ЕбелековаЭльмира Ерғалиқызы Қазалы ауданы №225 мектеп мұғалімі. Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары»



Дата15.10.2023
өлшемі22,2 Kb.
#115186
Байланысты:
Бір атаның балалары


ЕбелековаЭльмира Ерғалиқызы
Қазалы ауданы № 225 мектеп мұғалімі.


Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары»
әңгімесінің идеялық өміршеңдігін оқыту әдістері

Мен бұл мақаламда Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары»


әңгімесіне идеялық, образдық талдау жасай отырып, әңгіменің бүгінгі жас ұрпақтың жан –дүниесінің қалыптасуына, танымдық құндылығының дамуына тигізетін әсеріне тоқталғым келеді.
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауында «Мектеп түлектері қазақ, орыс, және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс» деп атап көрсетті
Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» әңгімесінің идеясын ашу үшін алдымен шығармадағы тартыстық желінің себебін және иелерін анықтау қажет. Көркем шығармадағы «Тартыс» дегеніміз не?
Тартыс –Көркем шығармадағы адамдар арасындағы түрліше қарама – қарсылықтардың, әр алуан көзқарастағы, идеядағы, сезімдегі, нанымдығы, іс – әрекеттегі, мақсат –мүддедегі керағар құбылыстардың суреттелуі.
Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» хикаятындағы тартыстық желінің себебі:
Ахмет ақсақалдың неміс баласын бауырға басуы. Ал тартыс иелері: Ахмет ақсақал мен есепші Дәуренбек.
Шығармадағы тартыстық желіні талқылау барасында Дәуренбек бейнесі оқушыны түрлі ойға жетелейді. Бұл жерде оқырманда туындайтын сұрақ: Дәуренбек Ахмет ақсақалдың неміс баласын бауырына басуына не себепті қарсы болды? Дәуренбектің әрекеті өз табиғатындағы жағымсыз мінез көрінісі ме әлде соғыстан кейінгі жан күйзелісінің әсері ме?
Бұл сұрақтардың жауабын іздей отырып, оқушы өмірді, адамды тануына, адамның психологиялық күйін тани білуіне, айналадағы кейбір адамдардың әрекетіне түсіністікпен қарауға үйренеді.
Шығармадағы тақырып- жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы, ал идея жазушының өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы. «Бір атаның балалары» әңгімесінің негізгі тақырыбы – соғыс кезіндегі қазақ ауылының тұрмыс –тіршілігі десек, автор осы орайда қандай ойды жеткізген? Бұл шығарма өткен ғасырда жазылса да, идеялық тұрғыдан бүгінгі күні де өміршең. Біз бұл шығармададан біріншіден, қазақ аулындағы соғыс зардабын сезінеміз, екіншіден, жетімді жылатпаған елдік қасиетімізді ұғынамыз, үшіншіден, әрине, бұл –ащы шындық, біздің ұлттық тарихымыздың ақтаңдық беттері-қазақ ауылындағы жазықсыз жала жабу көріністерін көреміз. «... Осы ауылдан соғысқа тайдың тасындай қырық үш азамат кетіп еді. Әзірге оралғаны екеу –ақ. Дәуренбек қолдан,Берден аяқтан айырылып қайтты. Жиырма төртінде қара қағаз алдық. Хабарсызы қаншама. Тегіс жетімбіз. Жетім болмасақ, әліпті таяқ деп білмейтін Тоқажан колхоз басқара ма. Жетім болмасақ, жетпіске келген Ахмет күндіз мал қарап, түнде күш көлік баға ма?» деген жолдардағыдай қазақ ауылындағы соғыс зардабын оқи отырып, бүгінгі замандағы бейбіт өмірдің мәнін, Елбасымыз
Н.Ә. Назарбаевтың ел бірлігін нығайтудағы қоғамдық келісімді дамытудағы бастамашыл идеяларының құнын түсінеміз.
Ал жетімді жылатпаған елдік қасиетіміз ше? Бүгінгі заман тұрғысынан қандай баға беруге болады? Автордың айтайын деген ең басты ойы да осы мәселеде деп ойлаймын... Жоғарыда айтылғандай, шығарманың идеялық тұрғыдағы өміршеңдігі де осы жерден көрінеді. Біз бұл орайда төмендегідей 2 бағытта шығармашылық зерттеу жұмысын жүргіздік:
1.Шығармаға арқау болған жетімді жылатпаған халықтық қасиетіміздің
бүгінгі қоғамдағы даму көрінісі.
2.Шығармаға арқау болған жетімді жылатпаған халықтық қасиетіміздің бүгінгі қоғамдағы қарама –қарсы көрінісі.
Бүгінгі өмір талабы оқушының әрбірінен шығармашылық ойлауды, ақпараттарды салыстыра білуді, ізденісті, жаңашылдықты талап етеді. Біз осы орайда өз шығармашылығымызды әдебиет теориясымен байланыстыра отырып, 1- тақырыптағы зерттеу жұмысымызды «Дамыту» жұмысы, 2- тақырыптағы зерттеу жұмысымызды «Шендестіру» деп атадық. «Дамыту» жұмысы барысында оқушылар оқыған шығармадағы кейіпкерлер 1 баладан асырап алса, бүгінгі таңдағы бірнеше баланы асырап алып отырған мейірімді адамдар туралы зерттеп білді. Соның ішінде 110 баланы асырап алып, тәрбиелеп отырған Тұяқ Қаскенқызы Есхожина апайымыздың ісін оқып, білді. Ал «Шендестіру» жұмысы барысында тастанды балалар тағдыры, жетімдер үйі, шетелге сатылып жатқан сәбилер тағдыры, «Көкек» әкелер мен «Көбелек» аналар бейнесі туралы ой бөлісті.
Шынайы өмірде қазақтар асыраған неміс баласы бар ма? Яғни, шығармадағы Зигфрид –Зекен бейнесі типтік образға жатады ма? Бұл сұраққа жауап қарастыру барысында да өз жұмысымызды әдебиет теориясымен байланыстыра отырып, «Типтендіру» жұмысы деп атадық. Біз бұл жұмыс барасында сілтеуімен ауыл тұрғыны Зылиха апайымызбен сұхбаттасып, оқушылар күтпеген қызық жайға куә болды: ол кісінің әкесі Қаниев Әуесхан тура біздің кейіпкеріміз сияқты, Қани деген қазақ кісі асырап алған неміс баласы екен. Қазақ отбасына келген кезде тым жас болғандықтан, әкесі өзінің шынайы аты –жөнін есінде сақтап қалмапты. Бұл зерттеу жұмысының барысында ауыл тұрғыны Арзиев Қали мынандай деректі айтты. «Менің жас күнімде әкем пошташы болып жұмыс жасадыф. Сол кезде Әуесханға келген хат –хабарлар мен газет журналдарға Гольвенге деп жазатыны, оны Гольвен» деп айтатыны есімде. Соған қарағанда Оның есімі Гольвен болса керек.»
Бұл күнде өмірден өтіп кеткен Әуесхан Қаниұлының қызы Зылиха барлық болмысымен қазақ болып туған, тек түрі өзгеше.
Бізге бұл жұмыс не берді? Жоғарыда айтылғандай, осы 6- сыныпта өтілген «Типтік образ» ұғымы туралы оқушылар білімі нақтылап, халқымыздың бауырмал, толерантты болмысын дәлелдейтін тағы да бір ақиқатқа көз жеткізді..
Қорыта келгенде, Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» шығармасы жас ұрпақ үшін тағылымдық, тәрбиелік мәні зор шығарма деп есептеймін. Бұл шығармада халқымыздың рухани болмысы шынайы, нанымды түрде суреттелген. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Мәңгілік ел » идеясын құрайтын негізгі құндылықтардың бірін жоғары руханият деп атап көрсетті. Осы орайда «Бір атаның балалары» шығармасына арқау болған жатты да бауырға басқан, жетімді жылатпаған бауырмашыл, толерантты мінез –құлқымыз да ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын құндылықтардың бірі болып қала береді деп ойлаймын.

Пайдаланған әдебиеттер:



  1. Қазақстан жолы 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ..

  2. Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы

  3. З. Қабдолов. Сөз өнері





Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет