Туркестанская Библиотека - www.turklib.ru – Turkistan Library 95
тəлтіректеп еріп келеді.
Кемпір қобдишаны өзі ашуға батылы бармай, малынған жеңінің ұшынан
жылтырап көрінген кішкене кілтті мұп-мұздай қып ханымның қолына
ұстата берді.
Ханым абдырап қобдишаның алқасы қайда екенін таба алмады. Кемпір
амалсыз өзі ашуға мəжбүр болды. Ашты да қобдиға қарарын, ханымға
қарарын білмей, алақтап тұрып қалды.
Ханым көпке дейін көзі бұлдырап ештеңе кере алмады, Бір уақыттарда
барып қобдишаның ішінде ағараңдап жатқан əлденелерді аңғарды.
Назарын қайта жиып қарап еді, қобдишаның ішінде саудырап жатқан
монтаны меруерт, жанарыңды еркелете сипайтын биязы өң, алуан түсті
ақық, ойнақы маржан, көзіңді алмас қылыштай тіліп түсетін өткір, өңі
суық яспис, ұяла жылтырайтын ақшыл-сарғыш жақұттар, күздің шайдай
ашық аспанындай тап-таза, мұп-мұздай көкпеңбек сапфир, күлім көз
зүбаржат, нарт қызыл лағыл, жан-жағындағы езге тастардың өңіне орай
құбылатын су тамшысындай мөлтең-мөлтең шамир, бұрын-соңды бұл
көрмеген, атын білмейтін бірінен-бірі өткен тағы да талай асыл тастарды
көрді. Солардың ең үстінде, осынау əр алуан, түске құбылған кішкене
көлшіктің бетінде жүзіп келе жатқандай боп бір тал аппақ гүл жатыр.
Ханым əрінен, əдемі хош иісінен əлі арыла қоймаған нəзік аппақ гүлді
қолына алып, бауырына басты. Жаңа ғана өне бойын буып тұрған темір
арқан өз-өзінен тарқатылып жүре берді, таң атқалы мұңлы жанарына
іркіліп тұрған ащы жас көктемнің жылы жаңбырындай боп төгіп берді.
Зəбір мен сағыныштан қабына-қабына, кеуде сүйегіне жабысып қалғандай
зіл тартқан жүрегі қайтадан ойнақтай жөнелді.
Ханым қасында қызметші əйел тұрғанын да, оның алдында бала қыз
құсап, көзі бұлаудай боп жылап отырғанының ерсі екенін де елең етпеді;
манадан бері сүлдері құрып, сүлікше сорып жатқан əзірейіл үрей бұның
көңілінен мысық табандап жылыстай бастады. Хақ тағала, Ұлы əмірші
бұны əлгінде ғана билеп алған қапырық қасіретті, сүйек-сүйегін түгел
ұнтап бара жатқан тұңғиық мұңды дер кезінде көріпті. Бұның жанын
жан-жақтан жапатармағай талап жатқан сағыныш пен жалғыздықтың,
күдік пен күмəнның, шамырыққан намыс пен наланың қорқау
төбеттерінің ырылы оның да құлағына жетіпті. Жер түбінен ат шаптырып,
адам жұмсап сый жіберіпті.
Ханым қолындағы аппақ гүлді шөп-шөп сүйіп алды.
Қызметші кемпір ханымның жан-күйін айтқызбай-ақ түсініп тұрса керек,
оңаша қалдырып шығып кетті.
Ханым төсегіне жантайды. Қобдишадағы асыл тастарды қолына алып
көре бастап еді, аппақ омырауының үстіне ақ, сары, көк – əр алуан көп
тамшы саудырай төгіліп, дүниедегі тілмен айтып жеткізе алмас ең бір
ғажайып көркем тамшылардың жаңбыры селдетіп қоя бергендей болды.
Ханымның көкірегіндегі əлгі бір қапырық қасірет жаңбырдан соңғы
аспандай əбден ашылыпты. Енді оның орнын көл дария боп шалқып қоя