Еңбек қауіпсiздiгi және еңбекті қopғay туралы



Дата08.11.2022
өлшемі42,51 Kb.
#48338
Байланысты:
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралық


"Еңбек қауіпсiздiгi және еңбекті қopғay туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2002 жылғы 6 қараша N 1174
Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
"Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнің қарауына енгізiлсiн.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ "ЕҢБЕК ҚАУIПСIЗДIГI ЖӘНЕ ЕҢБЕКТI ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ"
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы еңбектi қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негiздерiн айқындайды және еңбек процесінде қауiпсiздiк пен еңбек гигиенасын қамтамасыз етуге, қызметкерлердің өмiрi мен денсаулығын сақтауға бағытталған.
1-ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Негізгi ұғымдар
Осы заңда мынадай негізгi ұғымдар пайдаланылады:
1) өндiрiстiк объектiлердi еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау - өндiрiстік объектiлердi, цехтарды, учаскелердi, оларда орындалатын жұмыстардың қауіпсіздік, зияндылық, ауырлық, қауырттылық, еңбек гигиенасы жай-күйін және өндiрiстiк орта жағдайларының еңбек жағдайларының нормативтерiне сәйкестігiн айқындау мақсатында оларды бағалау жөніндегі қызмет;
2) еңбек қауіпсiздiгi - еңбек процесінде қызметкерлерге зиянды және қауіпті әсерді болдырмайтын iс-шаралар кешенiмен қамтамасыз етілген қызметкердiң қорғалу жай-күйi;
3) еңбектiң қауiпсiз жағдайлары - қызметкерге зиянды және қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерi болмайтын немесе олардың әсерiнің деңгейi қауiпсiздiк нормаларынан аспайтын еңбек жағдайлары;
4) өндiрiстік жабдықтың қауiпсiздігі - өндiрiстiк жабдықтың берiлген функцияларды нормативтік-техникалық және жобалау құжаттамасында белгiленген жағдайларда орындауы кезiнде еңбек қауіпсiздiгiнің талаптарына сәйкестiгiн сақтау ерекшелігi;
5) өндiрiстік процестiң қауiпсiздiгi - өндiрiстiк процестiң нормативтік-техникалық құжаттамада белгіленген жағдайларда еңбек қауiпсіздігінiң талаптарына сәйкестігiн сақтау ерекшелігі;
6) зиянды өндiрiстiк фактор - белгiлi бiр жағдайларда оның әсерi қызметкердiң сырқаттануына немесе еңбекке қабiлеттілiгiнің төмендеуiне және (немесе) ұрпағының денсаулығына керi әсер етуге әкеп соқтыруы мүмкін өндiрiстік фактор;
7) еңбек гигиенасы - қызметкерлердiң денсаулығын сақтау, өндiрiстiк ортаның және еңбек процесiнiң қолайсыз әсерiнің алдын алу жөніндегі санитарлық-гигиеналық шаралар мен құралдар кешенi;
8) еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі мониторинг - өндiрiстегі еңбек қауiпсiздiгінiң және еңбектi қорғаудың жай-күйiн қадағалау жүйесi, сондай-ақ республикадағы еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жай-күйiн бағалау әрi болжау;
9) өндiрiстегi жазатайым оқиға - нәтижесiнде қызметкердiң еңбек (қызмет) мiндеттерiн немесе жұмыс берушінің тапсырмасын орындау кезiнде жарақаттануына, денсаулығының күрт нашарлауына немесе қатты кәсiби ауруға (улануға) шалдығып, кейiннен оны уақытша немесе тұрақты еңбек ету қабiлетiнен айрылуына не өлiмiне әкеп соқтырған өндірістік фактордың қызметкерге әсер ету оқиғасы;
10) қауiпсiздiк нормалары - қауiпсiздіктiң барлық түрлерін (өндiрiстiң, жабдықтардың, өндiрiстiк процестiң, еңбектiң қауіпсіздігі) қамтамасыз ету тұрғысынан өндірiс жағдайларын, өндiрiстiк және еңбек процесiн сипаттайтын көрсеткіштердің сандық мазмұны;
11) еңбек жағдайларының нормативтерi - бұл еңбектiң қалыпты жағдайларын қамтамасыз ететін эргономикалық санитарлық-гигиеналық және психофизиологиялық талаптары бар нормативтер;
12) қауіптi өндiрiстік фактор - әсерi белгiлі бiр жағдайларда қызметкердің уақытша немесе тұрақты еңбек ету қабiлетiнен айрылуына (еңбек жарақаты немесе кәсіптiк ауру) немесе өлiмiне әкеп coқтыруы мүмкiн өндiрiстік фактор;
13) еңбектi қорғау - құқықтық, әлеуметтiк-экономикалық ұйымдық-техникалық, санитарлық-гигиеналық, емдеу-алдын-алу, оңалту және өзге де iс-шаралар мен құралдардан тұратын, еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің өмiрi мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйе;
14) өндiрiстік жабдықтар - машиналар, тетіктер, аппараттар мен жабдықтар;
15) өндiрiстік санитария - зиянды өндiрiстiк факторлардың қызметкерлерге әсер етуін болғызбайтын немесе оның әсерін азайтатын санитарлық-гигиеналық, ұйымдастыру iс-шаралары мен техникалық құралдар жүйесi;
16) кәсiби ауру - қызметкердiң өзiнiң еңбек (қызмет) міндеттерін орындауына байланысты оған зиянды өндiрiстiк факторлардың әсер етуiнен болған созылмалы немесе қатты ауру;
17) жұмыс орны - қызметкердің еңбек қызметi процесінде өзінің еңбек міндеттерiн орындау кездегi тұрақты нeмece уақытша болатын орны;
18) арнаулы киiм - қызметкердi зиянды және қауiптi өндiрiстік факторлардан қорғауға арналған киiм, аяқ киiм, бас киiм, қолғаптар;
19) жеке қорғану құралдары - қызметкердi заңы және (немесе) қауiптi өндiрiстік факторлардың әсерiнен қорғауға арналған құралдар;
20) ұжымдық қорғану құралдары - жұмыс iстеп жатқан екі немесе одан да көп адамдарды зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерiнен бір мезгiлде қорғауға арналған техникалық құралдар;
21) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық бөлiмшелерi - еңбек жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органның мемлекеттiк мекемесiне ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлғалары;
22) еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган - еңбек қатынастары саласындағы өкiлеттікті Қазақстан Pecпубликасының заңына сәйкес жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
23) еңбек қауiпсiздiгiнің жағдайлары - еңбек процесінде адамның денсаулығы мен жұмысқа қабiлеттiлiгiне әсер ететiн өндiрiстiк opтa және еңбек процесі факторларының жиынтығы.
2-бап. Еңбек қауiпсiздігі және еңбекті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңы
1. Еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау туралы заң Қазақстан Республикасының Конституциясына , "Қазақстан Pecпубликасындағы еңбек туралы" Қазақстан Pecпубликасының Заңына негізделеді және осы Заңнан әрi еңбек қауіпсiздігi және еңбектi қорғау саласындағы өзге де норма құқықтық актiлерден тұрады.
2. Eгep еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартпен осы Заңдағы ережелерден өзге белгiленсе, онда халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заңның күші Қазақстан Pecпубликасының азаматтарына, Қазақстан Pecпубликасында еңбек қызметiн жүзеге асыратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
2. Жұмыс берушiлер мен қызметкерлер арасында еңбек қатынастары туындаған кезде еңбек қауіпсіздігінің және еңбектi қорғаудың талаптарын олардың бәрi орындауға міндеттi.
3. Жеке еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушiлердің актілерiнде көзделген жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жағдайлары осы Заңда көзделген еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жағдайларынан төмен болмауға тиiс.
2-ТАРАУ. ЕҢБЕК ҚАУIПСIЗДIГI ЖӘНЕ ЕҢБЕКТI ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК БАСҚАРУ
4-бап. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттiк басқару
Еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттiк басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметi, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегi уәкілетті мемлекеттік орган және оның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.
5-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттары
Еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттiк басқарудың негiзгi қағидаттары мыналар:
1) өндiрiстік қызмет нәтижелерiне қатысты қызметкердiң өмiрi мен денсаулығын қорғау басымдығы;
2) өндiрiстік факторлардың қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиянды әсерiнiң қайтымсыз салдарын болдырмау;
3) нормативтік құқықтық актілер әзiрлеу және қабылдау арқылы еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау саласында талаптар белгiлеу;
4) еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау мәселелерiн мемлекеттiк реттеу;
5) еңбек қауiпсiздігі және еңбекті қорғау саласында еңбек қауiпсiздiгі және еңбекті қорғау жөніндегi уәкiлетті орган, оның аумақтық бөлiмшелерi және жұмыс берушiлер мен қызметкерлер өкілдерi арасында келiсілген iс-қимылдарды қамтамасыз ету;
6) еңбек қауiпсiздігінiң және еңбектi қорғаудың жай-күйi туралы ақпараттың жариялылығы, толықтығы мен растығы болып табылады.
6-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы Yкiметiнің құзыретi
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы құзыретiне мыналар жатады:
1) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негізгi бағыттарын белгiлеу;
2) еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау саласында ұйымдастыру тәртібiн белгiлеу және мемлекеттiк бақылау жүргiзу;
3) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласында деректер банкiн құра отырып ақпарат беру және мемлекеттiк статистика жүргізу тәртібiн белгiлеу;
4) еңбек қауiпсiздігі және еңбек қорғау проблемалары бойынша зерттеулер жүргiзудi қамтамасыз ету.
7-бап. Еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау жөнiндегі уәкiлеттi мемлекеттiк органның құзыреті
1. Еңбек қауiпсiздігi және еңбектi қорғау жөнiндегі уәкiлеттi мемлекеттiк органның құзыретiне мыналар жатады:
1) еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру;
2) еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау проблемалары бойынша зерттеулер бағдарламаларын әзiрлеу;
3) еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау жөнiнде мониторинг өткiзу;
4) басқа уәкiлетті мемлекеттік органдармен, сондай-ақ қызметкерлер мен жұмыс берушiлер өкілдерiмен еңбек қауіпсіздiгiн және еңбектi қорғауды қамтамасыз ету саласында үйлестiру және өзара әрекет ету;
5) еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау саласында салааралық нормативтiк құқықтық актiлерді әзiрлеу және бекiту, мемлекеттiк еңбек инспекторларын оқыту және аттестаттау;
6) еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау туралы заңдардың сақталуына мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыру;
7) заңда белгіленген тәртіппен өндiрiстегi жазатайым оқиғаларға зерттеу жүргiзудi уақытылы және объективті бақылауды жүзеге асыру;
8) еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық;
9) Қазақстан Pecпубликасының заң актілеріне сәйкес еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асыру.
8-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттiк орган аумақтық бөлімшелерiнің құзыретi
Еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық бөлімшелері өз құзыреті шегінде:
1) еңбектi қорғау туралы заңдардың сақталуына мемлекеттiк бақылауды қамтамасыз ету жолымен еңбек қауiпсiздiгi мен гигиенасы талаптарына жауап беретiн еңбек жағдайларына азаматтардың конституциялық құқықтарын iске асыруына бақылауды;
2) өндiрiстiк жарақаттанудың, кәсiби сырқаттың себептерiн талдау және олардың алдын-алу жөнінде ұсыныстар әзiрлеудi;
3) өндiрiстегі жазатайым оқиғаларды заңдарда белгiленген тәртіппен зерттеудi;
4) еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi уәкiлетті мемлекеттiк орган бекiткен ережеге сәйкес ұйымдағы еңбектi қорғау және еңбек қауіпсiздiгін қамтамасыз етуге жауапты басшылар мен адамдардың еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша бiлiмiн тексерудi;
5) өндiрiстiк тағайындау объектiлерiн пайдалануға қабылдау жөніндегі қабылдау комиссиясының құрамына қатысуды;
6) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi жөнiндегi қызметкерлер мен жұмыс берушiлер өтiнiштерiн қарауды;
7) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асыру.
3-ТАРАУ. ЕҢБЕК ҚАУIПСIЗДIГIНЕ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТI ҚОРҒАУҒА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ КЕПIЛДIКТЕРI
9-бап. Жұмысқа қабылдау кезінде еңбек қауіпсіздігіне жәнe еңбектi қорғауға берiлетін құқықтар кепілдігі
1. Ауыр қол еңбегі жұмыстары мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда әйелдердiң және жасы он сегiзге толмағандардың, сондай-ақ бұл жұмыстар денсаулық жай-күйiне қайшы келетiн адамдардың еңбегiн қолдануға тыйым салынады.
2. Әйелдердің және он сегіз жасқа толмаған адамдардың еңбегiн қолдануға тыйым салынатын еңбек жағдайлары ауыр, зиянды (ерекше зиянды) және қауіпті (ерекше қауiптi) өндiрiстердiң, кәсiптер мен жұмыстардың тiзiмiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi.
10-бап. Міндеттi медициналық тексерулер
1. Ұйымдарда зиянды (ерекше зиянды), қауiптi (ерекше қауіпті) және қолайсыз өндiрiстiк факторлары бар жұмыстарға адамдар қабылдауды жұмыс берушi алдын алу медициналық тексеруден өткеннен кейiн және денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның нормативтік құқықтық актiлерiмен бекiтілген талаптарға сәйкес денсаулық жай-күйi бойынша терiс айғақтардың болмауы айқындалғаннан кейiн жүзеге асыруға тиiс.
2. Он сегiз жасқа толмаған адамдар міндеттi алдын алу медициналық тексеруден өткеннен кейiн ғана жұмысқа қабылданады және одан әрi, он сегiз жасқа толғанға дейiн жыл сайын міндеттi медициналық тексеруден өтуге тиiс.
3. Жұмыс берушi еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда iстейтiн қызметкерлердi мерзімдiк медициналық байқаудан және тексеруден өткiзудi заңда белгiленген тәртiппен өзiнің жеке қаражаты есебiнен ұйымдастыруға міндетті.
4. Қауiптілiгі жоғары жұмыстармен, машиналармен және тетіктермен байланысты жұмыстармен айналысатын қызметкерлер ауысым алдында медициналық куәландырудан өтуге тиiс. Ауысым алдында медициналық куәландыруды талап ететiн кәсіптердің тiзiмiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi. Медициналық қараудан және тексеруден өтуден жалтарған қызметкерлер жұмысқа жiберiлмейдi.
11-бап. Қызметкерлердің еңбек қызметi процесіндегi еңбек қауiпсіздігіне және еңбектi қорғауға берілетiн құқығының кепілдiктерi
1. Ұйымдардағы, әр жұмыс орнындағы еңбек қауіпсiздiгiнің жағдайлары еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау жөнiндегі стандарттар, ережелер талаптарына сәйкес болуға тиісті.
2. Еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау талаптарын ұйымның бұзуы салдарынан жұмысын тоқтатқан уақытқа қызметкердің жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады.
3. Қызметкер өзiнің немесе айналадағы адамдардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп туындаған жағдайда жұмысты орындаудан бас тартуы оны тәртiптiк жазалауға және (немесе) оған материалдық айып салуға әкеп соқтырмайды.
4. Қызметкер жеке және (немесе) ұжымдық қорғану құралдарымен, арнаулы киіммен қамтамасыз етiлмеген жағдайда жұмыс берушi қызметкерден еңбек міндеттерiн орындауды талап етуге құқылы емес және осы себеп бойынша туындаған тоқтап тұруға жеке еңбек немесе ұжымдық шартқа сәйкес ақы төлеуге тиiс.
5. Қызметкер еңбек мiндеттерiн атқару кезiнде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлген жағдайда оған келтiрiлген өтем Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Қызметкерде еңбек жарақаты, кәсiби ауру немесе зиянды және/немесе қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерi салдарынан денсаулығының өзге де зақымдалуы байқалған жағдайда жұмыс берушi медициналық қорытынды негiзінде қызметкердi өзiнің келiсiмi бойынша денсаулығына терiс айғағы жоқ басқа жұмысқа ауыстыруға тиiс.
12-бап. Еңбек қауіпсіздiгi және еңбектi қорғау жөнінде қызметкерлердi оқыту, нұсқаулық беру және олардың бiлiмiн тексеру
1. Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздігі және еңбекті қорғау мәселелерi бойынша оқытуды, нұсқаулық берудi, бiлiмiн тексерудi жұмыс берушi өзінің меншiкті қаражаты есебiнен жүргізеді.
2. Қызметкерлердi еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқытудың, нұсқаулық берудiң, олардың бiлiмiн тексерудің тәртібi мен мерзiмi еңбек қауіпсiздігi және еңбекті қорғау жөнiндегi нормативтік құқықтық актiлермен айқындалады.
3. Зиянды және қауiптi еңбек жағдайлары бар жұмысқа қабылданған адамдар жұмыс берушi алдын ала ұйымдастыратын оқытудан міндеттi тәртiппен өтедi, кейiннен еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша міндетті тексеруден өткiзiледi. Еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша оқытудан, нұсқаулық беруден және тексеруден алдын ала өтпеген қызметкерлер жұмысқа жiберiлмейдi.
4-ТАРАУ. ҚЫЗМЕТКЕР МЕН ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ ЕҢБЕК ҚАУIПСIЗДIГI ЖӘНЕ ЕҢБЕКТI ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI
13-бап. Қызметкерлердiң еңбек қауіпсіздігіне және еңбектi қорғауға құқықтары
1. Қызметкердің:
1) еңбек қауiпсiздiгiне және еңбекті қорғауға;
2) жұмыс берушіден жұмыс орнындағы еңбек жағдайы мен еңбектi қорғаудың жай-күйi туралы, денсаулығына зиян келтiру қатерiнің бар екендігі туралы, сондай-ақ зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстік факторлардың әсерiнен өзiн қорғау жөнiнде қабылданған шаралар туралы нақты ақпараттар алуға;
3) өндiрiстік жарақаттануға, кәсiби ауруға немесе жұмыс iстеу қабiлетiн төмендетуге әкеп соқтыруы мүмкiн зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерiнен қорғаған жұмыс орнына;
4) еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау жөнiндегi заңда көзделген талаптарға, сондай-ақ жеке еңбек және ұжымдық шарттарға сәйкес жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнаулы киiммен қамтамасыз етiлyгe;
5) өзiнiң жұмыс орнындағы еңбек жағдайына және еңбекті қорғауға тексеру жүргiзуі туралы еңбек қауіпсiздігi және еңбектi қорғау жөніндегі уәкiлетті мемлекеттiк органға және оның аумақтық бөлімшелерiне өтiнiш жасауға;
6) еңбек қауіпсiздігі және еңбекті қорғау жағдайларын жақсартуға байланысты мәселелердi тексеруге және қарауға өкiлдi түрде қатысуға;
7) өзiнің денсаулығына немесе өмiрiне қатер төндiретiн жағдай туындаған кезде жұмысты орындаудан бас тартуға және бұл жөнінде тiкелей басшыға немесе жұмыс берушiнің өкiлiне хабарлауға;
8) еңбек мiндеттерiн заңда белгiленген тәртіппен қауiпсiз атқару үшiн қажеттi бiлiм алуға және кәсiби даярлыққа;
9) шарттық мiндеттердi, еңбек (қызмет) міндеттерiн заң актiлерiне сәйкес атқару кезінде өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеуге;
10) еңбек қауiпсіздiгi және еңбектi қорғау талаптарына сәйкес болмаудан ұйымның жұмысы тоқтатылған жағдайда жалақысының сақталуына;
11) жұмыс берушiнiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы заңсыз әрекеттеріне шағымдануға құқығы бар.
14-бап. Қызметкердің еңбек қауiпсіздігі және еңбектi қорғау саласындағы міндеттері
Қызметкер:
1) еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау жөнiндегі нормалардың, ережелер мен нұсқаулықтардың талаптарын, сондай-ақ жұмыс берушiнiң өндірiстегi жұмыстарды қауіпсiз жүргiзу туралы талаптарын сақтауға;
2) арнаулы киiмдердi, жеке және қорғаныс құралдарын мақсатты пайдалануға;
3) өндiрiсте болған кез келген және жазатайым оқиға, кәсiби аурудың белгiлерi, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайлар туралы өзiнiң тiкелей басшысына жедел хабарлауға;
4) заңда көзделген жағдайларда, сондай-ақ еңбек жағдайлары өзгеше басқа жұмысқа ауыстырылғанда не кәсiби аурулардың белгiлерi бiлiнгенде міндеттi түрде алдын ала мерзiмдік (еңбек қызметi ішінде) медициналық байқаулардан және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтуге мiндетті.
15-бап. Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары
1. Жұмыс берушiнің:
1) өзiнің өкiлеттi шегінде еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау мәселелерi жөнінде актiлер шығаруға;
2) қызметкерлерден еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау нормаларын сақтауды талап етуге;
3) жұмыс орындарында еңбек жағдайларын жасауға, қауіпсiз еңбек жағдайларын жасау жөнiнде paционализаторлық ұсыныстарға үлес қосқаны үшiн қызметкерлердi көтермелеуге;
4) еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау талаптарын бұзған қызметкерлердi еңбек туралы заңда белгiленген тәртіппен жұмыстан шеттетуге және жауапкершiлiкке тартуға құқығы бар.
16-бап. Жұмыс берушiнің еңбек қауiпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы міндеттерi
1. Жұмыс берушi:
1) ұйымдарда салауатты және қауіпсiз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге;
2) еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау-күйiн бақылауды жүзеге асыруға;
3) ұйымның аумағында және жұмыс орындарында болуы мүмкiн зиянды өндiрiстiк факторлар туралы қызметкерлердi хабардар етуге;
4) жұмыс орындарында және технологиялық процестерде кез келген қатерлердi болдырмау жөнінде өндiрiстік жабдықтар мен технологиялық процестерге профилактика жүргiзу, оларды ауыстыру жолымен шаралар қабылдауға;
5) жаңа жабдықтар енгiзу кезiнде техникалық прогреске сәйкес өндiрiстiк процестер мен жабдықтардың қауiпсiздiгi үшiн қызметкерлердi еңбек қауіпсiздiгінiң және еңбектi қорғаудың жаңа жағдайларына оқытуға және даярлауға;
6) еңбек қауiпсiздiгі және еңбекті қорғау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеуге және оларды ұйымда өткiзуге арналған қаражат бөлуге;
7) қызметкердi өзiнiң меншiктi қаражаты есебiнен арнайы киiммен, арнайы аяқ киiммен және зиянды және (немесе) қауіптi өндiрiстiк факторлардың әсерiнен қорғау үшiн жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге әрi жеке және ұжымдық қорғану құралдарын, арнайы киiмдердi өз мақсатында пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыруға;
8) өндiрiстiк процестер мен жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу жөнiнде нұсқама жүргiзуге, қызметкерлердi тиiстi нұсқамалық құжаттармен (нұсқаулықтармен, ережелермен, әдiснамалық сiлтемелермен) қамтамасыз етуге;
9) еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау мәселелерi жөнiнде бiлімдерiн тексеруден өткiзуге әрi еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегi уәкiлетті мемлекеттiк орган бекiткен ережелерге сәйкес мамандар бiлiмiн тексерудi ұйымдастыруға;
10) заңда көзделген жағдайларда, сондай-ақ еңбек жағдайлары өзгеше басқа жұмысқа ауыстырылғанда не кәсiби аурулардың белгiлерi бiлiнгенде қызметкерлердi міндетті түрде алдын ала, мерзiмдiк (еңбек қызметi iшiнде) медициналық байқаулардан және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өткiзуге;
11) қызметкерлердi өз қаражаты есебiнен қажетті санитарлық-тұрмыстық жағдайлармен және арнайы киiмдер мен аяқ киімдердi профилактикалық өңдеу құралдарымен (киiм жуу, химиялық тазалау, жөндеу, тiгу) жуу және зарарсыздандыру материалдарымен, медициналық дәрi-дәрмек сандықшаларымен, сүтпен, емдеу алдын-алу тағамдарымен еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейтін нормалардан төмен емес нормаларда қамтамасыз етуге;
12) еңбек қауiпсiздiгі және еңбек жөнiндегі уәкiлеттi мемлекеттiк органның және оның аумақтық бөлiмшелерінің лауазымды адамдарын ұйымдардағы еңбек қауіпсіздiгiне, еңбек жағдайы мен еңбектi қорғау жай-күйiне әрi еңбек қауіпсiздігi және еңбектi қорғау туралы заңдардың сақталуына тексеру жүргiзуі үшін, сондай-ақ өндірiстегi жазатайым оқиғалар мен кәсiби ауруларды зерттеуі үшiн кедергiсiз өткiзуге;
13) еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау жөніндегi уәкiлетті мемлекеттiк органға және оның аумақтық бөлiмшелерiне ұйымдардағы еңбек қауiпсiздiгiнiң, еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғаудың жай-күйi туралы қажетті ақпарат беруге;
14) мемлекеттік еңбек инспекторларының нұсқамаларын қабылдауға және орындауға;
15) өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды тiркеуi, есепке алуды және талдауды жүзеге асыруға;
16) еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау жөніндегi уәкiлетті мемлекеттiк орган бекiткен ережелерге сәйкес өндiрiстiк oбъектiлердi еңбек жағдайлары бойынша 5 жылда кемiнде бiр рет мерзiмдiк аттестаттаудан өткiзуге, сондай-ақ қайта құрудан, жаңғыртудан өткеннен, жаңа техника немесе технология орнатқаннан кейін мiндеттi аттестаттаудан өткiзуге;
17) қызметкердің өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды заңға сәйкес өтеуге;
18) өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды заңда белгiленген тәртiппен тексерудi қамтамасыз етуге;
19) пайдаланудағы негізгi қорлардың бәрiн еңбек қауiпсiздігiнің және еңбекті қорғаудың қолданылып жүрген нормалары мен ережелерiне сәйкес келтiруге міндеттi.
2. Ұйымның қызметi мен жұмыс түрлерiнің ерекшелiгiн, аса жоғары қауiп көздерiнің болуын ескере отырып, жеке не ұжымдық еңбек шарттарында жұмыс берушінің қосымша мiндеттерi көзделуi мүмкін.
5-ТАРАУ. ЕҢБЕК ҚАУIПСIЗДIГI ЖӘНЕ ЕҢБЕКТI ҚОРҒАУ ЖӨНIНДЕГI ҚЫЗМЕТТI ҰЙЫМДАСТЫРУ
17-бап. Ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау қызметi
1. Қызметкерлер саны 100-ден асатын өндiрiстік ұйымдарда еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында жұмыс берушi еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау қызметiн құруға міндеттi. Еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметi өзiнің мәртебесi жағынан негiзгi өндiрiстік қызметтерге теңестiрiледi.
Еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметi ұйым қызметiн тоқтатқан жағдайда ғана жойылады.
2. Қызметкерлер саны 100-ге дейiнгі ұйымдарда еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi маманның лауазымын енгiзу туралы шешiмді жұмыс берушi осы ұйымның қызмет ерекшелiгiн ескере отырып қабылдайды.
18-бап. Еңбек қауiпсіздiгi, еңбектi қорғау және еңбек жағдайлары саласындағы нормативтерді әзiрлеу
1. Еңбек қауiпсiздігі, еңбекті қорғау және еңбек жағдайлары саласындағы нормативтер техникалық, технологиялық, санитарлық-гигиеналық, биологиялық, физикалық және қызметкерлердің еңбек қызметi процесінде олардың өмiрi мен денсаулығын сақтауға бағытталған өзге де нормаларды, ереженi, рәсiмдер мен өлшемдердi белгiлейдi.
2. Еңбек қауiпсiздігі, еңбектi қорғау және еңбек жағдайлары саласында салалық нормативтердi әзiрлеудi және бекiтудi тиiстi уәкiлеттi мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
3. Жұмыс берушi ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау және еңбек жағдайлары жөнiндегi нұсқаулықтарды әзiрлеудi және бекiтудi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi уәкiлетті мемлекеттiк орган бекiткен тәртіппен жүзеге асырады.
19-бап. Өндірiстiк объектiлер мен өндiрiс құралдарын жобалау, салу және пайдалану кезінде қойылатын еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптары
1. Мемлекеттік стандарттардың, еңбектi қорғау жөнiндегi ережелер мен нормалар, санитарлық және құрылыс ережелерi мен нормаларының талаптарына жауап бермейтiн өндiрiстiк ғимараттар мен құрылыстарды жобалауға, салуға және қайта жаңғыртуға, технологияларды әзiрлеу мен пайдалануға, машиналар мен тетiктердi, жабдықтарды және басқа да бұйымдарды жасап шығаруға жол берiлмейдi.
2. Жаңадан салынған немесе қайта жаңғыртылған өндiрiстiк объектiлер, өндiрiс құралдары немесе өнiмнiң басқа да түрлерi, егер олар еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарына, сондай-ақ санитарлық және құрылыс ережелерi мен нормаларының талаптарына сай келмесе қабылданбайды және пайдалануға берiлмейдi.
3. Өндірiстiк объектiлер еңбек қауіпсiздiгі және еңбектi қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіпке сәйкес еңбек жағдайлары бойынша мiндетті түрде дүркiн-дүркiн аттестаттауға жатады.
6-ТАРАУ. ЕҢБЕК ҚАУІПСIЗДIГI ЖӘНЕ ЕҢБЕКТI ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ ЗАҢДАРДЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ
20-бап. Еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi мониторинг
Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын кешендi бағалау, өндірiстiк жарақаттануды азайту мен өндірiстегi жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында еңбек қауіпсіздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау жөніндегi мониторингтi ұйымдастырады.
21-бап. Еңбек қауіпсiздiгі және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау
Осы Заң мен еңбек қауіпсіздігi және еңбектi қорғау туралы нормативтік-құқықтық актiлердің сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкiметі бекiткен Ережеге сәйкес еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегі уәкiлетті органның мемлекеттiк еңбек инспекция органы жүзеге асырады.
22-бап. Мемлекеттiк еңбек инспекторы қызметiнің кепiлi
Мемлекеттік еңбек инспекторының өз құзырына сәйкес өзiнiң қызметтiк міндеттерін орындауына тексеру жүргізуге жiбермеу, жұмыс берушiнің еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша қызметі туралы қажеттi құжаттар мен ақпараттарды беруден бас тарту түрiнде кедергі жасайтын адамдар Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жауапты болады.
23-бап. Мемлекеттiк еңбек инспекторларының еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбектi қорғау саласындағы құқықтары
Мемлекеттік еңбек инспекторларының:
1) белгiленген тәртіппен ресiмделген тексерiс жүргізу туралы қаулыны көрсеткенде осы Заңға сәйкес еңбек жағдайларына бақылауды жүзеге асыру мақсатында ұйымдарға барып тексерiс жүргiзуге еңбек қауiпсiздiгi мен еңбекті қорғау саласында заң нормаларының орындалуын тексеру мақсатында және өндірiстегi жазатайым оқиғаларды зерттеп тексеруге қатысуға;
2) жұмыс берушілерден, ұйымдардың лауазымды адамдарынан еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы заңдардың сақталу мәселелері жөнiнде қажетті ақпарат, құжаттар, сондай-ақ түсініктеме алуға;
3) Қазақстан Республикасының Әкiмшілік құқық бұзушылықтары туралы заңына сәйкес еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы заң талаптарының бұзылуына кiнәлi заңды, лауазымды және жеке тұлғаларға әкiмшiлiк нұсқамалар беруге және жазалар қолдануға;
4) қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық актiлердi бұзушылық анықталған жағдайда, жекелеген өндiрiстердi, цехтарды, учаскелердi, жұмыс орындары мен жабдықтарды пайдалануды осы бұзушылықтар жойылғанға дейiн тоқтата тұруға (тыйым салуға);
5) жұмыс орындарында еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегi нормативтiк құқықтық актiлердің талаптарына жауап бермейтiн арнайы киiмдердi, арнайы аяқ киiмдер мен басқа да жеке қорғаныс құралдарын пайдалануға тыйым салуға;
6) белгiленген тәртіппен оқытудан, нұсқамадан әрi еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегi ережелерге, нормалар мен нұсқаулықтарға бiлiмiн тексеруден, медициналық (алғашқы, ауысым алдындағы немесе кезеңдi) куәландырудан өтпеген, тиiсті арнайы киiмдi, арнайы аяқ киiмдi пайдаланбайтын әрi еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау туралы заңды бұзған адамдарды жұмыстан шеттетудi талап етуге;
7) еңбек қауіпсiздігi және еңбектi қорғау туралы заңдардың бұзылу, жұмыс берушiлердің мемлекеттiк еңбек инспекторларының нұсқамаларын орындамау фактілері жөнiндегi ақпаратты, қуыным талаптарын және өзге де материалдарды тиiстi құқық қорғау және сот органдарына жiберуге;
8) Қазақстан Pecпубликасының заңында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
24-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторларының еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы міндеттерi
1. Мемлекеттiк еңбек инспекторлары:
1) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы заңдар талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
2) еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы заңдардың сақталуына уақытылы, сапалы және тиiмдi тексерiстер жүргiзуге;
3) заң бұзушылықтардың анықталғаны туралы жұмыс берушiлердi, ұйымдардың басшылары мен олардың жоғары лауазымды адамдарын оларды жою жөнiнде шаралар қабылдау үшiн хабардар етуге, кiнәлi адамдарды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізуге;
4) ұйымдардың еңбек қауіпсіздiгi және еңбектi қорғау саласындағы заңдарды сақтауының жай-күйiн сипаттайтын көрсеткіштердi жинауды, қорытындылауды, жүйеге келтiрудi және талдауды жүзеге асыруға;
5) еңбек қауiпсіздігі және еңбектi қорғау туралы заңдар мәселелерi жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргiзуге;
6) еңбек қауіпсiздiгi және еңбектi қорғау саласында бақылауды жүзеге асырған кезде азаматтармен және қоғамдық ұйымдармен өзара әрекет жасауға;
7) заңдардың бұзылу фактілерi туралы өз құзыретi шегінде еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау жөніндегi уәкілеттi мемлекеттiк органды және басқа да мемлекеттiк органдарды хабардар етуге;
8) еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау саласындағы заңдардың бұзылу фактiлерi туралы, оның ішінде жекелеген өндiрiстердiң, цехтардың, учаскелердің, жұмыс орындары мен жабдықтардың пайдаланылуы тоқтатылған (тыйым салынған) кезде материалдар дайындауға және оларды құқық қорғау органдарына жiберуге;
9) азаматтардың, ұйымдардың еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау мәселелерi жөніндегi арыздарын, өтiнiштерi мен ұсыныстарын уақытылы қарауға;
10) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласында біліктілiк талаптарына сәйкес даярлық деңгейi болуға;
11) өзінің лауазымдық өкiлеттiктерiн жүзеге асырған кезiнде алған мемлекеттiк, қызметтік және коммерциялық құпияларды жария етпеуге міндеттi.
25-бап. Мемлекеттiк еңбек инспекторларының еңбек қауіпсiздігін қамтамасыз ету және еңбектi қорғау саласындағы актілерi
1. Еңбек қауiпсiздiгі және еңбекті қорғау саласындағы заңдар талаптарының анықталған бұзушылықтарына байланысты мемлекеттiк бақылау нәтижелерi бойынша құқықтық әсер ету шараларын қабылдау мақсатында мемлекеттiк еңбек инспекторлары мынадай актiлер шығарады:
1) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңдары талаптарының бұзылуын болдырмау туралы;
еңбек жағдайлары бойынша өндiрiстiк объектілерге аттестаттау өткізу туралы;
өндірiстік объектiлер мен өндiрiстiк жабдықтарда, сондай-ақ өндiрiстiк процестерде жарақаттану қаупі және апаттық жағдайлар туындауын болдырмау үшiн еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау жөнiнде профилактикалық жұмыстар жүргізу туралы;
жекелеген өндiрiстерді, цехтарды, учаскелерді, жұмыс орындары мен жабдықтарды қызметкердің өмiрi мен денсаулығына қатер төнген жағдайларда соттың шешiмiнсiз 3 күннен аспайтын мерзiмге, көрсетiлген мерзiмде міндетті түрде сотқа талап арыз берiп, пайдалануға тыйым салу және тоқтата тұру туралы нұсқама. Бұл ретте қызметтi тоқтату немесе тыйым салу туралы акт анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейiн немесе сот шешiмi шығарылғанға дейiн қолданылады;
2) еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау саласында Қазақстан Республикасының заңдары бұзылған жағдайда Қазақстан Республикасының заңына сәйкес әкiмшiлiк жауапкершіліккe тарту туралы қаулы.
2. Актілердің нысандарын, оларды жасау және беру тәртібiн еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау жөнiндегі уәкілеттi мемлекеттік орган бекiтедi.
3. Мемлекеттік еңбек инспекторларының актiлерiн жеке және заңды тұлғалар орындауға міндеттi.
26-бап. Мемлекеттiк еңбек инспекторларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау
Мемлекеттiк еңбек инспекторларының әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік еңбек инспекторының жоғарғы органдарына және (немесе) сотқа шағымдана алады.
Қазақстан Pecпубликасының Бас мемлекеттiк еңбек инспекторының әрекетiне сотқа шағым жасауға болады.
Шағым жасау мемлекеттiк еңбек инспекторлары берген актiлердің орындалуын тоқтатпайды.
27-бап. Мемлекеттiк еңбек инспекторларынан жауапкершiлігi
Мемлекеттiк еңбек инспекторлары лауазымдық міндеттерін орындау кезiнде өкiлетiн асыра пайдаланғаны және негiзсiз шаралар қолданғаны үшiн Қазақстан Pecпубликасының қолданылып жүрген заңымен белгiленген тәртіппен жауапты болады.
28-бап. Еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау саласындағы қоғамдық бақылау
1. Еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды ұйымдарда қызметкерлер мен жұмыс берушiлер өкілдерi еңбектi қорғау жөнiндегі комитет (комиссиялар) құру жолымен жүзеге асырады. Олардың құрамына жұмыс берушiлер мен қызметкерлер өкілдерi тепе-теңдiк негізде енедi.
2. Еңбектi қорғау жөнiндегi комитет (комиссия) өндiрiстiк жарақаттану мен кәсiптiк сырқаттанудың алдын алу мақсатында еңбек қауiпсiздігі және еңбектi қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды жұмыс орындарында жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
3. Еңбектi қорғау жөніндегі комитет (комиссия) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөніндегi iс-шараларды әзiрлеуге қатысады, сондай-ақ еңбек қауiпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ұжымдық шартта көзделген, Қазақстан Pecпубликасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де қызметтi жүзеге асырады.
7-ТАРАУ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
29-бап. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы заңдарды бұзғаны үшін жауапкершiлiк
Еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заң актілерiне сәйкес жауапты болады.
30-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзудiң тәртiбi
1. Осы 3аң ресми түрде жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енедi.
2. "Еңбекті қорғау туралы" Қазақстан Pecпубликасының 1993 жылғы 22 қаңтардағы Заңының күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет