Әдеби kz cәйгүліктер Повесть Қабдеш Жұмаділов 24. 03. 2013 1 Әдеби kz



Pdf көрінісі
бет3/9
Дата03.03.2017
өлшемі1,2 Mb.
#6075
1   2   3   4   5   6   7   8   9

III 
Бәрі  түгел  тұрмағаны  болмаса,  Ағыбай  құдайға  бала  бермедің  деп 
өкпелемейді.  Күлайша  байғұс  баланы  табудай  -  ақ  тапты  -  ау,  бірақ  көшіп  - 
қонып  жүргенде,  соның  біразы  кішкентай  кездерінде  шетінеп  кетті.  Аман 
қалғаны  —  үлкен  қызы  Қайынжамал  мен  кенжесі  Айдар  тұғын. Жалғыз  ұлы 
әбден азамат болып, ат жалын тартып мінгенде, осыдан бес-алты жыл бұрын 
машина  апатынан  қаза  тапты.  Ағыбайды  қатты  қажытып,  қартайтып  кеткен 
де,  сол  ұлдың  қайғысы.  Адам  баласы  басқа  түссе  қандай  қасіретке  болсын 
шыдайды  екен  ғой.  Өлгеннің  артынан  өлмек  жоқ  деп,  қу  жаны  кеудеден 
шықпаған соң, арсыздықпен қалқақтап жүріп жатқан жайы бар... 
Айдар  әскерге  барып  келген  соң,  жылқы  бағуға  зауқы  соқпай,  совхозға 
шофер  болып  орналасқан.  Шоферлікті  армияда  жүргенде  үйреніп  қайтқан 
екен,  сол  кәсібін  өзгерткісі  келмеді.  Қаршадайынан жылқының  арасында  ат 
құлағында  ойнап  өскен  -  ақ  бала  еді,  құдай  көк  темірге  құштар  қып  қойған 
соң не шара! Ағыбайдың өзі де, осындағы басшылар да «жылқыда қал» деп 
қанша қолқалады. Бірақ Айдар иліккен жоқ: 
—  Қазір  бұрынғыдай  емес,  жылқыда  да,  жылқышыда  да  қадір  қалмай 
барады.  Неде  болса  өз  несібемді  осы  төрт  дөңгелектен  іздеп  көрем,  —  деп 
райынан  қайтпай  тұрып  алды.  «Шығасыға  иесі  басшы»  деген  сол,  әнеки. 
Әлде  соның  бәрі  байғұс  баланың  дәм  -  тұзы  таусылып,  өмірінің  тым  ерте 
үзілеріне  көрініп  тұрды  ма  кім  білсін.  Ағыбай  кейде  өзімен  -  өзі  оңаша 
қалғанда:  «Егер  Айдар  сонда  машинаға  үйір  болмай,  өзіммен  бірге  жылқы 
бағып жүрсе, өлмей тірі қалар ма еді, қайтер еді» деп те арман қылады. 
Бұл  күнде  артымда  қалған  ұрпақ  деп  дәтке  қуат  етеpi  —  тұңғыш  қызы 
Қайынжамал  мен  содан  туған  жиендері  ғана.  Қайынжамалдың  өзі  де  бала 
кезінде  кемпір  -  шалдың  бауырында  өсіп,  бұған  қарындас  есебінде 
саналатын.  Кейін  ғой  шындыққа  көшіп  жүргендері...  Қазір  ол  да  қырықтың 

41 
Әдеби KZ 
жуан  ішін  аралап,  самайына  ақ  түсіп,  саркідір  тартып  қалды.  Жасында  бала 
басты  болып  үйде  отырды  да,  күйеуі  өлген  соң  күнкөріс  қамымен  сиыр 
фермасына жұмысқа тұрған-ды. Қазір әрі сауыншы, әрі күзетші ретінде, ауыл 
шетіндегі сиыр базында жалғыз үй отыр. 
Көптен көріспеген Ағыбайды қызы Қайынжамал да, жиендері де құрақ ұшып, 
қуана  қарсы  алды.  Ерқанат  дейтін  он  екілер  шамасындағы  бала  алдынан 
шығып атын байлап, қалған кішкентайлары да етегіне оралып, жүргізер емес. 
Биыл  тоғызыншы  бітірген  Сайраш  дейтін  қыз  да  тайраңдай  жүгіріп  келіп, 
мойнына асылып жатыр... Ағыбайдың қарап тұрып көңілі босап, ет - бауыры 
елжіреді. Жайлаудан келген кісіде балаларға лайық қайбір базарлық болсын
қанжығасындағы  қоржынды  шешіп,  торсықтағы  қымызын,  Күлайша  беріп 
жіберген түйіншектерін үлестірді. 
Үлкен-кішінің  өрекпіген  жүздеріне  қарағанда,  бұл  үйде  бұдан  бұрын  да  бір 
жаңалық  болған  сияқты.  Кешікпей  оған  да  көзі  жетті:  Бүгін  түскі  автобуспен 
Алматыдан  Қайынжамалдың  үлкен  ұлы  Ержан  келіпті.  Ағыбай  сәлем-
сауқатын  таратып,  аулада  абыр  -  сабыр  болып  жатқанда,  іштен  қол-аяғы 
серейген ақ құба арық жігіт шығып, дауыстай сәлем берді. 
— Ассалаумүғаликум, нағашы! 
—  Аликсалам!  —Ағыбай  оның  бетіне  таңдана  қарап,  дауыстап  жіберді.  — 
Ержансың ба, ей? Мынау — сол ма, шынымен? Танымай қала жаздағанымды 
қарашы.  Шырағым-ау,  өзің  жүдеп  кетіпсің  ғой...  Ауру  -  сырқаудан  амансың 
ба, әйтеуір? 
Жас жігіт қан-сөлсіз қаймыжықтай ернін жиырып, салқын жымиды. 
—  Ауру  десеңіз  де,  сау  десеңіз  де  бола  береді,  нағашы.  Қазір  ауру  мен 
саудың арасы бәлендей алшақ емес қой... 

42 
Әдеби KZ 
Ағыбай  оның  жауабына  қанағаттанбай,  қасындағы  Қайынжамалға  қараған. 
Қызы  бұған  мәністі  көз  тастап:  «Оның  әңгімесі  көп,  кейін  жата-жастана  біле 
жатарсыз» дегенді ишарамен ұқтырды. Сонан соң сөз төркінін кілт өзгертіп, 
кіші ұлы Ерқанатқа бұрылды да: 
—  Ал,  балам,  неге  тұрсың?  Уәделескендей  бүгін  ойдан-қырдан  жиналып 
қалған екенбіз... 
Қозыларыңның бірін алып келіп, атаңнан бата сұра, — деді. 
Ерқанат екі айтқызатын емес, ауылдың іргесінде жайылып жүрген он шақты 
ұсақты әне- міне дегенше қораға тырқыратып қуып келді. Ағыбайдың «әуре 
болып  қайтесіңдер,  кейін  бір  қажеттеріңе  жарар»  дегеніне  Қайынжамал 
қарамай,  құйрығы  шұбалаңдаған  семіз  ақ  марқаға  зорлап  бата  жасатты. 
Ағыбай  марқаның  терісін  сыпырып,  боршалап,  қызы  ішек  -  қарын  аршып, 
екеуі жер - ошақ басында бір сәт оңаша қалған-ды. Қайынжамал әйелге тән 
сөзуарлықпен үлкен ұлының жағдайын осы аралықта баяндап үлгерді. 
Ержан  ата-ананың  тұла  бойы  тұңғышы,  алақанға  салып  әлпештеп-ақ  өсірген 
баласы  болатын.  Әжесінің  қолында  шалдуарлау  өскеніне  қарамастан,  оқуға 
алғыр,  зерек  болды  өзі.  Орта  мектепті  бітірген  соң,  Алматыдағы 
пединституттың  сурет  факультетіне  түсіп,  оны  ойдағыдай  аяқтап  шықты. 
Жақсы  оқып  көзге  түскенінен  болар,  оқуын  аяқтаған  соң,  сол  институттың 
өзіне  мұғалім  етіп  қалдырған.  Қазақтың  қанына  сіңбеген  оқшау  өнерді  қуса 
да алғашқы аяқ алысы жаман болған жоқ. Салған суреттері мақталып, газетке 
де  шығып  жүрді...  Алайда  не  қырсық  жабысқанын  кім  білсін,  осы  бала  аяқ 
астынан бұзылды. 
Араққа салынып ішіп кетті. Өзі сияқты бір суретші қызға үйленген тәрізді еді, 
жыл  уағына  жетпей  онымен  де  ажырасып  тынды.  Сөйтіп  жүргенде 
қызметтен  босап  қалды.  Ақыры  науқасқа  шалдығып,  өткен  күзде 

43 
Әдеби KZ 
маскүнемдерді  емдеп  -  сауықтыратын  жерден  бір  -  ақ  шыққан-ды...  Сол 
жақта жылға жуық емделіп, үйіне келген беті осы екен. Енді не істемек? 
Байғұс баланы алда не күтіп тұр? Осыны ойлағанда, Қайынжамалдың ішкен 
асы бойына тарамай, басы әбден қатып отырған көрінеді. 
Туған  жиені  басында  тәп-тәуір  бастағанымен,  ұшқыр  аттай  тез  болдырып, 
кейінгі  жылдары  жолы  болынқырамай  жүргенін  Ағыбай  да  білетін-ді.  Бірақ 
оны дәл мына дәрежеде құлдырап кетті деп ойламаған. Қасында қадағалап 
отырмаған  соң,  үлкен  қалада  кімнің  не  істеп  жүргенін  бұл  қайдан  білсін. 
Соңғы  рет,  алғаш  оқу  бітірген  жылы,  сақалын  қауғадай  ғып  өсіріп,  жайлау 
үстінде  бір  келіп  қайтқаны  бар.  «Мұның  не?»  деп  сұрағанда,  жиені:  «Біздің 
суретшілерге сақалсыз жүруге болмайды, Сондай қаулы бар» деп түсіндірген. 
Содан  бері  Ержанды  көріп  отырғаны  осы...  Құдайдың  әдейілеп  жіберген 
ауруы болса бір сәрі, араққа салынып дертке шалдықты деген не пәле тағы?! 
Ендігі  жетпегені  осы  еді.  Иә,  бұл  да  қайбір  жақсылық  дейсің.  «Сорлының 
аузы  аққа  тисе,  мұрны  қанайды»  дегеннің  кері  де  баяғы.  Ағыбай  қызына 
ештеңе айтпай, іштен тына терең бір күрсінді де, орнынан тұрып кетті. 
Бұл  кезде  күн  де  ұясына  кіріп,  күндізгі  аптаптың  беті  қайта  бастаған. 
Суықтөбе жақтан жанды жадыратар жібектей жұмсақ самал есіп тұр. Ағыбай 
жаңағы  бір  жайсыз  әңгіменің  әсерінен  арылғысы  келгендей,  үй  іргесіндегі 
төбешікке көтерілген. Сол жерде жасынан мал баққан адамның дағдысымен, 
айналасына көз салып біраз тұрды Мына бір бұлақ бойындағы саздауыт көк 
өзектен басқа төңіректің бәрі сап-сары ала егін. Таңдай - таңдай егіс алқабы 
жоталардан  бері  асып  түсіп,  ауыл  шетіне  дейін  сұғынып  жатыр.  Анда-санда 
егін  арасындағы  айдау  жолмен  арттарына  будақ-будақ  шаң  қалдырып, 
машиналар зулап өтеді. 

44 
Әдеби KZ 
Ағыбай енді ғана байқады: батыс белдеуден сұлудың қиғаш қасындай иіліп, 
жаңа Ай  туыпты Шілде  артта  қалып,  сарша  тамыздың  да  келіп қалғаны  ғой. 
Жарықтық  тым  шалқақ  жатыр  екен,  бұл  ай  да  жаңбырсыз  өте  ме,  қалай? 
Қазір  егіннің  болары  болды,  жиын  -  терін  біткенше  күннің  ашық  тұрғаны 
жақсы.  Ал  малшыға  аракідік  жаңбыр  жауып,  шөп  қурамай,  жердің  жасаң 
тартқаны  керек.  Жалпы  ауа  райы  жөнінде  малшы  мен  егіншінің  тілегі  бір 
жерден шыға бермейді... Кейде екі оттың арасында қалып, тәңірден қандай 
тілек  тілеріңді  де  білмейсің.  Дегенмен  Ағыбай  ескі  ғұрып  бойынша  қол 
жайып, жаңа Айға қарап бата жасады. 
— Жаңа айдан жарылқа, ескі айдан есірке. Құдайым ел іргесін аман қылып, 
не тілеген тілектің бәріне жеткізе бер. Аллауакбар! 
Дәл  осы сәтте желке тұсынан аяқ дыбысы білінгендей болған. Бұл бұрылып 
үлгіргенше: 
— Нағашы, не істеп тұрсыз? Мына Айды да сояйын деп тұрған жоқсыз ба? — 
деген Ержанның дауысы естілді. 
Жас  жігіт  ақсия  күліп,  жақындап  келеді.  Бұтына  тыртиған  тар  шалбар  киіп 
алған екен, онысы етсіз ашаң бойын ұзартып, тіпті сырықтай қып  көрсетеді. 
Ержанның өрескел сөзіне Ағыбай тіксініп қалды. 
—  Тәйт  ары,  қайдағыны  айтпай!—деді  жағасын  ұстап  —  Жердің  бетін 
тауысып, енді аспандағы Аймен қалжыңдасайын дедіңдер ме? 
—  Әй,  нағашы  -  ай,  мамам  екеулерің  жоқтан  өзгені  ырым  қыласыңдар  да 
жүресіңдер. 
Сіздер  үшін  Ай  да,  жер  де,  өсіп  тұрған  шөп  те,  қыл  аяғы  төрт  аяқты  малға 
дейін қасиетті. 

45 
Әдеби KZ 
Айдың не нәрсе екенін айтайын ба сізге? Ол — бар болғаны үйіліп жатқан күл 
төбе... 
— Қой, шырағым. Текке күнәға батпа. 
—  Түк  те  күнә  емес,  нағашы.  —  Ержан тырқылдап  күліп алды.  —  Сіз  естіген 
жоқсыз  ба,  американдықтар  Айға  әлдеқашан  барып  келген.  Телевизордан 
көріп  отырдық:  сіздердің  аялап  жүрген  айларыңыздың  үстінде  астроновтар 
толарсақтан тойтаңдап көшіп жүрді. 
— Қой дедім ғой мен саған. Осы сенің Айдан басқа сөзің құрып қалды ма? — 
деп  Ағыбай  зекіп  тастады.  —  Айда  нең  бар,  онан  да  жердің  әңгімесін 
айтсайшы... Өзің не істеп жүрсің? Семья, қызмет жағдайың қалай? Соны айт. 
—  Әне,  кезекті  тергеу  басталды,  —  деді  Ержан  әлі  қызылы  тарап  болмаған 
Көкжиекке қарап тұрып. — Соны білу соншалық қажет пе сізге? 
— Қажет... өте қажет. 
— Мен сізден не істеп жүргеніңізді, кемпіріңізбен қалай тұратындарыңызды 
сұраған жоқпын ғой. 
—  Қажет  болса  сұра.  Неге  сұрамайсың?  Кәрі  нағашыңның  қалай  күн  көріп, 
немен тіршілік етіп жүргенін білгің келмей ме? 
—  Бәрі  белгілі,  несін  сұраймын?  —  деді  Ержан  қырыстанып.  —  Еленбай 
қалған ерлердің бірісіз... Жылқысыз жерде тұра алмайсыз. Даланың ең соңғы 
серісі,  көшпенділердің  құрып  бара  жатқан  сарқытысыз.  Баладан  жалғыз 
қызыңыз, одан тараған жаман жиендеріңіз бар. 
Өзіңіз  қара  қосыңызды  жықпай,  қысы-жазы  жылқының  соңында  көшіп-
қонып жүресіз... 

46 
Әдеби KZ 
—  Жә  -  жә,  тілің  мен  жағына  сүйенбей  тұра  тұр,  —  деп  Ағыбай  оны  бөліп 
кетті.  —  Естіп  жатырмыз:  әйеліңмен  ажырасып,  қызметтен  қуылып,  үйсіз-
күйсіз көшеде қаңғырып қалған көрінесің... Рас па осының бәрі? 
— Рас болғанда қандай! Дәл үстінен түсіп тұрсыз, — деді Ержан жүзі жайнап. 
—  Мені  құттықтауыңызға  болады,  нағашы.  Қазір  жауапкершіліктің  бәрінен 
босап,  нағыз  еркіндікке  шығып  тұрған  кезім.  «Мынау  шын  айтып  тұр  ма?» 
дегендей Ағыбай оның бетіне аңтарыла қарады. 
—  Оу,  шырағым-ау,  адамда  күнкөріс,  кәсіп  дейтін  болмайтын  ба  еді?  Ана 
отырған  шешеңді,  шиеттей  бауырларыңды  кім  асырайды?  Әлде  сомадай 
болып солардың мойнына мініп отырмақсың ба? Өзің артыңа қарамай арақ 
ішетін  көрінесің...  Сонда  ақшаны  кім  дайындап  тұрады  саған?  Ағыбай 
манадан  бері  арақ  жағына  соқпай  іркіліп  тұр  еді,  жаны  күйгенде  оны  да 
айтып салды. 
Ержан мұның бетіне бірінші рет бұрылып қарады. 
— А - а, арақты айтасыз ба? Ол  жөнінде уайымдамай  - ақ қойыңыз, арақты 
тастадым,  —  деді  барынша  байсалды  болуға  тырысып.  —  Ал  күн  көріске 
келетін  болсақ,  ешкімге  алақан  жая  қоймаспын...  Қорықпаңыз,  нағашы, 
сізден алатын қырық шұбар тайымды да дауламай-ақ қойдым. Егер дүниенің 
кілті ақшада тұрса, ол жағы менде әлі-ақ жеткілікті болады. 
— Ойдойт дегенің! Көмулі жатқан қазынаң бар ма еді бір жерде? Бұл күнде 
еңбексіз соқыр жармақ та түспейді қолыңа. Ұрлық қылсаң өлесің, шөп жесең 
қақаласың... 
— Ұрлық та істемеймін, шөп те жемеймін, кәдімгі өзіңіз айтқан еңбекпен - ақ 
шайқаймын  дүниені!—деді  Ержан  екіленіп.  —  Бірақ  сіздерше  емес,  әрине. 
Мен  енді  тірлікті  мүлде  басқаша  құрамын.  Ақымақ  басым,  әу  баста  мына 

47 
Әдеби KZ 
сіздерге  еліктеймін  деп,  өмірде  де,  өнерде  де  ескі  жолмен  кетіп  шатастым 
ғой мен. Көріп отырсыз, одан түк те шықпады... 
Емделіп жатқан алты айда біраз шындыққа көзім жетті. Маған классика қол 
емес екен, оның заманы өтіпті. Өнерді қастерлеу, талантқа табыну дегеніңіз 
ескірген  ұғым  болып  шықты...  Ендеше  маған  өкпелемесін,  май  сұрасаң— 
міне, құйрық! Мен енді бұл жұрттың өз бидайын өзіне қуырып беремін. 
Ержан тоқтамай ұзақ сөйледі. Ағыбай оның өрекпіген сөзінен ештеңе түсіне 
қойған жоқ. 
Классикамен қош айтысқаны қалай? Талантты неге сыйламайды? Кімдердің 
өз  бидайын  өзіне  қуырып  бермек?  Байыбына  бара  алмады.  «Осы  бала  әлі 
есін  толық  жия  алмай,  шатысып  тұр  -  ау,  шамасы,  —  деді  ішінен.  Араққа 
қарсы неше түрлі дәрілер ішкізді ғой бұған. Сол дәрінің уыты оңайшылықпен 
қайта қоя ма?» 
Бірақ сырттай сыр берген жоқ: 
—  Жарайды,  тірі  болсақ  оны  да  көрерміз,  —  деді  әңгімені  соза  бергісі 
келмей. — Әйтеуір, ел қатарынан қалмай, адам болып шықсаң болды да. 
— «Адам болу» жағы қалай болар екен?.. Ал енді қатардан қалмау, мал табу 
дегенге келгенде қамшы салдыра қоймаспын, — деді Ержан. 
Ақшам  үйіріліп,  айналаға  кеугім  түсе  бастаған.  Бейуақта  төбе  сақтағысы 
келмей, Ағыбай үйге қарай бет алды. Ержанның сөзі таусылар емес, қасынан 
екі елі қалмай сөйлеп келеді. 
—  Мәселен,  мына  сізді  алайық,  —  деді  ол  үйге  жақындай  бергенде.  —  Елу 
жыл  бойы  етегіңіз  далаңдап  жылқы  бақтыңыз.  Қысы-жазы  жаныңыз  бір 
рақат, тыным таппай, мал соңынан жүргеніңіз... Сонда, айтыңызшы, не пайда 
көрдіңіз сол жүрістен? Ішкен қымызыңыз бен жеген етіңізді мақтан етесіз бе? 

48 
Әдеби KZ 
Одан не шықты? Іштіңіз, жедіңіз — қалды. Қараңызшы өзіңіз: не мініп жүрген 
машинаңыз жоқ,  не  жұрт  қатарлы  салып  алған  үйіңіз  жоқ. Ертең  жылқыдан 
кеткенде, қайда барып паналайсыз? Көңіліңізге келмесін, көшеде қаңғырып 
қалатын мен емес, мына сіз боласыз түбінде... «Қап, мына балаға ақыл айтам 
деп, ақыры өзім пәлеге қалдым-ау, — деп ойлады Ағыбай. 
—  Мынау  әбден  шатасқан  екен...  Сірә,  осы  баланың  әлі  де  бір  емдеуі  кем 
болар». 
—  Маған  ақыл  үйретіп  қайтесің?  Біз  осы  бетімізбен  кеткен  адамдармыз,  — 
деді  үндемей  қалуға  төзімі  жетпей.  —  Жастар,  енді  сендер  адаспай,  түзу 
жолға түссеңдер болғаны да... 
— Айтып отырмын ғой, сіз бәрінен де кеш қалған, тым ескілікті адамсыз, — 
деді  Ержан  сөзін  онан  ары  сабақтап.  —  Ғайыптың  ісімен  сақталып  қалған 
баяғы  аңғал,  ашық  ауыз,  ұзын  етек,  кең  қоныш  көшпендінің  өзісіз...  Қайта, 
осы  уақытқа  дейін  біреулерге  жем  болып  кетпей,  аман  жүргеніңізге  таң 
қаламын  да.  Мына  даланың  бір  қуысында,  жылқымен  бірге  елеусіз  қалып 
қойғансыз  ғой,  сірә...  Тарихшылар  мен  археологтарды  айтам  -  ау.  Көне 
заманның  көшпелі  қазағын  зерттеу  үшін,  жер  қазып,  архив  ақтарып  әуре 
болмай - ақ, мына сізді келіп көрсе, жеткілікті емес пе?! 
Ағыбай  көзі  көріп  тұрып,  науқас  жігітпен  сөз  таластырып  жатқысы  келмеді. 
Мазасыз  жиенінің  мылжыңынан  құтылу  үшін,  аяғын  жеделірек  басып,  үйге 
кіріп кетті. 
 
 

49 
Әдеби KZ 
IV 
Үй іші тастай қараңғы. Оң жақ қабырғадағы шағын терезеден болар-болмас 
қана  бозамық  сәуле  түсіп  тұр.  Жаз  маусымында  өмірі  там  үйде  түнеп 
көрмеген  Ағыбай  көпке  дейін  көз  іліндіре  алмады.  Төрт  дуалдың  ішінде 
қапасқа қамап қойғандай тынысы тарылып, төр алдына жайылған төсекте екі 
жамбасына  кезек  аунақшумен  болды.  Іргедегі  темір  кереуетке  жайғасқан 
Ержан әлдеқашан танауы пысылдап ұйықтап қалған-ды. Байғұс бала жайсыз 
түс  көріп,  бастығырылып  жатыр  ма  қалай,  анда-санда  тынысы  ауырлап, 
қинала ыңыранып, түсініксіз, үзік-үзік бірдеңелерді сөйлеп қалады. 
Ағыбай мана Қайынжамалға айтып төсекті тысқа салдырмағанына енді өкініп 
жатыр. 
Мына  там  үйі  түскір  қыста  болмаса,  жаздың  күні  қол  емес  екен  ғой  кісіге. 
Шіркін, көк жайлауда танауыңды іргеден соққан самалға төсеп қойып, емін-
еркін ұйықтайтын киіз үйге не жетсін бұл дүниеде?! Бірақ адам баласы қолда 
бар нәрсенің қадірін білген бе?!. 
Кейде кентті жерден келген кісілер «шіркін-ай, мына жердің ауасы - ай!» деп 
тұмсықтарын желге тосып тұрғанда, бұл оларға бәлендей мән бермеуші еді. 
Сөйтсе, таза ауаға тарығып жүреді екен ғой. 
Ағыбайдың  жасы  алдағы  күзде  алпыс  сегізге  толады,  Әй,  соның  кемінде 
алпыс  жылы  киіз  үйдің  астында  өткен  шығар  -  ау.  Алғаш  көзін  ашқанда 
көргені — киіз үйдің шаңырағы... 
Бертінде малшыларға қыстау салына бастағанда болмаса, бұл тіпті там үйдің 
тар  босағасын  аттаған  емес...  Анасы  марқұм  айтып  отырушы  еді:  Ағыбай  ел 
қыстауға  көшіп  келе  жатқанда,  борандатқан  боқырау  кезінде  туыпты. 
Дүниеге нәрестенің келуіне байланысты, көшпелі ауыл амалсыз жүгін түсіріп, 
жолда  бір  -  ақ  күн  еру  болған.  Қолма  -  қол  қос  тігіліп,  қой  сойылып,  шағын 

50 
Әдеби KZ 
шілдехана жасалынған. Ал жас босанған ана қалжаның етіне бір тойып алған 
да,  ертеңінде  белін  шарт  байлап,  баласын  құндақтап  алып  жүріп  кеткен... 
Аттың  жалы,  түйенің  қомында,  кеш  жөнекей  туған  бала  өмір  бойы  көшіп 
өтпегенде  қайтушы  еді.  Тағдыр  Ағыбайдың  маңдайына  да  көшпенділікті 
жазыпты.  Заман  өзгерді,  заң  да  сан  рет  жаңаланды,  бірақ бұл  ата  салтынан 
айнымай,  әлі  күнге  дейін  көшіп,  қонумен  келеді.  Тұрар  байдың  жылқы 
қосына бақыршы бала болып барғанда, бұл он бес жаста еді, содан қайтып ат 
арқасынан түскен жоқ. 
Тәңірім-ау, содан бері де қанша ықылым замандар өтті десейші. Неткен ұзақ 
өмір бұл?! 
Былай қарасаң қас қағым сәттей. Ал, шынтуайтқа келгенде, артында бірнеше 
адамның ғұмырына жетерлік бұралаңдаған ұзақ сары жол жатыр. Бейне бұл 
әлмисақтан  бері  осы  дүниемен  бірге  жасасып  келе  жатқандай.  Бұл  дәмдес 
болған,  қолынан  талай  ет  асаған  Тұрардың  сүйегі  баяғыда  қурап  қалды.  Ал 
оның маңдайға басқан кенже ұлы Асылбектің түрі анау, мана көрді ғой, оның 
өзі де қаудыраған өлмелі шал болыпты. Қайта Ағыбайдың жаны сірі десейші: 
соның  бәрін  көріп,  аумалы-төкпелі  небір  кезеңді  бастан  өткеріп,  әлі  күнге 
дейін аттан түспей тірі жүрудің өзі ілуде біреудің ғана пешенесіне жазылған 
шығар - ау! 
Осы  ғасырдың  бас  кезінде  әлдебір  себеппен  Арқадан  ауып  келгенде, 
Ағыбайдың  әкесі  Жұмахан  салт  басты,  сабау  қамшылы,  жап-жас  жігіт  екен. 
Ол  заманда  шеттен  келген  кірме  бір  мықтының  қолтығын  паналамаса,  жан 
сақтай  ала  ма;  Жұмахан  да  амалсыз  Тұрар  байға  пенде  болып,  көп  жыл 
соның жылқысын бағады. Бертін келе басына шаңырақ көтеріп, өз алдына үй 
болады.  Көп  кешікпей  Ағыбай  келеді  дүниеге.  «Біздің  елден  баяғыда 
шұбыртпалы  Ағыбай  деген  атақты  батыр  шыққан  екен.  Саған  әдейі  сол 
атаңның  атын  қойдым»  деп  отыратын  әкесі  көңілденген  кезде...  Өз  күшіне 

51 
Әдеби KZ 
сенбеген  осал  біреу  болса,  ел  жұртынан  шығандап  саяқ  жүре  ме, 
Жұмаханның  өзі  де  батыр  тұлғалы,  қамшыгер,  қара  сойыл,  мықты  кісі 
болатын.  Жылқы  десе  ішкен  асын  жерге  қоюшы  еді,  жарықтық.  Әлде 
Тұрардың дәм – тұзын, қиыншылықта пана болған жақсылығын өтегісі келді 
ме, өз міндетіне аса адал, тыңғылықты қарайтын-ды. «Қайырымыңды байға 
қылма, малға қыл. Сауап болады» деп отырушы еді екі сөзінің бірінде. 
Ағыбай  он  беске  толар  -  толмаста,  әкесі:  «Басқа  жұмыста  жүрсең  жасып 
кетерсің, балам. 
Одан  да  жылқы  бақ.  Жылқы  шіркіннің  жігітке  бітіретін  желігі  болады»  деп, 
жалғыз  ұлын  өз  қасына  ертіп  алған.  Алайда,  Ағыбайдың  ат  құлағында 
ойнаған  жігіттік  шағы  ойпыл  -  тойпыл  ұлы  өзгерістер  дәуіріне  тұспа  -  тұс 
келді.  Бұл  жылдары  Жетісуда  Совет  өкіметі  орнап,  жарлы-жақыбайлар  тап 
күресіне аттанып, есе - теңдік ала бастаған кез еді. 
Өз  басы  Тұрар  байдың  жылқысын  бес-ақ  жыл  бақты.  Сол  кезде  жасы 
сексенге  таяп  қалған  Тұрар  кісілік  қалпы,  мінез-құлқы  жағынан  ешкімге 
ұқсамайтын өзінше бір қызық адам еді. 
Төрт  түлік  малдың  жайын,  әсіресе  жылқының  сыр-сипатын  ондай  жетік 
білетін  адамды  Ағыбай  кейін  кезіктіре  алмай  кетті.  Жер  жадысы,  өріс 
қоныстың  жайы  қалай?  Қай  жерде  қандай  шөп  еседі?  Қай  тұсқа  қай  түлікті 
қондырған абзал? Жайлауға қай кезде көшіп, қыстауға қай кезде қону керек? 
Осының  бәрін  Тұрар  үйінде  жатып-ақ  бес  саусақтай  біліп  отыратын.  Алдағы 
ауа райын қалай дәл болжайды десеңізші. Биылғы қыс қалай болмақ? 
Құмға  көшу  керек  пе,  әлде  Алатау  атырабын  паналаған  жөн  бе?  Күн  қашан 
суытып,  боран-шашын  қай  мезгілде  соғады?  Бәрі  —  Тұрардың  алақанында. 
Қазақ мұндай кісілерді есепші дейді. Тұрар асқан есепші еді. Осы төңіректің 

52 
Әдеби KZ 
шаруа баққан адамдары күншілік жерден келіп, Тұрардан ақыл - кеңес сұрап 
қайтқанын Ағыбай талай рет көзімен көрді. 
Әсілі,  қай  заманда  болсын  ақылсыз  ақымақ  пендеге  мал  бітпейді  ғой.  Бір 
сөзбен айтқанда, Тұрар мал баққан көшпелі тірліктің нағыз білгірі болатын. 
Тұрар  шалдың  тағы  бір  мінезіне  Ағыбай  әлі  күнге  дейін  қайран  қалады.  Ол 
қаннан  қорқатын-ды.  «Төрт  түлікке  қан  көрсетпеңдер.  Малды  оңаша 
қалтарысқа  сойыңдар»  деп  отыратын.  Ал  өзі  сойылып  жатқан  малдың 
маңына  жоламауға  тырысушы  еді.  Тек  соғым  сойғанда  ғана,  онда  да  бас 
соғымға  өзі  бата  жасап,  басы-қасында  болатын.  Соғымға  бата  жасағанда, 
сақалынан  алты  тарам  жас  ағып,  жылап  отырар  еді.  Қолын  жайып,  көкке 
қараған  қалпында:  «Сенде  жазық  жоқ,  бізде  азық  жоқ.  Қара  қазан,  сары 
баланың  қамы  үшін  қара  пышақты  қайрамасқа  амалымыз  тағы  жоқ.  О,  мал 
иесі,  Қамбар  ата,  осы  қатыгездігіміз  үшін  бізден  сырт  айналып,  безініп  кете 
көрме!»  деп,  мал  бауыздар  алдында  кәдімгідей  кешірім  сұрар  еді... 
Мұнысын біреулер сараңдыққа жоритын-ды. Бірақ оны тек қана сараңдыққа 
жатқызу  әділет  болмас  еді.  Онда  дүниеқорлықтан  аулақ,  мал  киесіне 
табынудан,  жан  иесіне  деген  мейірімнен  туған  өзгеше  бірдеңенің  жатқаны 
анық. 
Әлде  жастық  шақта  бастан  кешіргеннің  бәрі  алыстан  қарағанда  жалт  -  жұлт 
етіп,  әдемі  боп  көрінетін  әдеті  ме,  Ағыбай  сол  бір  қайраты  қабындаған 
бозбалалық кезін кейде сағына еске алады. Ол жылдары төрт түлік малдың 
ішінде  жылқы  қандай  беделді  болса,  үнемі  жорға  мен  жүйрікті  таңдап 
мінетін  жылқышылардың  да  иығы  былайғы  жұрттан  асыңқырап  тұратын. 
Жылқыға табынған елде бұл түлікті ердің ері, жігіттің жігіті ғана барады деген 
ұғым бар-ды. Соның әсері болар, қыз - қырқынға да, солар өтімді еді. Баяғы 
еркелік,  серіліктен  қалған  бір  жұрнақ  —  «серне  жеу»  деген  салт  та  осы 
жылқышыларда  сақталған.  Оның  мәнісі  былай:  көңіліңе  алған  ауылыңа 

53 
Әдеби KZ 
үкілеген ат жетектеп барып, белдеуіне байласаң болғаны, сол ауылда мал да 
сойылып қалады. Жастардың басы құралып, «алтыбақан», «ақсүйек» тәрізді 
ойын - сауық та қызып жүре береді. 
Ағыбай аға жылқышыларға ілесіп жүріп, серненің де дәмін татып көрген. Осы 
Күлайшамен де сондай отырыстардың бірінде табысып, уәде байласқандары 
әлі есінде. 
Келесі  жылы  жайлау  үстінде  Күлайшаны  қос  атпен  алып  қашып,  Қордай 
асырып әкетті. 
Бұрынғы заманы болса, қыз әкесі оларды жердің тесігіне кірсе де тауып алар 
ма  еді,  қайтер  еді,  бұлардың  бағына  жаңа  өкімет  орнап  қалды  да,  ауқатты 
кісілер асаулық көрсете алмады... Әттең, дүние-ай, ол кезде Күлайша қандай 
еді,  шіркін?!  Судан  тартқан  сүйріктей  тал  бойында  бір  міні  жоқ,  тана  көз, 
талдырмаш  сұлудың  өзі  емес  пе  еді.  Білінбей  өтіп  бара  жатқан  өмір  деген 
сол,  әнеки.  Сол  қайран  Күлайша  да  бұл  күнде  аузы  опырайған  шүйке  бас 
кемпір болды... 
Бұл ел Тұрар әулетімен жиырма сегізінші жылы қош айтысты. Ел жайлаудан 
түскен  қоңыр  күздің  кезі.  Содан  бір-екі  ай  бұрын  «ірі  байларға  конфиска 
жүреді  екен»  деген  хабар  дүмпілдеп  тұрды  да,  ақыры  сол  дақпырт 
шындыққа айналды. Айналасы бір-екі күннің ішінде Тұрардың үй іші, дүние-
мүлкі хатталып - шотталып тізімге алынды да, төрт түлік малы қораға иіріліп, 
тал  түсте  талапайға  түсті.  Мыңнан  астам  жылқы  бөліске  түсіп,  жарлы-
жақыбайға пышақ үстінен үлестіріліп берілді де, қалған алты жүздей жылқы 
қатал  күзетпен  бөлек  бағылатын  болды.  Ереуілдеп  алған  жұрттың  еркіне 
салса,  Тұрар  жылқысынан  қыл  құйрықты  қалдырмай  түгел  талап  әкетуге 
болар  еді.  Жаңадан  құрыла  бастаған  артельдерге  бергісі  келді  ме,  немесе 
басқа бір ойы болды ма, әйтеуір қаладан келген өкіл үлкен бір қос жылқыны 

54 
Әдеби KZ 
бөліске  салмай,  кейінге  іркіп  алып  қалған.  Тұрардың  өзін  он  жылға  соттап, 
итжеккенге айдады да, үрім - бұтағын жер аударды. 
Тұрар барған жерінде келесі көктемге жетпей - ақ қайтыс болыпты. Ал оның 
үрім  -  бұтақ,  бала-шағасы  сол  кеткеннен  хабарсыз  болатын.  Біразы 
қиыншылық жылдары қазаға ұшырап, аман қалғандары сол елге сіңіп кетсе 
керек.  Тек  соғыс  аяқталған  соң,  араға  жиырма  жыл  салып,  туған  жеріне 
Асылбек қана қайтып оралды... 
Мұның  әкесі  Жұмаханның  бірбеткей  адалдығы  да,  заманның  беталысын 
пайымдай  бермейтін  аңғалдығы  да  көп  болушы  еді.  Басқа  жұрт  Тұрардың 
жылқысын ту - талақай бөліске салып үлесіп жатқанда, Жұмахан еңбегі бола 
тұрып, өзіне деп бір тайды да ұстап алмады ғой... Жұрт қатарлы бүйірі қызып, 
үлес алуға ұмтылған Ағыбайға: 
— Балам, дүниеге қызығып қайтесің. Соқтықпа. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» 
деген  аталарымыз...  Бұл  байлық  Тұрарға  опа  бермегенде,  бізге  опа  берер 
дейсің  бе?  Құдай  адал  еңбегімізден  жарылқасын,—деп  тоқтатып  тастағаны 
әлі есінде. 
Аумалы-төкпелі алмағайып заманда кейде ожар, өткірліктің де кәдеге асатын 
кездері  болады  екен.  Сол  тұста  Жұмаханның  бір  қыңырлығы  ақыры 
халықтың пайдасына шешілді. Ол былай болған еді. 
Конфиска  кезінде  бөліске  түспей,  артылып  қалған  алты  жүздей  жылқыны 
төрт-бес  жігіт  Қопа  бойына  апарып,  бөлек  бағып  жатқан-ды.  Әлі  қар  түсе 
қоймаған, бірақ жауын-шашын молайып, күн суыта бастаған сүркейлеу кез - 
тұғын.  Ағыбайдың  әлі  көз  алдында;  бір  жолы  азық-түлік  әкелмек  болып 
ауылға  кеткен  әкесі  ертеңінде  кісі  өлтірген  адамдай  түнеріп  оралды.  Күні 
бойы жөн  - жосық сұрағандарға мардымды жауап бермей түйіліп жүрді де, 
кешке таман жылқышылар қосқа түгел жиналғанда ғана тосын хабар айтты: 

55 
Әдеби KZ 
— Жігіттер, мен бір сұмдық естіп келдім. Біз мына алдымыздағы жылқыдан 
айырылатын сияқтымыз... 
Түкке  түсінбеген  жылқышылар  аң-таң  болып,  оның  сөзін  неге  жорырын 
білмей, сілейіп отырып қалған. Тек әлден уақытта ғана: 
— Айырылғаны қалай? 
— Бұл өкіметтің өз қарауындағы мал емес пе? 
—  Әлде,  бандылардан  бір  тықыр  естіп  келдің  бе?  —  десіп,  кейбіреуі  сол 
жылдар көбейіп кеткен ұрылардан қауіп ойлай бастаған. 
Бірақ Жұмаханның жауабы бұлар күтпеген жерден шықты. 
—  Жау  шапса  бір  сәрі  ғой.  Оларға  өліспей  берісерміз  бе,—деді 
шарасыздықтан  жыларман  болып.  —  Пәле  өзімізден  шығып  отырған  жоқ 
па?! Жылқы қырылады... Бір - бірден атып тастайды. 
— Не дейді, жаным - ау?! 
— Атқаны несі? 
—  Қайдағы  сұмдықты  қайдан  шығарып  отырсың,  Жұмахан  а?  —  десіп 
жылқышылар күңіреніп кетті. 
—  Жоқ  сұмдықты  мен  ойдан  шығарып  отыр  дейсің  бе?  Бір  қырсықтың 
шалғаны  рас,  —  деді  Жұмахан  жұрт  тыныштала  берген  кезде.  —  Әнеукүні 
тексергенде осы жылқының арасынан екі-үш маңқа шықпап па еді, сол пәле 
боп жабысыпты. Малға да, адамға да, індет таратпау үшін, қалған жылқыны 
түгел атып, өлексесін өртеп жіберуге бұйрық келіпті. 
— Опыр-ай, мынасы сұмдық екен! 
— Ауру шыққан малды қыра берсе, жер бетінде тігерге тұяқ қала ма? 

56 
Әдеби KZ 
— Осы дәу де болса, жаулардың салып жүрген лаңы. Әйтпесе өз малын өзі 
қыратындай  өкіметке  не  көрініпті?!—десіп,  жылқышылар  сенер  -  сенбесін 
білмей, сенделіп қалды. 
—  Қалай  десеңдер  де,  осындай  бір  қатердің  төніп  тұрғаны  анық,  —  деді 
Жұмахан,  —  Мұның  қастықтан  туған  түбі  шикі  нәрсе  екенін  менің  де  ішім 
сезеді Бірақ оны табан астында немен дәлелдерсің? Ертең осында жылқыны 
жою үшін арнаулы адамдар келмек.. 
Ал, не істейміз, жігіттер? Тұрар болса келмеске кетті. Артында қалған малда 
не  жазық  бар?  Күні  кеше  осы  жылқының  ыстығына  күйіп,  суығына  тоңып, 
бағып-қағып  өсірген  өзіміз  емес  пе  едік?  Табан  ет,  маңдай  теріміз  еді  ғой. 
Құлын күнінен қолымызда өскен жануарларды бұл апаттан қалай аман алып 
қаламыз? Кәне, ақыл қосыңдар! 
Жылқышы  жігіттердің  иіндері  түсіп,  төмен  қарап  отырып  қалды.  Күтпеген 
хабар  ес  жиғызбай,  төбелерінен  жай  түсіріп  кеткені  белгілі.  Жұмахан  жұрт 
назарын тағы да өзіне аударды: 
—  Сендер  қалай  қарайсыңдар,  маған  мынадай  ой  келіп  тұр,  —  деді  ол 
жолдастарына  жағалай  көз  салып.  —  Тәуекел  ет  те,  тас  жұт:  Осы  жылқыны 
иен  түзге  айдап  әкетіп,  уақытша  бой  тасалай  тұрсақ  қайтеді?  Кейін  ап  -  сап 
басылып, жаңағы бұйрық ескірген кезде қайтып оралармыз... 
Жұмаханның  бұл  сөзіне  жігіттер  онша  еліге  қоймады  Бұлай  еткенде  істің 
арты  насырға  шауып,  мүлде  ушығып  кетуі  де  мүмкін  ғой  Әрқайсысы 
көңіліндегі күдіктерін бүкпей, ашық сыр беріп қалды. 
— Алты жүз жылқыны қайда апарып жасырасың, Жұмахан - ау? Сойдақталып 
жатқан  ізімізге  түссе,  лезде  тауып  алмай  ма?—деп  егде  жылқышылардың 
бірі қауіп айтып еді. 

57 
Әдеби KZ 
—  Иә,  осынша  малды  іздеусіз,  сұраусыз  қалдырар  дейсің  бе  Біздің 
мұнымызды біреулер басқаға жорып жүрмесін... 
— Қой, құрысын. Қарадан қарап жүріп банды атанып, басымызға пәле тілеп 
алар  жайымыз  жоқ,  —  десіп  басқалар  да  ондай  көзсіз  тәуекелге  бара 
алмайтындарын білдірісті. 
—  Егер  жылқыны  түгел  айдап  әкетуге  жүректерің  дауаламаса,  онда  бір 
бөлігін  жасыра  тұрайық,  —  деді  амалы  таусылған  Жұмахан  жалынғандай 
болып  —  Түбінде  осы  малдың  иесі  өзіміз  ғой.  Тым  құрыса  тұқым  алып 
қалайық  та...  Бәлкім,  олар  райларынан  қайтып,  жылқыға  тиіспес.  Біреулер 
ақыл айтып, тоқтау салар. 
Онда нұр үстіне нұр, жасырған жылқыны өз үйіріне әкеліп қоса салармыз. Ал 
егер, жаман айтпай жақсы жоқ, әлгі мен естіген хабар рас болып шықса, онда 
аман қалған үйірлерді біразға дейін ел көзіне түсірмей жасыра тұрамыз. 
Жылқышылар  ары  ойласып,  бері  ойласып  келіп,  ақыры  осы  соңғы  түйінге 
тоқтады. 
Жұмахан  қасына  бір  кісі  ертеді  де,  бүгін  түнде-ақ  екі  жүздей  жылқыны 
алдына  салып,  құмға  қарай  бет  алады.  Содан  күншілік  жерге  барып  хабар 
күтеді.  Ел  іші  тыныш  болса,  көп  кешікпей  қайтып  оралады  да,  керісінше 
болған  жағдайда,  Балқаштың  қалың  қопасын  бетке  алып  ұзай  береді... 
Жылқыны  түгендеп,  кемтігін  жоқтаушыларға  да  айтатын  жауаптары  әзір: 
Жұмахан  бірер  күн  бұрын  бөлініп  қалған  үйірлерді  іздеп  кеткен  болып 
шығады.  Содан  ары  «жоғалған  жылқы  Сыматайдың  ұрыларының  қолына 
түсіп кетті ме, белгісіз» деген екі ұшты болжам айтылуға тиіс. 
Ағыбайдың  да  онда  жасы  жиырмаға  келді  дегенің  болмаса,  оң  -  солын  әлі 
танып  үлгермеген,  күн  сайын  құбылып  тұрған  дүниенің  байыбына  жете 
қоймаған кезі ғой. Өзінің сондағы дәрменсіздігі, әкесіне не деп ақыл қосарын 

58 
Әдеби KZ 
білмей,  екі  оттың  арасында  қалып  қысылғаны  әлі  есінде.  Әйтеуір,  әкесінің 
қалайда  бір  қатерге  бас  тіккенін  аңғарып,  не  көрсе  де  қасында  болайын 
деген  оймен,  өзімен  бірге  ала  кетуін  өтінген.  Алайда  Жұмахан  оның  тілегін 
қабылдамады.  Әлде  жалғыз  ұлдың  тағдырын  шырғалаңға  салғысы  келмеді 
ме, қасына басқа бір жігітті ертті де, Ағыбайды ел ішіне тастап кетті... 
Өкінішке қарай, Жұмаханның естіп келген хабары расқа шықты. Арада бірер 
күн өтпей - ақ, жылқы қосына қараулы адамдар cay ете түсті. Жүрістері суыт, 
түстері тым суық еді. 
Ауылдан ере келген белсенділер болмаса, олардың жоғалған жылқымен де, 
жылқышылармен де жұмысы болған жоқ, көздеріне іліккен қыл құйрықтыны 
қалдырмай, Талдыөзектің терең шатқалына әкеліп иірді. Сөз әлпеттері де бет 
қаратпастай ызғарлы. 
Ағыбайдың ұққаны: байдың малын аяп керегі жоқ екен. Байлардың өзі түгіл, 
малына  дейін  зиянкес.  Айналаға  ауру  таратып,  індет  жұқтыруы  мүмкін... 
Жылқы  да,  сән-салтанат,  байлық  та  —  ескінің  қалдығы.  Жылқының  көзі 
құрыса, феодализмнің де құрып біткені... 
Сол  күнгі  қанды  қасап  осы  күнге  дейін  Ағыбайдың  есінен  кетпейді. 
Талдыөзектің  шатқалында  құлын  дауысы  құраққа  жетіп  шұрқыраған  қалың 
жылқының үні әлі құлағында. Жосылып аққан қан, оқ тигенде көкке шапшып 
барып,  омақаса  құлаған  асау  аттар  мен  ту  биелер,  тастан  ұшып,  тұяққа 
тапталып  жатқан  құлын-тайлар  көз  алдында  мәңгі  қалып  қойды.  Тар 
шатқалды қоршап, тұрғы - тұрғының басына шығып алған өзге жұрт сияқты, 
бұл да өз тұсынан қашқан жылқыны жібермей қайырып тұруға тиіс еді. 
Мүлде  есі  шығып,  мәңгіріп  қалғаны  соншалық,  өзіне  жүктелген  міндетті  де 
ұмытып  кетіпті,  Шыбын  жаны  шырқырап  жанталасқан  ат-айғырлар  өзіне 
қарай  лап  қойғанда,  алдына  көлденең  тұрып  қайыруға  да  дәті  шыдамады. 

59 
Әдеби KZ 
Кемінде  бір  айғыр  үйіріндей  жылқы  Ағыбайдың  қасынан  бөгетсіз  зулап  өте 
шықты да, сол үріккен бойы беті ауған жаққа жосып берді. Көзіне жас толып 
кеткен Ағыбай ештеңені де көрмей сілейіп тұрған - ды. 
Сол кезде ауылдастарының бірі қасына жетіп келіп: 
— Байдың құйыршығы!.. Неге жылап тұрсың, оңбаған неме? Жаудың малына 
жаның ашып тұр-ау, шамасы?! — деп қамшымен тартып жібергенде ғана есін 
жинады. 
Бетін  сипап  қарап  еді,  қамшының  ізінен  қан  сорғалап  тұр  екен.  Сол  арада 
аттың  жалын  құша,  екі  иіні  селкілдеп,  ағыл-тегіл  жылағаны  есінде.  Жаңағы 
сұмдық  көріністен  жан  -  жүрегі  үркіп  қатты  шошынған  жас  жігіт  жазықсыз 
жануарларға  ара  түсе  алмаған  дәрменсіздігіне  күйініп,  өзегі  өртене  ұзақ 
жылады. 
Ағыбай  өзіне-өзі  келіп,  басын  көтергенде  Талдыөзектің  іші  өлексеге  толып 
қалған еді. 
Небір томырылған ту биелер, құр аттар мен жалдас айғырлар, сауырынан бит 
домалап  түсетін  жұнттай  семіз  тай  -  байталдар  әр  тұста  үйме-жүйме  болып, 
теңкиіп - теңкиіп жатыр. Аспан әлемінде қара құс толып кеткен... 
Талдыөзектегі  қанды  қырғын  тез  аяқталғанмен,  жоғалған  жылқы  мен 
Жұмаханның дауы біразға дейін басылмады. Ағыбайды да, қоста қалған өзге 
жылқышыларды  да  дамыл  -  дамыл  шақырып,  жауап  алумен  болды.  Бірақ 
жігіттер  «білмейміз»  дегеннен  басқа  тіс  жарып,  тіл  қатпады.  Ақыры 
Жұмаханды  бандыға  қосылып  кетті  деп  тауып,  құм  жаққа  бірнеше  рет 
қуғыншы жіберген. Алайда олар жапан түзді қанша шарласа да, ешбір дерек 
таппай қайтты. 

60 
Әдеби KZ 
Бұл оқиғаның аяғы әлі де ушыға түсер ме еді, қайтер еді, арада бір ай өтер - 
өтпестен  жағдай  күрт  өзгерді.  Халықтың  арызы  бойынша,  қаладан  келген 
комиссия  атылған  жылқыларды  жазықсыз  деп  тапты.  Тіпті  мұның  бәрі 
жасырынып  жүрген  жаулардың  қастандығы  болып  шықты.  Жауыздар 
еңбекші  халықты  жаяу  қалдырғысы,  аштан  қырғысы  келіп,  әдейі 
ұйымдастырған  көрінеді.  Жылқышылар  Жұмахан  туралы  шындықты,  міне, 
осы  кезде  ғана  ашып  еді.  Өкімет  орнынан  арнаулы  адам  ертіп  апарып, 
Балқаштың Топар жақ бетінде жатқан екі жүз жылқыны қыс ішінде алдарына 
салып айдап қайтты. 
Енді  Ағыбайдың  әкесі  дүрілдесін.  Ержүрек  батыр  да,  ел  қамын  ойлаған  ер-
азамат  та  —  сол  Жұмахан  болып  шыға  келді.  Ауданға  шақырып  апарып, 
арнайы алғыс жариялады. 
Астына  ат  мінгізіп,  бағалы  сыйлықтар  тартты.  Бұрын  ауыл  белсенділерімен 
арасы қырбайлау болып жүруші еді, мына оқиғадан кейін оның бетіне ешкім 
келмейтін болды. 
Әкесі  марқұм  бертінге  дейін,  соғыстың  алдында  өз  ажалынан  қайтыс 
болғанша, осы абыройынан айрылған жоқ... Ал ғайыптың ісімен аман қалған 
екі  жүз  жылқыны  өкімет  осы  төңіректе  тұңғыш  шаңырақ  көтерген  бес 
артельге қылдай қып бөліп берген. Қанша дегенмен осы жердің өз кіндігінен 
жаралған  мал  емес  пе,  әлгі  жылқылар  артельдердің  бойына  құт  болып, 
қаулап  тез  өсіп  кетті.  Сондағы  жылқының  тұқымы  осы  өңірдегі 
шаруашылықтарда әлі бар. Бір кезде «Көктөбенің» атын шығарып, көсегесін 
көгерткен көп жылқы да сол сәйгүліктердің сарқыты болатын. 
Иә,  кезінде  дүйім  елді  дүрліктірген  Талдыөзек  оқиғасы  ақыры  осылай 
аяқталды.  Кейін  естуінше,  жаулардың  ұйымдастыруымен  жасалған  мұндай 
қанды қасап қазақ даласының әр түкпірінде - ақ болған көрінеді. Олардың да 

61 
Әдеби KZ 
малға  жармасуы  тегін  емес.  Көшпенді  елдің  қолындағы  малды  қырып 
тастаса, өздері қоса қырылатынын білген ғой оңбағандар. 
Ойлап отырса, содан бері де жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. «Елу жылда ел 
жаңа»  деген  сол,  әнеки.  Қазір  айтсаң,  бүгінгі  жастарға  соның  бәрі  ертегі 
сияқты.  Біреу  сенсе,  біреу  сенбейді.  Сырттай  сыр  бермегенімен,  «Әй,  осы 
шалдардың  мақтаншағы  -  ай»  дейді  іштерінен.  Ана  жылдары  құмға  көшіп 
бара  жатқанда,  Ағыбай  өзінің  сөзіне  күмән  келтірген  біраз  жігіттерді 
Талдыөзекке  әдейі  ертіп  барып  көрсеткені  бар.  Терең  сайдың  қос 
қапталында  жылқының  ақ  сөңке  болып  қураған  сүйектері  әлі  күнге  дейін 
шашылып жатқан-ды. Жастар соны көргенде жағаларын ұстап қатты түршікті. 
Ағыбайдың айтқандарына шүбәсыз иланып, бұған енді құрметпен қарайтын 
сияқтанды.  Тегінде  жеке  адамның  ұмытшақ  болғаны  ештеңе  емес,  одан 
келіп - кетері шамалы. Тек халық ұмытшақ болып кетпесін де. 
Өткенін  оңай  ұмытып  қалған  жұрт  болашақты  да  дұрыс  болжай  алуы  екі 
талай... 
Адамнан  ұйқы  қашқанда,  ой  иектеп  алатын  әдеті.  Жамбасына  тас  кесек 
батқандай  түні  бойы  дөңбекшіп  шыққан  Ағыбай  таң  ағарып,  там  үйдің 
сығырайған терезесінен бозамық сәуле түскенде ғана, көз іліндірді. 
 
 

62 
Әдеби KZ 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет