Нашақорлық мәселесі бүгінде әлем бойынша аса өткір де, өзекті де мәселеге айналып отыр. Ол тек медициналық тұрғыдан ғана емес, жалпы әлеуметтік тұрғыдан да көкейкесті мәселенің бірі болуда. Себебі, нашақорлыққа тәуелді он адамның тоғызының іс жүзінде толық емделіп кетуі екіталай. Олардың көпшілігі 40 жасқа дейін де өмір сүрмейді. Есірткіні пайдаланушылардың басым бөлігі 18-30 жас аралығындағы жастарды құрайды. Алайда, өкінішке орай, соңғы кездері есірткі пайдаланатындар қатарында балалар мен жасөспірімдер де кездесуде.
Сол себепті де біз — полиция қызметкерлері және жастар жөніндегі құзырлы орган өкідері осы мәселенің алдын алу бағытындағы жұмыстарды бірінші кезекке қойып, ұдайы профилактикалық іс-шараларды жүргізіп келеміз. Аталған іс-шаралардың басты мақсаты — нашақорлық және есірткі секілді ғасыр індеттері туралы толық мағлұмат беру, тыңдаушыларға адамзат ұрпағына төніп тұрған зиянды әдеттердің зардаптарын түсіндіру, олардан аулақ болуға шақыру, адамгершілік жөнінде және құқықтық тәрбие беру, салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.
Осыған байланысты, аталған мақала арқылы барша азаматтарға, соның ішінде ата-аналарға нашақорлық туралы құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оның алдын алу бағытында өзіміздің тәжірибелік кеңестерімізді жеткізуді көздеп отырмыз.
Ең алдымен нашақорлық дегеніміз не және есірткіге әуестік қалай басталады деген сұрақтарға жауап берейік.
Нашақорлық – есірткіні жүйелі пайдалану кезінде пайда болатын ауыр психикалық ауру. Нашақорларға жүргізілген көптеген зерттеулер, әсіресе жастарға жүргізілген сауалнамалар, әр түрлі жас топтарындағы жастардың есірткіге тәуелді болуына себеп болатын көптеген факторлар мен себептер бар екенін көрсетеді.
Есірткіге тәуелділік алкогольге қарағанда айқынырақ сипатталады. Барлығын аз уақытта шеттетіп, тез арада ішкі дүниеде бос сезім пайда болады. Қарым-қатынас ортасы тарылып, көбіне нашақорлыққа құмарлығы бар адамдарды біріктіреді. Есірткіге тәуелді адамдар өз ортасына барынша көп адамдарды жұмылдыруға тырысады, одан шығып кетуіне кедергі келтіреді. Нашақорлыққа тәуелді адамда тұлғаға тән сипаттағы өзгерістер пайда бола бастайды. Отбасында қақтығыстар, оқу орнында немесе жұмысында қиындықтар көбейеді. Ауру адамдар өз туыстарына және өзінің міндеттеріне немқұрайлы, жауапсыз қарай бастайды, моральдік тұрғыдан құлдырайды. Жеке тұлғалық ажыраумен қатар, ағзалық және психикалық деңгейде күрделі аурулар туындайды. Есірткінің алғашқы белгілері кетіп, сабырлығы жоғалады, оны тұрақты түрде іздеумен болады. Дозаның көлемін ұлғайту нәтижесінде өз іс-әрекетіне деген бақылауын жоғалтып, ал мөлшерден тыс қолдану өлімге алып келеді. Есірткіге тәуелділік көбіне қылмыстық іс-әрекеттермен ұштасады.
Енді, есірткі пайдаланушылардың жас топтары мен олардың себептеріне тоқталсақ.
10-12 жаста. Бұл жастағы балалар есірткіні сирек пайдаланады. Әзірге оларға темекі шегу жеткілікті. Бұл олардың дәрежесін мектептегі сыныптастар және ауладағы достары арасында жоғарылатады. Бұл уақытта көбіне осы жасқа тән арзан улы заттарды қолдануға бейім топтар қалыптасады (бензин, еріткіштер, желім).
13-14 жаста. Оларды «жеңіл» деп аталатын есірткілік заттарды пайдалану мүмкіндігі қызықтырады. Бұл топтағы жасөспірімдердің бірқатары анда-санда болсын психикалық белсенді құралдардың кейбір түрлерін қызығушылықтан қолданып көрді. Ал, ол ақпарат бір-біріне тез тарайды. Оларда нашақорлықтың ауыр ауру екендігі жөнінде ешқандай түсінік жоқ. Есірткіні қауіпті емес деп ойлайды. Оның психикалық, физикалық тәуелділік қаупін көрмейді. Кез-келген уақытта есірткіні қолданудан бас тарта аламыз деп санайды.
15-17 жаста. Осы жастағы жастар алдыңғы топтағы жасөспірімдерге қарағанда есірткі туралы көбірек біледі. Көбінесе олардың теориялық білімдері өздерінің тәжірибелерімен бірге жүреді. Бұл жаста қарым-қатынастың жаңа түрлері, демалыс, махаббат туралы түсініктер пайда болады. Аталған жастағыларды есірткіге қатыстылығы бойынша жақтаушылар, қарсылар және екіойлылар деп бөлуге болады.
Кәмелетке толмағандарды есірткі қолдануға итермелейтін кейбір себептерге мыналарды жатқызуға болады:
Әлеуметтік келісім — егер белгілі бір топта есірткіні қолдану қабылданса, адам өзін осы топпен сәйкестендіретін болса, өзінің осы топқа жататындығын көрсету үшін оны қолдану қажеттілігін сезінеді. Бұл есірткінің барлық түрлеріне қатысты, никотин және алкогольден бастап, героинге дейін.
Ләззат алу — бұл адамдардың есірткіні қолданудың басты себептерінің бірі, жақсы көңіл-күйден бастап қиял-ғажайып эйфорияға дейін жағымды сезімдердің пайда болуымен сипатталады.
Қолжетімділік — есірткіні заңсыз қолдану мүмкіндігі жоғары жерлердің болуы.
Қызығушылық — кейбір адамдар ешкім айтпай-ақ есірткінің не екенін және одан қандай сезім болатыны туралы өз қызығушылығын басу мақсатында қолдана бастайды.
Көбіне жасөспірімнің есірткінің қауіпті жолына түсуіне ата-аналардың жағымсыз мысалы, дөрекі қарым-қатынасы және баланы тәрбиелеуден жалтаруы түрткі болуы мүмкін. Осындай кезде ата-аналарға, мұғалімдерге, дәрігерлерге баланың немесе жасөспірімнің есірткіге алғашқы енуінің алдын алу және оны анықтау өте маңызды.
Есірткіні пайдаланатын баланың ата-анасы не істеуі керек?
Біріншіден, өзіңізді оның орнына қойыңыз. Көбінесе жасөспірімге оның проблемаларына ешкім және ешқашан алаңдамағандай болып көрінеді. Сол үшін сіз оның жағдайының қаншалықты қиын екендігін түсінетініңізді көрсеткеніңіз дұрыс болады. Ол сізбен кез-келген шынайы қажет болған уақытта сөйлесе алуға болатындай етіп келісіңіз. Ең бастысы, бала өзімен не болып жатқаны жайында сізді қызықтыратынын сезінуі қажет. Егер сіз балаңызбен дос бола алсаңыз, онда сіз ең бақытты ата-анасыз!
Екіншіден, уақытты бірге өткізіңіз. Ата-ананың баламен бірге спортпен, музыкамен, сурет салумен айнналысуы және бос уақытты бірлесіп тиімді ұйымдастыруы өте маңызды. Бұл ерекше болуы керек емес. Кинотеатрға, стадионға, балық аулауға, саңырауқұлақ теруге немесе теледидар көруге бірге баруы жеткілікті. Балада қызығушылық болуы өте маңызды әрі темекіден, алкогольден және есірткіден қорғанудың ең тиімді құралы. Оның құмарлықтарын қолдай отырып, сіз оларды пайдалануға жол бермеу үшін өте маңызды қадам жасайсыз. Балалар мен жасөспірімдерді ерте бастан дене шынықтырумен және спортпен айналысуға, бос уақытында белсенді мәдени демалысқа баулу қажет.
Үшіншіден, оның достарымен достасыңыз. Көбіне бала психикалық белсенді заттарды алғаш рет достарымен бірге көреді. Кейде достар сіздің балаңыздың әрекетіне үлкен әсер етуі мүмкін. Ол достарының және қоғамның қатты қысымына ұшырауы мүмкін. Бірінші кезекте осы баланың қоршаған ортасы оның мінез-құлқына, үлкендерге деген қарым-қатынасына, өзінің мектептегі және басқа да жерлердегі міндеттерінің сақталуына себеп болады. Сонымен қатар, осы жаста әртүрлі тәжірибелік іс-әрекеттерге деген құштарлық өте жоғары. Балалар темекі шегіп, ішіп көруге тырысады. Көпшілік үшін бұл болашақта әдетке айналуы мүмкін. Сондықтан, осы кезеңде балаңыздың достарының бос уақытын ұйымдастырылуына қатысуға тырысу, егер олар жағдайы нашар отбасылардан болса, мұндай балаларға қаржылай көмек беру арқылы оларды спортқа немесе шығармашылыққа баулу маңызды. Осылайша, сіз басқа балаларға ғана емес, ең алдымен өзіңіздің балаңызға көмектесесіз.
өртіншіден, сіздің балаңыздың бірегей екенін ұмытпаңыз. Кез-келген бала өзін маңызды, ерекше және қажет екендігін сезінгісі келеді. Сіз балаңызға жағымды қасиеттерді дамытуға және болашақта сол қасиеттерді қалыптастыруға көмектесе аласыз. Бала бір нәрсеге қол жеткізгенін сезгенде және сіз оның жетістіктеріне қуансаңыз, оның өзін-өзі бағалау деңгейі көтеріледі. Ал бұл, өз кезегінде, баланы есірткіні қолданудан гөрі пайдалы және маңызды істер жасауға итермелейді.
Бесіншіден, балаңызға үлгі болыңыз. Алкоголь, темекі және дәрі-дәрмектерді көптеген адамдар пайдаланады. Әрине, жоғарыда аталған заттардың кез-келгенін қолдану заңды, бірақ бұл жерде ата-ананың үлгісі өте маңызды. Себебі, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекерге айтылмаса керек. Сол үшін зиянды әрекеттеріңізді балаңыздың көзінше қолдануды доғарыңыз немесе одан мүлдем бас тартыңыз. Сіздің «заңды» деп аталатын психобелсенді заттарды қолдануыңыз, балаларыңыздың «заңсыз» заттарға есік ашатынын ұмытпаңыз.
Осы жоғарыда аталғандардың бәрі мансабыңыздың, жұмысыңыздың, материалдық байлығыңыздың, жеке мүдделеріңіздің біраз уақытқа құрбан етуге тұрарлық істер екенін ұмытпаңыз. Себебі, бала – сіздің болашағыңыз. Баланы зиянды әрекеттерден алшақтату арқылы сіз оның ертеңгі өмірінің сенімді де сау болуына себепкер боласыз. Сол үшін құрметті ата-аналар, балаларыңызды есірткіден қорғаңыз!
Достарыңызбен бөлісу: |