Әбікенова Гүлнат Төкенқызы Когнитивті лингвистика


Когнитивті лингвистиканың негізгі категориялары



бет7/14
Дата20.10.2022
өлшемі378 Kb.
#44439
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14
Когнитивті лингвистиканың негізгі категориялары
Когнитивтік лингвистиканың жеке ғылым саласы ретінде танылуы үшін оның негізгі ұғымдары, өзіне тән негізі категориялары мен бірліктері болуы шарт. Антропологиялық тіл білімін зерттеушілер «білім, концептуалдылық, концептуалды жүйе, когниция, когнитивтік модель, вербалдылық, менталдылық, концепт, әлем бейнесі, концептілік өріс, ұлттық мәдени бірліктерді» когнитивтік лингвистиканың негізгі ұғымдары ретінде қарастырады. Аталған ұғымдардың адам санасындағы әрекеттері, тілдегі көрінісі, сол арқылы «әлемнің тілдік бейнесін» тануға мүмкіндік жасау қабілеті туралы мәселе бүгінгі таңда жалпы лингвистер алдында негізгі де өзекті проблемалар санатында тұрғандығын кейінгі зерттеулерден айқын көруге болады. Қазіргі тіл білімінде концептуалдылық таным процесіндегі білімнің нәтижесінен көрініс табуда. Бұл атауға байланысты Е.С.Кубрякова: «Концептуализация интерпретируется как «некоторый» «сквозной» для разных форм познания процесс структура знаний из неких минимальных концептуальных единиц»-деген болатын (2, 93).
Қазіргі нейрохирургия мен кибернетика салаларының дамуы нәтижесінде когнитивтік моделге «фрейм» (М.Минский) және «гешальт» (Дж.Лакофф) ұғымдары енгізілді. «Человек, пытаясь познать новую для себя ситуацию или поновому взглянуть на уже привычные вещи, выбирает из своей памяти некоторую структуру данных (образ), называемую нами фреймом, с таким расчетом, чтобы путем изменения в ней отделных деталей сделать ее пригодной для понимания более широкого класса явлений и процессов» (38,49). М.Минский өзінің теориясында адамның ойлауы мен жасанды интеллект арасының ара-жігін ашпайды. Оның пайымдауынша, адамның ойлауы образдарды визуалды көре алатын, семантикалық фреймдер яғни, сөздердің мағынасын түсіне алатын, белгілі бір іс-қимылды қабылдай алатын (сценарийлі фрейм) т.б. ақпаратпен толыққан адам жадында сақталатын құрылымдар яғни, фреймдерге негізделген. Ал белгілі бір ойды түсіну жадында сақталған фреймнің белгілі бір жағдайға сәйкес процеске түсуімен түсіндіріледі. Ал, фреймдер арасында дәл өзіне сәйкес фрейм табылмаған жағдайда, сол ситуацияға мейлінше жақын келер фрейм таңдап алынады.
Т.А.ван Дейк пен В.Кинч гештальтты қолдана отырып белгілі бір мәтінді түсінудің танымдық моделін ұсынды (39). «Гештальт» термині (неміс. Gestalt «фигура, форма, құрылым») психологиялық теория-гештальттық психологиядан бастау алады. Дж.Лакофф белгілі бір құрылымдар арқылы құрылған ой, эмоция, таным процесі, тілді гештальт ұғымымен байланыстырады (40) Бұл ұғымды лингвистикада С.Д.Кацнельсон тілдік механизімдерінің сана механизімдерімен, белгілі бір адамның жеке тәжірибесін құрайтын біліммен тығыз байланыста екенін айтады (41).
Конитивтік лингвистикада когниция ұғымына басты көңіл бөлінуде. Когниция-адам санасындағы білім арқылы көрініс табатын ақпараттар жүйесі деп танылады. Тіл білімінде «когниция» терминімен «интеллектуалдылық, менталдылылық» секілді атаулар балама ретінде қолданылып жүр. Когницияның бұл атаулардан негізгі айырмашылығы когниция адам миындағы аялық білім арқылы жиналған ақпараттардың терең қатпарларындағы біртұтас көрінісі, моделі болып табылады. Адам санасындағы білім әртүрлі тілдік құрылымдар негізінде көрініс табады. В.А.Маслова: «елестету, схема, картина, фрейм, сценарий (скрипт), гештальт» сияқты бірліктерді адам танымындағы ақпараттарды сыртқа шығаруда қолданылатын тілдік құрал деп есептеген. Когнитивтік лингвиситика «тілдік білімнің табиғатын және оны қалай қолдану керектігін меңгеретін ғылым» (9,85).
Когнитивті лингвистика ғылымының зерттелу барысында батыс еуропалық ғалымдардың зерттеулері көптеген жаңа ғылыми жолдарды қалыптастырды. Ал, когнитивті лингвистика ғылымының негізгі ұғымдарына тоқталсақ ең алды мен когнитивті лингвистика - «... адамзат тілін жалпы хабарды ұсынуға, оны бір күйден екінші күйге ауыстыруға мүмкіндік беретін таңбалар жүйесі, таным механизімі әрі құралы ретінде қарастырылатын лингвистика саласы» (Когнитивті терминдердің қысқаша сөздігі) — деген анықтама берілсе, таным дегеніміз - дүниені, өмірді танып-білу қабілеттілігі (20/Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 8-т.) болып шығады.
Когнитивті терминдер сөздігінде танымдық тіл ғылымына адамзат тілін жалпы хабарды ұсынуға, оны бір күйден екінші күйге ауыстыруға мүмкіндік беретін таңбалар жүйесі, таным механизімі әрі құралы ретінде қарастыратын лингвистика саласы деген анықтама берілген (23; 53). Бүгінгі күні бұл лингвистикалық бағыттың өзіндік ұғым-бірліктері, ұстанымдары, ғылыми-теориялық негіздері қалыптасып дамып отыр. Алғашында «когнитивті» деген терминнің өзі нақтыланбаған, ұғымдық бірліктері жүйеленбеген мәселе ретінде қабылданып келді, сондықтан когнитивті лингвистикаға қатысты пікірлер мен көзқарастар да біркелкі болған жоқ. Кейбір зерттеушілер танымдық аспектілердің тіл білімін жаңа деректермен толықтырғанын мойындағанмен, бұл бағыттың лингвистикаға соны үрдістер мен әдістер жүйесін әкелмегенін әрі когнитивті лингвистиканың орнықпағанын, ең алдымен, когнетивті емес лингвистиканың жоғымен түсіндіруге болатындығын ескертеді. Алайда, екінші топ ғалымдары құрылымдық тіл білімін танымдық лингвистикаға қарсы қоя отырып, когнитивті бағытты XX ғасырдың аяғында дүниеге келген «көтеріліс», «бетбұрыс» деп түсіндірді. Нәтижесінде тілшілер когнитивті лингвистиканы пәнаралық байланыстың көрсеткіші, тілдік ілімдер тоғысы деп бағалады. Сөйтіп, жалпы ғылыми дереккөздер негізінде когнитивті ғылымды немесе когнитологияны, когнитивті психологияны, мәдениеттануды қарастырса, лингвотанымды дамытушы алғышарттарға лингвистикалық семантика, лингвистикалық типология, этнолингвистика, нейролингвистика, психолингвистика, салыстырмалы-тарихи тіл білімі мәселелерін жатқызды (24,22). Ғалымдардың айтуына қарағанда, семасология ұстанымдары мен категориялары адамзат танымының нәтижесін құрайды (Н.Д.Арутюнова, А.Вежбицкая, Ю.С.Степанов, Е.С.Кубрякова, В.Н.Телия), ал тілдік типология заңдылықтары тілдің универсалды құрылымын түсіндіруге мүмкіндік береді - деген теориялық байлам жасайды (25,17-19). В.В.Петров когнитивтік ғылымның түпкілікті идеясының негізін құрайтын бірліктер турасында мынадай ой айтады: «Мышление представляет собой манипулирование внуренними (ментальными) репрезентациями типа фреймов, планов, сценариев, моделей и других структур знания» (18, 95).
Орыс тіл біліміндегі когнитивтік бағыт.
Когнитивтік лингвистика ғылымның өзектілігі мен оның күрделі проблемаларын шешу мәселесі ресейлік ғалымдардың назарынан тыс қалған емес. Орыс тіл білімінде когнитивтік лингвистикасының өзекті мәселелері ЮА.Сорокин, Е.С.Яковлева, Е.С.Кубрякова, В.Н.Телия, А.Вежбицкая, А.П.Бабушкин, С.А.Аскольдов, А.Н.Баранов, Д.О.Добровольский, Н.Д.Арутюнова, Н.Н.Болдырев, Э.Д.Попова, И.А.Стернин, Ю.Н.Караулов, В.А.Маслова сияқты зерттеушілердің еңбектерінен көрініс табады. Аталған зерттеу еңбектерінде когнитология ғылымының нысаны, бағыт-бағдары, зерттелуі, негізгі ұғымдары сөз етіледі. Бұл еңбектерден танымдық ғылымдар ішінде тілдің атқаратын функциясының жоғары екендігін көруге болады. Когнитивті лингвистика ғылымы бүгінгі таңда орыс тіл білімінде бір жүйеге түскен ғылым саласы болып табылады.
Ресейлік зерттеулердің бастамасын 1985 жылы В.И.Герасимов ұсынған шолу, 1988 жылы баспадан шыққан, тілдің когнитивті аспектілеріне арналған «Шетел тіл біліміндегі жаңалық» атты жинақтың XXIII томын құрды. 1995 жылы жазылған орыс тіліндегі аудармалардың топтамасы да «Тіл және интеллект» деп атала отырып, тіларалық ғылыми байланыстың дамуына септігін тигізгендігіне де көз жеткізуге болады. Танымдық тіл білімінің дамуына ерекше үлес қосқан еңбектердің қатарында В.А.Маслова, Ю.С.Степановтың 1997 жылы шыққан «Константтар: орыс мәдениетінің сөздігі» зерттеулері көпке үлгі болғандығын айтуға болады. «Бұл орыс мәдениетінің құндылықтарын жинақтаған алғашқы еңбек бола тұра, концепт, констант ұғымдарының да мәдени негіздерін талдауға бағытталған аса қажет зерттеулер қатарын құрады. Мұнда «Шындық», «Заң», «Махаббат», «Сөз», «Жан», «Ғылым»... константтарының сипаттамасы нақтыланып берілді» дей келе, автор маңызды лексикографиялық жұмыстарға 1996ж. Е.С.Кубрякованың редакциясымен жарық көрген «Когнитивті терминдердің қысқаша сөздігін» жатқызады.
Сонымен қатар Ресейде «Новое в зарубежной лингвистике» журналының XXIII томында тілдің когнитивтік аспектісі туралы мақала жарық көрсе, 1995 жылы «Константы словарь русской культуры» атты еңбегінде орыс мәдениетіндегі правда, закон, любовь, слова, душа, грех, наука, интеллигенция, огонь, вода, хлеб, писменность, число, время, родная земля, дом, язык сияқты концептілер қамтылып, когнитологиялық негізде талдау жасалады. Адам іс-әрекеттерінің негізгі ерекшеліктерін түсінуде когнитивистер тілді кілт ретінде қолданады.

Тіл мен таным


Адамзат баласының бітім-болмысының универсалды сипатын айқындау тіл мен танымның да жалпыға ортақ өзгеше мүмкіндіктерін сұрыптауға көмектесті. Барша адам баласына тән биоанатомиялық негіз оның ми мен жүйке, сана мен жады құрылыстарының жұмыс істеу принциптерін айқындауға, адамзат атаулының ерекше қабілеттерін жүйелі зерттеуге әрі табиғи болмыс-бітімнің әлеуметтік-мәдени ұстанымдар негізінде даму, өзгеру, толығу бағыттарын талдап көрсетуге себепкер болар маңызды факторлардың қатарына жатады. Сол себептен де жалпы тіл білімі көлемінде ғалымдар адамның ерекше жаратылысын оған қызмет ететін тіл, сана, таным, қоғам ұғымдары арқылы зерделеуді, олардың ішкі-сыртқы сабақтастығын әрқайсысының динамикалы қозғалысынан өрбітуді, сол арқылы жеке мен жалпының байланысы негізінде диалектиканың даму заңдарын сұрыптауды мақсат еткендігін де аңғаруға болады. Бүгінгі жербетіндегі қоғамдық құбылыстардағы интеграция процесі тіл ғылымы ғылымдар тоғысында, олардың аса маңызды жетістіктері негізінде күрделі ғылыми мәселелерді шешуге талпыныс жасауда, ең бастысы, лингвистика адамның барша әрекетінің көзі ретінде тіл мен оның құралдарын қарастыру қажеттігін дәйіктеп көрсетуде. Тіл адамның сыртқы ортамен байланысынан туындайтын, соған ұқсастыра әрекет еткен адам қабылдауынан сусындайтын өзгеше құбылыс екенін ғалымдар ерте кезден байқағандығын бүгінгі күні тарихи еңбектерден көруге болады. Негізінен олар сөз табиғатын зерттей отырып, оның номинативтік қызметін түсіндіруде тіл пәлсапасының маңызды тұжырымдарын басшылыққа алған болатын. Осы аталған проблемаларға қатысты Э. Оразалиева өз ойын былайша қорытындылайды. «Ат қою мен ұқсату арқылы да жаңа ұғым, жаңа сөз жасала отырып, адамның танымдық қорына енген үлгілер мен бейнелер, мағыналар мен типтік формалар саны көбейе түсетінін дәлелдеген. Демек, адам әрекетінің когнитивті аясы екі категорияға байланысты болады:
-интеллектуалы «жоғары» категорияларға немесе білім, сана, ойлау, ақыл, шығармашылық, қиял, арман, символ секілді ұғымдардың ерекше ұштасқан әлеміне;
- «күнделікті тіршілік» категорияларына, яғни практикалық әрекет, естелік, көңіл бөлу, тану, қабылдау ұстанымдарын басшылыққа алар іс қимылдар тізбегіне (Алефиренко, 196) - деген тоқтамға келе отырып когнитивті лингвистика ғылымының негізгі тұжырымдарын былайша көрсетіп береді: 1) когнитивті лингвистика-тіл білімінің маңызды саласы; 2) Тіл мен таным арақатынасы-танымдық лингвистика нысаны; 3) Тілдік заңдылықтар мен танымдық ұстанымдардың адам санасында, жадында көрініс табуы; 4) Когнитивті лингвистиканың өзге ғылымдармен байланысты - деген қорытындыға келеді (27, 22).
"Адам және тіл" мәселесі соңғы уақытта мол өзектілікке ие болуда, өйткені тілді адекватты зерттеу ісі оның өз шеңберінен шығып, табиғат пен қоғамдағы белгілі бір ортада өмір сүретіндердің тобына жүгінгеңде ғана толық мүмкіңдікке ие болмақ, себебі, тіл адамды адам ететін айрықша белгі, ерекше нышан қасиетімен танылады.
Әрине, тіл пайда болған күннен бастап адамзаттың өз ойын басқаға жеткізу үшін тәжірибесі жинақталып, қалыптасады. Осымен байланысты оған қатысты тілдік бірліктердің табиғатын тануда тілдің когнитивтік, танымдық қызметі ерекше. Бұл - тілдік ойды жарыққа шығару құралы. Когнитивтік қызметтен тілдің танымдық, затдеректік (денотаттық), референция қызметтері бірге танылады. Яғни тіл - тек заттың, ұғымның аты ғана емес, ол халықтың белгілі бір кезеңдегі таным-түсінігі, өмір салтының жемісі, сол себепті тіл әлеуметтік құбылыстардан тыс өмір сүрмейді. Адам баласының таным-түсінігі толысқан сайын өзіне дейінгі ұрпақтар жасаған мұраларды зерттеп, игеруге деген қажеттілігі арта түспек. Бүгінгі таңдағы ғылыми түсінік ғылымды да, әдебиет пен өнерді де, ел-жұрттың білім өрісі мен сауатын да, ойдың оралымдылығы мен тілдің құнарын да "адам және тіл" аясына сыйғызады. Сондықтан да "адам және тіл" когнитивтік лингвистиканың өзекті мәселесіне айналып отыр. "Когнитивтік лингвистика лингвистикалық зерттеулердің шеңберін маңызды түрде күшейте түсетін қазіргі антропоцентристік парадигмалар шегіндегі когнитивизм негізінде туындайды" [26,9].??
Когнитивтік лингвистика, метафораның когнитивтік теориясы — ғаламның тілдік бейнесінің концепциялары тұрғысынан тіл білімін жүйелеу мен құрудың құралы. Жеке бір сөздің толық концептісі оның семантикалық және ассоциациялық өрісі арқылы айқындалады. Сөздің семантикалық және ассоциациялық өрісінде пайда болған ақпараттың құрамында когнитивтік және прагматикалық мағыналардың элементтері бейнеленеді. "Когнитивистикада адам когнициясына басты назар аударылады, көзге түскен іс-әрекеттер ғана емес, олардың ментальдік репрезентациялары, ішкі көріністері, модельдері, тілдегі когнитивтік модель ретіндегі символдың түрлері, адамның стратегиялары да зерттеледі, олар білім негізінде іс-әрекеттерді туындатады, яғни адамның когнитивтік дүниесі, оның жүріс-түрысы мен қызметі бойынша белсенді түрде қатысуымен жүргізіледі, адам қызметінің мотивтері мен қондығырларын қалыптастырады, нәтижесін болжайды" [26,7].
Когнитивтік лингвистика дегеніміз - "тілдегі жалпы когнитивтік механизм ретіндегі когнитивтік құрал, яғни ақпаратты репрезентациялау, кодтау және трансформациялауда маңызды рөл атқаратын таңбалар жүйесі ретінде қарастырылатын лингвистикалық бағыт" /22,53].
Когнитивизм туралы В.А.Маслова өз пікірін төмендегіше көрсетеді: «В когнитивистике главное внимание уделяется человеческой когниции, исследуются не просто наблюдаемые действия, а их ментальные репрезентации (внутренние представления, модели), символы, стратегии человека, которые и порождают действия на основе знаний; т.е. когнитивный мир человека изучается по его поведению и деятельности, которые протекают при активном участии языка, образующего речемыслительную основу любой человеческой деятельности - формируя ее мотивы и установки, прогнозируя результат» [26,7].?? Когнитивизмнің басты зерттеу нысаны - адамзаттық когниция. Оны тек байқау, бақылау әдістері арқылы зерттеп қоймай, ментальді репрезентациясын (ішкі танымын), білімнің негізін қалыптастырған символдар мен адамның стратегиялық таңбаларын айқындау керек. Демек адамның когнитивтік әлемі оның ойлау әрекеті мен тәжірибесі арқылы анықталады. Адамның бұл әрекетін танытатын негізгі белгі - оның тілі. Себебі тіл - адамның қабылдаған ақпаратын өңдеп санада реттеген нәтижесін көрсететін құрал.
Тілді когнитивтік тұрғыдан қарастыратын болсақ, тіл объективтік дүниені танушы, оны тілдік формада бекітуші, оның репрезентациясын (ішкі танымын) көрсетуші және сонымен бір уақытта дүниені тану мен игерудің құндылық, тәжірибесін қабылдаушы ретінде қарастырылады. Тілдің осындай когнитивтік ерекшеліктері негізінде когнитивтік тізбектегі тәуелділік пен арақатынастарды орнату мәселелері «ақыл-ой (сана) - тіл - ішкі таным (репрезентация) - концептілеу (концептуализация) - категориялау – кабылдау» [28,31 түрінде танылады].??
Тіл когнитивтік құрылымдардың ментальдік көрінісі көмегімен дүние туралы білімдерді концептілеу мен категориялау процесінде дүниенің ғаламдық бейнесін көрсетіп, түсіңдіріп береді. Концептілер жүйесі немесе концептілік жүйе дүниенің концептілік, тілдік суретінің негізгі бөлігі, рубрикатор болып табылады. Тілдік таңбалар мен оның ішіндегі бейнеленген мәдени, әлеуметтік шындық құбылыстар арасындағы қатынас когнитивтік семантика мен вербалдану тәсілдерінің, мазмұнын құрайды. Сөйтіп тіл мен тілдік бірліктерді зерттеуден когнитивтік лингвистика тілдік шеңбер аумағынан шығып, жеке когнитивизмнің адам санасындағы ментальдік процестерді басқаратын жалпы принциптері туралы ғылымның мәселелерімен, сондай-ақ лингвонәдениеттану, этнолингвистика, психология, философия пәндерімен байланысады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет