84
Әдеби KZ
қан ағыпты. Кемпір сонда да рақымы түсер емес. Біресе көтеріп,
біресе құдыққа қайта
сүңгітіп баланы әлі сілкілеп тұр. Жарылқасын болса енді қармануға да шамасы келмей
есінен тана бастады. Былқ-сылқ етіп, оқта-текте қорқыраған дауысы шығады.
Біз шыдай алмай шұрқырап жылай беріппіз. Кемпір онымызды елеген де жоқ. Қимылсыз
салбырап қалған баланы көтеріп алды да, жерге зірк еткізіп тастай салды.
Өзі жемтікке
төнген құзғындай торуылдап баланың қимылын бағып отыр.
Әлден соң барып Жарылқасын есі кіргенде, кемпір оны дедектетіп ауылға қарай сүйрей
жөнелді. Біз жасымызды тыя алмай соңдарынан қарадық та тұрдық. Ойынымыз жайына
қалды. Көз алдымыздан Жарылқасынның боп-боз боп талып жатқан кейпі кетер емес.
Кешке бұл көргенімізді әкеме айттым. Әкем түнерген күйі үнсіз киінді де, Нығметтің үйіне
бет алды. Әкем барғанда, Жарылқасын үйдің іргесінде сандырақтап жатыр екен.
Алақанына салып көтеріп әкелді. Аузына сүт тамызып еді, Жарылқасын құса берді.
Әкемнің түсі түтеп кетіпті. Баланы төсекке жатқызды да, іргенің киізін түріп қойды. «Байғұс
баланы мазаламаңдар», — деді де өзі тысқа шығып кетті.
Жарылқасын қыбырсыз жатыр. Қинала дем алғаны сонша, кеудесі қыр-қыр етеді.
Кейде
әлденені айтып, қатты бақырып жібереді. Еріндері қансыз бозарып, еміс-еміс
жыбырлайды. Біз демімізді ішке тартып, орын-орнымызда отырған күйі Жарылқасыннан
көз алар емеспіз...
Әкем даладан дәрі шөп теріп әкепті. Сол шөптерді қайнатып, суын тұндырып алды да,
суыған соң баланың аузына қасықтап құйды. Әпкелерім Жарылқасынның маңдайына су
шүберек таңып қойды. Оның қызуы көтерілгені сонша, шекесіне таңған орамал кебе
берді.
Түні
бойы кірпік қақпай, әл үстіндегі Жарылқасынды күзетіп отырдық. Тек таң алдында
ғана бала көзін ашып, төңірегіне қарады. Қайда жатқанын аңғара алмай баж ете түсті.
Әкем маңдайынан сипап еркелете тіл қатты. Жұбатып отыр.