Еңбек кітапшасы



Дата18.11.2023
өлшемі45,5 Kb.
#124774
түріКодекс

Еңбек кітапшасы

ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес, еңбек кітапшасы - жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың бірі болып табылады.


Еңбек кітапшасы жұмыс беруші жұмыскердің еңбек қызметін растау үшін жүргізеді және «Жұмысы туралы мәліметтер» мен «Марапаттаулар мен көтермелеулер туралы мәліметтер» деген екі бөлімнен тұрады.
Еңбек кітапшасына жұмыскер туралы мәліметтер: тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні, білімі, біліктілігі, мамандығы, жұмысы туралы мәліметтер: жұмысқа қабылдау, басқа жұмысқа ауыстыру, еңбек шартының тоқтатылуы және марапаттаулар мен көтермелеулер туралы мәліметтер енгізіледі.
Жұмыскерге қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы жазбалар еңбек кітапшасына енгізілмейді.
Еңбек кітапшасындағы еңбек шартын жасау не оны тоқтату, басқа жұмысқа ауыстыру, сондай-ақ марапаттаулар мен көтермелеулер туралы барлық жазбалар араб сандарымен жазылады (күні мен айы екі таңбалы санмен, жылы толық көрсетіледі) және оларды бірінші басшы не ол уәкілеттік берген лауазымды адам жұмыс берушінің тиісті актісі жарияланғаннан кейін енгізеді және жазбалар оның мәтініне сәйкес келуге тиіс. Еңбек шарты тоқтатылған кезде, еңбек кітапшасына жазба еңбек шарты тоқтатылған күннен кешіктірмей енгізіледі.
Жұмыскер туралы мәліметтер еңбек кітапшасының бірінші бетіне жазылады және бірінші басшының не ол уәкілеттік берген лауазымды адамның қолымен, ұйымның мөрімен расталады.
Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) қысқартылмай толық жазылады және туған жылы жеке басын куәландыратын құжаттардың негізінде көрсетіледі. Білімі, мамандығы мен біліктілігі туралы құжаттардың негізінде көрсетіледі.
«Жұмысы туралы мәліметтер» деген бөлімде жұмыс берушінің толық атауы жеке жолда тақырып түрінде көрсетіледі.
Жұмыскер қабылданған лауазымның атауы туралы жазбалар еңбек шартының, жұмыс беруші актісінің, ұйымның штат кестесінің негізінде жүргізіледі.
Егер жұмыскер жұмыс істеп жүрген кезде жұмыс берушінің атауы өзгерсе, онда «Жұмысы туралы мәліметтер» деген бөлімнің 3-бағанында жеке жолға тиісті жазба жазылады, ал «Жұмысы туралы мәліметтер» деген бөлімнің 4-бағанында атауын өзгерту негіздемесі (заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың күні мен нөмірі немесе жеке тұлғаның – жұмыс берушінің жеке куәлігі) көрсетіледі.
«Марапаттаулар мен көтермелеулер туралы мәліметтер» деген бөлімге Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталуы және құрметті атақтар берілгені туралы, құрмет грамоталарымен, төс белгілерімен, дипломдармен марапатталуы туралы, еңбектегі жетістіктері үшін еңбек, ұжымдық шарттар мен жұмыс берушінің актілеріне сәйкес көтермелеулер туралы мәліметтер енгізіледі.
Еңбек кітапшасында жұмыскердің еңбек қызметі туралы жаңсақ немесе нақты емес жазбалар анықталған жағдайда, өзгерістерді тиісті жазбаны енгізген жұмыс беруші жүзеге асырады.
Егер жаңсақ немесе нақты емес жазбаларды енгізген жұмыс беруші – заңды тұлға қайта ұйымдастырылса, өзгерістерді оның құқықтық мирасқоры енгізеді.
Жұмыскердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және туған күні туралы жазбаларды өзгертуді жеке басын растайтын құжаттардың, неке туралы, некені бұзу туралы, тегін, атын, әкесінің атын өзгерткені туралы куәліктердің негізінде соңғы жұмыс орны бойынша жұмыс беруші жүргізеді. Көрсетілген өзгерістер еңбек кітапшасының бірінші бетіне (титулдық парақ) енгізіледі. Бір сызықпен бұрынғы тегі немесе аты, әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні сызылып тасталады және жаңа деректер жазылады. Тиісті құжаттарға сілтемелер мұқабаның ішкі жағына жазылады және басшының немесе ол уәкілеттік берген адамның қолымен және ұйымның мөрімен (ол болған кезде) расталады.
Жұмысы туралы мәліметтерді түзету мынадай тәртіппен жүргізіледі: «Жұмысы туралы мәліметтер» деген бөлімнің 3-бағанында тиісті реттік нөмірі, жазба енгізілген күні көрсетілгеннен кейін мынадай: «№_______жазбаның күші жойылған. _______ лауазымына қабылданған» деген жазба жүргізіледі және «Жұмысы туралы мәліметтер» деген бөлімнің 4-бағанында жұмыс берушінің еңбек кітапшасына жазбасы қате енгізілген бұйрығының (өкімінің) күні және нөмірі қайталанады.
Еңбек шарты заңсыз бұзылған, бұрынғы жұмысына ауыстырылған және қайта қабылданған жағдайда мынадай: «№____ жазбаның күші жойылған, бұрынғы жұмысына қайта қабылданған» деген жазба жүргізіледі.
Еңбек шартының бұзылу себебінің тұжырымы өзгерген жағдайда мынадай: «№ ____ жазбаның күші жойылған, еңбек шарты тоқтатылған (немесе бұзылған)» деген жазба жүргізіледі және жаңа тұжырымы көрсетіледі. Бұл жағдайда «Жұмысы туралы мәліметтер» деген бөлімнің 4-бағанында жұмысқа қайта қабылдау немесе еңбек шартының тоқтатылу себебінің тұжырымын өзгерту туралы бұйрыққа сілтеме жасалады.
Еңбек қызметі туралы мәліметтер ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжаттарға сәйкес түзетіледі.
Еңбек кітапшасындағы «Жұмысы туралы мәліметтер» және «Марапаттаулар мен көтермелеулер туралы мәліметтер» деген бөлімдерде бұрын енгізілген қате немесе нақты емес жазбаларды сызып тастауға жол берілмейді.
Жұмыскермен еңбек шарты тоқтатылған кезде жұмыс берушіде жұмыс істеген уақытында еңбек кітапшасына енгізілген жұмысы, марапаттаулар мен көтермелеулер туралы барлық жазбалар бірінші басшының не ол уәкілеттік берген лауазымды адамның қолымен, ұйымның мөрімен расталады.
Еңбек кітапшасындағы бөлімдердің біреуінің барлық беттері толтырылған жағдайда, еңбек кітапшасының соңғы парағы мен мұқаба арасына оған қосымша парақ қосылады.
Қосымша парақтағы жазбалардың нөмірленуі еңбек кітапшасындағы жазбалардың нөмірленуін жалғастырады.
Еңбек кітапшасы болмаса, қосымша парақ жарамсыз.
Жұмыскердің қалауы бойынша еңбек қатынастарының қолданылу кезеңінде еңбек кітапшасы жұмыс орны бойынша жұмыс берушіде сақталады. Еңбек кітапшаларын сақтау тіртібін жұмыс беруші өз бетінше айқындайды.
Кадр қызметі не жұмыс беруші уәкілеттік берген лауазымды адам еңбек кітапшалары мен олардың қосымша парақтарын есепке алу кітабын жүргізеді, онда жұмыскерлерден қабылдап алынған, сондай-ақ жұмыскерлерге берілген барлық еңбек кітапшалары тіркеледі.
Еңбек шартының тоқтатылуына байланысты еңбек кітапшасын алған кезде жұмыскер еңбек кітапшалары мен олардың қосымша парақтарын есепке алу кітабына қолын қояды.
Жұмыскер қайтыс болған жағдайда еңбек кітапшасы оның туыстарына қол қойғыза отырып беріледі немесе олардың талаптары бойынша пошта арқылы жіберіледі.
Еңбек шарты тоқтатылған кезде жұмыскерлер не жұмыскер қайтыс болған жағдайда оның жақын туыстары алмаған еңбек кітапшалары ұйымның кадр қызметінде қалған еңбек кітапшаларынан бөлек екі жыл бойы сақталады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет