Дүкенбай Досжан Қазақтың жүз романы



Pdf көрінісі
бет8/29
Дата03.03.2017
өлшемі1,57 Mb.
#7268
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   29

Далабай
26
Құлшығаш Алматы шаһарының шулы көшесін күңіреніп өтер дәруіштей кезіп, 
ешкімге көңіл бөлмей, ешкімді танымай, менсінбей, ұқпай жөңкілген жұртпен жосып 
жүріп, шетте, жүдеу жетім талдардың көлеңкесінен орын тепкен екі қабатты үйге жеткен. 
Кең даланың күн иісті керімсал қаптаған төсінде өсіп, қиырдан қол бұлғап бұлдырай 
ұшқан сағымынан өзгені сүйе білмеген ауыл қазағына қала шуы жаман әсер етті. Тезірек 
Далабайды тауып алғысы келді. Тезірек Доскей қарттың сәлемін жеткізіп, өзінің құрыдым 
шаруасына қол ұшын сұрап, ат басын кері бұрып ауыл қайдасың деп тартып тұрмақ. Басы 
зырқылдады ма-ау, асхана тамағы жақпады ма-ау, әйтеуір таңнан бері мәнісі болмады.
Қолы қалтырап есіктегі қоңырауды басты, бұл қоңырау әлгі екі қабат үйдің, үстіңгі, 
оң қанатына орналасқан үй иелерінің шақыртқысы екен. Тағы басты. Есік ашылды.
– Ассалаумағалейкөөміс! – деді Құлшығаш.
– Саламат, – деді Алматы қазағы.
– Далабай осында тұра ма?
– Осында, алдыңыздағы сол болады?!
– Еһе, еһе ә-ә-әлгі ауылдан келген. Досекең сәлем айтып еді, еһе, еһе...
Құлшығаштың қатты қысылғаны... «Далабай дегенің екі иығына екі жігіт 
мінгендей денелі, бойы сырықтай, жігіттің нары... Ақылға да, сөзге де бай, дала қазағына 
мүлде ұқсамайтын, бітімді, білікті жан болар деп қиялдап келген»... Мынауыңыз... Қағілез 
ғана жігіт.
– Еһе, еһе, еһе!..
– Ей, Құлшығашпысың?!
– Еһе, еһе...
Екеуі құшақтаса кетті.
– Төрлет қане. Кәриялар аман ба?! Көкем маған қатты ренжіп жүр деп естігем. 
Шалыңның денсаулығы қалай? Апам қуатты ма?
– Еһе, еһе!
– Келініңіз әкесінікіне кетіп еді. Қазір шай әзір болады. Шалқайып жат та әңгіме 
тиегін ағыт.
– Еһе, еһе!
Қосүйеңкідегі дүкеннен үшінші рет қарызданып, сотталар болған соң, бір түнде 
зым–зия жоғалып, Далабайдан көмек сұрай келген шаруасын тарс ұмытты.
«Мынауың... кішіпейіл ғой. Доскей шалға тартса томырық, тік мінез болушы еді. 
Шешесіне ұқсайды екен, маңдайы, күлгені... жарық барда үй мүлкін есептеп қояйын, елге 
барғасын жыр қып айтуға қажет...»
– Елді әбден сағындым. Жұмыс босатпайды, сосын творчество деген пәле бар, 
конкурс деген қырғынды көрсең!..
– Еһе, еһе!
«Ағаш жағы жеткілікті екен. Кілемді қабырғаға ілуші еді, жерге төсегені несі?.. 
Тіреліп тұрған көрпе–жастық тағы жоқ. Самсап, ілулі тұратын киімдері көрінбейді. 
Істудент деген осылай тұрады деуші еді. Бұлар да істуденттің ол жақ–бұл жағында екен. 
Иә–ә–ә. Ішкі үйіне көз саламыз енді...»
– Көкпар, салым болып тұратын шығар. Көкемнің Кертөбелі әлі шаба ма?
– Шабады. Шапқанда сол шапсын...

Ішкі үйдің есігін ашқан Құлшығаш қайран қалды. «Екі жерде үлкен екі төсек. 
Арасынан ат өтерліктей. Келіншегімен бірге жатпайтын болғаны ғой» деп ойлады 
Құлшығаш. «Бұлары қай қылық? Тақауда үйлене сап, бір төсекте жатпайтын болса, 
өмірдің несі қызық?! Әйел алып әурешілігі не?»
Төргі бөлмеге аяңдады. Осы кезде барып қасындағы Далабайдың носкимен ғана 
жүргенін, өзінің аяғында түу сонау Қосүйеңкі жолын шарлаған, келсаптай бәтеңкемен 
дүсірлетіп бара жатқанын байқады. «Шешіп қойғаным жөн болар» деп ойлады. Тасыр 
еткізіп шешіп, есік жаққа атып–атып жіберді. Носкиінің жыртығын саусағының басына 
таман жылжытып еді, қырсық келгенде, одан сайын үлкейіп, Далабайдың көзін «мен 
мұндалап» кеп шақырғаны. Қысыла жүріп төрге беттеген. Далабай: «Киіп алғайсың», - 
деп табанға жұмсақ тапочка әкеліп берді. «Бұл кабинетім. Мынау концертке әзірлеп 
жатқан жаңа ноталарым...»
Құлшығаш өз ойымен әуре.
«Ә–ә–ә. Нан табар қарекеті осы болды. Шимай... нота... мынасы да нота... Ән жазу 
да өнер болғаны, ә. Жан ауыртпастың әрекеті–дағы. Әйтпесе, қой бағып көрсінші, 
қошықтың қайда қалғанын білмес».
– Бұл баяғы Қоянкөк мертігіп өлетін Бәйге туралы увертюра, – деді Далабай 
жерлесіне түсіндіріп. – Мәскеуде жақсы бағаланды, енді оркестрге түсіріп жүрмін.
– Жан–жүйені балқытатын болар, ә?!
Бұл Құлшығаштың ісханаға кіргелі бергі Далабайға айтқан алғашқы сөзі еді. 
Далабай таң қалды.
Мына қазақты тезірек жұмыс кабинетінен алып кеткісі келді, ендігәрі мұның 
алдында творчество туралы ләм деп айтпасқа ант етті. «Шай қайнады» деп қонақ үйге 
қарай жетелей жөнелді. Өзінің ең қымбатты шығармаларын, талай түнгі ызың қуып, талай 
күнгі қиялын сарып етіп тудырған музыкасын енді болмаса мына адамның аузынан 
шыққан сөз масқара ететіндей көрінген.
– Ішетін шығарсың? – деді Далабай. 
– Ептеп қана.
– Жақсы–ы!
Далабай серванттан армян коньягін суырды. Құртақандай рюмкаларға құйды. Шай 
алдында, көптен көріспеген, бірінің жүрегінде елге, жерге деген ыстық сағыныш, бірінің 
жүрегінде... мүлік... қаланың қызығы... шимай–шатпақ ноталар ғана... мекендеген екі қазақ 
рюмкаларды көтеріп, әу десіп, алып қойды. Құлшығашың ештеме болмағандай көзі 
бақырайып қалды, қолындағы бармақтай шыныға қарады, төңкеріп көрді. Далабай 
қайталап құйды. Құлшығаштың аузы бұл жолы әдеттегіден кеңірек ашылып, рюмканы 
қоса жұтып коя жаздағаны. Тағы да түк болмағандай қолында қалған ыдысына қарады, өз-
өзінен қуыстанып мырс-мырс күлді.
Далабай тағы құймақшы еді.
– Мынадан үлкенірек ыдысың жоқ па? – деді Құлшығаш.
– Бар...
– Бар болса соны әкел. Бұл ыдыспен ішкен сияқты болмадым, ішіндегісі өңешке 
жетпей, таңдайда қалып қояды екен...
Далабай әзілдей жүріп шампанға арналған үлкен бокал әкелді, коньякті соған 
құйып, жерлесіне ұсынды. «Мұнысы оңды болды» деп ішінен жымиды Құлшығаш. 
«Алматыда тұратын дөкей ініміздің арағын сарқа ішіп көрейін бір. Асқазанды 
қаудырлатып кептіріп жүрмесе игі».

Үлкен бокал толы коньякті ұзақ жұтты. Қызды.
– Келін бала төркініне тартқаннан сау ма?
– Иә, әкесінің үйіне кеткен. Жақын тұрады, – деді Далабай шай құйып жатып.
– Әб-бәсе, өзім де солай ойлағам.
– Қалай?!
– Келін баланың төркініне тайғанын білгем... Өзімнің келіншегім де қашып кетті... 
Жақсы көретін едім... қадірімді түсінбеді... алтын аяқты тепті... кетті...
Далабай Құлшығаштан: «Келіншегіңіз кім?» – деп сұрағысы келді, бірақ бүйірден 
бұра тартып сауал қоюдың ретін тағы таппады. Әңгіме әуелгі әуенін бұзған жоқ.
– Кешірім сұраңыз, ренжіген де.
–Мен бе? Мына еркек басыммен! Құлшығаш атыммен әйелдің алдында тізем 
дірілдеп тұрып кешірім сұрамақпын ба?!
– Татулық жақсы ғой.
– Жоқ! Қатынсыз кетсем де өйтіп басындырмаймын. Сен де аруақты қорлап, 
келіннің артынан жүгірме. Елге жүр. Маңдайынан шертіп қалаған қызыңды әперем.
Далабай күлді. Құлшығашқа шай құйды.
– Дөкейдің қызы деп еді. Иығыңа мініп алмақ қой. Шіркін-ай, әйелден қулық 
артылмас, сірә.
– Келініңіз төркініне қашып кеткен жоқ.
– Енді-і-і... төркіндеп кетті ме?
– Жай шаруасы боп.
Құлшығаш екінші бокалды орталап ішті.
– Әй, қу бала, жасырма... ағаң біледі... ұялып отырсың ғой...
– Япырмай, Құлеке-ай, шыным...
– Ендеше төсектерің неге бөлек тұр?
Далабай не дерін білмей састы, телефонға барды, звондап, «Гүлмира бар ма?» деп 
сұрады... «Мен ғой, үйге кел, елден кісі бар, кәриялардың сәлемін айтуға соғыпты, иә, иә, 
тезірек» деп трубканы тастады. Самайынан терін сүртіп, столға жақындады. Құлшығаш 
шөлмектегі коньякті ыдысына сарқып құйып отыр. Далабай сервантты ашып, ішінен 
екінші шөлмекті алды. Елден келген ағайынның жанары нұрлана түскен.
– Ауылда арақты ауызға алсақ бітті, ел: «өле мас болыпты» деп гу ете түседі. Той-
томалақта ішсек, шалдарың бір пәле, милициядай-ақ, көре сап: «Әй, сен кімге тартып 
ішкіш боп жүрсің?!», – дейді. Еркіншілік жоқ. Осындай қалаға келгенде тойып алмасақ 
аңсаймыз тегі. Басшылар да қатал боп барады...
Гүлмира келген соң тіпті сөзшең боп кетті. «Уылжыған жүзіңнен айналдым-ау», - 
деп келінінің бетінен сүйді. Ас қамымен асханаға шықса болды: «Келінжа-а-ан!», - деп 
қасына шақырып алады, нәсият айтады, төркінге бара берудің пәлендей жақсы тірлік 
еместігін бажайлайды...
– Келінжа-а-ан!
– Иә, аға? – дейді, асханадан жетіп келген Гүлмира.
– Әлгі Шіркінбай бабамыздың жетінші тұяғы қайда?
– Папамның үйінде еді. Жаңа асығып, қалдырып кеттім.
– Бекер өйткенсің.
– Ертең әкелеміз.
– Көретін едім. Көрімдік беретін едім. Досекеңе: «Осылай да осылай... немереңді 
көрдім... түрі-түсі мынадай... құлағы мынадай...», - деп жеткізер ем. Шалың қатты қуанады 

тегі. Осы жамандарың дүниеге келгенде, Қаратауды дүрліктіріп той жасаған, салым 
берген, өздерің келе алмай бекершілік болды...
Енді Далабайды қаузайды.
– Табыс қанша?!
– Табысыңыз – айлық па?
– Осы табалдырыққа ай сайын қанша ақша кіреді дегенім ғой.
Далабай ой үстінде, креслода шалқайып алып, Құлшығашты сыңар езулей тыңдап, 
әр кезде қостап қойып, өз ойымен болып отыр. Оның ерекше қасиеті – кісімен әңгімелесіп 
отырып-ақ сол мезетте тіпті өзгені ойлай беретін. Енді керісінше, ойға батып отырып, кез 
келген мәселеде әңгімелесе алатын. Бұл жолы да солай. Қиялы қиыр даланы кезіп кеткен, 
соның төсіндегі құйындармен жарысып жүр.
Маңдайы жазық, бұрын қара еді, ағарған. Қасы қою, қоңқақ мұрынды, бұзау көзді
күлгенде денесімен селкілдейді.
Далабай.
Далабай да түтіндері тік шаншылған, бұлдырап ойнар сағымы, былдырап ағар 
бұлағы бар, шеттегі, Ақүйік өзенінің шалғынды сағасын жайлаған ауылда дүниеге келген. 
Алғаш «уа» дегенде Қаратаудың қорғасындай ауыр ауасы титімдей нәресте кеудесін 
кернеп кеткен. Ол кезде ауа да көп сапырылған қымыздай бал татитын, иісі піскен 
жалбыздың жұпары секілді еді. Тау да, дала да ертегідей кереметке толы болатын.
Өмірдің тұңғыш қарызы Далабайдың тұла бойына осылайша, тап сол ауамен бірге 
сіңген. Содан бері ол өмірді қарыз деп түсініп кетті.
Анасының айтуынша, өзі дүниеге келген күні жылы жаққа құстар қайтып жатыр 
екен. Күз болғаны ғой... Қанаты талды ма, әлде туған жерін қимады ма, жүз жасаған кәрі 
тырна үйірінен бөлініп, үй алдындағы төбеге қоныпты. Ол төбеде Далабайдың бабалары 
жататын. Әлгі тырна соның басында ұзақ отырыпты. Кешке қарай мал жайғап болғасын, 
күндегі әдетімен, сол төбеге шығып қайтқалы барған әкесі өліп жатқан тырнаға тап 
болады.
Арам қатып қалыпты дейді. Көтеріп қараса, мойнына білезік салынған екен. Құс 
мойнын қажай-қажай қиып түсуге қалған.
Сол тырнанын мойнынан табылған алтын сағақ батыр бабаларының белгісі болып 
шыққан.
Әкесі алтын сағақты әкеліп Далабайдың бесігіне тағып қойған.
Анасының айтуынша, ол күн ұзаққа сағаққа қарап ыңылдап, уілдеп жата берген. 
Сонымен ойнап өскен.
...Күндердің күнінде Далабай бесіктен де тұрады. Жығылады, жылайды. Жусанды 
шайнап ащы дәмін көрді, отқа қолын тығып, күйдіретінін білді. Күнге қарап күлді. 
Тұсауын кескен күні аяғын апыл-тапыл басып есік алдына шықты.
Осы мезгілде баланың қасына иығына қоржын салған қарт жетті.
Әлгінің шапаны да, қоржыны да, кебісі де, тіпті басының бір бұрышында тұрған 
тақиясы да жамаулы еді. Дүниеде жамау деген нәрсенің болатынын бала сонда білді. Иә... 
соғыстың ақырғы жылында елде жамаусыз ешнәрсе болмайтын...
Далабайдың қолынан бір жапырақ қатқан нанды алып тұрып, қарсы алдында 
қарғаның балапанындай аузын ашып қарап қалған балаға: «Өркенің өссін! Таудай бол!» 
деп, ең ұзақ батасын берген. Маңдайынан сипады. Қайтадан жыртық кебісін киіп, жыртық 
тақиясын төбесіне таман жылжытып қойып, жыртық қоржынын арқалап, батар күннің 

соңына еріп кете барды. Артында, айдалада, аңырайған қыстаудың босағасында, қарғаның 
балапанындай қара бала аңырып, жыртық көңілмен соңынан қарап қалды.
Ол кезде бала не болса соған аңырып, ауызын аша беруші еді.
Күндердің күнінде қиялын кішкене иығына салып, күнге ілесіп, жол тартты. 
Артында мыжырайған сары қыстау, жылы ұясы жетімсіреп қарап қалды. Бірақ, ешкім 
шығарып салған жоқ, ешкім аузын ашып аңырған жоқ.
Доскей ғана: «Қарғаның баласы! Құйрығының жамауына қарамай, оқу не теңі 
осының?! Әлі-ақ қайыршы боп қайтып келер. Қарғаның баласы!» деп кейіп қалды.
Далабай үнсіз кете берген жоқ: «Уа, туған жер, топырағыңда торқа боп жатқан 
бабалар, сендер таппаған бақытты мен іздеп көрейін, сөге жамандамағайсың!» – деп 
ішінен күбірлеп қоштасты.
(Жас кезінде бақыт туралы көп ойлайтын).
Сол кеткеннен мол кетті. Туған жері, жатқан бабалары сарғайып күтіп қала берді.
Уақыт зымырап, күндер кітап бетіндей парақталса да сол қарт Қаратау, сол сары 
дала аз өзгереді екен. Күн де бұрынғыдай жерді жалап ұзақты күнге тас төбеде тұрады. 
Үлкен жол да сарсылып сұлық жата беретінді шығарған. Жол жиегінде, Ақүйік өзенінің 
қолтығында, кесегі сарғайып, моржасы қарайып кеткен көпе үй бар. Есігі алдында сол 
төбе; көз жетер жерде ел көрінбеген соң өткен–кеткен жолаушының көбі бұл үйге түспей 
кетпейді. Жоқ қарап көзі талған малшы, тракторын тарылдатып шөп шапқан жұмысшы, 
қыр асып қыз көрген теріскей бозбаласы... үйге соғып... дәм татып... көсіліп жатып тыныс 
алады, шалмен кеңес құрады.
Туған жер хикаяты осы да.
Сол Далабай – алысты кезіп, жастық шақты шарлап кеткен ойын бөліп, өз 
босағасын аттап, дастарханынан дәм татып, әңгіме ширатып, «ақыл үйретіп» отырған 
ағайыны Құлшығашпен тілге келді.
– Шал жылқыға жарап жүр ме?
– Жарағанда қандай! Көкпар шабады әлі.
– Пенсияға шығыңыз, қолымызға келіңіз деп, талай хат жаздым...
– Бекер өйткенсің. Қарттың көңіліне қарау керек еді. Топшысы қырқылғанша 
шарықтап, шырқап өтер қыран емес пе, жарықтық,. Жапалақ құсап көже бағып, үй күзет 
дегенің жарамаған. Қасиетін ұға білмейміз ғой... Ол кісілер кетсе кіммен сырласармыз, 
кімге төр берерміз... Бәрі де жоқ болады әлі...
Көзіне жас алды. Гүлмира сөзге араласты.
– Немересімен бірге болар еді.
– Демалар еді.
– Досекеңнің іздегені тыныштық болып па-ау! Қадіріне жете бермейміз тегі. 
Тыныштық па екен қартқа керегі... Құйшы! Мынауың дәмді шарап көрінеді...
Екінші шөлмекпен қоса көңілі де босап, көзіне жас алып, қисса оқығандай мұңды 
бір мәслихатқа көшті.
– Шалдар сиреп барады. Ренішін де, қуанышын да көріп, күліспесек сағынамыз. 
«Ішпе!» деп кейігені де қызық екен. Олар кетсе – кім бізге тоқтау айтар... кім кейір... 
бұдырсыз өткен бір тіршілік болады дағы.
Құлшығаштың көз алдына қайын атасы, иығынан кетпені түспейтін Мақұлбек 
елестеді, сол бір заматта, жігіттік қызбалықпен жасаған қателігін, қарттың көңіліне тиген 
кешулерін есіне алды. Саядай сұлу қыздың құшағына енген соң қазақылық та, жол да, 
жора да ұмытылып кешірілмес тіршілік кешкенін енді білді... Молда торғайға ұқсап 

бұқпалап өткізген күнін еске алды. Торығып, сарғайып, түсінісе алмаған соң жасау тіреліп 
тұрған мұның төрт қабырғасын тастап кеткен келіншегін енді ұға бастағандай. «Байы 
жанында, дүние деген тіреліп тұр, не ішемін, не жеймін демейді. Мұнікі қай күрсініс» деп 
іштей Саяны кіналайтын. Сөйтсе, ойы да, ісі де бостекі шықты. Саяны намыс шайнаған 
екен, жастық жігері, адал ары жанын жегідей жеген екен-ау... уай, пәлі-ай... неге сонда көр 
тышқандай көкірегім бітеліп қалған. Енді ғой, азамат болған Далабайдың дастарқанында, 
көзім ашылып, көкірегім сайрап отырғаным міне. Пендешілік деген осы. Керек нәрсені 
уақтылы ұқпаймыз, мезетінде парықтай алмаймыз, сөйтеміз де, күн ауған соң 
маңыраймыз кеп.
Құлшығаш иығынан ауыр қапты алып тастағандай болып, терлеп, еңсесі түсіп 
отырған. Ішуді де доғарды, келіні құйып берген қою шайды мысқалдап ұрттап, мастығын 
тарқатты. «Алыста жүрсең кешегі «құрысын ә» дейтін аулыңның ақ шаңы да ыстық 
сезіледі екен»...
Осы зіл сезім, ауыр ой төсекке жатқанда да, ұйықтар алдында да еңсесін езді. Өз 
өмірінің ұңғыл-шұңғылына шейін үңіліп басқан ізінен, өткен жолынан көңілге медеу 
тұтар бұдыр іздеді, таппады. Өзі бала күнінде ашаршылыққа ұшыраған; әкесі әкеліп 
босағаға тастайтын үлкен қанар қапты ала сап, ішіне үңілетін, сонда қап бұрышынан 
жалғыз жалқы дән көрінетін; сол секілді, үлкен қанар болмағанымен, кішігірім қапқа 
парапар болып қалған ғұмыры ішіне үңілгенде жарты дәндей жақсы тірлік көрінбеді; 
қарап жатып торықты. Қәриялардың: «Кісіге жақсылық істе – зая кетпейді» деген сөзі 
есіне түсті. Төсегінен тұра сап, киініп, жынды адамдай түн ішінде ауыл қайдасың деп 
тартып кеткісі келеді, солықтап, ішінен тынып, таңды көзбен атырды. Гүлмира келінінің 
құс жастық, құс мамық көрпеше салып жайғаған төсегі жамбасына тас боп батты. 
Дөңбекшіп барып басын көтерді.
Қала таңын машинаның жер жарған гүрілі түреді екен. Ауылдікіндей саздап 
шақыратын әтеш жоқ, қара жерді дірілдетіп өтер мың сан мәшинесі бар. Құлақты жеп, 
түтінімен танауды тоздырып, миыңды зырқылдатады кеп.
Тұрып, балконға шықты. Тап терезе алдында біреу күйбеңдеп мотоциклін сүртіп 
жүр, «мына неме таң әлетінде тарылдатады-ау» деп ойлаған, артынша-ақ әлгі темірінің 
(мотоциклдің) жан даусы шықты. Тротуарды лоқылдаған көк түтінге толтырды. Әр 
жерден шошып оянып жылаған нәрестелердің даусы шықты. Әлгі итің мәз, тарылдағына 
мініп ап, тағы бірер ышқынтып тартып жөнелді. Құлшығаш қайран қалды: «Күн сайын 
өстіп тарылдатса, таң атпай үлкен үйдегі нәрестелер өстіп шошып оянса, ылғи таза ауаны 
көк түтінмен араластырса... қалай... өмір болғаны ма»...
Далабай да оянған, балконға шықты, кең тыныстады.
– Машинаның даусы ұйықтатпады-ау Сізді...
– Оқа емес.
– Тұрғаның жақсы болған. Бәрібір оятар еді. Дегенше болған жоқ, «сүт алыңыздар» 
деген ащы әйел даусы көшені басына көтерді, жалғыз айқаймен тынса бір сәрі, талай 
керме иық келіншектерді жылы төсегінен суырып алып, дедектетіп көшеге шығарды. Үй 
күйбеңіне салды. Артынша-ақ өрт сөндіргіш мәшине өкіріп өтті.
Екеуі балконда ұзақ байыздай алмай ішке енді, үйде де құлақ тұндырарлық дабыра, 
шаңкыл, ауыл шалдары айтысқаннан бетер, радио екен. Оның үстіне төсегінен әлгіде 
тұрған Гүлмира келін қосыла ыңылдап, аядай асхананың апшысын қуырып барады, 
даңғаза үйде жан шыдарлық болмады. «Бұл қақсауықты қатты қоймаса сәні бұзыла ма» 

деп, Құлшығаш қобдиша радионың құлағына қол тигізді, үні саппа тынғаны. Далабай 
күледі; «тек қатты сөйлеп үйренген, баяулатсаң-ақ өшіп тынады», - деді.
«Ә-ә-ә, жантыныштыққа жарыған екенбіз. Қаладағының наны наубайда, асы 
аспазда; ақшасы болса бай-патшамен парапар тұрады десек; мына жұмақта жүріп жынды 
болғанша, Қаратауда ырсылдап кетпен шапқан көш ілгері» деп ойлады Құлшығаш.
– Жұмыс айта отырыңыз, – деді Далабай. Құлшығаштың күткені де осы еді.
– Қара басып қарызданып қалдым. Қай есептен жаңылғанымды білмеймін. Тексеру 
кеп бес мыңды мойныма мінгізді. Сотталар болған соң өзіңе жүгінгелі келдім. Бауырыңды 
құтқарып қал. Күндердің күнінде бір кәдеңе мен де жарармын. Ағаңның жүдеп жүрген 
шағына кезіктің әттең. Үйден де, түзден де күй кетті. Ақылдасар адам жоқ. Әйелім 
төркініне тайды... басыңа іс түссе... өстеді...
Далабай Құлшығаштың түнде «келіншегім қашып кетті» деген сөзіне оншалық мән 
бермеген, қызулықтың салдары ғой деп, атүсті ұққан. Енді түптей білгісі келді.
– Келіншегіңіз кім еді? Білер ме екенмін...
– Мақұлбектің қызы – Сая.
Далабайға мына сөз жай соққандай әсер етті, орнында қатты да қалды. Өңі өзгеріп 
құп-қу боп кетті. Көңілі құйын тигендей дөңгеленді. Қарсы алдында отырған ағайыны 
емес; жүрегіндегі ең ізгі сезімді таптаған, жойған жауыз жандай көрінді. Құлшығаш та 
анық сезді, діттеп келген шаруасын іске алғысыз қып бүлдіріп бітті. Мөлиіп әлі отырған.
– Тексерістің басы-қасында болғаным жоқ, неғайбіл іске кірісе алмаймын. Ренжіме, 
– деді Далабай.
«Ренжіме» дегені әншейін-ақ алдарқату, әйтпесе сәт санап, минут сайын 
Құлшығашқа деген ілтипат ықыласы кеміп, суып бара жатқанын аңғарды.
Не десін енді...
– Бүгін поезға мінемін, – деді Құлшығаш.
– Неге асықтың? – деді Далабай.
Гүлмира шайға шақырды. Күнде қалған көнектей қаңсып, қақырап бара жатқан 
көңілге бұл да болса дәнекер екен. Бұрынғыдай емес, дәмі азайған, сусоқты әңгіме қайта 
басталды.
– Малшылардың тұрмысы қандай?
– Жақсы ғой, жегені ет, ішкені айран.
– Моншасы бар ма?
– Орталықтан салған. Суы ақса отыны таусылып, отыны жанса суы сарқылып 
жұмыс істей алмады. Қосүйеңкіде су жағы тапшы. Шомылмақ түгілі, қол шайғанға 
әупіріммен жетеді.
– Дәрігер жеткілікті болар?
– Ә, ауырған кісіге табылады. Сау кісіге дәрігер жолай ма? Фельдшер әйел бар: 
ұшынған, шошынған науқастарға төбе көрсетіп тұрады.
– Кітапхана істей ме?
– Орталықта. Ал, малшыларға мен жеткізіп тұрамын. Малшылар қыста болмаса, 
жазда қолға кітап ұстамайды.
– Неге?!
– Жазда жұмысбасты боп бітеді, одан артылса көкпар, салымның желігі жынды 
етеді.
– Қыста нендей кітаптар оқыр еді?
– Қолға түскенін...

– Қалай?!
– Қазақша жазылған дені сау кітап көре алмаймыз. Шимайы болса жарағаны, 
шопандар талғамайды, оқи береді.
– Нендей кітаптар дегенім ғой?!
– И–ә–ә. Оқулықтар. «Үгітші блокноты». «Мың бір түн». «Болгар ертегілері». 
«Неміс ертегілері». «Кәлима мен Димна...»
Далабай күлді. Құлшығаш та езу тартты. Далабайды күлдірген – мына тұрған 
ағайынның қарадүрсін әңгімесі, күйінері де, сүйінері де жоқ, баршаға немқұрайды, 
немкетті қаракеті еді; ал Құлшығашқа езу тартқызған – қалалық жерлесінің ауыл өмірін 
соншама білмеуі... не болса соны қызық көріп, сұрап тұрған сипаты болатын.
Таңғы шайдың аяғы үнсіз ішілді.
Далабай ойы: енді әкесінің сәлемін тыңдау. Шалың қандай сөз айтты екен – соны 
есту болды. Құлшығаш тарс естен шығарған тәрізді, жүрер уақыты жақындады, әлі пәлен 
деп шал сәлемі туралы жақ ашқан емес. Жағы бұлтылдап, түннен қалған суық етті жайғап 
отыр. Ақыры Далабай шыдамады.
– Жоғарғы сотта таныс жігіт істейтін, алдынан өтейін, өтінішіңізді қалдырып 
кетіңіз. Ақ-қарасын анықтар, – деді Далабай.
Құлшығаш көңілденіп жүре берді.
– Садағаң кетейін, сөйтші, – деді ол. – Үйіңді көрдім, тұрмысыңмен таныстым, 
келінжанның қолынан дәм таттым. Астанаға келген сайын соғып тұрамыз енді. Босағаңа 
дамыл болмайды бізден.
– Ол дұрыс қой, – деді Далабай.
«Шалың не деп сәлем айтты екен? Мына қаскөй «шалдың сәлемі бар» деп өтірік 
айтқаннан сау ма?»
– Ауылға сәлем айтыңыз онда... – деді Далабай. – Біздің үйге...
Құлшығаш орнынан оқыс атқып тұрды, «ой-бұй» деді, Гүлмираға қарады, көзінен 
ұшқын көрінді.
– Қара басып Досекеңнің сәлемін ұмытып кете жаздағанымды қарашы! Әй, өзімде 
ес шамалы...
Далабай мен Гүлмира бір-біріне қарасты.
– Жөнел, келінжан! Әлгі жамандарыңды әкел тезірек! Көріп кетуім керек. Онсыз 
болмайды.
– Досекеңнін сәлемі: «Немеремді өз көзіңмен көр. Бажайлап қара! Шіркінбай 
бабасына тартты ма екен... Түрі-түсін айтып кел» деген!
Далабай әке сәлемін енді естіді, жүрегі бұлқып кеп, елжіреп пе, езіліп пе, әйтеуір 
көзіне жас әкелді, бұрылып телефонға барды. Тездетіп машина шақырды. Әке махаббаты 
тұла бойын отқа қыздырып ап қайта суарғандай сезілді, үлкен сезімге бөледі, қайрады, 
қатайтты.
Құлшығаш болса бажылдап берекені алып барады.
– Жөнел... Әкел... көріп аттануым керек... Түнде ішемін деп тарс есімнен шығып 
кетіпті... Уақыт тапшы... Шапшы...
Гүлмира келген машинаға отырып әкесінің үйіне жөнелді... көп ұзамай асығыс 
қимылдан киімдері қалталанып, кішкене қалпағы көзіне түсіп, ышқыры төмендеген ұл 
бала табалдырықтан ішке аттады. Қарсы алдынан арбаңдап шыққан Құлшығаш балаға 
баждия қарады.

Торсық шекелі, жанары өткір қара бала тұрды, көзінің асты ойлау, танауы қомақты, 
екі беті дөңгеленіп барып алға шығыңқы иегіне жалғасып кеткен, аузы үлкен, құлағы 
едірейіп, алыстағы ауылдан келген бейтаныс қазаққа түксие көз тікті.
27
Далабайдың құлағы шулап жөнелді. Мұндайда біреулер сыртыңнан жамандап 
жатыр дейді білетіндер. Қарсы алдында отырған музыка редакциясынын редакторы 
Далабайға жат боп көрінді, көз алдына аңдар паркіндегі жолбарыс елестеді. Алдамшы 
елес болар деп ойлаған... Кейінгі кезде көзіне ойына алған нәрсесі елестейтін болды, иә, 
нақ өзі... ашыққан, арыған аң патшасы. Шерменде болып тордың арғы жағынан 
сығалайды. Кәдімгі жанары сарғайып, мәңгіп, миы ашып біткен тропикалық жолбарыс. 
Япырмай, ол да өзінің ну тоғайлы, салқын сулы, белуардан қамысы бар, тарпа бас салып 
қызылдайтын елігі бар, ыстық қанға еркінше тояттайтын туған топырағын ойлайды. 
Сағынады. Тап осы мезетте семіз даяшы ұзын сырығымен қақ шекеден салып қап, 
сусоқты болған есектің етін алдына тастай салады. Өрт боп тұтанған ашуы көзіне қан 
үйіріп, торды да, даяшыны да паршалап тастағысы келеді... Бірақ баяғы бойға қамшы 
ұрып қыздырған жігер жоқ, құм болған қайрат қана қалған. Торығып, ашықса да етке 
қарағысы келмейді.
Даяшы қарқ етеді: «Неме масығып кеткен! Жата-жата іші майланып біткен. Арбаға 
жегер ме еді өзін!» деп әнгүдіктеніп, қан-қан сырықпен қақ шекеден тағы салады. Байғұс 
жолбарыстың есі ауып, ырылдауға әзер шамасы келеді.
Редактордың дауысынан Далабай селк ете қалды.
– Не ойлап кетесіз сіз? Интеллигент еще! Бұл симфонияңызды эфирге жібере 
алмаймыз!
– Себеп?!
Шекесінен біреу салып қалғандай музыка редакциясының редакторы кейкең етіп, 
қатты дауыстап жіберді.
– Жаңа айттым ғой! Түсініксіз. Тұтастық жоқ. Ортаңғы аккордтың атқарып тұрған 
ролі бимағлұм. Скепцизм бе, империзм бе, әлде бір нәрсеге жуық.
– Измдеріңіз не?
– Мен қайдан білейін?!
– Симфония музыкалық кеңес талқылауында жоғары бағаланды емес пе? Мұнда 
ешқандай изм жоқ! Онда адамшылық бар, арман бар.
– Қане, қане?! Қолыма ұстат! – деп, редактор енді ашуға мініп, жалпақ алақанын 
столға тіреді.
Далабай да қарайып, түтігіп кетті. Кеудесі удай ащы сезімге толып, редактордың 
сарғыш көздерінің қақ ортасынан нота бумасымен салып жібергісі келіп бір тұрды. 
Кейісін әрең тежеді. Буыны дірілдеп орнынан көтерілді, терезе жақта жарты қабырғаны 
алып тұрған пианиноға барып, қақпағын ашып жіберді. Өзін-өзі ұмытқандай қалыпқа 
түсіп, саусақтарын қатты тастап ойнап кетті. Самайынан жылтылдаған тер моншақтары 
көрінді.
...Қиыр дала. Кең өмір. Болашаққа басқыш қойып жатқан космонавтар, жердің өзі 
уылжып піскен алмадай, үстінде қалықтаған торғайлар, әдемі әуез, оның төсінде теңкиіп 
жатқан батыр бабалар моласы, олардың атойшыл рухы естіледі. Ащы терін теңіз суына 
қосып балық сүзген адам алақаны елестейді. Ол алақан тауларды жылжытады, нан 
пісіреді, жарын еркелетеді. Осы симфонияда жиырмасыншы ғасырдың күлкі–кейісі, 

кермек–тәттісі, күрес–күйініші әуенге түсіп, тұтас бір дүние жасап тұр. Симфония 
«Революция» деп аталыпты.
Әлі ойнай беретін еді.
– Тоқтатыңыз! – деді редакторы. – Бұл сіздің ісханаңыз емес. Бұл үкіметтің қызмет 
орны...
Далабайдың жанары жалт еткен, музыка редакциясының редакторы аузына 
ағытылып кеп қалған сөздерді айта алмай жұта қойды.
Рухы түсіп, мұрыны салбырап қалды. Сарғыш көздерін сығырайтты, жымиған 
болды.
– Ашуланбаңыз, құрбы.
– Иә... Ашу дұшпан, ақыл дос... Творчествоның адамы балық тәрізді салқын қанды 
болғаны ләзім. Әйтпесе, басын тасқа соқтырары анық. Келісейік, сіз қазақтың қарапайым 
халық музыкасына вариация жазып көріңізші... Ешқандай бұлдыр, буылдыр қияли 
әуендерсіз-ақ. Кәдімгі ауыл, қозы–лақ, қойшы... неткен романтика! Брусиловский 
жолдастың вариациялары қандай тамаша! Почти, эфирге күнде береміз. Жұрттың да 
құлағы үйренген. Не қыласыз бас қатырған сол пафос, изм дегендеріңізді. Бетховен–ақ 
солай жазған, немістерге қалдыр шуылдақ пәлекетті. Мынаны тыңдап көріңіз, – деді 
редактор қолына құдайы күлшедей шағын пластинканы алып.
Далабай қазақ әні «Қамажай» мен «Япурайдың» екеуіне кезек жүгірген 
скрипканың бейбақ үнін әзер тыңдады.
– Ие?..
– Естіп тұрсыз ғой?.. Ғажайып емес пе?!
– Ештемесі жоқ. Әншейін халық әнінің көшірмесі ғана. Шынтуайттасақ, 
скрипкашыны әуреге салмай–ақ халық әнінің өзін ойнатқан көп–көрім құнды еді.
– Олай демеңіз! Тілдемеңіз! Бұл кімнің шығармасы екенін білесіз бе?!
– Білмеймін...
– Биылғы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған көкеңдікі, – деп құлағына кеп 
сыбырлап қана жеткізді.
– Тыңдасаң көзден жас ағызады! Міне осыны айт, арман, қиял деп. Арман–қиялың 
Алатаудан асып қайда барады. Неге керек босқа арамтер болу, – деп ентігін басты, 
тоқтады.
Нақ бір канал қазған кетпеншідей-ақ ырс-ырс етеді. «Ұғындырып тастадым-ау» 
деген сыңайы бар. Қалтасынан құлаштай ақ орамалын суырып алып, желкесін, маңдайын 
сүртіп өтті.
Далабайдың дымы құрыды. Ішінен: «Мұндай да адам болады екен– ау! Даяшының 
сырығы керек қой мынаған» деп торықты. Тез құтылғысы келді. Бастан құлак садаға, 
пәледен машайық қашыпты.
Соңынан ауыр былғары есік «аф» деп үріп қалды.
Алыстағы Саяны ойлады. «Бәрін ұмытайын. Осындайда медеу болар сенің пәк 
күлкіңді де жоғалтқалы қашан?! Әлгідей жанмен сөйлескенше жапан дүзде жылқы баққан 
жақсы ғой. Сая... Сенің аңқау, албырт ренішіңді тыңдап, көзіңнен сүйіп жұбатқанымның 
өзі тәтті күндер екен-ау! Қуанышың да, ренішің де маған байланысты еді. Сенен өзге қай 
сүйеуім қалды? Қадірлім менің! Сүю үшін жаралган жансың ғой...»
Өз ойымен болып келе жатып қарсы кезіккен біреумен соқтығысып қалды.
Қаланың қапырық ауасы танауын кесті. Мәшинелер зырқ-зырқ етіп нақ бір миынан 
өтіп жатқандай. Жұрттың бәрі салғырт, самарқау.

Үйге кірді. Гүлмира сыңғырлап күліп кеп, мойнынан құшақтай алды. Шешінуге де 
мұрша бермей, жылы, жайдары назымен шаршатып барады. «Сағынып қалдым» дейді 
жұмсақ үнмен. Далабайдың қабағына қарайды. Өзі де қиналғансып, отқа түсер көбелектей 
шырқ айналып, әлдебір қиямет ойлардан Далабайды ажыратып алғысы келеді. Жәудіреген 
қой көздеріне кірбің қалқып тұра қалады.
– Далабай ренжімеші! – дейді қиналып. – Неге қабағың түседі? Бүгін өтпесе ертең 
өтер... Ештеңені ойламашы. Күлмесең өкпелеймін...
Маңдайына майда сызықтар түсіп, жұқа еріндері дір-дір етеді. Далабай оның 
басынан құшты да, өзіне оқыс тартып, маңдайынан ақырын ғана сүйді.
– Ақымағым, мүлде олай емес... – деп күбірлеп кеп жүзін бұрып әкетті.
Өзімен-өзі болып, жақсылап бір қапаланғысы келеді. Бірақ қасындағы 
келіншегінен тағы қысылады. Нәзік қыпша белін үзіп жібергендей боп, өзіне жабыстыра 
қысты.
– Ауырттың, – деді Гүлмира өте ақырын. Ақсары жүзіне қан жүгіріп, маңдайына 
таныс сызықтар түсті, енді байқады, келіншегі қолында жатыр.
– Ақырғы госэкзаменді тапсыра алмадым... Далабай оқыс бойын жинап алды.
– Қалайша... дайындалмап па едің?!
– Өмірі естімеген пәлені сұрағаны.
– Қайранмын. Қай оқытушыныц соңынан сүмеңдейміз енді?..
– Қиналмай–ақ қой. Оқытушының жөнін өзім–ақ табамын... Кафеге барып, көңіл 
көтеріп қайтайық.
– Қай қуанышымызға? – деп Далабай баж етті. – Неге жетісіп жыртақтаймыз? 
Жастығымыздың құнсыз, дымсыз өтіп бара жатқанына ма... Жапалақ құсап қуысқа 
тығылып ап ұйықтағанымыз үшін бе... айтшы!?
Гүлмира қанын ішіне тартып сұрлана қалды.
– Өстеріңді білгенмін. Жылап жіберді.
– Даланың жабайы қазағына қосқан қай құдай?! Жүйкемді құрттың! Шақшадай 
басымды шарадай еттің! Феодалсың! Папамдікіне кеттім...
Есік тарс жабылды. Әлгіде ғана сыңғырлаған күлкі, мойынға оралған наз, ыстық 
қылық ғайыптың арасында жоқ болды.
Далабай осы мезетте жапан далаға кеткісі келді. «Онда әйтеуір күлкіңе де, ренішіңе 
де орын бар. Сарсаң тұрмыс жоқ»...
Көркемдік кеңестің хатшысы Далабайды қабағын қарс жауып қарсы алды. Түнді 
ұйқысыз өткізген қиғаш көздері қызарып, құбылып, ішіп-жеп барады.
«Сен–ақ өлтіретін болдың–ау жұртты. Жер жұтсайшы! Қалай шаршамайтынын бір 
құдайдың өзі білсін» деген сыңаймен қарайды. Мұнысын Далабай қапысыз ұғып отыр.
Бұл жан найзаның ұшындай мұқалмас салқын қанды мінезге ие. Астындағы столды 
сонау жылдардан бері күзетіп келеді. Бұл дүниеде Далабай білмейтін қалтарыстар көп 
қой.
Далабай келген жұмысын тез, түсінікті баяндап өткелі қашан.
Әзір көркемдік советтің хатшысы өз мінезінен жаңылар емес. Міз бақпай тесіле 
қарайды. Ашық түрған терезеден үлкен шыбын атойлап кірді. Төбені айнала кезіп 
зарлайды кеп. Далабай шыбынға қарауға да жалықты. Көркемдік кеңес хатшысының әні-
міне деп көмекейі жыбыршыды. Кебежедей кресло сықыр етіп томырық жанның сонау 
тереңінен әлде бір сөздер қайнап келе жатқанын хабарлады. Безілдек шыбын да жалықты 
білем «түу» деп тысқа тайып тұрды.

– Қазақконцертке қабылдай алмаймыз. Бұлыңғырлау, – деді.
Тереңнен қайнап шыққан сөздер осы еді. 
Ширек сағаттай ойланып тоқ етерін айтты. Бір сөзді тегін атамаса керек. Енді 
алтын берсең де айтар ауыз сөзім жоқ дегендей бәз-баяғы қалпына түсті.
– Не–е–е?! Бұлыңғыры қалай?! – деді сәлден кейін есін жиған Далабай. Ештеңе 
ойлағысы келмеді. Тілдеуге де, тыңдауға да жағдайы болмай, аузына сөз түспеді. Басын 
ауырсынып, шекесін ұстады. Ми қабаты қабынып, ондағы қан тамырлары жарылып 
кетердей шаншып–шаншып қалды.
Сүйретіле тұрып көркемдік кеңес хатшысының алдында жатқан ноталарын алды. 
Соған ғана шамасы келді. Әлгіде ғана ысқырып, маңайына жел соқтыра, түу осы төртінші 
этажға дем алмастан жүгіріп шыққан жиырма жеті жасар жігерлі жігіттің орнында енді 
құр сүлдер ғана қалғандай. Есіктен қауқиып рух шықты. Қарсы кездескен жорға жүрісті 
хатшы қыз қағып өтті. Жын соққандай еліріп, едірейіп алған.
Далабайдың жан дүниесі талып, талықсығандай болды. Алыстағы Саяны ойлады. 
Еркінен тыс оның атын атап қалды.
Үйіне жақындағанда жаман бір ой келді. Адам баласына сирек кездесетін ой. 
Әсіресе әлгі жігіттің өзін немкетті қарсы алуы қатты соққы болып тиді. «Шынымен 
жазған симфониям жаман шығар. Шынымен... Бұлыңғыр, бұлдыр, измдерге толы 
бірдемелер болғаны ғой. Несіне жарым жасымды қысқартып, күш-жігерімді таусып 
жүрмін?! Несіне өзгелерді қинап бітем?! Санасында «бұлыңғыр, изм» сияқты 
абстракциялық әлдебір ұғымдар думан құрып, миын жеп барады. Шеке тамыры тағы да 
жылдам лыпылдап жүрегі көтерілгендей болды. Қылғындырып бара жатқан галстүгін 
жұлып алып тротуар жиегіне лақтырды.
Гүлмира үйде екен, жайраңдай қарсы алды.
Не болғанын айтпай-ақ түсініп, іштей тынып, қиналған сыңай көрсетті. Бұл жолы 
еркелеп мазалаған жоқ. Салқындатып қойған шырын-су берді. «Папам сені келіп тілдессін 
деп шақырған», - деді. Радиолаға Берлиоздың «Жарық дүние» атты симфониясының 
бірінші бөлімін салып, ойнатып жіберді. Ғұмыр туралы, кең дүние туралы, оның төсіндегі 
Далабайдың күресі, алыстағы Саяның кіршіксіз махаббаты туралы, кең дүниені тарылтқан 
түсінбестік туралы толғаулы әуен шешіле сөйлеп жөнелді. Жүздеген скрипка зар қоса жер 
гимнін, адам гимнін айтады. Өзекті өртеген пианино үні аракідік аккорд қосып, жарық, 
жарықты жасаушы күн, оны қабылдаушы жүректер туралы күй шертеді.
Далабай ойы жеңіліп сала берді. Әлгіде ғана басына келген жаман сезімдер 
ыдырап, Гүлмира күлкісінен сейіліп, жүрегіне жылу орнады. Өз қалпына келді. Қайтадан 
сенім мен жігерге толы жас жігіт қалпына түскендей. Кере қарыс маңдайы ойға толып, 
көзіне нұр ойнады. Гүлмира кеп мойнынан асылып шашынан сипады. Жанында адамға 
деген жылылық жиналды.
– Гүлмира, кейінгі кезде түсімнен бабаларым шықпайды. Олар: «Біз жата-жата 
жалықтық, қашанғы күтеміз, кел, сергіт», - дейтіндей. Көзімді жұмсам болды солардың 
рухы, ұраны естіледі, тат басқан қылыштары елестейді, – деп айтып салды.
Келіншек шошып кетті. Өзіне түсініксіз әңгімені алғаш рет естіп тұр. Далабайдың 
аузын басты.
– Айтпашы, неге айтасың... Қорқамын, – деді жабыса түсіп. Жұқа еріндері дір-дір 
етеді.
– Симфониям қандай осы?..

– Жұрттың аузында сенің әуендерің. «Туған топырақ» циклің осы табалдырыққа 
үш мың сом кіргізді емес пе. Неге сенімсізсің? Кейінгі кезде өзгеріп барасың, түсінбей 
қалам. Далам, бақытты болғым келеді, – деп сылқ–сылқ күлді.
Талдырмаш денесін ерке күлкі буып енді болмаса лықылдап ернеуінен асып 
төгілердей күйде тұр.
«Рас болар» деп ойлады. «Рас болар». Гүлмираның алаулаған жүзінен, жіңішке 
сызықтар түскен ақшыл маңдайынан сүйгісі келді. Келіншектің ыстық құшағынан өзгенің 
бәрін ұмытқысы келді.
Нені ұмытсын! Орнынан тұрып Эренбургтың «Хулио Хуренитосын» алды. «Хулио 
Хуренитоның өнерге деген көзқарастары». Бірден елігіп, ұзақ оқып қалды. Гүлмираның 
жайлап тұрып «Жарық дүниені» алып қойғанын, асханаға барып кофе қайнатқанын сезген 
жоқ. Дастарқан жайып, жас помидорға қаймақ құйып салат жасап әкелді. Ері жақсы көріп 
жейтін жылқының қазысын қойды. Тұтас пісіріліп мұздаған қазыны қидалап кесіп 
рәсуалаған жоқ. Далабайдың етті өз аузымен жұлып, жұлқып жегенді ұнататынын біледі. 
Қайнаған кофеге қаймақ қатты. Ойын бөлгісі келмей, жасаулы үстелді газетпен жапты да 
шығып кетті.
Университетке барып, әнеукүні өзін госэкзаменнен құлатқан кырсық оқытушымен 
тілге келмекші, ашына, ашыла сөйлеспек. Айтпақшы әуелі шаштаразға... сосын ювелир 
дүкеніне... сосын телестудияда істейтін құрбысына соғады, сонан соң барып қызыл көз 
пәлені көріп алмақ.
«Далабай неге көп ойланады осы?» деп күбір етті ішінен.
Далабай басын көтеріп алды. Қалың ой, қара ой, күз бұлтындай тағы да санасын 
торлап келеді. «Хуренитонікі рас болар» деп ойлады. Өз-өзімді дозақ отына салып, өзгенің 
көзіне сүйел болған бейбақпын-ау! Неге керек осы еңбек?! Медеу бар ма көңілге? Арам 
тер болғаным не! Мән-мағынасы бар ма осы күрестің?! Мән-мағынасы қайда 
жастығымның?! Сая...»
Есіне бұрнағы күні мәдениет министрінің музыка жөніндегі консультантымен 
кездескені түсті...
... Музыкалық кеңесші үйінде екен. Далабайды жылы шыраймен қарсы алды. Оның 
көзінен өзіне деген есіркеу, мүсіркеуді көрді. Баяғыда әкесі де қақпаға келіп садақа 
сұраған қайыршыларға осылай қараушы еді.
– Мен де жас болғам, – деп бастады сөзін музыкалық кеңесші. – Мен де жас 
болғам. Вальстер жазғам, актрисалармен көңіл көтергем. Музыка түсінбейтін 
миғұлаларды маңдайға ұрғамын. Әттең бәрі мына темекі түтініндей кеудені ашытып 
ұмытыла берді. Бәрі бос сөз! Иә, мына ағаң да Гамлет болған. Байқаймын, қазір гамлеттер 
аз емес сияқты.
– Сіздіңше симфония жазуды тастау керек пе?!
– Ол өз еркіңіз.
– Жалғыз–ақ айтарым – бәрі әурешілік осының. Ең алдымен адамға денсаулық 
керек. Әсіресе, сендей қыршын жасқа! Он екіде бір гүлің ашылған жоқ. Жап–жас жарың 
бар. Уланбаған өмірің бар. Бақытты болуға кеш емес.
Далабай таласқысы кеп бір тұрды. Бірақ кейінгі кезде өзін селсоқтық, салғырттық 
мінез басып алған. Бәріне немқұрайды қарайды.
– Қанша ой-қиялымды сарып еттім десеңші. Түріме қараңызшы, қазір маған 
жиырма жетіні беру қиын.

– Мұның рас. Жас адамда бәрі де болады. Қайғы, қуаныш, ашыну, жасу, сүю, бәрі 
де болады. Жастықтың зауалы да осында.
– Осындай ұғымның не түрін өзіміз ойлап шығарамыз да бір-бірімізді алдаймыз 
кеп. Таным, теория, искусство!!! Ха-ха-ха!
– Ең абзалы, көп ойлама! Өмір үлкен өзен. Батып кетпей қалқып жүрсең болғаны. 
Шаршаған боларсың, жайлап отырып әңгімелесейік. Саған сақтаған базарлығым бар, – 
деп орнынан тұрып қарсыдағы үлкен сервантты ашты. Ішінен әлде бір Бессарабияның, 
әлде бір Қырымның пейзажы салынған әсем шөлмек алды.
– Грузиндердің «Қара көзі», – деді.
Шарап иісі есті кетірерліктей ащы, өткір екен. Әп–сәтте бөлменің ішін көктемгі 
жусанның жұпары алып кетті. Екеуі соғыстырып ішіп салды. Дәмі кермек, ашқылтым, тіл 
үйірер үгітілме екен.
Далабайдың аузы құрғап бірдеме ішкісі келді.
Орнынан тұрғанда өз үйінде отырғанын сезді. Стол үстінде жасаулы дастарқан. 
Гүлмиранын бір шаруамен көшеге шығып кеткенін білді. Аз отырып тамақтануға кірісті. 
Салат өте дәмді екен. Үлкен қазыны қолына алып сыртқы ішекті сыпырып тастады да, 
шетінен тістеп, жұлып жей бастады. Қашан да жылқы қазысы Далабайға тың, терең күш 
береді. Осылай тісімен жұлып жегенді өзіне рухани шабыт санайтыны бар. Бәрін ұмытып, 
тек жапан түзде қос басына отыра кетіп, үлкен табақтағы ыстық етке бас қойғандай 
болады.
Жылқышылармен әңгіме шертісіп, жыр тыңдағанға не жетсін!
Шырт–шырт жанған от. Бұрқыраған ыс–ыс мосы. Ен даланы беріктіре күлген 
жылқышылар. Қырқадан қылт ете қалған тағы жылқылар. Маңай меңіреу түн. Ұлып, 
қыңсыған аш қасқырлар.
Сол даланы көрмегелі де біраз болыпты–ау!
Тамағын жеп болып, тоңазытқыштан су алып ішті. Тынысы жеңіліп, сергігендей 
сезілді. Санасын басқан қорғасындай ауыр бұлт ойлар сейілген. Зілдей жүкті иығынан 
сыпырғандай сергу, серпілу кейпі бар. Диван үстінде «Хулио Хуренито» жатыр. Ар 
жағындағы қабырғада, үйленер алдында түскен Гүлмира екеуінің суреті ілулі тұр. Өзіне 
қой көзді, ақсары, бұрымы толқыған қыз жымия қарайды. Далабайға тығыла түсіп, «ендігі 
арманым, бар өмірім сендік, өз қолыңа тапсырдым» дегендей. Бет әлпетінен уыз жастық, 
жеңілтектік, ашықтық байқалады. Ал көзінде, қой көздерінде... түсінбеді... көлгірсу тұр.
Кабинетіне кірді.
Оң жақта үлкен стол үстінде тау болып үйілген нота қағаздары. Жерде жатқан, 
жазылып біткендері, басталып қойғаны қанша! Көзі тұнып, жүрегі айнығандай болды. 
Теңселе басып кеп сол ноталарды кеудесімен басты.
Селт етіп, басын көтеріп алды. Біреу келіп қалмасын дегендей кеудесінде жатқан 
музыка ноталарын асығыс жинай бастады. Талғамай араластыра қаттап жатыр. Әп–сәтте 
үйдің іші көшетін қостай астаң–кестеңі шықты. Көз алдында бір жапырақ та нота қағазы 
қалмағанын сезгенде барып Далабай терін сүртті. Тыныс алып, ойға келді...
Енді қайтпек?!
Қазір осы музыка ноталарының күллісін үйден шығарып, аулаға тасиды. Иә... 
мұның бұл тірлігіне көршілері таңырқап, шошына қарайды, «жынданған болар» деседі... 
Мейлі... ауланың ортасына бар симфониялары мен концерт ноталарын бір–ақ үйіп 
ойланбастан от қойып жібереді. Жалын лау етіп, сиясы кеппеген әсем әуен жолдарын, 
көнере бастаған алғашқы әндерін жалап жеп жүре бермек. Бұл мезеттегі Далабайдың 

жанарына қан толған, қолдары дір–дір етеді. Көз алдында кең дүние, туған топырағы, 
қасиетті көне кіндік Қаратауы, төсіндегі Далабай, жастық, махаббат, күрес, күнә, 
замандастары, дала; оның төсіндегі жусан мен гүлдер, тұлпар іздері, солардың бір 
белгісіндей болған томырық әке, бәрі, лаулап кеп жанады. Барлығы да өздерінің жана 
алатынын көрсетеді. Бет–аузын көк түтін шарпиды. Ол да сейіледі. Орнында үлкен үйім 
қара күл қалған, кәдімгі желге болмаса, пендеге қажетсіз, өмірсіз, өңсіз, ұшпа күл.
Терін сүртіп үйге кіреді. Гүлмира әлі келе қоймаған. Бөлме іші көшкен жұрттай 
бос, қаңырап қалған, құлазыңқы. Қаша жөнелгісі кеп бір тұрады. Иесіз үйде... көкірегін 
кернеп шыққан әсем әуендері жазылған ноталары бар кезде үлкен өмірдің бір 
пұшпағындай болған үстелдің енді серейіп босап қалғанын көргенде Далабайдың іші 
үйірінен адасып, қу мекиенде қаңғыған аш қасқырдай ұлиды кеп. Ар–ұжданы жүректегі 
әлдебір қалтарыста қалған сезімдерді үйіріп кеп жылымық қардай жұмарлап бетке ұрады. 
Тітіркеніп, іші өрт боп, пышаққа ілінген қой көзіндей жанары жасылданып, бара–бара 
өмірсіз, өлексе күйге енеді. Кәдімгі ең түбінде суы кепкен, оты сөнген, шөкім шегір тұзы 
ғана қалған жылусыз көз ше, сол. Бұл өмірде енді өзінің жоқ екенін де сонда түсінеді. 
Жо–о–оқ!
Ондай ақымағың Далабай емес.
Әлгі заматта санасын сығып, көз алдына шошытар түстей тіршілікті елестетіп 
жіберген жаман ойдан опына, безіне дауыстап қалды: кеудесін оқыс көтерді, жүрегі 
астында қатталып үюлі жатқан ноталарды қысып ұстаған күйі оларды құшып–сүйді.
«...Ондай ақымағың Далабай емес... Күреседі... Жеңіп шығады...» Әлі мың сан 
тыңдаушысына жол алмаған, болашаққа басқыш қойып жатқан космонавтары бар, бүгінгі 
буынға қылыштай қылпыған өткір намысын мұра еткен бабалар рухы бар «Қызыл 
қырғын» атты симфония жазылған қалың дәптерге қос тамшы көз жасы тамды.
28
«Шолпан» кафесі қаланың ең шұрайлы жерінде; қасқа мандайында қызылды-
жасылды шарапқа толы гастроном, оң бүйіріне алақ-жұлақ киінген қыз-келіншектердің 
ордасы – жасөспірімдер театрын теңдеп алып, сол бүйірін өркеші заңғар тауға беріп, 
жасыл бақтың арасында бұғынып жатқаны. Таң әлетінде Шолпан жұлдызы да дәл осы 
тұстан, дәл осы кафенің ту сыртынан туады. Бұл мекен өмірге енді ғана апыл-тапыл басып 
кірген жас жазушылар мен артистердің, суретшілер мен композиторлардың сүйікті көңіл 
ашар орны. Бүгін де баршаға сенімсіз, немқұрайды қараған бірер жас талап жазушы, қасы 
мен туфлиін жалтырата бояған төрт-бес сахна «жұлдыздары» отыр. Маңайдағы тынымсыз 
тіршілікті ұмытып, өзара құнжыңдаса қалған. Әр кезде кісіней күлісіп, оқырана жауап 
қатысады.
Кафенің терезелерінен жаймашуақ күз көрінеді. Бүгін жылы болатын секілді, 
сырттағы сары мейіз жапырақтар арасынан сығалаған күн нұры паркет еденге тайғанап, 
одан әрі рюмкалар мен отырғандардың сидам сирақтарына шағылысады. Бұрыштағы 
құмырадан бегісіз гүл аузын ашып келеді.
 «Мұндайда ойлайтының, демалысыңды дұрыс өткізу, осындай әдемі күнгі тәтті 
көңілдің қаймағын түріп, шырқын бұзып алмасаң болғаны. Жақсы күнді кіржің қабақпен 
өткізу де бейне жақын тұтатын кісінің көңілін қалдырумен бірдей. Өзі бес күнде 
сағындырып жететін дамылдау болса ше... тәтті көңілді адамдардың өзді-өзі сүйкімсіз 
етеді. Кісі деген әманда бір-бірінің көңілін қалдыруға, шырқын бұзуға әзір тұрады. Кейде 
ондай қырғи қабақтан қашып құтыла алмайсың, шеңгеліне түсіп, қабырғаң қайысып кете 
барасың».

Осы оймен отырған Далабайдың қасына таныс даяшы қыз келді. Кішкене ақ 
алжапқышының астынан құрсағы томпиып қалыпты. «Тұрмысқа шықпаған ғой деп 
жүрсем... қазіргілерді біліп болмайсың. Эстрадада істейтін жолдасының он сегізде деп 
үйленген қызы өзінен аттай бір мүшел жас үлкен болып шыққаны бар. Қым-қиғаш қой 
бұл дүние». Қыз Далабайдың кідіре қалған назарын аңғарып, қызарып кетті. Дереу 
үйреншікті үнмен:
– Не қалайсыз? – деп сұрады.
– Бір құты қымыз.
Далабай саусағымен сұйық шашын тарап өтті, маңдайын сипап қойды. Қыз 
алдында қашанғы қимыл-қалпы осы. Терезенің арғы жағынан жұмыртқадан жаңа шыққан 
ақ үрпек балапандардай үйір бала көрінеді. Әлгіде ғана өзі киіндіріп, Гүлмираның әкесінің 
үйіне апарып салған қара домалағын ойлады, сүйкімді боп өсіп келеді, бөтенге 
жұғыспайды, бірбет, тұйық.
Ту сыртынан тағалаған аттай ауыр жүріс естілді. Қарамай-ақ кім екенін біле 
қойған, артынша қарлығыңқы, жарықшақ дауыс шықты.
– Уай, «Қызыл қырғын» тірімісің-ей? Отыруға рұқсат ет!
Рұқсатсыз-ақ жалп етіп отыра салды. Артына бұрылып:
– Даяшы, саптаяқ сыра! Тек қана салқын болсын! – деп дауыстап қойды.
Шашын ұстарамен тықырлап қырғызып тастапты, ылғи жұрттың үйреншікті 
нәрсесіне кері жүретін әдеті, әйтпесе, қазіргі жастар шаштарын едірейтіп қоюға бет алды 
емес пе. Күн нұрынан болу керек, жанары көгере түскен. Күн ысыса болды көзі көгеріп 
кететін әдеті. Ерні кезеріп, торғайдай ұшып заматта жетпеген даяшы қыз жаққа алара 
қарайды. Далабайдың темекіні тастағанын ұмытып қалтасынан сіріңкесін алды, бұл темекі 
сұрағаны.
– Осылар неге міндетсиді екен, түсінбеймін!
– Қайдан жүрсің?
– Үйден де. Сусындап шықпақ едім.
– Әнеукүнгі жеңіл биіңді аяқтаған боларсың?
– Қол тимей кетті, әйел де қыңқылдап, қонаққа бару... дүкен аралау... көбейіп. Тағы 
кейіп отырмысың? Қайтейін. Уақыт жетіспейді. Берекесіз болып біттім.
– Сені кейде танымай қалам... – деді Далабай. Жігіт шамданған сыңай танытты.
– Бәйге берсе өздерің қырып істеңдерші. Өгіз емеспін ғой. Қөңілді, денсаулықты 
ойлаған мақұл...
Нарттай боп қызарды, әлі де көкейдегі ойын лақылдатып төге берер ме еді, даяшы 
бөліп кетті, қызды көргенде көзі шатынап, шықшыты күдірейіп барады. Бергі бетіне 
түскен жастық табы айқын білінеді, жаңа ғана жайраңдап келген жігіттің орнында енді 
басқа жан отырғандай. Әкеліп берген сыраны жалғыз-ақ қылғытып, бастапқы қалпына 
келді, жан шақырғаны.
– Ренжіме, Далабай! Соңғы кезде өзгеріп бара жатқаным рас болар. Бәрі нервіме 
тиеді. Не өзіңе, не досыңа рақымың жоқ. Қадір-қасиетің қалмайды екен. Осының бәріне 
жатбауыр болып барамын. Жә... жетер... Гүлмира екеуің біздікіне қыдырып келіңдер. 
Келесі демалыста. Сау бол. Күтеміз, – деп орнынан тұрып, еріксіз біреу жетелеп бара 
жатқандай, қинала қоштасты.
Ақша санап тұрған даяшы қызға алара қарады. Далабай да есеп айырысты.

Қыздың жүзі әлгі кейіс қарастан солғын тартып, жүдеп қалыпты. Титімдей тәмпіш 
мұрны ұзара түскендей, ерні бозарған, кірпігінің де бояуы көшіп, жыпылық-жыпылық 
етеді. Алжапқыш астынан құрсағы бұлтиып тұр.
Күн көтеріліп ыси бастапты. Сәл жылы болса қапырыққа айналатын орталық 
көшелердің әдеті. Аялдама ығы-жығы. Далабай да ентігіп тоқтаған автобусқа иін тіресіп 
әрең мінді. Отырарға орын қалмаған. Шеткерірек ығысып тұрды. Жаңа ғана салқын 
қымыз ішіп шыққан кафені ойлады, үйін аңсады. Өзі таңертең ерте тұрып киініп, баласын 
алып, шығып кеткенде келіншегі ұйықтап жатқан. Демалысқа қараған таңда қашан да кеш 
тұратын, ендігі оянып, үйді жинастырған болар. Өзі жеткенше тамақ әзірлеп, стол үстін 
реттеп, пианиноны сүртіп қойса ғой; бара жұмысқа отырар еді; кешегі концертті орталап 
тастар еді.
Жұрт шүпірлесіп автобус кассасына тиын салып жатыр екен, ұмытып кете 
жаздағанын қарашы... бұл да тиынын алдындағы балаға берді: «қол жалғап жібер», - деді. 
«Осы жұрт ғұмыр бойы тиын санаумен өтер ме... жаман әдет жақсы түстей тез ұмытылар-
ау. Жойылар. Қиялдап кетсе, жұмаққа бергісіз сол қоғамның маңдай алды мүшесіндей 
сезінеді өзін. Көзін жұмады... айнала мәуелі бақ, жемісі төбеге тиіп жүргізбейді. Көңілі 
тоқ, ешкім қара күні үшін, наны үшін тырбаңдап зорыға жаздамайды. Сұлу қыздар, 
жүздерінен нұры тамып, бұрымдары тірсегін қағады. Алдыңды кесіп көстеңдемей именіп 
тұрғаны. Көзін ашса...» «Кісі де не болса соны ойлайды екен-ау» деді ішінен.
Далабайдың тамағы құрғады. Көзіне әлдене түскендей сезіліп, түйнеген соң, 
орамалын алмақ болып еді, түк шықпады, тығылысқан жұрт қолын төмен салдырмады. 
Автобус іші ыстық ауаға толған. Жанып біткен күл тәрізді бірер көкшіл жанар өзіне 
қадалып қалыпты.
«Еркекті жаңа көргендей, тесірейе қалғаны несі, үйінде байы күтулі, мұнда өткен-
кеткенге көзін тігіп тұрғаны мынау, ат-көліктің тізгінін сыпырып айдау қып жіберетін 
баяғы кез емес». Бұрылып тұрды.
Иін тірескен жұрт ауаны тарылтып барады.
Бүйірдегі ағаш иықты арық әйел... ә, таныды... драма театрының артисткасы... 
қасындағы құрбысына театр туралы, әйелімен ажырасқан актер туралы, тіпті әлдекімнің 
өз үйіне таң әлетінде ғана бұқпантайлап жеткенін жыр ғып айтып жөнелді. «Өзгеде несі 
бар осы жұрттың... ім-м-м... оларға да сауап. Жұртқа өнер, өнеге көрсетудің орнына 
далақпай болып, бетінің қызылын беліне түйіп, тықырлап жүргені. Өлең жаттаған 
оқушыдай сахнаға тақпақтап шығатынын қайтерсің. Әшейінде әзілге қонақ бермей 
жұтынып қалған қалың ерін әне бір әртіс келіншек ше?.. Ойынға шықса жарға сүйеген 
таяқтай қақайып қалатыны бар. Құлақты жеп сампылдай ма, жылай ма, жанарынан жалғыз 
тамшы жас көрмейсің. Жігіттері ме... ауылдың жаман әктебіндей әкіреңдеп, шаңқылдап 
бітеді, жұдырығын түйеді, сермейді. Жанымен езіліп, түйсініп, тұшынып ойнауды 
ұмытып барады. Пьесасын жазған сабазың да тайыз, бақай есеп жазған-ау, қайтсін, оған да 
қаражат керек қой. Сол дуылдақтың көбінен манағы ақи эстрадник жолдасым қош ілгері. 
Нені қолға алса да жанымен күйзеліп, тебіреніп жазады, жолы болмай жүргені де...»
Автобус жүрісі бара-бара шабандап, бақай ырғаңға түсті.
Танауын газ иісі жыбыршытып жіберді, аузын алақанымен басып, түшкіре жаздап 
қалды. Аялдамасына жақындады білем, ырғаң жүріс ыңыршаққа басты, есікке таман 
ығысқан. Бірде кеудесі қысылып, кейде әлдене жұмсақ жерлерге мейлінше жанасып 
жылжып келеді. Сөйткенше болмай, дәл жанынан көкқұтанға ұқсас ұзын мойын билет 

тексергіш жігіт шыға кеп: «билетіңіз!» – деді. Көрсетті. Сөзі соншалық өңменнен 
өткендей суық, туа біткен қасиеті де осы тексергіштік секілді.
Далабаймен ілесе орта жасар мосқал кісі шығып келе жатқан. Жаңа ғана қолында 
тұрған билетін таппай қалғаны. Ширатылған газетін ақтарды, ұшты– күйлі жоқ, мүмкін 
қалтасына салған болар, жоқ, мүмкін жаңылысып...
– Билет алған жоқсыз! – деп ұзын мойын қойып қалды.
– Алғанмын!
– Алсаңыз, қайда?! Далабай араға түсті.
– Билеті әлгіде қолында тұрған. Түсіп кеткен болар... Қадалмай-ақ қойыңыз, – деп 
еді.
– Сіздің шаруаңыз болмасын, – деп, ұзын мойын бұған дүңк етті.
Жұрт та сенуден қалыпты, жүздері суық, ара түсер, бәтуа айтар бірі көрінбейді. 
Әлгіде ғана мосқал кісінің кассаға тиын салып билет алғанын көрді– ау деген ағаш иық 
арық әйел де теріс қарап кетті. Далабайдың іші жел үргендей уілдеді.
– Азамат, өтірік айтасыз! 
– Өтірігі несі, шыным...
– Жұрт сенімін ақтамадыңыз. Айып ақша төлеңіз!
– Оу, жігітім?..
– Салғыласуға уақыт жоқ.
– Айып ақшаңды қоя тұр! Мына жұрт көрген, сенеді...
Отырғандар жағы гулеп жөнелді.
– Қарай көр қуын!
– Бес тиынға белі сынардай зарлайды кеп. Далабайдың: «Билет алғанына мен 
куәгермін», – деген сөзін ешкім естімеді, елегісі келмеді.
– Бұларға сеніп, билетті бос қойды– ау өкімет.
– Шыпана шетінен.
– Қойшы, жарқыным! Естімеген елде көп. Бұл жұрт мәдениетті болады десе... 
Коммунизмге қайтіп бармақ?!
– Кәзит оқымайды ғой, кәзит!
Мына сөздерді естіген билет тексергіш көкқұтан жігіттің мойны бұрынғыдан да 
ұзарып, қоқиланып барады. Нақа он жыл сарсылып іздеген құныкерін енді тапқандай 
еліреді кеп. Талтүсте тонауға түскен жандай, аузы– на ақ ит кіріп, көк ит шығады.
Талапайға түскен мосқал еркек шыдай алмады.
– Мә, алындар! Тек жүйкеме тимеңдер, нервіме!.. – деп, ашына айқайлап жіберді.
Далабай автобустан ышқына түсіп үлгерді, сәл кешіксе, өз аялдамасынан өтіп 
кететін еді. Әлгі оқиғадан көңілінде жаман әсер қалды; «адам да мұнша арзанқолданып 
кетеді екен-ау» деп налыды. Бір түрлі пәсейіп, үгіліп, үнсіз келеді. Торықты.
Көңіл түкпіріне әлдеқайдан шуақты, жадыраңқы арман сәулесі түсті... қай арман... 
қайдағы сәуле... есіне түсіре алмады.
Осы мезетте ол өзінін әлдебір жайларды әлі балаша ойлап, басқаша тұшынып 
келгенін түсінді.
Қалтасынан қол орамалын алып алақанын, желкесін сүртіп өтті. Ақ орамал 
қарайып шыға келді. Бұл – қаланың тыныстап жатқаны. Ауа құрғақ. Өтіп жатқан жұрттың 
жүзі түсініксіз, бейжай.
Сәуледей жылтылдаған әлгі жылы ойды есіне түсіргісі келді, суыртпағын ұстай 
алмады.

Енді мүлде қажып, шаршап біткен күйде, ат жағы бұрынғы сұңғақтығынан 
айрылып, епетейсіз қалаққа ұқсап кеткен (ұстап көрген), көзінің оты қаша бастады.
Үйіне жетті.
Екінші қабатқа көтеріліп келе жатып та, әлгіде көңіл түкпіріне әлдеқайдан жылт 
етіп сәуле түсірген арманын... ойын есіне тұтқысы келді... ұмыта берді, шетін ұстай 
алмады.
Демалыс туралы ойлады ма?..
 «Жылда жырмыштап алған айлық демалысын болмашы тірлікпен тауысып алады. 
Адам да жас кезінде өзіне тым қатал, аса аяусыз, әйтеуір-ақ қарайды білем. Өткен жылғы 
жазда үйге елден ағылған қара борбай бала қаптап, жұмыс та істетпеді, алтын уақыты да 
желге айналып жоқ болды. Әйтеуір ағайынгершілік қарызды өтегені болмаса, әлгілерден 
алған алғысы да шамалы».
Гүлмира туралы ойлады ма?..
«Жолымды күтіп сарылып бітті-ау, жарға жағар қылығым да шамалы. Басқа еркек 
болса сұлу келіншегін алақанына салып әлпештеп жүрер еді. Бұл олай емес, жұғымы да, 
қыры да қисығына беттейді. Осыдан бара пианиноны тоқпақтап жан терге түседі, 
шұқшияды, жазады. Келіншегінің ынта-ықыласына алғыс айтуды да ұмытады. Күні бойы 
желкесінде жәудіреп отырғаны содан...»
Қалтасынан кілтін қарады, саусағына орамал, столының кілті, тиындар ілікті. Есікті 
тықыр еткізбей ақырын ашты. Ішке енді, қашан ауызғы бөлмеден өтіп, жасаулы столға 
жеткенше асығып, аптығып бітеді.
Ас үй тым-тырыс.
«Гүлмира қайда түге? Тамақ та әзірлемеген, төргі болмеде киімі көрінбейді, бір 
жаққа шықса қағаз қалдырушы еді. Ә-ә-ә... жаздан бері басының сақинасы көбейіп кеткен. 
Жас неме... белгілі... Дәрігерге кеткен болды ғой, уайымдар деп қағаз жазбаған, жаны 
ауырып жүрсе де ойлағаны мен. Мына сұрықсыз күз күні де сарыөзек қып бітті. Гүлмира 
үйге оралғанша, қисайып, тыныстап ала қояйын. Көңілін көтерейін, қыдыртайын. Бүгінше 
арқасы ұстаған бақсыдай ыңылдамасам қалыбым қисаймас. Әлгі эстрадник жолдасым 
көңіл көтеріп желпілдеуден қолы босамайды, сонда да ел қатарлы композитор аталып 
жүр, иә, жұрт сөйтеді»...
Гүлмира дәрігерге барған жоқ-ты.
Бүгінгі күн демалыс болған соң, азырақ паркті аралап, таза ауа жұтып қайтуды жөн 
керген. Далабай келгенше үлгерермін деп ойлаған.
Шуылдан шеткері аллея, теңге жапырақтар судырап түсіп жатыр, жиекте, арықтағы 
ағын су былқ-сылқ етіп құшақтаса кетіп, сыңқ-сыңқ күліседі. Қарсы беттен таза леп 
соқты, алпыс екі тамырын қуалап, рахатқа бөледі, көзін жұмды. Өткіншімен сәлемдескісі 
кеп кетеді. «Тек жалғыз жүру әбестеу, таныстар кезіксе не ойларын кім білген. Сезімді 
тербеп құлпырған бау мынау... қайтіп елжіремессің?.. Далабай да жұмыс басты болып 
алған, күннен-күнге бейнет жеп, жігерін сарқып ығып кеткендей. От басының қызығы да 
күзгі ағаш бұтағындай күн санап сидам тартып сиреп барады. Баз күндері қолымды қоярға 
жер таппаймын»...
Жүрісін баяулатып, үлбіреген астыңғы ернін сәл ұмсындыра шығарып келеді. 
Толықша мықыны, тікше кеудесі, ақ мойыны, тас төбесіне түйілген шашы сұлулық 
салтанатын жасап жұрт көзін еріксіз тартқандай. Бозаң жүзіне шым-шымдап қан жүгірді. 
Кішкене танауы қусырыла түсіп қос бетіне күлкі нұрын шашады.
«Қазір қасымда Ол болса ғой құшып, сүйер едім».

Кішкентай кеудесі пенделік шаттыққа толып, қос қолын қанат етіп ұшқысы келеді, 
дөңгеленіп, ұшқан жапырақпен қосыла билегісі келеді. Жүзі бал-бұл жанып жүрісін одан 
сайын баяулата түскен.
Қарсы алдынан қарайып денелі жігіт ұшырасты, қиыс өте берген, әлгі танитындай-
ақ қадалып тұрды-тұрды да қасына жетті, тіл қатты.
– Қарындас, бір жеріңіз ауыра ма?
Гүлмира үнсіз жүре беріп, оқыс, еркінен тыс жоқ деп жауап берді. Бекер өйтті.
Өрімдей жас жігіт екен. Аққұба.
– Ауырып тұрсыз ғой. Қарашы, жүзіңіз оттай жанып... – деп, жанаса берді. Жанары 
жайнап тұр.
– Мен апарып салайын.
– Қажеті жоқ. Мен, әншейін...
– Алақаныңыз күйіп тұр. Неге дірілдейді? – деп, әлгі жігіт оң қолынан ұстады. 
Гүлмираның күллі денесінен тоқ жүріп өткендей түршікті, қолын тартып алуға дәрмені 
жетпеді. Еркінен тыс сиқырлы күш жүйкесін босатып жібергендей. Аққұба жігіт бүйіріне 
тақала түсті. Сүйрік саусақтары оның салалы алақанында үгіліп барады.
«Музыкант болар, саусақтары өте ұзын екен, жанары неткен отты, тұңғиық еді...» 
Қолын ақырын тартты.
– Жіберіңіз...
– Мүмкін тоңған боларсыз. Күз күнінің салқыны тигіш. Киіміңіз жеңіл.
– Күн жылы ғой.
– Күлгеніңіз қандай әсем! Сізді бір жерде көрген секілдімін. Театрда болар. 
Есіміңіз кім, қарындас?! Мен – Қойбағармын.
– Гүлмира!
– Міне таныс болдық. Кісі тілдескенше деген осы – деп ұзын бойлы жігіт тіпті 
жақынси сөйледі. Не күйге түскенін, не болып бара жатқанын сезуден қалды, өз ойымен 
арпалысып жүріп, жігіттің қолтығына тым тақап қалғанын білді. Аздап ығыса жүрді... 
Далабайды ойлады... «Үйге келіп отырған болар, тамағы әзір емес еді, күтіп қалды-ау!»
– Маған... жетеді... үйге баруым керек... – деді, өкпесі өрекпіп. Сөздері өзіне әрең 
естілді.
– Ертең де серуенге шығасыз ба? Осы жерде кездессек?...
– Әуре болмаңыз. Қолым бос емес.
– Онда арғы күні. Гүлмира үнсіз басын шайқады.
– Қай уақытта қолыңыз босайды? Өзіңіз білесіз? Қосыла серуендесек көңілді болар 
ма дегенім ғой. Бері қарашы, Гүлмира... Неге асықтың? Жарай ма? Күтем!
Гүлмиранын жүрегі қатты дүрсілдей соқты, төмен қараған күйі ақырын «жарайды» 
деп жігіт қолынан саусағын босатып алып, жүгіре жөнелді. Енді сәл аялдаса әлгі алақан 
мүлде тұтып жібермей қоятындай көрінді. Ернін тістеп, бірдемені бүлдіріп алған жас 
баладай қысылып келеді, бірақ қуанышты-ақ.
Өз үйі. Жоғарғы қабатқа дем алмастан жүгіріп шықты.
«Далабай не істеп жатыр екен? Кейитін болды-ау! Нақ музыка жазар шағында 
қасында болып, бәйек қағып жүрген мен жоқ, желігіп серуендеп кеттім. Ерінің соңғы 
уақытта жарытып жұмыс істей алмай жүргені де өз кінәсынан болар, жанымен күтіп, 
қабағына қарап, көңілін тауып тұрса ғой... Онда сұрапыл талант бар, ой бар... бар кінә 
өзінен, ендігәрі ішқұса болса дағы үйден шықпас...»

«Қазір ол жүрегінің лүпілін, жігерінің отын пианино тіліне түсіріп сарсылып 
отырған болар. Сорлы басым-ай!»
Гүлмираның жылағысы келіп кетті. Ар-ұжданы алдында шоқ басып алғандай 
шоршып, шошынады. Қапа жеп барады. Қазір, үйге кірген бойда, жүгіріп барып 
Далабайдың аяғына жығылғысы келді, кешірім сұраса... «ендігәрі өйтпеймін!» - деп өксіп 
жіберсе...
Есікті ашып қалды, тіке төргі үйге, оның бөлмесіне тартты. Аяқ киімдер. Үстел. 
Көгілдір есікті ашып жіберіп, бірден сұлық қалды. Әлі сілейіп тұр.
Өрттей қызарған жүзі, жасаураған жанары солғын тартып жүре берді. Іштегі күллі 
қапа, күллі өксік суалып, сап-сап басылып барады.
Көз алдында Далабай, өзінің Далабайы, төсекте шалжайып ұйықтап жатыр. Шеке 
тамыры бүлк-бүлк соғады, самайдағы ұзын шашы сусып кеткен, кейпінен шаршағандық, 
қажығандық оқылады. Әлде бір әсем қиялын тарса ұмытып қалып, есіне түсіре алмай 
қиналған жанның кейпі еді бұл.
Гүлмираның әлгіде ғана өрекпіген кеудесі мына суреттен тіпті басылып, көңілі 
құлазып қалды. Ойы дел-сал, мағанасыз, күйкі күйде. Жетіп барып, жылап, Далабайды 
жұлқылағысы келді, бәрін айтқысы келді, бірақ бойын жайлап алған удай ащы сезім тежеу 
боп тоқырата берді. Дәрменсіздік басты.
Бұрылып, терезеге тақады. Арғы жағында жасыл желек аллея, одан ары көгілдір 
пүлішті парк, оның ішінде ыстық ықыласы мен дуалы демі аждаһадай еріксіз өзіне тартып 
әкететін жігіт жүр; саусақтары салалы, жанары отты тұғын, шынымен-ақ серуенге саяқ 
шықса қайта жүздесер ме екен... жігерін ой, сосын қағаз жеген шаршауық байдан батыл 
бейтаныс жігіт қызық әрине... дидарласса; осы ойдан Гүлмираның бетіне дуылдап қан 
жүгірді, кішкене бөлменің ауасы тарылып, бір отырып, бір тұрды, жалт бұрылды.
Далабай оқыс түстен бе, әлде санасына сіңген табиғи түйсінуден бе –селт етіп 
оянып кетті.
Басын жастықтан жұлып алып, маңайына аңыра қарады, сұйық шашын саусағымен 
жоғары серпіген жоқ, көйлегінің өңірін түймелемеді де, тек көкірегінен қыжылдап қайнап 
шыққан сөзді айтты.
– Ауылға кетеміз! Қаратауға!
Оқыс оятқан осы сөз болды. Гүлмира әуелгіде «жазған кияли боп кетті ме» деп 
ойлаған, бақса, шынын айтыпты. Әлгі сөз бетіне салқын су бүріккендей әсер етті, тіксініп, 
тітіркеніп кетті.
– Кетсең өзің кете бер. Қаңыраған қыстауға, мылқау молаларға барып түнейтін 
дәруіш емеспін, Астанадан ешқайда аттап баспаймын!
Таң қалғаны, бұл айтқаны Далабайға мысқалдай да әсер етпеді, қайта қатайтқан, 
қайраған тәрізді, ол әлде осындай жауап еститінін бұрыннан болжаған, ақырын ғана езу 
тартты, үндемеді. Гүлмираның ызасына от тиді.
– Бала менде қалады. Папамның фамилиясына жаздырамын. Қу қарақан басың 
қаңғып өт!
Гүлмира осы сөзден ыққан қосағы райдан қайтар, басы тасқа тірелер, «Қаратауы 
құрысын» дер деп ойлаған, қателесіпті...
Далабай қиялы мүлде басқада еді. Күні бойғы жадына түсіре алмай қиналған, тіпті 
жалғыз бүгін емес-ау, талай айлар, талай жылдар шерменде қып көкейге шөге-шөге саф 
алтынға айналып қатып қалған, әр кезде көңіл түкпіріне жылт еткен жылы сәулесін 

түсіретін сағынышын... құдай-ау сол ғана ма... арманын, ертеңгі күресін, жастық зауалын 
енді тапты, ұмытқанын енді есіне түсірді.
Күресін де, күлкісін де осы жолдан іздейді енді. Алған жолдан қайту жоқ. «Ауылға, 
жер кіндігі Қаратауға!»
29
Қаратау ата, Қаратау ана сары даланың бетімен жүзген кеме еді де; не қилы 
заманда толқын кешіп, көбік жұтып кер төсі мүжілген де керме иығы көнерген де. 
Шайқатылып кеп, желкенін көтерген жалбағай ұлдарының күресінен туған жаңа таңға 
қыбыласындай бас қойып кідірген, дамылдаған беті бұл. Әлі де сапар тартар белесі мол. 
Бауыры құмға тіреліп, шөгіп қалған кеме емес, әлі де қиырға самғап, сары даланы еркінше 
жүзер, армансыз кешер шақты күтеді.
Қарттың маңдай қыртысындай қыраттарды кешіп, үздіксіз соққан ызғырық желдің 
өтінен ығып, жылқыны ылдиға беттеткен Доскей ат басын кері бұрды. Құрығын сүйретіп, 
тымағының құлағын түсіріп алған, жанары желден қызарып, қанталап кеткен. Күреңді жай 
қамшылап қойып Ақүйік бойына жолсызбен, адырмен төтелеп тартып келеді.
Жапан дүз, жадау табиғат арасында көп жүрген кісі тұйық боп алады, онсыз да 
мінезі томырық шал, енді тіпті қара тастай қарайып, опырылма болып біткен. Ішінен 
ыңылдап ән айтып келеді. Қайбір ән: «Басында Қазықұрттың кеме қалған, болмаса ең биігі 
неге қалған»... Көңіл де көндіккіш, көнбіс-ау. Жас кезінде Доскей албырт, аңқау еді, осы 
өлкенің бойын талай дүбірге толтырып атой шақырған, шаңқытып ат шапқан, қыз алып 
қашуға қатысқан, жылқы қуған, әйтеуір осы өлкені сарсаңға сап, мезі қып келіп... енді... 
кәрі кемедей Қаратауға тартып, терең, тұңғиық мінезге ие болған. Адам мінезі де туған 
жерінің табиғатына тартады. Көз ұшынан көк жіптей иретілген Ақүйік өзені көрінді, 
қойнауында мекені, от түтеткен ошағы бар, алпыс жылдан астам өмірсерік болып келе 
жатқан әйелі Жаңыл бар; жалғыз тұру, әсіресе қыс айларында тілге кеп мәслихаттасатын 
адамға зар болу Доскейдің де зықысын шығарды. Тіпті, кейде ойлайды, туған жерден 
алыста, астаналық шаһарда жүрген ұлының да келмей қоюы осы жалғызілікті тұрмысынан 
болар. Ел ішінен безіп, тағыдай, тау арасында отырған шалда не қызық қалсын. 
Шошынады да, қорынады да. Жалғыз тұруға Доскейің құштар-ақ емес, сүйегіне сіңген ата 
қонысты қадірлеу керектігі тоқыратады, жақсы көретін Ақүйігін, басына бұлт үйірген 
Жылағанатасын, сылдырап сырласатын бұлақтарын қимайды, солар жібермейді де. 
Сосынғы жылқы қамы да қабырғаға батады. Тұяғы тастақта қатайып, тау шөбін шүйгіндеп 
үйренген желаяқтарын қайтіп құмға салмақ, қалайша Сыр бойының көк ала масасына 
талатпақ... Зәуіде, ылдиға түсіп, бес-алты күн жүріп оралса, (түнімен ұйықтай алмайды) 
Қаратаудың қыр арқасына жортып шыға келгенде; көз алдында тұна қалатын қара 
адырлар жүрегін қозғап-қозғап жібереді.
Осы тауда құрық көтеріп құжынаған қанша ел болушы еді, қаншама шалдар әр 
төбенің басынан қарайып тұрып сәлемдесуші еді, қаншама, ой-хой қызық дәурен өтіп еді, 
қазір бірі де қалмаған, көшіп кеткен, жоғалған. Тек білеуленген адырлар, басына бұлт 
үйірген қара шыңдар, сарқырап ағудан жаңылмайтын өзендер қалған: сырласары да, 
мұңдасары да осылар. Кейде, жылқы бағып жүріп, өзінен-өзі таумен, таспен тілдесіп 
тұрғандай болады, шошып қалады. Қартейгенде Қаратаумен серіктесіп, серттесіп өтер 
күндерді кешерін ойлап па осы шал. Осы шал жанының жылуын, жүрегінің дүрсілін, 
білегінің күшін тек қана құрдасы Қаратау атаға, Қаратау анаға бағыштағандай болады... 
Иә... толғай берсе ой көп...

Әнеукүні Астанаға барып келген жаман Құлшығаштың сөзін есіне алды. 
«Немереңіз құдды өзіңіз... бүркіт тұмсық, шүңірек көз, жалпиған қара» деген. 
«Шүкіршілік». «Қара болғанына шүкіршілік, қазақ болғанына шүкіршілік».
Көзінің жиегіне нұр ұялады.
Үйіне тақап келіп тізгін тартты, есік алдындағы ашада Салпаңқұлақ тұр. 
Жаманеркектің келгені ғой.
«Ағайынгершілік парызын, сөз қадірін түсінер түйсікті азамат болды тегі. «Шалдар 
өлсе, аулыңа ат басын бұрып жөн сұрасар кім бар қане?», – деп тосылар жолаушыға... 
Доскей тұрып: «Жастар ішінен әзірге іліп алары осы», – деп Жаманеркекті сілтер еді. 
«Марқұм әкесінің ізін басты» деп ойлаған Доскейдің іші май еріткендей жылып қалды.
Атын байлап жатқанда жанына Жаңыл тақады. Қолынан қамшыны, ат дорбаны 
алды.
– Үйде Жаманеркек бар.
– Ә-ә-ә.
– Жоңышқа тастайын ба? 
– Сәл суысын.
– Уә, ассалаумағалейком, – деп, үйіне кірді.
– Уағаәссалам, мал-жаныңыз аман ба?! – деп тізесі дірілдеп қарсы алдынан 
Жаманеркек көтерілді.
– Шүкіршілік...
– Ылдидан жүрсің бе?
– Ие. Қыс тақады, қора жөнделді, ылдида қол қыбырлататын тірлік таусылды. 
Қорықты көріп қайтсам ба деп желігіп...
Доскей шалдың көкірегі зырқ ете қалды. «Қайдағы қорық... қорық емес қу тақыр 
қазір... түтеленген көшкен жұрт қана... Малшы жұрт етегі түріліп кеткелі қашан, енді бұл 
тауға көктем шыққанша ешкім ат басын бұрмайды. Тағы да жанды жеп жалықтырған 
жылау жалғыздықта қалмақшы ма?..»
– Қорық құрыған.
– Қайтейін енді, Досеке? – деп Жаманеркек ғафу өтінгендей сағы сына айтты. 
Түсініп отыр. – Қателікті кеш түсіндім, орнымды Мақаңа бердім, басшылар болмады 
тегі...
– Сені кіналамаймын-ау, – деді Доскей жер шұқып.
– Көшіп келіп-ақ тұрар едім. Жамандар оқуға ілігіп қалды...
Тыстан Жаңыл кірді. Оң босағадағы жүкаяқ астынан беті жабулы қауақты суырды, 
танауға қымыз иісі келді. Доскей оқыс басын көтеріп алды.
– Осы біз де көшсек қайтеді? – деді. Жанарында сауал.
Жаңыл қапелімде ештеме дей алмай қалды.
– Мұныңыз ақыл, Досеке, – деуге ғана Жаманеркектің шамасы жетті, таңданғаннан 
талып түсе жаздады. Қуаныштан жүрегі жарыла қарқылдап кеп шалды жауырыннан 
қағып-қағып жіберді.
– Айтуға батылым жетпей жүрген, деді Жаңыл да.
– Біз айтсақ қой талқан боп ашуланар едіңіз. Әй, шатағым-ай! – деп Жаманеркек 
мәз болды.
– Қартейген шақта қилы-қилы ой келеді екен... Жаманеркек жым боп басылды, әлгі 
сөз есеңгіретіп кеткендей. «Айнып қала ма» деп қорықты. Ақырындап бопсалап үгіттеуге 
кірісті.

– Мақаңмен мәслихат құрар едіңіз. Қосүйеңкі дегенің Қаратаудың етегі де, малға 
жай, ел ортасы.
– Мен ел үшін де, мал үшін де көшкелі отырғаным жоқ.
Жаманеркек жаңағы салдырынан саппа басылған, көзі атысып шалды түтіп 
жіберердей боп қарады. Жаңыл да жаутаң қағып, Жаманеркекке бірдеңе десеңші дегендей 
болады. Қолындағы зерен толы күз қымызды шалға ұсынды.
– Енді неге көшесің? – деп бүрк етті Жаманеркек.
– Тоқыратқан, торықтырған малдың да, жанның да жайы емес.
Шатақ шал жүрек шайлы қып бітірді.
– Ие-е?..
– Көшсем Далабай үшін көшемін!
– Әб бәрекелде! Ойың алтын-ау, кәрия! Қартейдің, қара ойладың, қарыса бермей 
баланы да тыңдайтын мезгіл жетті ғой. Астанаға қосылып барып қайтармыз... Шалқып 
жүрерміз...
– Жо-о-ға, – деді Доскей, – өзі келсін сыйласа! 
Балаға деген махаббат Қаратаудай қатып қалған тарамыс шалды, шатақ мінезді 
ақыры алып жықты.
– Қосүйеңкі дегенің таумен парапар. Осы Акүйіктің ылдиға құяр етегіндегі адырда. 
Кекілігі мен бұлдырығы қалың өзінің, беткейінде қаптап жүреді. Тұзақ құр да, шетінен 
бытырлатып ұстай бер. Бұлақ сағасында бос қыстау бар. Барасыз да кіріп аласыз.
Жаманеркек енді қалай мақтасам екен деп ойлап тоқырап қалды, бұлдырықтың да, 
кекіліктің де емге ұшпайтынын, құтырған құйыннан өзге көз тоқтатар тұлдыры жоқ екенін 
қалай айтсын...
Доскей сақалын тұтамдап ойланып отырған.
– Мәшине жолдан қашық емес қой ә?..
– Тиіп тұр, Досеке. Ауданға қыдырып баратын болсаң, атпен тақым тоздырып 
жүрмей, қол көтерсең көрінген зырлауық лып еткізіп апарып салады...
– Ауданды қайтемін мен.
– Кеңшар орталығы да жақын.
– Орталықты қайтем мен.
Жаманеркек шарасыз күйге түсіп қолтығындағы көпшікке қылжиып құлай кетті.
– Мәшине жолды сұрағаныңызды айтам ғой...
– Далабай келе ме дегенім де.
Сәл үнсіз кідірістен соң қосып қойды:
– Әне бір жаманымен...
Үлкен өмір жолында қосыла, жол сұраса шеру тартқан үш бірдей Қаратау қазағы 
заматта үнсіз қалды.
30
Мақұлбекті әуелі жалғыздық жеді.
«Бұқпантайлап келген кәрілікті үркітер нем қалды» деп ойлады. «Кісі қартейгенде 
жер тартады деген рас. Сан дөңбекшіп көзі сәтке ілінсе, түсіне түйе өркешіндей 
иректелген сағым, сағым арасынан жапандағы жалғыз дарақтай болып дараланған баба 
бейнесі елестейді, ояна кетсе, сол бір мезі төсек, қисайып жатып ықылым дүниені ойша 
кезесің. Тегі соған тоғаяды. Бақса, кәрілік желмен жарысқан жүйрікті қаламайды, 
жертабандаған жатаған есекті місе тұтады екен. Қайқаңдап ұшар қыранға қызықпайды, 

бұқпалап ұшқан бұлдырықты бұрып көреді екен. Кәрілік даңғой дауыс емес... қоңыр 
сазды жүрек жыры ғана».
Қазаққа өмірді тұшыну мен тыныштықты сүюді де осы кәрілік үйреткен. Кәрілік – 
ұзақ ғұмырды белшесінен кешіп кеп, Қаратау бойына қара қазақтардың жаңа тұқымын 
шашып жіберді, тозған жерге ащы терін сіңірді, уақыт атты зымғайып кеңістіктің 
жалынан ұстап, оны жылға, айға бөлшектеп, бүгінгі буынға заман тізгінін ұстатып отыр.
Бұл біле білгенге үлкен ерлік.
Мақұлбек те, Доскей де сарыала шекпен мен сылқым сұлуға, данқ пен даңғазаға 
қызыққан жоқ, бойдағы жастық жігерді сертке балап сақтады, бірді– бірге азғырып 
арбасқан да, қара түнді жамылып жол тосқан да емес; кетпен шапты, ағаш екті, асау 
үйретті, балаларды туған жер сүюге баулыды... Адам күйінде қалды.
«Енді күн екіндікке тақаған шақта, «бәрімізге Қорқыттың көрі» деп, көргенге 
шүкіршілік етіп, көз жұмар мезетте санасына сумаңдап кірген суық ойы несі?.. Жанын 
жегідей жеген не?.. Қаратау қойны – ғұмыр бесігі. Оның қара қыртысында аты жалпақ 
даланы дүңкілдеткен әйгілі қолбасшы, аузынан сары майы тамған датқалар, тезек терумен 
күні өшкен малай, сия көз майын сорған ғұлама, мұрнына май құйса да кісі болмай бордай 
тозған жамандар, қатты қысар білекке құштар қыз, түсінде бөрі ұлыған аңшы, жеті түнде 
төсегін қарғаған жесір, періштелер... күллісі қоян-қолтық қатар жатады. Ешкім де саған 
билік айтып, ақылгөй боп, төбеңді теспейді. Құпияңа қол сұқпайды. Жер қойнында 
баршасы тең, жылуға да, ылғалға да тең ортақ болып жатқаны».
Терезе алдындағы тайтулақ үстінде жанын мүжіген жалғыздықтан құтыла алмай 
отырған Мақұлбек осыны ойлады. Еңсесін көтеріп тысқа қарады. Жанарын көйлегінің 
жеңімен сүртті, үңілді.
Алыстап гүріл қайталады.
Мақұлбек қапасы бұл ғана емес. Кісіні туған жердің тауқыметі күйзелтті.
Гүріл естілген сол адырлардың арасында Қарынжарық, Қоқаң, Атабай қорықтары 
болатын; еске алса өзегі өртенеді. Тұнып тұрған жерұйық еді; жақпар тас басынан қыдиып 
қарайтын аңқау арқары, топшысымен бұлт қаққан қыран құсы, шаңқай түсте су толған 
жем-сауы жер сызып өретін кекілігі, шөпілдескен ақ бауыр шабағы, аяққа оралып 
жүргізбейтін балқұрағы, көлеңкесі дертке дару қара ағашы... қазір қайда?
Осы жазда төсегі жанбасына батып түсіне аң кіре берген соң, тәуекел деп, 
аралаған... шаң жұтып қайтқан. Мал аяғы қорықтарды түтіп жіберіпті, бұлақтардың көзі 
қимен бітелген. Айта берсе, әрідегі Бабай, Құласу қорықтары да қазір күтімсіз қалған 
деседі, малшы біткен аңын атып, шымына жерошақ қазып, ағашын самаурынға салып 
түгескен. Бұл қорықтар Мақұлбектің өмірімен парапар еді, сол өмірдің өзегі іспеті 
болатын; жас кезінде балағын бұтағына жыртқызды, жабайы жемісіне уланды, жалаң 
аяғынан шөңгесін суырды. Иығынан кетпені түспейтін бағбан әкесіне міңгесіп, әр 
бұлақтың басына ағаш тіккен, жолаушы жұлып әкетпесін деп шыбығына ақ шүберек 
байлап, әулие ағаш деген лақап ат таққан. Кейін қазақ қадірлеп көрмеген қорықшылықты 
кәсіп етті... бәрі сол туған жер үшін.
Кешегі от пен оқтың арасынан әзер деп аман оралғанда, басшылар: «Табысы мол 
жұмыс берейік. Ақшасы аз, бейнеті қыруар қорықшылықты қойыңыз», – десті. Үгіттеді... 
көнбеген. Ойлап отырса, осы қарекеттің құлағында жүріп ең шұрайлы шақтарын, жалқын 
жігіттігін өткізіпті... ойласа... сол қиын кәсіп те, сол ырғалған бау да құрып барады екен. 
Ұзақ ғұмыры да қосыла із-түзсіз ұмытылып барады екен».
Денесі түршіккендей болып отырып құмандағы салқын сумен бетін жуды.

Мақұлбек қапасы бұл ғана емес. Оны туған перзентінің күйігі күйретті.
Екі жетінің жүзі болды, жалғыз қызы Сая өзін жерге қаратып, жер табандатып кен 
іздегіш қаңғыбастарға қашып кетті.
Әке соңынан қуған жоқ, қайтсін, қанына біткен қатал мінез тоқтатты, көп қарайып, 
көп қатайып жалғыз-ақ сынар мезетті күткен... Тап осылай, бір жыл бұрын, алақанына 
салып аялап өсірген, қоңыр шаңырақтың қызығы болған Саясын әлдекім азғырған. Ақыры 
алып қашып кеткен. Онда Мақұлбек бұлай опынбаған. «Барғанымен тұзы жарасса 
болғаны да» деген оймен ашу тізгінін ақылға байлатып, шүкіршілік еткен. Бірақ жазған 
баланың бағы ашылмады. Күйеу неме, жас болса да, молда торғай секілді бұқпантай 
өмірге үйренген байғұс екен. Көкірегі ояу, көзі ашық қызын ішқұса етті. Қараңғы үйге 
қамағандай болды. Баланың не ойлағаны бар, бұл арасы әкеге беймағлұм... Әлгі молда 
торғайымен жыл отасқан жоқ... тақауда туған табалдырығына қайтып келді.
Жасып қалған. Сонда: «Бұл жүрекпен емес, ақылмен шешер іс еді ғой, 
неғылғаның?..», – деген. Қарақат көзі жасқа толған Саяны қайтарып жіберуге аяған (Дәл 
осылай, кінәлы болса жәудірей қалатын қыздың марқұм анасын ойлаған). Бекер-ақ 
өйтпеген екен. Опық жегізді, қайдағы бір кен іздегіштерге ілесіп кетті...
Сонда Мақұлбекті сұрапыл ашу соқты; күшалаға уланған науқастай боп теңселіп, 
қолы дірілдеп, көзіне қан толған. Көне мылтығына жалғыз оқ салып, құндағын құшақтап, 
есікті бақты... Сая қайта бір оралар деп ойлады.
«Сүйектен өткен намыс болды. Жұрт бетіне тіке карай алмаймын енді» деп, 
күбірледі қазір де Мақұлбек. Тайтулақ үстінде әлі отырған.
...Содан Сая оралмады. Үміті үзілді ме, әлде ашуы қайтты ма, қосауыз мылтықты 
бұрынғы орнына қойды. Бірақ қорғасын оқты ұңғысынан алған жоқ. Китіңі көп жүдеу 
тіршілігіне қайта араласты. Үйдің төбесіне шығып, су үймелеп, тамшы ағады-ау деген 
жерлерге жас топырақ төкті. Тықырлап келіп тыныштық бермейтін есектерді қуып, 
отынды шеңгелмен қоршап шықты. Ауланы мұнтаздай қып сыпырды... Ауыл-үймен 
қатынасуды қойған. Өзімен-өзі, көзден де, сөзден де тиылып, томаға-тұйық күйге түскен.
Қанаттасы Доскей таудан көшіп келіпті, алдынан шығып, амандаса да алмады. Тап 
кеше шыдамаған болар, Доскей бұған бала жүгіртіпті. Шапқын бала; «Алматыдан Далабай 
келеді-міс. Сізді шақырады» деді. Мақұлбек естімеген болып міз бақпастан отыра берген. 
Қөп уақыт өтпеді, әлгі желаяқ ентігіп қайта оралғаны. «Далабай аға келді. Доскей той 
жасағалы жатыр» деді. Селт етіп қуанар деп ойлаған. Бұл жолы да баланы суық көзбен 
шығарып салды. Солай...
Бүгін таңнан маза жоқ, жүрегі бір жаманшылық сезгендей езіле соғады. Алыстан, 
Қаратау жақтан гүріл қайталады, аспан ашық, бұл Қоқаң қорығының бауырын қопарып 
кен іздеп жатқан геологтар сарыны, осы гүріл айдың жүзі болды бір тынған емес. 
Мақұлбектің іші ашыды, көзі қарауытқандай боп терезеге қарады. Ауыл оянған секілді. 
Әлдекім жүгіріп өткендей болды, есік ашылды, көршінің қара борбай сақауы екен.
– Сая тәтем келе жатыл! – дегені.
Арада қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан айлары өткен. Тақауда қазақтың қой жылы 
бітіп, мешін жылы басталады. Жер жіпсіп жатқан кез, араның тісіндей айқыш-ұйқыш 
жолмен жұлынын үзе жаздап, мотоциклі батпаққа малшынып, күн екінді шаққа еңкейген 
кезде есепші Нағанай Мүлкаманның еңселі үйіне кеп маңдай тіреді. Ауданнан таң сыз 
бере шыққан. Екі көзі үңірейіп, бетінің түгі шығып кеткен. Аузы зәк татиды. Тақымы 
ашып талтаңдап келіп есікті ашқан, үй іші алакеуім екен. Күн көзінен тығылған 
жарқанаттар секілді, әріде, қараң-құраң қимыл білінеді. Әй-шәй жоқ табалдырыққа отыра 

кетіп, Нағанай меске айналған сусоқты етігін аяғынан әрең шешті. Төрге беттеді, мұнда 
Мүлкаман төрт қабат көрпеше үстінде сұлап жатқан, жүрегі зу ете түскені. «Тымауратып 
жатырмын» деді. Аяқ жағында Құлшығаш пен Үрбала отыр... «енді арада Жаманеркек 
болса, түу-у, осыдан аттай екі жыл бұрынғы Қаратау төсінде шалқып кеп мәслихат құрар 
«жанашыр ағайындар» жиынына ұқсар еді. Бірақ бүгін бәрі қара көтергендей көңілсіз. Ол 
да бір жалқынданып батқан қызық дәурен екен де».
Мүлкаманның жер астынан шыққандай пәс үні естілді.
– Айтсаңшы, жақсылық па, жамандық па? Нағанай кешегі күндерді аңсаған әлгі 
ойынан әлі арыла алмаған.
– Келмеске кеткен кешегі қызық дәуренді ойласам іші-бауырым ірігендей болады, 
– деді еңсесі жаншылып.
– Жаздық-жаңылдық деп шалдардың алдынан тағы өтсек қайтеді, – деді пеш 
жақтан Құлшығаш. Қараса, маңын сыйпалай береді, мына түрі тұңғиыққа батып бара 
жатқан жанның қарманғаны тәрізді мәңгүрт күй.
Мүлкаман басын көтерді.
– Ентігіңді басып бажайлашы.
– Үздігіп бара жатсаң тыңда! Кеше аупартком хатшысына Мақұлбек барып, екі 
сағаттай сөйлесіп, бар сырды алдына жайып салыпты. Есітіп отырсаң, төбе шашың тік 
тұрады. Құлағыма жеткені – «Мүлкаман менмен, әмірші. «Жоқты» «бар» деп мәлімет 
беріп жүрген көзбояушы»... «Нағанай артықты кемге, кемді артыққа санаған алаяқ»... Кәрі 
қақбас-ай!.. «Құлшығаш жемқор, жетесіз. Шалдардың «тұқымы сетінемесін, жылу жинап 
құтқарайық» деген патиқасына дәнігіп алған жылпос».
– Кәрі қақбас-ай!.. «Екі құлағы жерден тік шыққан сол үшеуінің залалынан тұрмыс 
мешеуледі, жер тозды. Қаратау қорықтары айтақырға айналды. Ағашына балта шабылды. 
Малы кеміп, малшысы жүдеді»... деп әрі беріден бажайлап айтқанда кеңеске жиналған 
аудан басшылары жағасын ұстап, жерге қарапты.
– Мұндай болар деп кім ойлаған.
– Қыста бізден соғым жеген бұйрабас ит қайда жүр? – деп ышқынды Мүлкаман, 
төсегінен жылан шыққандай шар етіп ұшып тұрды.
– Аупарткомнан әлгі әңгімені есітіп өзіме айтып келген сол бұйра басың. «Басқа 
қолдан келер қайырым жоқ», – деді.
Мүлкаман бармағын тістеп бозарып отырып қалды, ыңырсып кеп шекесін 
сығымдады. Мына тұстан Құлшығаш күңіренді.
– Тексеру комиссиясының маған кепілге берген мерзімі де тақап қалды.
Нағанай шарт сынды.
– Өл де бар маған! Саяны алақаныңда ұстасаң ғой бұлай болмайтын. Қайын атаң 
қазымырланып шағым айтпас еді, сыр шашпас еді! Қойныңдағы қатыныңа ие бола алмай 
жұртта ұлып қалдың. Сая сауыққан, ауруханадан шығып, осы іске әкесіне жөн сілтеп, жел 
беріп жүрген сол көрінеді.
Құлшығаштың да құдай сүйер қылығы қайсы.
– Тіліңді тарта сөйле, – деп кіжінді.
– Дүкенді сүлікше теспей сорған өздерің. Жанашыр емес, жалдаптар түге. Есі 
барында іргесін аулақ салған Жаманеркекке ілессемші!..
Араға бәтуа айтып Мүлкаман килікті.
– Қойсаңдаршы, ит қарғысы қасқырға жетпес, мысық семіріп батпан болмас.
– Ақылға кеп айла іздейік те.

– Жалғыз жол – Далабайға жалынып көрейік, келе жатқан қара дүлейге тосу 
болсын.
Нағанай манадан жаман жер сабалағандай болды.
– Жер жұтсын ә, Далабайыңды! Тыныш жатқан бұйығы жұртты қоздырған сол. 
Бізді әлгіден бетер ғайбаттап облыста жүрген көрінеді. «Жүдеген ел, тозған жер тағдырын 
жоғарыдан шештіремін» дегенін бұйра бас сстіпті...
– Зауал келді десеңші! – деді Мүлкаман қарайып, күйіп.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет