындасу жолына итермеледі. Оған экономикалық, саяси, қару – жараққа көмек жөнінде қолдау керек болды, Осының барлығын ол Москвадан тапты.
1960 жылы ақпан айында КСРО сауда министрі Кубада іс –сапармен болып , сол жылдың наурыз айында Куба мен КСРО арасында дипломатиялық қарым – қатынас орнатты. Сонда да АҚШ өзінің қате саясатын жүзеге асыруды жалғастыра берді. 1961 жылы америкалықтар кубалық эмигранттардың Кубаға қарсы әскери іс - әрекеттерін қолдап отырды. Кочинос шығанағындағы Плая – Карга және Плая – Хирон аймағында дисанттармен Ф.Кастро әскерінің арасында кескілескен ұрыс болды. Шайқас 72 сағатқа созылды. Ақыры десанттар талқандалып, сонымен қатар эмигранттардың көп бөлігі тұтқынға түсті. Кубалықтар көп мөлшердегі қару – жарақты тартып алды. Бұл қару-жарақ америка қару-жарақтары еді. Осыған қарап, бұл операция американ әкімшілігі тарапынан қолдау тапқаны ешкімге де күмән туғызбады./20/
Конгресте және баспасөзде Кубаға тікелей шабуыл жасау жөнінде үндеу таратылты. Куба басшылары жаңа шабуылдардың алдын алу мақсатымен бірнеше рет ірі әскери іс-шаралар өткізді. Сонымен қатар куба кеңес қатынастарының дамуын жылдамдату басталды. Бұған Кубаның өзіндегі маңызды өзгерістер әсер етті. Фидель Кастро Біріккен революциялық ұйымның Ұлттық басшылығының бірінші хатшысы болып сайланды. Кеңес Одағы Кубаға экономикалық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бірінші кезекте куба қантын сатып алу көзделді.
1962 жылдың тамыз айында Кубаға қару-жарақ тасымалдау туралы келісімге қол қойылды. Куба контрреволюциясының немесе Орталық Америка елдерінің тікелей әскери әрекеттерінің жаңа шабуылы болған жағдайда алдан-алу шараларына , сондай-ақ АҚШ интервенциясына дайындала басталды
1989 жылы Москвада өткен Кариб дағдарысына арналған конференцияда Куба Компартиясының ОК Политбюросының мүшесі Рискет пен АҚШ – тың бұрынғы министрі Макнамара арасындағы диологта Рискет Куба басшылығы АҚШ-тан қолдау табатын Кубаға қарсы жаңа интервенциядан қашып құтылмайтынына сенімді еді, - деді. Сондықтан , осы қауіп Фидель Кастроның қуатты әскер құруына және қарулануына өз әсерін тигізді. Ал, Макнамара болса, Дж. Кеннеди әкімшілігінің Кубаға шабуыл жасау жоспарының болмағандығын салтанатты түрде мәлімдеді.
Бұл басқа тараптың мақсаттарының толық түсінбеушілігінің көрнекті үлгілерінің бірі еді. Рискет , сондай-ақ агрессорлардың аралға шабуылдай қалған жағдайда кубалықтардың жеңетініне сенімді болғанын және Кеңес Одағының көмегіне сенгенін мәлімдеді. Бірақ Куба басшылығы аралға ядролық ракеталарды орналастыру туралы мәселелерді ешқашан қойған емес.
Ракеталарды аралға орналастыру Хрущевтің өзінің идеясы еді. Хрущевтің Фидель Кастроға жазған бір хатында Хрущев куба басшылығына Кубаға ракеталар орналастыру туралы ойын ашық және шын ықыласпен айтқан. Бұл ойға Хрущевті не итермеледі? Бұл Болгарияда болған еді. Хрущев Қара теңіз жағалауында серуендеп жүргенде КСРО қорғаныс министрі Малиновский теңіздің арғы жағын көрсетіп былай деген, теңіздің арғы бетінде, яғни Түркияда американың ракета-ядролық базасы орналасқан. Сол базадан ұшырылған ракеталар алты-жеті минуттың ішінде Кеңес Одағының маңызды әскери теңіз базасы – Севостопльді айтпағанның өзінде Украина мен Россияның оңтүстігіндегі Киев, Харковь, Черняев, Краснодар сияқты ірі орталықтарды жойып жіберуі мүмкін. Сонда Хрущев Малиновскийден неге Кеңес Одағы Американың істеп жатқанын істей алмайды?, -- деп сұрады Неге Кубаға ракеталарды орналастыруға болмайды? АҚШ Кеңес Одағын өз ракеталарымен қоршауда, ал КСРО ракеталары тек Кеңес Одағы территориясында орналасқан.
Ол бұл операцияны бірінші Малинковскиймен бірге талқылады, содан соң КОКП ОК Президиумынан келісім алды. Ең басты мәселе – Кубаға ракеталық қондырғыларды құпия түрде орналастыру және оларды соғыс жағдайына келтіру еді. Кубаның Кеңес Одағының бұл ұсынысына қалай қарайтыны белгісіз еді. Осы мәселені жасау үшін Кубаға Маршалл Бирюзов, КСРО – ның Кубадағы елшісі Алексеев және басқа да кеңестік әскери саяси басшылар кірген делегация жіберілді. Олар бұл мәселемен Ф.Кастроның келісуі қиын деп ойлады, бірақ Кубалық басшылар Хрущевтің ойына қосылды.
Ф.Кастро Куба басшыларымен кеңесе келе, аралға ядролық ракеталарды орналастыру туралы шешім қабылдады. Ол басты мақсат Кубаны қорғау емес, социалистік лагердің қуаттылығын арттыру, - деді.
Шілденің аяғы мен қыркүйектің ортасына дейін Кеңес Одағы Кубаға 100-ге жуық кеме жіберді. Бұл кемелердің негізгі бөлігі қару – жарақ тасыды. Америкалықтардың есептеуі бойынша мұнда 42 орта қашықтықтағы ракеталық – баллистикалық қондырғы, 12 жақын қашықтықтағы ракеталық – балистикалық қондырғы, 42 ИЛ-28 бомбалаушы истребителі, 144 зинитті құрылғылар әкелінген. Сондай – ақ Кубаға 40 мыңға жуық кеңес әскерлері мен офицерлері орналастырылған./21/
Әрине, бұл құрылғылар америкалықтарға белгісіз болып қалмас еді. 16 қазан күні америкалықтар Кубаға Кеңес құрылғылары орналасқаны туралы нақты мәліметтер алды. Бұл мәліметтерді У – 2 барлаушы ұшағы жеткізді. Сол күні – ақ бұл мәліметтер президент Дж. Кенедиге жеткізді.
18 қазанда президент жиналыс өткізді, ол жерде Кеңес Одағымен ядролық соққы алмасқанда АҚШ халқының шығыны 80 млн деп есептелді. Экспертшілер Кеңес ракеталарының атылған кезінде американ авиациясының оны жойып жіберетініне кепілдік бере алмайтынын және Вашингтон, Нью-Иорк қалаларын бомбалау мүмкін болғанда не істеу керек екенін талқылады. Сол күні КСРО сыртқы істер министрі Громыко, Дж. Кенеди және мемлекеттік хатшы Д. Раск арасында әңгіме өтті.
22 қазанда президент радио мен телевидениеге берген мәлімдемесінде қатаң карантин жариялағандығын айтты және барлық кемелер жіті тексеріліп, қару – жарақ бар кемелер кері қайтарылатын болды. Қарулы күштер соғыс қимылдарына дайындалды. Тез арада әскери операцияларды бастау мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Бұл мәлімет радио арқылы таратылды. Макнамараның есептеуі бойынша Кубаға басып кірген жағдайда америкалықтар 25-35 мың адамды жоғалтуы мүмкін еді. Әскери басшылардың өздері ракеталарды авияциямен жоюға толық кепілдік бере алмады.
23 қазанда Дж. Кенидидің американ телевидениесі арқылы мәлімделін алған кеңес басшылары, Хрущевтің бұрынғы көмекшісі О. Троянскиидің бағалауы бойынша “ Жеңілдік серпін” байқалды.
Радио арқылы сол күні Кеңес үкіметінің өтініші жарияланды, ал Н.С. Хрущев АҚШ президентіне жауап үндеуін жария етті.
1992 жылы Кариб дағдарысының 30 жылдығына орай жарық көрген “ Международная жизнь “ журналында жиырма бес құжат жарияланды. Ресей Федерациясының сыртқы саясат Архивінде сақталған Хрущевтің Кеннедиге арналған үндеуі толық жарияланды.
1962 жылы 22-28 қазанындағы үндеулер екі канал арқылы жүргізілді. Дж. Кеннедидің үндеулері Москвадағы АҚШ елшілігі (Ф. Коллер) мен Вашингтондағы КСРО елшілігі ( А. Добрынин) арқылы жарияланды.
28 қазаннан кейінгі екі жақтың үндеулері А. Добрынин мен Р. Кеннеди немесе Ақ үйдің сенімді өкілдері арқылы берілді. Бұл байланыс жүйесі “ сенімділік каналы ” деп аталды.
1962 жылдың 22 қазанында Дж. Кеннедидің Хрущевқа жазған хатында президент әлемдегі тепе-теңдік күшін бұзатын қандай да болсын әрекеттерде АҚШ төзе алмайтынын атап көрсетті. Дж. Кеннеди қандай да бір бұрыс пікірлі адамның ядролық ғасырдағы әлемді соғысқа итермелеуге жол бермейтінін айтты және бұл соғыста ешкім жеңбейтінін тек бейбіт халық зардап шегетінін мәлімдеді. Ол карантинді сақтауға және келіссөздердің негізін табуға шақырды.
Келесі күні, яғни 23 қазанда “Известия” газетінде АҚШ елшісі Ф. Коллерге сыртқы істер министрінің орынбасары арқылы жіберілген Кеңес Үкіметінің мәлімдемесі Хрущевтің үндеуімен бірге жарияланды. Бұл құжаттарды Вашингтон, Гавана және Нью-Иорктегі кеңес дипломаттары да алды.
Үндеуде кеңес басшысы БҰҰ жарғысы және халықаралық аралық ережелер Куба Республикасына жөнелтілген кемелерді тексеруге ешқандай құқық бермейтінін және Кубадағы қару-жарақтар тек қорғану мақсатында орнатылғанын атап көрсетті. Хрущев АҚШ президентінен блокададан бас тартуды және 23 қазандағы № 3504 жарғысын жоюды талап етті.
Карантин 24 қазан күні гринвич уақыты бойынша 14:00 күшіне енді. Кемелер жіті тексеріліп, қарсыласқандары АҚШ порттарында тұтқындалуы керек болды.
23 қазандағы үндеуінде Кеннеди дағдарыстың себебі – кеңес қару-жарағының Кубаға құпия түрде әкелінілуі,-деп атап көрсетті және шиеленісті бақылауда ұстауға, карантин шарттарын сақтауға шақырды.
24 қазанда Дж. Кеннеди авиацияның стратегиялық дайындығының дәрежесін №2 сатыға көтергені туралы мәлімдеді.
Сол күні БҰҰ бас хатшысының міндетін атқарушы У Тан Хрущев пен Кеннедиді соғыс қаупін төндіретін іс-әрекеттен тартуға, сонымен қатар туындаған дағдарысты бейбіт жолмен жеңуде жинақылық танытуда және Кариб теңізіндегі жағдайды қалпына келтіруге шақырды. У Танның ұсынысының мәні мынадай болды: КСРО келіссөздер аяқталғанша Кубаға қару тасымайды, ал АҚШ теңіздегі кемелерге ешқандай қарсы іс-әрекеттер қолданбайды.
25 қазанда Хрущевтің У. Танның атына жіберген жауап телеграммасында осы мәлімдемеге қосылатындығы туралы айтылды. Ал Дж. Кеннеди де осы позицияны қолдайтынын білдірді. Бірақ, келіссөздерге кедергі кеңес ракеталарының Кубада тұруы еді.
25 қазанда КОКП ОК президиумының мәжілісінде Хрущев АҚШ Кубаның тәуелсіздігіне кепілдік берген жағдайда ғана Кубадан ракеталарды әкететіндігі туралы мәлімдеді.
27 қазанда Н.С.Хрущев радио және Москвадағы АҚШ елшілігі арқылы америка президентіне үндеу жолдайды, ал көшірмені У Танға жіберілді. Хат америкалықтар қауіптенген құралдарды Кубадан әкету туралы ұсыныстан тұрды. Хрущев Америка үкіметіне аналогтық қаруларды Түркия территориясынан шығару және бұл жұмыстар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бақылауында болуын талап етті. Кеңес өкіметі Түркияның тәуелсіздігін мойындауға, ішкі істеріне араласпауға ант беруге келісім берді. АҚШ үкіметі Кубаның тәуелсіздігін мойындауға келісім берді. Хрущевтің ұсынысы бойынша келіссөздерді БҰҰ мен бірге өткізуді және ядролық қаруды қолдануға тыйым салу туралы келісімге қол қоюды тездетті./22/
26 қазандағы Дж. Кеннидидің Хрущевке жауап үндеулері жарияланды. Америка президенті БҰҰ-ның бақылауымен қауіп төндіретін қаруларды Кубадан шығаратын болса, онда карантинді жойып, Кубаға шабуыл жасаудан бас тартатынын атап көрсетті. Осылай ол кеңес өкіметінің ұсынысымен келісті.
28 қазан күні Куба аспанына У-2 ұшағы ракетамен ашып түсірілді. Пилот майор Р. Андерсен мерт болды. Бұл блокададағы алғашқы және соңғы құрбан еді.
27қазанда әділет министрі Р.Кеннеди мен А. Добрынин Түркиядағы ядролық базаны залалсыздандыру туралы мәселені талқылады. Сонымен бірге Хрущевтің 27 қазан күнгі үндеуіне келісуге дайын екенін жариялады және Р. Кеннеди Түркиядағы базаны шығару үшін 4-5 ай кететіндігін атап көрсетті.
Хрущевтің келесі үндеуі 30 қазанда жарияланды. Ол ракеталарды Кубадан шығарылуын күтпей карантинді жоюды, жолаушы ұшақтарды арал үстімен ұшыруды және Кубамен саудаға кедергі жасамауды, Гуантаномадағы АҚШ базаларын жоюды талап етті.
3 қараша күні Л. Томсон А. Добрынинге жауап үндеуді тапсырды. Бұл үндеуде Ф. Кастроның Куба территориясындағы ракеталардың шығарылуын тексеруге тыйым салуы шиеленіс тудырғаны айтылды.
Федель Кастро У Танның ұсынысымен келіспеді. Ол БҰҰ бақылаушыларын өзінің еліне кіргізбеді.
Н. Хрущев өзінің 19 қарашадағы үндеуінде Кеңес үкіметінің ракеталары мен АН-2 ұшағының әкетілуі АҚШ Қорғаныс министрімен дәлелденгеніне қарамастан, карантин жойылмағанын, америка ұшақтарының Куба үстінен ұшу тоқтамағанын атап көрсетті.
Жауап ретінде АҚШ әкімшілігі 20 қарашада карантинді алып тастады, қарулы күштерін дағдарыс кезіндегі дәрежесінен төмендетті.
Дағдарыс негізінен 1963 жылдың 7 қаңтарында аяқталды. КСРО мен АҚШ өкілдері келіссөздерге У Танға бірлескен хат жолдады. Бұл хатта қауіпсіздік кеңесінің Кариб дағдарысы туралы мәселесі қажетті келіссөздерге жеткендіктен күн тәртібінен алып тастау айтылды. Сонымен қатар, Куба үкіметі БҰҰ ның бас хатшысына Кариб аймағында бейбітшілікті қамтамассыз ететіндігі жөнінде нота жолдады.
Кубадан шабуыл қаруларын шығару туралы кеңес үкіметінің шешімін Кастро “ шегіну капитулация “ деп есептеді. 1962 жылы 1 қарашада Кастро кеңес елшілігімен кездесіп, оған КСРО-ның қолдау көрсеткеніне рахмет айтты. Алайда 3 қарашада кеңес үкіметінің мүшесі А. Микоянды Гаванада суық қабылдады. Куба халқы ракеталардың КСРО меншігі екенін білмеді. Америкалық барлаушылар да аралда ұзақ уақыт қалған үш мыңдық кеңестік бригадаға көзін жұмып қарады.
Хрущев АҚШ-тан Кубаға шабуылдамайтыны туралы уәде алғанына және өз мақсатына жеткеніне мақтанды. Кеңес басшылары еліміздің қауіпсіздігін 200-300 континентаралық ракета, жарты миллион әскер қамтамасыз етеді және АҚШ әскери теңіз күштерімен, авиациясымен, ядролық күштермен қарсыласа аламыз деп есептеді.
1963 жылдың 20 маусымында Ақ үй мен Кремль арасындағы “ горячая линия “ радио-телефон жүйесін құру туралы келісімге қол жеткізілді және бұл жүйе 30 тамыздан іске аса бастады. 1963 жылы 5 тамызда КСРО, АҚШ және Ұлыбритания арасында ядролық қаруды атмосферада, космоста және суда сынақтан өткізуге тыйым салу туралы Москва келісіміне қол қойды.
Кариб дағдарысын алдын алу Дж. Кеннеди мен Н.С. Хрущевке тиесілі.
1997 жылы Кариб дағдарысының 35 жылдығына орай РҒА академигі А. Фурченко мен Америка профессоры Г. Нофталидің “ Адская игра: Хрущев, Кастро, Кеннеди и Кубинский ракетный кризис ” деген кітап жарық көрді. Фурченко РФ президенттік архивінде, жаңа документтерді сақтау орталығында, әскери барлау қызметінің архив қорында, сыртқы істер министрі мен қорғаныс министрінде, Россия қарулы күштерінде жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Дж. Кеннеди мен Р. Никсонның кітапхана қорына, АҚШ Ұлттық архивіне ұлттық қауіпсіздік кеңесінің архивіне, Неля мен Парворд құжаттар қорына сүйенді.
Б. Путилин Кариб дағдарысын үш кезеңге бөледі. Жабық (қыркүйек 21-қазан), ашық (22-27 қазан ), және аяқталу (28 қазан-20қараша)
2002 жылы сәуірде Корнеги Қоры Кариб дағдарысының 40 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырды. АҚШ-та түсірілген фильм көрсетілді. Фильмде барлық ракеторлар жанармаймен толтырылып, АҚШ-қа соққы жасауға дайын тұрғаны көрсетілген. Ал, сол кездегі Кубада бақылау жасаған генерал А. Грибков болса ешқандай ракетаға жанармай құйылмағанын, ешқандай ұшу жоспарының болмағанын атап көрсетті.
Қазіргі таңда АҚШ пен Ресей қарулы күштерін де бір – біріне бағытталған 7 мың ядролық оқ тұмсық бар. Олардың көбісі жоғары әскери қимылға келтірілген. АҚШ қорғаныс министрі конференцияда Кариб дағдарысы кезінде екі жақтан да өте көп қателік кеткенін атап көрсетті. Біз ядролық соғыстан бақытты жағдайда ғана қашып құтыла алдық. Ең үлкен қателік жіберген Кубада тактикалық ядролық қару бар деп есептелген Дж. Кеннедидің әскери және азаматтық кеңесшілері еді.
Дж. Кеннедидің бұрынғы кеңесшісі бірнеше варианттарды атап көрсетеді. Егер Кеннеди өзінің кеңесшілеріне құлақ асып Кубаға қарсы қарулы шабуыл жасаса. Егер кеңес басшысы Н. Хрущев АҚШ-қа ядролық соққы берсе не болар еді? Ал егер АҚШ У-2 ұшағына кек ретінде жауап соққы берсе? Осы сұрақтардың барлығына жалғыз ғана жауап берілген: “ Онда бүгін біз мұнда болмайтын едік “.
2.2. АҚШ және Үндіқытай.

Джон Кеннедидің Ақ үйдегі күрделі мәселелерінің бірі-Вьетнам мәселесі еді.


Дж.Кеннеди жаңа бағыт саясатын оңтүстік шығыс Азияға да жариялады.
Ол Азия халықтарына АҚШ олардың өмірлеріне араласпайды деген сенімді орнықтырғысы келді. Бірақ іс сөзбен сәйкес келмеді.Кеннеди саясаты Даллес саясатынан ерекшеленбеді. Қызметінің алғашқы күндері Оңтүстік Вьетнам жөніндегі құпия құжаттармен танысқан Кеннеди ол жердегі АҚШ саясатына өз наразылығын білдірді. Оңтүстік Вьетнамдағы АҚШ саясаты өте мардымсыз түрде жүрді.
Женева келісімінде АҚШ-тың Үндікытайға деген ұстанымы жөніндегі мәселе козғалды.
Өз уақытында Даллес 1954 жылғы Женева келісіміне өз қарсылығын ашық білдірген болатын және Женева келіссөздері аяқталмастан Женевадан кетіп қалған еді. 1954 жылы 21 шілдеде бұл келісім бекітілген кезде АҚШ үкіметі бұл келісімге қатыспағандықтан келісімнің АҚШ- қа еш қатысы жоқ деп мәлімдеді.
1954 жылы 23 қазанда Эйзенхауэр Нго Динь Дьемге үндеу жібереді. Ол жерде АҚШ Сайгон топтарының патриоттық күштеріне қарсы күресіне көмектесетіні айтылады.
1955 жылы АҚШ Женева келісімінің 16 және 17 баптарын бұза отырып, Сайгон режиміне әскери көмек беруді ұлғайтты. 1955-1960 жылдары американдықтардың Оңтүстік Вьетнамға жөнелткен әскери көмегі тек ресми деректер бойынша 571,3 млн. долларды құрады.
Ал егер, Вашингтонның Оңтүстік Вьетнамға жұмсаған шығынын есептейтін болсақ, 2 млрд. доллардан асып түседі.
Оңтүстік Вьетнамға американдық әскерилерді түсіру ұлғая түсті. 1960-жылдың аяғына қарай олардың саны 2 мың адамға жетті. Сайгон портына жүздеген оқтармен қаруланған Американ әскери кемелері шоғырландырылды.
АҚШ Оңтүстік Вьетнамды біртіндеп өз әскери базасына айналдырды. Американ империализмнің әрекеті вьетнам халқының наразылығын туғызды. 1960-жылдың аяғында Оңтүстік Вьетнамда Ұлттық азат ету майданы құрылды.
Саяси партиялардан бастап діни секталарға дейінгі патриоттық күштер өзара бірікті.
Нго Динь Дьемнің басшылығымен Америка әскери кеңесшілер күштері Оңтүстік Вьетнам халқына террор және басып-жаншу саясатын жүргізді. Оңтүстік Вьетнамдағы әлеуметтік мәселелер шешусіз қалды. Елде сыбайлас жемқорлық пен сайгондық шенеуніктер және әскерилер арасында парақорлық өрши түсті.Нәтижесінде Сайгондағы американ режиміне наразылығын білдірген білдірген оңтүстік вьетнамдықтар қолдарына қару-жарақ алуға мәжбүр болды.
Вьетнамдағы дағдарыс жалғаса түсті.Ұлт-азаттық күрес күшейді.
1962 жылдың аяғында Кеннеди Оңтүстік Вьетнамға өзінің әскери көмекшісі генерал Максуэлл Тэйлорды жіберді.Кеннедиге Вьетнам жөніндегі толық ақпарат қажет еді.
1962 жылдың наурызында АҚШ Оңтүстік Вьетнамға тағы 5 мың солдат пен офицерлер түсірді.Маусымға дейін бұл елдегі американ әскерінің саны 6,5 мың адамға жетті. Тайландқа да 5 мың американ әскері түсірілді.
1961 жылы қыста Вашингтонда Оңтүстік Вьетнамдағы ұлт-азаттық қозғалысты басып-жаншу туралы арнайы жоспар жасалды. Жоспар Кеннеди тарапынан мақұлданды. Сайгон режиміне әскери көмек беру қарқынды жүргізілді. Жоспардың авторларының айтуы бойынша егер олардың жоспары жүзеге асса, онда Дьем соғысты бір жарым жылда жеңуі керек еді.
Кеннеди Оңтүстік Вьетнамға ол жердегі жағдайды зерттеу мақсатында вице-президент Джонсонды жібереді. Сайгонда Джонсон диктатор Дьеммен келіссөздер жүргізді. Сайгон режиміне әскери көмек беруді ұлғайту мәселесі талқыланды./23/
Джонсон Вашингтонға келгеннен кейін Кеннедиді Оңтүстік Вьетнамнан кетпеуіне көндіруге бар күшін салды. Ол Кеннедиді Оңтүстік Вьетнамға байланысты маңызды шешім қабылдауға шақырды және Дьем режиміне қолдан келгенінше әскери көмек беруін атап көрсетті.
Джонсонның Оңтүстік Вьетнамға іс-сапарынан кейін ол жаққа профессор Е. Стейли басшылығымен экономикалық миссия жіберілді. Оңтүстік Вьетнамда экономикалық көмек атын жамылған миссия оңтүстік вьетнамдықтарды әскер арқылы басып-жаншу жоспарын қарастырды.
Содан соң Вьетнамға жаңа миссиямен генерал Максуэлл Тэйлорды жіберді. Зерттеу жүргізген генерал Оңтүстік Вьетнамдағы жағдайды тек әскери жолмен шешу керек деп мәлімдеді. Тэйлор Оңтүстік Вьетнамда американ авиациясын белсенді түрде қолдануды талап етті. Ол Вьетнамға 10 мың солдаттың түсірілуін және олардың әскери әрекеттерге қатысуын қолдады./24/
Кеннеди Сайгон режиміне қосымша әскер жіберу, оңтүстік вьетнамдықтарды жаңа қару-жарақ түрімен қамтамасыз ету, коммуникация жүйесін жақсарту және транспорт құралдарын жөнелту жолымен АҚШ көмегін ұлғайтуды тапсырды. Бірақ Кеннеди Оңтүстік Вьетнамға қарулы бөлімшелер енгізуге қарсы болды. Ол Тэйлордың оңтүстік вьетнам халқына қарсы американ солдаттарының әскери іс-қимылдарға тікелей қатысу туралы ұсынысына келіспеді.
Президенттің бұл шешімі АҚШ әскери-өнеркәсібі, Пентагон және Орталық барлау басқармасы тарапынан үлкен қарсылыққа ұшырады.
Кеннеді, көбінесе, Вьетнамдағы өзінің әлсіз ұстанымын айыптады. Америка саяси қайраткерлерінің кейбірі Пентагон белсенді түрде қолдап отырған генерал Тэйлордың ұстанған бағыты қателік екенін түсінді.
Олардың қатарына американың Үндістандағы елшісі Д. Голбрейт те қосылды. Кеннеди Голбрейтке Сайгонға барып, өзінің ұсынысын жариялауды тапсырды.
Уақыт өте Голбрейт Вашингтонға өз есебін жіберді. Ол Сайгон режимінің нәтижесіз екеніне және оңтүстік вьетнамдық шаруалардың өздері Дьемнің режиміне қарсы шығып жатқанына Кеннедидің назарын аудартқысы келді. Делидегі американ елшісі Кеннедиге Дьем режимін құлатпай, Оңтүстік Вьетнамда қандай да бір табысқа жету туралы армандау қиын екенін ашық меңзеді. Голбрейттің көзқарасын белгілі американ саяси қайраткері Аверелл Гарриман қолдады. Бірақ Голбрейт пен Гарриман да АҚШ-тың Оңтүстік Вьетнамдағы мақсатынан бас тартпайтынын білдірді./25/
1961 жылдың желтоқсанында Кеннеди АҚШ-тың Вьетнам соғысына тікелей араласуын күшейтті. 15 желтоқсанда Кеннеди Нго Динь Дьеммен хат алмасты. Президент АҚШ шешімдерін бекітіп, Сайгон режиміне қолдау көрсетуді жалғастырды. Сонымен қатар ол Дьемді ұлт-азаттық қозғалысқа қарсы соғысты қарқынды жүргізуге шақырды. Кеннеди оңтүстіквьетнам халқын тыныштандыру үшін әлеуметтік реформалар жүргізуді ұсынды.
Ұлт-азаттық қозғалыс күштері Дьем әскерін шегіндіруді жалғастырды. Кеннедидің президенттік кезеңінде Оңтүстік Вьетнам патриоттық күштері қарсыластарының 300 мың, ал Американың 2 мыңнан астам солдаты мен офицерінің көзі жойылды.
1963 жылдың басында АҚШ-тың Оңтүстік Вьетнамдағы ұстанымына алаңдаған „Нью-Иорк таймс” газетінің Сайгондағы тілшісі Давид Хэлберстемнің Кеннеди үкіметінің Оңтүстік Вьетнамдағы бағытына күмән келтіретін мақалалар сериясы жарияланды. Кеннеди мемлекеттік департаменттің кеңесі бойынша Хэлберстемді Сайгоннан қайтаруды талап етті. Американ қоғамдық пікірін тыныштандыру мақсатында Кеннеди Конгресте Оңтүстік Вьетнамдағы Дьем режимінің және АҚШ әрекетінің жаман еместігін мәлімдеді. Бірақ бұл көз бояушылық еді.
1963 жылдың ортасына қарай американ баспасөзінде Оңтүстік Вьетнамдағы жағдай шындыққа жанасатыны туралы көптеген мақалалар жарияланды. Сонымен қатар, Дьемнің режиміне қарсы наразылық білдіріп, өзін-өзі өлтірген будда монахтарының суреттері жарияланды.
Сәтсіздіктің жақындап келе жатқанын сезген Сайгондағы АҚШ елшісі отставкаға кетті. Вашингтонға америка елшілігінен Нго Динь Дьемнің қайсы бір тараптың қолдауынан бас тартып жатқанын куәландыратын дабыл жеделхаттар келіп түсті.
1963 жылы 21 тамызда Кеннеди Ақ үйде Вьетнам мәселесіне байланысты төтенше кеңес өткізді. Онда Дьем өкіметінің түсініксіз әрекетінен аулақ болу шешімі қабылданды.
Кеннеди Дьемге жеке үндеу жолдап, онда Дьем қоғамдық қолдауды жоғалтып жатқандығы атап көрсетілді. Кеннеди тағы да Дьемнен иілгіш сыртқы саясатты талап етіп, орындалмаған жағдайда АҚШ үкіметі Сайгон режиміне көмегін жүзеге асыруды қиындататынын ескертеді.
Көп өтпестен Сайгонға АҚШ-тың жаңа елшісі Гэнри Кэбот Лодж келеді. Содан соң Кеннеди Дьемнің жақтасы болған орталық барлау басқармасының өкілін Сайгоннан қайтарады. Лодж өзінің жолдауларында Дьемді тақтан тайдыру АҚШ үшін ұтымды екеніне Кеннедиді көндіреді.
Дьемді басқа қуыршақ билеушімен ауыстыру туралы ұсынысты мемлекеттік департамент, Аверелл Гарриман, мемлекеттік хатшының көмекшісі Р. Хилдсман да қолдады. Бірақ Пентагон мен Орталық барлау басқармасы бұған қарсы болды. Президент көмекшісі Соренсеннің айтуынша әскерилер және орталық барлау басқармасы бір жағынан соғыстың жүргізілуі мен Дьемнің басшылығын қолдады және халықтың сенімін пайдаланатын мұндай белсенді әскери әрекет жасайтын лидер табуна күмән келтірді. Вашингтонда да Дьем үкіметін жақтаушылар көбейді.
1963 жылдың жазы мен күзінде оңтүстік вьетнамдықтардың Дьемнің американ режиміне деген наразылығы өз шегіне жетті. Халық наразылығының бұрқ етуінің нәтижесінде Нго Динь Дьем режимі құлап, диктатор өлтірілді.
АҚШ үкіметі тез арада Дьемнің орнына басқа қуыршақ билеушіні отырғызады. Әскери қол сұғу саясаты жалғасады. Бірақ Кеннеди өз өмірінің соңғы күндерінде Вьетнамда мұндай саясатты жалғастыру еш негізсіз деген ойға келеді. Ол: біз оларға көмектесеміз, өз әскери кеңесшілерімізді жібере аламыз, бірақ олар соғысты өздері жеңуі тиіс деп мәлімдеді. Кеннеди Оңтүстік Вьетнамға ісіне тікелей араласу әрекеті сәтсіздікке ұшырағанын түсінді.
Американ монополистік капиталы әскери әрекетті қолдап отырды. Вьетнамдағы авантюра оларға көп мөлшерде табыс алып келді.
Вьтнамдағы соғыс табыс әкелді ме?-деген тілшілердің сұрағына американ саяси қайраткері Д. Кеннан бұл табысты тек әскерге қару-жарақ пен материалдар тасымалдаған өндіріс орындары көрді деп,- жауап берді.
Азиядағы, әсіресе Вьетнамдағы АҚШ саясаты тек әскери күшке сүйенді және АҚШ сыртқы саясаты терең дағдарысқа ұшырауының және оның басшыларының әлемдегі тұрақтылықты өзгерткен қоғамдық даму процесін түсінбеушілігінің анық айғағы еді.
Президент бұл күмәнді бастан кешіргенімен, Эйзенхауэрдің ізінше Вьетнам халқының ішкі істеріне араласуды жалғастырды.
Біз Вьетнам мәселесі жөніндегі АҚШ саясатымен таныстық. Бұл саясат Азия жеріндегі ашық отарлау империализмінің жарқын бейнесі еді. Вьетнамдағы АҚШ саясатының мақсаты бүкіл Оңтүстік-Шығыс Азияны американ монополистік капиталына тәуелді ету еді. Бірақ, АҚШ бұл мақсатқа жете алмады.
Неге? Мұны жақсы түсіну үшін Лаос мәселесіне де тоқталып өту қажет. Бұл мәселе Кеннеди президент бола салысымен соқтығысқан өте өткір халықаралық мәселелердің бірі еді. Айта кету керек, басқа мәселелерге қарағанда президент бұл мәселені жақсы реттеді. Бұл жерде Кеннеди әлемге қауіп төндіретін мәселені білгір саясатпен шешуге жол тапты.
Кеннедидің Азия мәселелеріне келгенде жеткілікті тәжірибесі болды. 1951 жылдың өзінде Кеннеди ол кезде француз үндіқытайы құрамында болған Лаос Камбоджа және Вьетнамда іс-сапармен болған еді. Сонымен қатар ол Азияның көптеген елдерінде болып жатқан жағдайларды айыптаған болатын. Ол француз отаршыларының Азия жерінде ұзақ қала алмайтындығына көз жеткізді. /26/
1957 жылдың қарашасында елдің ұлттық күштерінің өкілдері Вьентьян келісімін бекітті. Келісім бойынша билікте коалициялық үкімет отыратын бейтарап Лаос мемлекетін құру көзделді. Бірақ, Вашингтон Лаостың ішкі істеріне араласып, Лаоста батыстық антикоммунистік режим құруды талап етті. Орталық барлау басқармасы лаостықтар арасынан АҚШ үкіметіне жұмыс істейтін адамды іздестірді. Ақырында орталық барлау басқармасы ол адамды Лаостан емес Парижден тапты. Ол атаққұмар офицер Фуми Носаван еді. Уақыт өте келе бұл атаққұмар американ қаржысы және қаруымен Лаосқа келді. Коалициялық үкімет басшысы Суванна Фума елден кетуге мәжбүр болды. Патет- Лаоның көптеген басшылары тұтқындалып, түрмеге отырғызылды. Елде жаңа қарқынмен азамат соғысы бұрқ етті.
АҚШ Лаосты өзінің әскери базасына айналдыруға ұмтылды. Американдық генералдар Лаостың Оңтүстік –Шығыс Азиядағы антикоммунистік қамал ретіндегі стратегиялық маңызын атап көрсетті. Д.Ф. Даллестің ұсынысы бойынша Лаоста бостандықты қорғау деген сылтаумен американ қаржысына үлкен жалдамалы әскер құрыла бастады. Оған 1960 жылы 300млн. долар жұмсалды. /27/
Лаос халқы кедейленді, экономика өте аур жағдайға түсті, ал жалдамалылар американ садақасына өмір сүрді. Лаостың патриоттық күштері қорғану үшін қолдарына қару алғанда американдықтар асырап отырған әскери топтар тарап кетті. АҚШ үкіметі жағдайды сақтап қалу үшін Лаоспен көршілес Тайландқа 5 мың американ теңіз жаяу әскерін жөнелтті.
Президент кеңесшілері Лаосты тек күшпен сақтап қалуға болатынын айтып, Лаос ісіне АҚШ-тың қол сұғуын кеңейтуді ұсынды. Ұлттық қорғаныс кеңесінің бір отырысында генерал Лемнитцер: егер бізге ядролық қаруды қолдануға құқық берсе, онда біз жеңіске кепілдік береміз, - деп. мәлімдеді.
Кеннедиге Лаос ісінде екі бағыт таңдауға тура кеді. Біріншісі, Лаосқа қосымша әскери бөлімдер жіберуді қарастыру, екіншісі, Лаостың біртұтастығын мойындап, бейтарап мемлекет құру.
1961 жылдың жазында ұзақ келіссөздерден кейін Женевада Лаос мәселесін реттеу жөніндегі келісімге қол жеткізілді.
Кеннеди үкіметі өз одақтастарының Лаостағы американ саясатын қолдауына қол жеткізді. Бірінші кезекте Кеннеди бұл қолдауды ағылшын премьер-министрі Макмилланнан сұрады. Бірақ ағылшын премьер-министрі американ әрекетіне тек рухани қолдау көрсететінін білдірді. Алайда, АҚШ үкіметін мұндай жауап қанағаттындырмады.
Кеннеди ағылшын премьер-министрімен кездесуге Флоридаға ұшып келді. Бермуд аралдарында іс-сапармен жүрген Макмиллан да сонда келеді. АҚШ және ағылшын үкімет басшыларының кездесуі американдық Ки-Уэст әскери базасында өтеді. Кеннедидің басты мақсаты, егер Вашингтон Лаосқа әскери интервенция жасау керек деп шешкен жағдайда Макмилланнан әскери қолдауға қол жеткізу еді. Бірақ Макмилланның бұл талаптарға көңілі толмады. Дегенмен, ол ағылшын күштерінің әскери интервенцияға тек ол қажет болған жағдайда ғана қатысуына келісті.
Бірақ, барлығы Кеннедидің айтқанына көнбеді. АҚШ-тағы француз елшісі Альфан Кеннедиге Шарльз де Голльдің жеке жолдауын тапсырды. Жолдауда қандай да бір жағдай болмасын Франция Лаостағы әскери интервенцияға қатыспайтындығы туралы айтылды./28/
Венадағы кездесуде американ үкіметі Лаосты бейтараптандыру идеясымен келісуге мәжбүр болды. Бұл жерде үлкен рольді Кеңес Одағының берік ұстанамы ойнады және Лаос патриоттық күштерінің жалғыз еместігін, социалистік елдердің оларды қолдап отырғанын бірнеше рет мәлімдеді.
2.2. Ақ үйдің Африка және Латын Америкасында жүргізген саясаты.

Кеннеди Африкада өте сақ саясат ұстанды. Ол әлемнің бұл аймағында басқа дамушы елдерге қарағанда отарлаудың жаңа әдістерін қолданды. Сонымен бірге, Конго қасіреті көрсеткендей Кеннеди Африка халықтарына байланысты қарулы әрекеттен және қорқыту саясатынан бас тартпайтынын көрсетті.


Кеннеди Африкаға деген ерекше қызығушылығын жасырмады. Ол Африка құрлығы американ дипломатиясы және бизнесімен өте нашар игеріліп жатыр деп. есептеді.
АҚШ-тың Африкаға деген ұстанымына Кеннедидің көңілі толмаушылығының себептері жеткілікті еді. Өйткені, қара құрлықты бөлісуде АҚШ кешігіп қалды және Англия, Франция, Германия, Бельгия, Испания және Португалия Африканы өзара бөліске салған болатын.
Кеңес Одағының екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетуі ұлт-азаттық қозғалыстардың қарқын алуына дем берді. Африканың оянуы отарлаушылардың аяушылығынан емес, социалистік елдердің қолдауымен және халықтың еркіндікке деген ұмтылысынан еді.
Кеннеди өз қызметіне кіріспес бұрын Африка ісі жөнінде маңызды тәжірибе жинаған еді. АҚШ сенатында Кеннеди сияқты ешкім Африкаға көңіл бөлген емес.
Кеннеди Францияның Алжирдегі әскери отарлау саясаты бүкіл Африкадағы Батыстың үстемдігіне нұқсан келтіреді деп айыптады. Кеннедидің Африкаға көңіл бөлуіне мына фактор әсер етті. Ол ұзақ уақыт бойы сыртқы істер жөніндегі сенат комитетінің Африка істері жөніндегі бөлімнің төрағасы қызметін атқарды. Кеннеди өзінің сайлау науқаны кезінде де бірнеше мәрте Африка істері жөнінде мәлімдеме жасады. Ол Батыс Африкадағы өз үстемдігінен айрылуда және АҚШ сол үшін күресу керек екенін айтудан шаршамады. /29/
Кеннеди Африкада Эйзенхауэрдің саясатын жалғастырды. Кеннедидің жақын көмекшілерінің бірі – Соренсеннің айтуы бойынша Кеннедидің Конгодағы саясаты Эйзенхауэр саясатының тікелей жалғасы болды. Эйзенхауэр билікті Кеннедиге берген уақытта империалистік елдердің бұл Африкалық еге қол сұғуы өзінің шарықтау шегіне жеткен еді.
1961 жылы 17 қаңтарда Элизабетвилья елді мекенінде жалдамалы топ Патриса Лумумбаны және оның жақын серіктерін өлтірген кезде Кеннеди әлі ресми түрде АҚШ президенті болмаған еді.
Эйзенхауэр үкіметі Конгоның заңды үкіметімен жақындасып, белгиялықтар мен ағылшындықтардың үстемдігін жоюға тырысса, Кеннеди де сол жолды таңдады. АҚШ Конгоның толық тәуелсіз елге айналуынан қорықты. Американдық басқарушы топтар Конго үкіметі мен социалистік елдер арасындағы достық байланысқа күдікпен қарады. Патриса Лумумбаның өлімінен кейін Кеннедиге өзінің сенімді серігінің бірі – Вашингтонның БҰҰ-дағы өкілі Хаммаршельдті Конгомен американ дипломатиясын жақындастыруға жіберді.
Кеннеди кез-келген елдің Конго ішкі істеріне қол сұғуына қарсы екенін мәлімдеді. Бірақ 1961 жылдың ақпанында АҚШ-тың Конго істеріне араласуына байланысты сол елдің үкіметі құлады.
Патриса Лумумба қайтыс болған соң Кеннеді үкіметі Стивенсон жоспарына сүйенді. Бұл жосардың мақсаты конголез дағдарысын реттеу емес, үкімет пен Антуан Гизенга арасына жік салу еді. Стивенсон жоспары өз жемісін берді. Стивенсон Конгодан өте бай Катанга провинциясын бөліп алуды ойлаған Чомба үстіне бақылау орнатуды талап етті. Чомба үстінен бақылау орнатылды, бірақ американдықтар емес бельгиялықтар Хаммаршильд американ жоспарын қолдап, БҰҰ-ға өз атынан тіркеді. Стивенсон жоспары мен Хаммаршильд жобасы егіз еді. Екі жоба мақсаты да Конго үстінен бақылау жасау еді./30/
Конгодағы күрделі және қарама-қайшы жағдай БҰҰ-ның резолюциясында да көрініс тапты. Мысалы, Қауіпсіздік кеңесінің 1961ж. 21 ақпанында қабылданған резолюциясында Конгодан бельгиялық және басқа да шетел әскери және жартылай әскери жабдықтар тез арада шығару талап етілді. Бірақ бұл жағдай бельгиялықтарды қанағаттандырмады.
Көп өтпей АҚШ-тың айдап салуымен БҰҰ-ның әскерлері Чомбаға қарсы әскери әрекетін бастады.
1961 жылдың тамызында Кеннеди АҚШ-тың Конгодағы елшісі етіп Эдмунд Галлионды тағайындады. Жаңа елшінің бұл елдегі жағдайға деген көзқарасы ерекше болмады. Ол Конгодағы патриоттық күштердің әрекетінен коммунистік қауіпті байқады. Галлион Кеннедиге Конго бөлшектенген жағдайда көп бөлігі коммунистердің бақылауында қалатынын баяндады. Галлионның ойынша, Катанга бөлінген жағдайда Конгоның күйреуі мүмкін еді.
Елші жағдайды сақтап қалу үшін шешуші іс-шараларға көшуді ұсынды.
АҚШ-тың Конгодағы, әсіресе Катангадағы саясаты НАТО-ны әжептеуір әлсіретуге ықпалы бар екенін есептей отырып, мемлекеттік департаменттегілер Галлионның жоспарларына ықылассыз қарады. Женевада Чомбамен кездескен А. Гарриман да осы көзқараста болды. Мемлекеттік хатшы Д.Раск Конго мәселесіне бұлынғыр күмәнділікпен қарады. Ол Катангадағы сиператизмді жоюға асығуға мұндағы жағдай тым бұлынғыр деп есептеді.
Кеннеди көп ойланғаннан кейін Галлион жоспарын қолдады. АҚШ БҰҰ-ның атын жамылып және Хаммаршельдке арқа сүйеп, Конгодағы әрекетін жалғастыруға ниеттенді. Гизенго және оның жақтастарына қарсы күресті белсенділендіру шешілді. 1961 жылы 16 қарашада Э. Стивенсон Шығыс провинциядағы жадай туралы мәселе Катанганың бөлінуі туралы мәселеге қарағанда өте маңызды деп мәлімдеді./31/
1961 жылы соңғы айларында АҚШ Чомбаға қатысты шешуші ұстанымдарға кірісті. Осы мақсатта 5 желтоқсанда БҰҰ-ның әскерлері Катангадағы Чомба режиміне қарсы жаңа операция бастады.
Кеннедидің Катангаға қарсы саясаты Брюссель мен Лондонның ашуын өршіте түсті. Ұлыбритания сыртқы істер министрі лорд Хьюм өз сөзінде американ әрекетін қатты сынға алды. НАТО-ның сыртқы істер министрлері конголез мәселесі бойынша шақырылған Париж кеңесінде одақтастар бір келісімге келе алмады. НАТО-ның әрекеттерінің өзі де АҚШ-тың негізгі бағытын өзгерте алмады.
Вашингтоннан төнген қауіп-қатер көп ұзамай Чомбаға белгілі бір әсерін тигізе бастады.
1961 жылдың 21 желтоқсанында китон келісіміне қол қойылды. Онда Чомба Конгоның бүкіл аймағының үстінен леопольдвил үкіметінің билік етуін мойындаған шын мәнінде китон келісімін Чомба тек сөз жүзінде қабылдаған еді. Бұл жөнінде Кеннедиге Галлион да айтқан болатын. Ол Чомба тек уақыт ұтқысы келетінін және келісімге тұрмайтынын мәлімдеді. Шынында-ақ, Чомба Англия мен Бельгияға арқа сүйей отырып, китон келісімін жоюға кірісті./32/
Келесі бірқатар айлар барысында Кеннеди НАТО-мен Конго мәселесі жөніндегі келіссөздерді жұмсартуға күш салды.1962 ж. жазында американ, ағылшын және Бельгия өкілдерінің бірігу нәтижесінде Конгоны біріктіру жөніндегі жаңа жоспар жасалды.
Егер де жаңа бірлескен жоспар сөз жүзінде жасалса да, батыс европалықтардың Чомбаға қарсы құпия нұсқаулары Вашингтон кеңесіне ерекшеленіп тұрды.Чомба бірлескен жоспармен сөз жүзінде келіскенімен, іс жүзінде елемеуге тырысты.Қарашаның басында АҚШ үкіметі Чомбаға президенттің арнайы эмиссары ретінде Д.Макгиді жіберді.Ол Чомбаны әскери шабуылмен қорқытты.Бірақ, Чомба келіссөздерді созуды жалғастырды.
Кеннеди Катанга сепаратист ері жетекшілерінің артында кім тұрғанын біліп, Бельгия премьер- министрі Спаакпен кездесу өткізуді ойластырды.1962 жылы 27- қарашада кездесу өтті және басқа кездесулерде жалғасын тапты. Бірақ кездесулердің нәтижесі АҚШ үшін көңіл қуантарлық болмады. Барлығы бельгиялықтардың Катангадағы өз жалдамалы әскерін күшейте отырып, уақыт созғаны туралы айтты.Оған ағылшын және оңтүстік Африкалық отарлаушылар белсенді түрде көмектесті.
1962 жылы желтоқсанда Галлион Кеннедиге Катангада әскер қолдану туралы ұсынысын жіберді.Ол: тек осы амал ғана Конгодағы американ үстемдігін орнықтыруға көмектеседі,- деді. Кеннеді Галлионмен келіседі.
Сонымен қатар, ол өз әрекетімен Лондон және Брюссель тарапынан наразылықты қалай жұмсартуды ойлады.
Кеннеди осы мақсатпен 1962 жылы 18- желтақсанда Ұлыбритания премьер – министрі Макмилланмен Нассауда (Багам аралдары) кездеседі.Конгодағы империалистік державалардың қарама-қайшылығы және Англия ядролық күштерінің тәүелсіздігі аталған мәселе екі басшы арасында негізгі тақырыпқа айналды. Сонымен бірге Кеннеди Брюссельге жедел түрде мемлекеттік хатшы орынбасар Макгиді жіберді. Осы келіссөздер барысында олар Конго кірісін бөлісуде әділ болу жөніндегі келісімге қол жеткізді.Бірақ, империалистік елдердің Катанга үшін күресі мұнымен бітпеді.Ол ондаған жылдарға созылды.
Сонымен 60-жылдар басында американ империализмі Африкаға енуге толық құқылы екенін анық мәлімдеді.Бұл бағыт, біз көріп отырғанымыздай, сәтсіздікке ұшырады.
Президент Кеннеди Латин Америкасында да жаңа отарлау әдістерін және Вашингтонның ескі империалистік мақсаттарын орнықтыруға тырысты.
Кеннеди АҚШ-тың Латын Америкасындағы жұмысын жақсарту үшін Даму одағының көмегіне сүйенді.Бұл Латын Америкасының әлеуметтік – экономиалық дамуына бағытталған бағдарлама еді. Даму одағы идеясы Кеннеди 1961 жылы 13- наурызда ұсынған еді. Американ дипломатиясы осы жоспар арқылы Латын Америкасы елдерінде табысқа жетуге тырысып, өз қызметін күшейтті. /33/
1961 жылы тамызда Уругвайдағы Пунта – Дель – Эсте қаласында американ елдері ұйымының әлеуметтік – экономикалық кеңесінің арнайы сессиясы шақырылды.Сессияда Даму одағы жалпы ережелері және Пунта – Дель –Эсте хартиясы туралы өтініш қабылдады.Бұл құжаттарда Даму одағының мақсаттары және оның қызметінің бағдарламасы баяндалды.
Даму одағы бағдарламасы бойынша Кеннеди үкіметі Латын Америкасына 10 жыл ішінде жылына 2 млрд. доллардан қаржы бөлуге уәде берді.Оның 1,1 млрд. доллары үкімет жүйесі бойынша бөлінсе, 900 млн. доллар американдық және батыс Европалық жеке капиталдың салымдары, сонымен қатар халықаралық ұйымдардың қарыздары еді.
Америка елдері ұйымының жанынан арнайы эксперттер комітеті құрылды.Олар барлық латынамерикалық елдердің үкіметтерінен ұзақ уақытқа арналған экономикалық-әлеуметтік даму жоспарын қабылдады. АҚШ басқарған эксперттер комитетінің қызметіне қайсыбір жоспарды игеру немесе ауыстыру,оған қаржы бөлу немесе бөлмеу қызметтері кірді.КеннедиЛатын Америкасы елдерінің ескірген әлеуметтік мәселелерін жоятын реформаларды жүргізу қажет екенін мәлімдеді.Кеннеди осындай мәжбүрлі әдістің көмегімен Латын Америкасы елдерімен капиталистік қатынастарды тұрақтандыруға ниеттенді.Кеннеди жекелеген жер,салық және басқа реформалар жолымен Латын Америкасындағы ұлт-азаттық қозғалысты әлсіретуге ұмтылды.
АҚШ үкіметінің негізгі ұстанымы кез-келген жолмен революциялық толқуды басып – жаншып және Латын Америкасы халықтары арасында революциялық Кубада орын алған әлеуметтік – экономикалық реформаларды болдырмау болды.Бірақ Кеннедидің мұндай сақ әрекетін американдық билеуші топтар арасында кең қолдау тааппады.
Даму одағы Латын Америкасы елдерінде американ көмегінің көлемін біршама нығайтуды ойластырды.Бірақ бұл көмек бұл елдерді құдіретті солтүстік көршісіне тәуелді етуге көмектеспеді.
Сонымен, Кеннедидің Латын Америкасындағы саясаты, біріншіден, Кубадағы революцияны жоюға, екіншіден, Даму одағы ұйымының көмегімен латынамерикалық елдердегі американ монополиясының позициясын нығайтуға және сақтауға негізделді.
Кеннеди бір інші мақсатын жүзеге асыра алмады. Дегенмен, ол бұл мақсатына жету үшін әртүрлі әдістерді қолданды.Мысалы: әскери шабуылдан бастап Бостандық аралына экономикалық блокада жариялауға дейін.
Даму одағы бағдарламасына келер болсақ ол да күтпеген нәтижелер альп кеді. Латын Америка елдерінде бұл бағдарлама жөнінде Одақ бар,бірақ даму жоқ,-деген сөз тарады.Кеннеди Латын Америкасы істерінің аяғында демократияға көңіл бөлетінін мәлімдеді.1963 жылы оның үкіметі Орталық Американың прогресшіл күштерін басып жаншу үшін аз жұмыс жасаған жоқ.Панама каналы аймағы жөніндегі әділетсіз келісімдерді қайта қарау туралы панама үкіметінің талаптарын орындаудан бас тартты.Бразилияға қарсы тіміскі саясат жүргізді./34/
Конститутциялық латынамерикалық үкіметтерді қолдайтынын мәлімдей отырып, Кеннеди сол үкіметтерді құлатқан гориллалармен қарсы келетінін ойламады.Бұл қатынаста президенттің сөзі мен ісі сәйкес келмеді.Оны АҚШ мемлекеттік департамент өкілдерінің мәлімдемесіне бүркей алмады
Барлығы екі-үш айда не болатынын және барлығы өз орнына түсетінін алдын-ала білді.Жаңа латынамерикандық гориллалар американдықтардың жеңіл насихаттаумен коммунизмге қарама-қарсы тұруға қару алған, демократия үшін күресушілерге айналды.
Бұл сөзге мысал ретінде Перуді алсақ болады.1962 жылы Перуде конституциялық үкімет құру үшін бүкілхалықтық сайлау өтті. Сөйтіп, елдегі жағдайды қадағалау үшін АҚШ қолдаған бірде-бір партия басым дауысқа ие бола алмады, ал прогресшіл күштердің үстемдігінің өсуі жалғаса берді және Вашингтоннан тиісті команда жіберілді.
Жіберілген әскер билік басына генерал Рикардо Годояны қойды. Бұл мақсат үшін АҚШ-та дайындықтан өткен американдық танктермен қызметшілер қолданылды.Сонымен қатар, президент Кеннеди Перумен дипломатиялық байланысты бұзды және оған әскери көмек беруді тоқтататынын мәлімдеді.Бірақ бір ай өткен соң дипломатиялық байланыстар қайта қалпына келтірілді.АҚШ үкіметі генерал Годоя режиміне көмек ретінде 30 млн. доллар бөлсе, Экспорт - импорттық банк қарыз ретінде 36,9 млн. доллар қаржы бөлді.
Енді американ монополиялары өзіне жағдайды демократия жолындағы Перудің алдағы жоспарларын ойластыра бастады.
Мұндай жағдайларды көптеп мысалға келтіруге болады. 1962-1963 жылдары Кеннеди үкіметінің көмегімен жергілікті реакцияшылдар Эквадор мен Парагвайдағы қарулы халық толқуларын басып жаншуға мүмкіндік алды.
Бразилияда әскери диктатура орнатылды. Латын Америкасындағы бұл жағдай басқа елдерге де тарады. Дегенмен, АҚШ – тың басты мақсаты- латынамерикандықтардың бостандық және әділдік үшін болған революциялық толқуларын басып жаншу орындала қоймады.
1964 жылы Колумбия мен Венесуэлада революциялық күш күшейе түсті.Сонымен Кеннедидің Латын Америкасындағы либералды идеялары сәтсіздікке ұшырады.Ал ол өлгеннен кейін ол идеялардан еш нәрсе қалмады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет