Ә. Дүйсенбиевтің шығармашылығы, өлеңдерін талдау



Дата16.12.2023
өлшемі31,06 Kb.
#140102

Ә.Дүйсенбиевтің шығармашылығы, өлеңдерін талдау
Ә.Дүйсенбиев – ХХ ғасырдың 50-70 жылдарындағы қазақ балалар әдебиетінің дамуы мен қалыптасуына үлес қосқан балалар ақыны әрі жазушы. Қазақ балалар поэзиясын формалық ізденістермен тақы­рып­тық, жанрлық тұрғыдан дамытқан, үлкендер еңбегін үлгі ету немесе баланың өз еңбегін мадақтау арқылы еңбексүйгіштікке тәрбиелейтін, достықты дәріптейтін, таным мен тағылымға құрылған шығармалардың авторы. Баланың өзін сөйлете отырып, барлық нәрсеге өзі ие болғысы келетін ерке сәби психологиясын шебер жеткізе білген, олардың мінез-құлықтарындағы ерекшеліктерге байланысты туындайтын іс-әрекеттердің эстетикалық-педагогикалық мәніне баса назар аударған жаңашыл ақын еді. Баланың мінезін танытуды, әрекет қимылдарына зер салып, көркемдік електен өткізіп, эстетикалық немесе тәлім-тәрбиелік, ұлттық-этнографиялық сипаттарды балалар бойына дарытуды шығармашылық еңбекте мақсат етті. Басқа ұлт ақындарының балаларға арналған шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған шебер аудармашы болды. Ақын аудармалары қазақ бала­лар поэзиясының өсуіне ықпал етті. Фоль­клорлық үлгідегі ертегілерді жаңаша, жаң­­ғырта жырлап, жаңа ертегі-поэмалар ту­дырушы және дамытушы. Прозалық шы­ғармаларындағы кейіпкер болмысының өмір құбылыстарына байыппен қарауы, ден қоя ойлануы, романтикалық сезімнен гөрі адам бойындағы ізгілік, гуманистік қасиеттерді қастерлеу сезіміне көбірек назар аударуы, бейнелеу айшықтарының айқынырақ байқалуы – оның жазушылық шеберлігі. Өлең сапарындағы алғашқы тұсауын республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеті қиған Ә.Дүйсенбиев туындылары 1948 жылдан бастап, респуб­ликалық, облыстық баспасөз бетте­рін­де, атап айтқанда, «Лениншіл жас», «Ком­мунизм туы», «Жетісу», «Оңтүстік Қа­зақстан», «Қазақстан мұғалімі», «Алтай боль­шевигі», «Коммунизм таңы», «Спорт», «Тың өлкесі», «Еңбек туы», «Коммунизм нұры», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қа­зақстан», «Сталиншіл» газеттерінде, «Әдебиет және искусство», «Жұлдыз», «Жалын», «Балдырған», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек», «Пионер», «Қазақстан әйелдері», «Бастауыш мектеп» журналдарында үздіксіз жарияланып отырды. Оның өлең өлкесіндегі алғашқы тырнақ алды туындыларының бірі аяулы Анаға арналған. Ақын «Ақ мамам» өлеңінде баланың анаға деген шексіз махаббатын, іңкәр сәби сезімін қалтқысыз, таза табиғи қалпында жеткізе білген. Бұл өлең аналар рухын, аналар махаббаты мен ақ сүтінің құдіретін балаға жеткізу жолында туған нағыз сәби-көңіл жыр. Мен деп кірпік қақпаған, Менсіз тыным таппаған. Бақыты үшін балаңның Аман-сау жүр ақ мамам – деген жол­дардан бақытты балғын шақ иесінің ақ көңілден, шын жүректен шыққан пәк тілегін көреміз. Ойға қонымды, жаттауға жеңіл өлеңнің бала болашағына, яғни, оның мейірімді, инабатты жан болып тәрбиеленуіне игі әсерін тигізері сөзсіз. Одан әрі қарай баланың анаға деген кіршіксіз махаббатын ақын жас ұланның анаға берген сондай кіршіксіз, таза ниетті уәдесі арқылы көрсетеді: Көрсетемін күллі елді, Жарық етем түндерді. Өсіріп мен сыйлаймын, Жұрт көрмеген гүлдерді, – деп, балғын бөбек ана алдындағы борышын ақтайтынын білдіреді. Анасы өзін қалай аялап еркелетсе, бүлдіршін де сүйікті анасын солай еркелетіп, құмарлана өбеді. Бұдан біз ел тізгінін қолға ұстар болашақ азаматтың тұлғасын көр­гендей боламыз. Анасына сыйлар гүлдің ел көрмеген гүл болуы, «ел білмейтін құс әнін естіртуі», күллі елді көрсетуі, жалғанның бар жақсылығы анасында ғана болуы – мұның барлығы да баланың анаға деген асыл махаббаты мен сүйіспеншілігінің, сәбилік таза, пәк сезімнің көрінісі. Шынында да, ақын күллі адамзат баласының анасына деген ілтипаты мен құрметін осы бір өлең жолдарына сиғызғандай. Оның көзінен күн мейірімінің сезілуінде де үлкен пәлсапалық сыр жатқандай. Ананы ардақтау ауыз әдебиеті асыл үлгілерінен соң сәбилер санасына осы қарапайым, бірақ бала көзімен қарағанда, назды, сазды өлең арқылы сіңеді. Жаттауға жеңіл, жүрекке тез ұялар бұл өлең­нің өсе келе баланы қандай игіліктерге бастайтынын ойша көзге елестетуге болады. «Ақ мамам» өлеңін кезінде сыншылар: «Бұл өлеңді балалардың ана жайлы гимні десе жарасады» – деп жоғары бағалаған. Бұл өлеңге ән шығарылып (ән авторы Ә.Бейсеуов), бала-бақшалар мен мектептерде әлі күнге дейін шырқалып келуі сондықтан болса керек. Сондай-ақ, «Апатайым-анашым» деп аталатын өлеңге де сазгер С.Елеуов ән шы­ғарып, қа­зіргі таңда тың­дарман­дар­дың ыстық ықыласына ие болуы ақынның ән өлеңдерін, оның ішінде Ана тақырыбына арнап жазуда асқан шеберлік иесі екенін аңғартады. Апатайым-анашым, Ақылы мол данасың. Қамқоры сен сәбидің Гүлі де сен әр үйдің, – деген өлең жолдары әнге сұранып тұрғандай. Егер, ақын «Ақ ма­мамды» 4-5 жасар баланың тілімен сөй­летсе, бұл өлең мен «Ардақты ана» өлеңі күрделірек, байсалдырақ жазылып, 10-14 жасар жеткіншектер көңіліне қонымды, баурап әкетер дәрежесінде. Мен өзіңмен қайда болсаң біргемін, Махаббатың жүрегімде жүр менің. Күн нұрындай – жадырай бір күлгенің Қандай жақсы ортамызда жүргенің. Мұнда ана қадірін түсінетін, ардақты жанның құдіреті алдында бас иетін ойлы жастың үні естіледі. Ақын жырларының бәрінде де баланың түсінігіне орай шешім тауып, жүрекке жылы әсер қалдыратын оралымды сөздермен бейнелей білген. Бұл өлеңге де сазгер Тұрдықылыш Ізтаев саз жазып, қазіргі таңда өз тыңдарманы бар әнге айналған. Мұнда да ана күлкісін күн нұрына балап, табиғаттың ең әсем шағына теңеуі – ақын қаламының өзіндік ерекшелігі. Балалардың ішкі дүниесін, жан сезімін меңгеріп әкету оңай емес. Ақын бала тілмен, кез-келген тақырыпта өз теңдесіндей жай әңгімелесіп отырып-ақ, ойламаған жерден тосын түйін жасап кете алады. Балдырған жүректің нәзік пердесін тал бойымен тап баса алатын бала ақын боп туған жанға ғана тән шеберлікпен айта кетеді. Әлпештеген баласын, Әлди, әлди, анашым. Шаршадың-ау жұмыста, Ал деміңді, Тыныста, – деп бастайды «Баланың анаға әлдиі» деген өлеңін. Бала ниеті, сезі­мі жатық, түсінікті жеткізілген. Көбінесе бе­сік жырларында ананың балаға деген ақ тілектері берілсе, ақын оны бала айтар ұғымда да қонымды қолдана білген. Осы орайда, Ғ.Қайырбековтің «...Әнуарбек, Қаб­дыкәрімнің шығармалары түгелге жуық жақсы өлеңдер. Олардан бала дүниетану дәрежесінің сан-сатысын, бала тілінің жасына қарай құбылып, өзгеру сыр­ларын, ба­лалар әле­мін еркін біле­тіндіктері кө­рініп тұрады, бір жазған та­­қы­рыбын қай­таламайды», – деген пікірі ойға оралады. Расында да, баланың жү­регіне жетер жыр­лар жазу үшін балаша ойлау, балаша қабылдау қа­жеттілігі ақи­­қат жай. Бір тақырыпта жазылған төрт өлеңде де анаға деген бала махаббаты түрліше жырланып, жеткізіліп отыр. Баланың жақсы адам, адал азамат болып қалыптасуы мектепте алған тәрбие мен білімге де байланысты. Мектеп өмірін жырға қосып, әліппені ардақтамаған, ұстаздардың ұлы еңбегін ұлықтамаған ақындар жоқ болар, сірә? Ақынның бұл тақырыптағы шоқтығы биік туындылары – «Мектеп-ана», «Ақылшым – мұғалім», «Әліппе», т.б. өлеңдері. Алғашқы қоңырау соғылар әр жаңа оқу жылы сайын ұландар жатқа оқитын: Гүл толы қала, далада, Гүл толы бүгін омырау. Шақырып мектеп-анаға, Соғылды тұңғыш қоңырау, – деген «Мектеп-ана» өлеңіндегі жыр жолдары баршамызға да ыстық, қымбат. Есімізге мектеп табалдырығын алғаш имене аттап, қолға алғаш әліппе ұстаған бақытты сәт түседі, жүрек толқып, жан тебіренеді. Одан кейін: Мама, Папа атын сен, Бізге үйреттің, әліппе, Бәрін нағыз жақсының Сенен білдік, әліппе, – деп жырлай жөне­леміз. Сосын осы күнгі жеткен жетістігімізге еңбегі сіңген «Ақылшы – мұғалімімізді» сағынамыз. Оған арнап айтқан: Сәбилік көңілден Арналды бұл әнім. Баулитын өмірге Ақылшым – мұғалім, – деп әндетеміз. Ия, Қуатбаев әнін жазған бұл өлең бастауыш сынып оқушыларының ән-күй сабағының бағдарламасына енгізілген. Баланың дүниетанымын кеңейту үшін, тіл білу үшін, білім алуы үшін ақын мен жазушы – мұғалімнің көмекшісі. Осы жолда Әнуарбек шығармаларының атқарған қызметі орасан зор. Ақынның отбасы мүшелері мен жақын жандарға арналған жарасымды татулық пен жанашырлықты, бауырмалдық пен туыстықты дәріптейтін «Әже», «Атай» өлеңдері де табысты туындылар. Ата мен әжені сыйлау, ізет көрсетіп қадірлеу, жалпы үлкенге құрмет көрсету – халықтық педагогиканың, ұлттық тәрбиенің ерекшелігі екендігі белгілі. Ауладағы атайдың бойындағы ең ізгі қасиеттердің тоғысуы да заңдылық. Себебі бала ұғымында ата – кемеңгер, ата – ақыл иесі, ата – барлық сұрақтың жауабын білер данышпан. Ол – ең алдымен тәрбиеші. Міне, осындай ойларға негізделген ақынның «Атай» өлеңіндегі кейіпкердің: «Атай» дейміз бәріміз, Атын бірақ білмейміз, – деуі де табиғи шыққан. Кеңестер одағы тұсындағы саяси мәнге ие болған тақырыптарды жырлау сол кезең ақын-жазушыларының шығармашылығына тән еді. Кезінде кеңес өкіметін көркейтіп, коммунистік идеяларды жүзеге асыруға, социализмді қорғауға қажетті идеология көркем әдебиет көтерер жүкке айналғаны тарихтан белгілі. Бұл әсіресе жас өскін ұрпақ тәрбиелеуде басты назарда ұсталып, балаларға арналған шығармаларда көрініс тапты. Ә.Дүйсенбиевтің балаларға арналған өлеңдерінің бірнешеуі осы кезеңдегі міндетті тақырыптар – Компартия және оның көсемдерін жырлауға құрылған. Бұл саяси тақырыптан сол кезең ақындарының ешқайсысы да тыс қалмаған. Яғни, бұл тақырыптарды жырлау – Ә.Дүйсенбиев шығармаларына ғана тән емес. Компартия мен оның көсемдерін Айға, Күнге, Жұлдызға теңеу арқылы ақын балаларды оларды құрметтеуге, қадірлеуге, сүюге тәрбиеледі. Осыдан келіп, жеке басқа табынушылық, саяси өмірді жырға қосу белең алды. Өйткені, бұл тақырыптар сол кезеңде отаншыл рухты танытатын «сүбелі» тақырып саналатын. Ал, ол жылдары «сүбелі» тақырыптан сырт қа­латын ақын болмайтын. Сондықтан, Ә. Дүй­сенбиевті «күн көсем» мен комсомол, партия, пионерді жырлаған «Кездесу», «Комсомол атынан», «Қамқоршымыз партия», «Коммунизм көктемі», «Ком­пар­тия», «Пионері Ильичтің», т.б. өлеңдері үшін кінәлауға болмайды. Кезінде Ә.Тәжібаевтың «Кез­десу» өлеңі туралы «Бұл өлеңді биік бағалаймын. Мәселе Ленин туралы жа­зылуында емес, осылай жазудың кілтін, тетігін табуда. Үлкен мазмұнға лайық поэ­зиялық түр таба білуде» деуін қазіргі кезең көзқарасымен салыстыра отырып қарастыру шарт. Жаны таза, кең жүректі Ә.Дүйсенбиев күнделікті балалар арасындағы достықтан бастап, әлеуметтік салмағы зор халықтар достығын бала ұғымына жұғымды, сіңімді, табиғи жеткізе білген. Баланың жас өзгешелігіне үлкен мән берген ақын өз өміріндегі балғын сәбиге де, мектептегі балдырғанға да, жасөспірім жеткіншекке де «айнымас дос», «жақын жолдас» тауып береді. Оның «Біз өмірдің гүліміз», «Ағайын­быз бәріміз», «Менікі де, сенікі де, оныкі де – біздікі», «Жаңбырдан соң» сияқты өлеңдері осы сипатта. Алғашқы екі өлеңді біз мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына арналған десек қателеспеген болар едік. Зеңгір көктен Нұрын төккен Ортақ біздің күніміз. Жайнап өскен Жайдары өскен Біз – өмірдің гүліміз. Бал достыққа, Жолдастыққа Шақырады әніміз. Тыныштыққа, Құр құшақта Бақыттымыз бәріміз, – деген өлең жолдары – бүлдіршіндерді достыққа, бірлікке шақырудың шебер үлгісі. Сәби көңіл үлкен оптимистік рухпен, бірлік идеясымен ұштасып жатыр. Әнге өзі сұранып тұрған бұл өлеңді кішкентай бүлдіршіндеріміз тез үйреніп, тез жаттайды. Құрылысы да, мағынасы да қарапайым, бір қарағанда, әншейін жай ғана жазыла қалған сияқты өлең жолдарын ересек адам болып оқи алмайсыз. Бұл – бала тілі. Баланың өз мінезіндей ойнап тұрған жеңіл тіл, шағын өлшем, оңай ұйқас. Бала жанына тән жұлқынып тұрған еркіндік те бар. Бала түсінігі бойынша, көп жағдайда әрбір сөз екінші сөзбен үндес немесе қарама-қарсы мәндес болып қана қоймай, естілуі жағынан да өзара жұптасып, ұйқасып келуге тиіс. Халықтар достығы тақырыбында жа­зылған «Ағайынбыз бәріміз» өлеңінде: Жақсылыққа, бақытқа, Талпынған әр уақытта. Бала біткен дос-бауыр, Болмасын еш тосқауыл. Ақпыз, қара, сарымыз, Ағайынбыз бәріміз. Ортақ болсын асқар тау, Жеміс толы бақша-бау. Ақпыз, қара, сарымыз Ағайынбыз бәріміз [40,7-б.] – деп достықты аса жоғары пафоспен жыр­лайды. Мұнда кездесетін бірыңғай сөй­лем мүшелері (жақсылыққа, бақытқа) өлеңнің композициялық құрылымын ғана ерекшелендіріп тұрған жоқ, өлеңге көтеріңкі, көңілді реңк беріп тұр. Ақынның бала атынан баяндалар өлеңдерінің шоқтығы биік, көркемдік деңгейі жоғарыларының бірі. Ал, ең бастысы бұл өлеңдер ең кішкентай оқырманды өзінің әуезділігімен баурап, сәбидің өлеңге деген табиғи құштарлығын қанағаттандырады. Достық тақырыбы, ол кезеңнің өзекті мәселелерінің бірі еді. Бұл тақырыпта қа­зақ балалар әдебиетінде ақындардың бар­лығы да қалам тартқан. Кейде бір кезеңде өмір сүріп, қызмет еткен қаламгерлердің шығармаларындағы кейбір элементтер бір-біріне ұқсап кетіп те жатады. Десек те, әр ақын – дара тұлға. Көрнекті балалар ақыны Ж. Кәрбо­зиннің «Достық» атты өлеңін алайықшы: «Ақ», «қара» деп бөлмесеңдер, «Ұзын», «тапал» демесеңдер, Қиянатқа төзбесеңдер, Қауқарсызды демесеңдер, Сонда достық күш береді – Алып етер кішкенені. Әрқашанда ғаламаттар Достықпенен істеледі. Осы өлеңді кезінде Ә.Дүйсенбиевтің «Ағайынбыз бәріміз» өлеңімен салыс­тырып, екі өлең бірін-бірі қайта­лайды деп сынағандар да болған. Біздіңше, екі өлеңнің достық тақырыбында жазылып, екеуінде де «ақ», «қара» деген субстантивтенген сын есімдердің қолданылуынан басқа ешқандай ұқсастық жоқ. Қайта ақындар өзіндік стилімен, идеяны өзінше жеткі­зілуімен ерекшеленеді. Біріншіден, Ж.Кәр­бозин жалпы балалар арасындағы адал достықты сөз етіп, соның мәніне тереңірек үңілсе, Ә.Дүйсенбиев халықтар достығын жырлайды. Екіншіден, «Достық» өлеңі екінші жақтан баяндалып, шартты райлы етістіктер негізінде достыққа жету шарттарын көрсетіп, ересектің атымен ақыл айтып қорытады. Ал, «Ағайынбыз бәріміз» өлеңінде Әнуарбек ақын ақыл-насихат айтып, «мынадай болуың керек» деп балаға шарт қоймайды. Ол балдырғандардың өзін сөйлетіп, оларды іс-әрекеттің тікелей субъектісі етіп көрсетеді. Баланың өзін сөйлету – жалпы ақын шығармашылығының негізгі ерекшелігі. Ә.Дүйсенбиев достық туралы жыр­ла­ғанда, «ортақ» сөзін көп жерде өзек етіп алады да, негізгі идеясын да соған жүк­тейтін сияқты. Келесі өлеңде бір-бірі­нен ойыншықтарын қызғанып, бастары қо­сылмай жүрген он баланы татуластырып, басыңа қиын іс түскенде, жақын достарың көмектесе алады деген гуманистік идеяны көрсетеді. Сюжетті өлеңде мұндай «қиын іс» етіп, ауладағы бір баланың велосипедінің арыққа тығылуы алынады. Велосипедін жалғыз өзі шығара алмай, «күш-қуаты сарқылып» отырған балаға ақыл көмекке Ақан қартты жібереді: Ақан қарт кеп қасыма: Балам, – деді тұра қап. Болған іске жасыма, Ойлап таптым бір амал. Деді-дағы былай деп, Айқайлады Ақаң қарт: – Бала біткен жәрдем ет, Кәне бірің арқан тап. Ал сөзіме құлақ түр! Орындаңдар тілекті, Әкел бірің – трактор Әкел бірің күректі... – деп, жеке-жеке жүр­ген балаларды жұмылдырады. Осының арқасында велосипед те арықтан шығады, балалар да қайта достасады. Е.Өтетілеуовтің «Барлығы да «біздікі!» атты өлеңінде бала­бақшадағы бүлдіршіндердің ойыншыққа таласып, оларға тәрбиеші апайдың төрелікке келуі, өлеңнің «Біздікі!» деп ойладық, бірге отырып ойнадық...» деп аяқталуында Ә.Дүйсенбиев өлеңімен өзара үндестіктің болуын ұстаздан шәкірттің үйренуі я ой ұқсастығы деп қабылдағанымыз жөн болар. Әнуарбек Дүйсенбиевтің бірқатар туын­дылары өміртанытушылық қызмет атқарады. Жас бүлдіршіндердің танымын кеңейтіп, тағылым берер, дүниетанымын өсірер «Балдақты адам», «Юрий Гагарин», «Ер Тө­леген», «Жеңіс туы» секілді өлеңдері бел­гілі адамдар мен тарихи оқиғалар туралы жыр­лайды. «Балаларға көп әңгімелеп, олардың ой-өрісін кеңейтуіміз қажет» екенін ескерген ақын жас оқырмандарға өмір сабағын беруді де ұмытпайды. Оны көрсең Сәлем бер сен, Бас киімді ал-дағы! Қастерлейді, Қадірлейді Оны кәрі шал-дағы – деген жолдарды оқи бастаған жас баланың көкейінде «бұл кім?» деген сұрақ туындауы сөзсіз. Ақын бұл сұраққа: Бөккен қанға Зор майданда Оқ бораған, жай атқан, Сенің үшін, Елің үшін Айрылды ол аяқтан, – деп жауап береді. Балдақты адамды құрметтеуді дәріптеу арқылы – ХХ ғасырдың сұрапылы – қан майдан соғыстың суретін сөзбен безбендей алған. Ақын бір ғана деталь, штрихпен үлкен тарихи оқиғадан хабар беріп отыр. Мұның бәрі «Балдақты адам» өлеңінің көтеріп тұрған жүгі. Өлеңнің алдыңғы екі тармағының төрт буыннан, ал, үшінші тармағының жеті буыннан тұруы өлеңге екпінділік, ерекше леп беріп тұр. Ә.Сәрсенбаевтың «Сен, құрметте оны» өлеңімен мазмұндас келетін бұл шығармасында ақынның өзіндік қолтаңбасы айқын көрінеді. «Арба айдаған қарт пен бала жөніндегі хикая», «Ең бағалы сыйлық», «Ақылды балақай», «Жолда», «Жігіт боп келесің», «Аула сыпырушы», «Сүт тасушы», «Нан сатушы», «Поштабай», «Дәрігер», «Мен кіммін?», «Жақсы адам», «Қыста», «Қарғалар», «Мен азамат», «Кім ерте тұ­рады?» сияқты ақынның көптеген өлеңдері еңбек тәрбиесіне баулуды көздеп жазылған. Зейінмен тыңдайсың, Үлкеннің кеңесін. Күнде өсіп, есейіп, Жігіт боп келесің, – деп басталатын төрт шумақ өлеңінде жас баланың зеректігі, үлкеннің кеңесін зейінмен тыңдайтыны, ұқыпты тазалығы, анасына қолғабысы, әдемі айтылып келіп, мынандай ой түйіледі: Жас бөбек, осы еңбек – Өмірге керегі Бақыт та, ерлік те, Еңбекпен келеді. Ал, Ә.Дүйсенбиев шығармаларының түп-төркініне тереңірек үңілсек, ақынның мейлінше еліктегіш, албырт жастағы балдырған оқушыларына «сен осындай бол» деп айтпай-ақ ақыл айтатын, үйретпей-ақ үйрететін, талап етпей-ақ талап ететінін аңғарамыз. Ол тіпті қай мамандықтың ада­мын суреттесе де, оқушысының алдында сүйкімді, қамқор ағасын елестетіп қояды: Елі үшін серт беріп, Ешбір тыным таппаған. Түн ұйқысын төрт бөліп, Тыныштықты сақтаған милиционер ағаға қалай сүйінбейсің? Осыған ұқсас өлеңді Н.Әлімқұловтан да кездестіруге болады: Қызыл жұлдыз қадаған, Адамдарға сақшы ағай. Балаларды қорғаған Милиционер – жақсы ағай, – деп келетін «Милиционер – жақсы ағайымен» салыстырғанда, Ә.Дүйсенбиевтің «Мили­ционер ағасы» еңбек үстінде көрінеді. Ал, жаңадан келген шаштараз ше: Ал ұқыпты баланы, Өте жақсы көреді. Шашын сәндеп алады, Жұпар сеуіп береді. Ақын шығармашылығында кішкентай балғынның мұндай ізгі ағалары көп. Шахтер, дәрігер, Поштабай, нан сату­шы, сүт тасушы, т.б. Осылардың қай-қайсысының болса да адамгершілігі қызықтырады, еліктіреді. Көшеде, үйде, кеңседе Жүреді ағай шам жағып. Түн ішінде келсе де Ол жүрген жер жап-жарық – деген жолдардан Мұзафар Әлімбаевтің монтерін танысақ, Мақтанса егер көршім Ақан: Менің ағам-актер, – деп. Мақтанамын мен де оған: Менің ағам – шахтер, – деп, – деген жолдардан Б.Ысқақовтың шахтер ағасын көреміз. Ал, Еңбегіңе мақтанам, Шахтер ағам, жақсы ағам, Көмір қазып, кен қазып. Ел сенімін ақтаған, – деген шумақта Ә.Дүй­сенбиевтің оқырманы сүйсінген шах­тер кәсібі мадақтала суреттеледі. Жылу мен жарық беретін екі мамандық иелері жеңіл тілмен ұтымды суреттелген, басы артық міндет атқармайтын бірде-бір сөз жоқ. Бірінен-бірі өтіп, бірінен-бірі заңғар биікке көтеріп тұрған екі түрлі ой, үш түрлі шеберлік. С.Қалиевтің ақын шығармашылығы туралы «Ол өз творчествосын ә дегеннен бала­ларға арнап бастап, өмір бойы бала жанын жіті бағдарлағаннан ба екен, жыл бойы «Бал­дырған» журналында қызмет істеп, бүгінгі қазақ поэзиясының ақсақалы Мұзафар Әлімбаевтың мекте­бінен өткендіктен бе, оның әрбір өлеңі балаусаға қонған таң алдындағы шық тамшыларындай мөлдіреп тұрады да, дәмін татып көрген жанның жүйе-жүйесін қуалап, бір рахат сезімге бөлеп жатады», – деген пікірінің жаны бар. Табиғат жырлары сәбилердің сезімін оятып, эстетикалық талғамын дамытады. Сұлулықты түйсінуге баулиды. Пейзаждық өлеңдер кез келген көркем бейне секілді типті, әрі конкретті және жеке даралық дәрежеде болуы тиіс. Білінбейді тыста ызғар, Боран ұйытқып басылды. Жыл тойына күміс қар, Шашу болып шашылды, – деп жаңадан жауған аппақ қарды «күміс қарға» баласа, Аппақ бүгін қыр-дала, Ақ дастарқан жапқандай, – деген сөзбен салынған сурет жас оқырманның көз алдына қыстың керемет келбетін елестетіп қана қоймай, сұлулықтан эстетикалық ләззат алуға жетелейді. Жаңбыр жауып басылды, Күннің көзі ашылды. Көкжиекке көрікті Кемпірқосақ асылды, – деген суреттен баланың көз алдына табиғаттың тамаша суреті елестейді. Оқушы өзі көріп жүрген кемпірқосақтан көркемдік, сұлулық іздей бастайды да, өзі де әсемдікке, әдемілікке құмарта түседі, рухани тәрбие алады. Табиғатты тек жалаң суреттемей, оның адам тыныс-тіршілігінің тірегі екенін балғын оқушыға сезіндіруге автор зер салады. «Шырша жыры» – ақын жинақтарында «Елка жыры» деген тақырыппен берілген. Бұл шығармасын ақынның классикалық туындыларының бірі десек қателеспейміз. Бір естігеннен, я оқығаннан бала жадында тез сақталар бұл жыр әлі күнге дейін бүлдіршін, балалардың сүйікті жыры. Нешеме буын осы өлеңді жатқа оқып, әнімен қоса шырқап, жаңа жылды қарсы алды екен? О, алақай, Аяз атай Келе жатыр алыста, – деуі жас бал­дырған­дардың барлығына тән Аяз атаны алыстағы орманнан келеді деген сәби сезімін растай түседі. Бүгінде оқулықта, орта мектептерде оқушылардың тәрбие сағаттарында, балабақ­шада бүлдіршіндердің таңертеңгілігінде Дүйсенбиев дүниелері асқақ үнмен оқылып, әндері шырқалуда. Ақын өлеңдерінің өміршеңдігі де осы болса керек. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, өлмес өлеңдерімен мәңгі жасай бермек.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет