9-бап. Педагогтің көтермелеуге құқығы 1. Адал еңбегі және өзінің кәсіби міндеттерін үлгілі орындағаны үшін педагогке Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ ұйымның ішкі тәртіп қағидаларында көзделген көтермелеу қолданылады.
2. Республика алдында педагогикалық қызметтегі үздік еңбегі үшін педагогке "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы беріледі.
3. Жергілікті атқарушы органдар педагогтің еңбегін көтермелеудің қосымша шараларын, оның ішінде Қазақстан Республикасында белгіленген мереке күндеріне орай бекітуге, сондай-ақ жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарын, оның ішінде біржолғы сыйақы төлей отырып белгілеуге құқылы.
Жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарының сипаттамасын, беру қағидаларын, оның ішінде біржолғы сыйақы төлемдерінің мөлшерін жергілікті атқарушы орган айқындайды.
4. Жыл сайын тиісті республикалық бюджет қаражаты есебінен:
1) "Үздік педагог" атағын иеленушіге - 1 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы;
2) "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" атағын иеленушіге 2 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант төленеді, оны жұмсау бағыттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
10-бап. Педагогке кәсіби қызметке рұқсат беру 1. Педагогтің кәсіби қызметін жүзеге асыру құқығы тиісті бейіндер бойынша педагогикалық және (немесе) кәсіби білімі туралы құжат болған кезде, сондай-ақ педагог біліктілігінің сәйкестігі расталған жағдайда туындайды.
Педагог біліктілігінің сәйкестігін растау тәртібін, шарттарын, мерзімдерін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2. Педагог ретінде кәсіби қызметті жүзеге асыруға алғаш кіріскен адамдар педагог біліктілігінің сәйкестігін растауға жатады.
3. Бейініне сәйкес келмейтін педагогикалық немесе кәсіптік білімі бар адамдарға, сондай-ақ педагогикалық білімі жоқ, бірақ даярлықтың тиісті бағыты бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі мен біліктілігі бар адамдарға тиісті педагогикалық қайта даярлаудан өткеннен кейін педагог ретінде кәсіби қызметпен айналысу құқығы беріледі.