Әдеби KZ Нығмет әулетінің өзге түңлігіне, біздің үйге Зәпира ерекше ізет көрсетіп, барынша биязы
болатын. Келін боп келген алғашқы жылдары осылай еді ол. Біздің үйге жиі келетін. Кім
білсін, бәлкім, өзі сыйыспаған ортасынан аз болса да аулақ кеткенді аңсайтын шығар.
Оның басын шалқайта ұстап, маржандай тізілген ақ тістерін көрсете бұралып отырғаны әлі
есімде. Ақторғын кимешектің сыртынан әсем ораған күндігі ерекше жарасып тұрушы еді.
Мен одан көз алмай қарайтынмын. Бұрын өзім аңғармаған әлдебір сезім жанымды
жайлап алатын. Әлі толық ояна қоймаған ынтығу мен іштей аяныш ізін менің балғын
жүзімнен оқи ма, әйтеуір Зәпира маған ерекше елжірейтін.
Күз түсісімен, Нығмет әулеті Ақкөл жақтағы қыстауына көшіп, бүкіл қысты Нұрбай
ауылының маңында өткізетін. Бұл кезде Зәпира перзент көріп үлгеріп еді. Тұңғыш қызы
Дәулеттен аумай қалыпты. Жайын ауыз, шегір көз біреу әйтеуір. Мұны көрген Зәпираның
жаны түршігіп еді... Айналасынан зәбір көріп, кеудесін қарыған қайғыға іштей ысталып
құса боп келген Зәпира күйеуін отаудан қуып шығып, ағайындарын аластап әкесінің үйіне
кете барады. Нығмет әулетінің бірде-біреуі шұрқ етіп, оның жолына тұра алмады.
Келінін қайтару үшін соңынан барғандарға Зәпира мен Нұрбай ырық бермепті. Сондықтан
Нығмет әулеті менің әкем мен бүкіл Үсен әулетіне хабар жіберіпті. Алыста жүріп
мұқатылғанын, келіні кетіп, күлкі боп отырғанын, бұл тек ер ағына мін емес, бүкіл руға
түскен сын, ақсаулы ақау екенін айтыпты. Ру намысына таңба түсірмей кек алуға, болмаса
бітістіруге келсін депті.
Өзге үсендіктер Нығмет әулетімен тату болмаса да, мына хабар оларға қозғау салып еді.
Ру намысын әрқайсымыздың арымыздай қорғаймыз деп жиырма шақты жігіт атқа қонды.
Оларды менің әкем басқарып, Нығметтерге жүріп кетті.Бұл бүкіл аймақтағы үлкен бір дау
болып еді. Анау-мынау кикілжіңге қарағанда, бұл жанжал екі рудың қақтығысқан қара
күшіндей еді. Бірін-бірі ақырына дейін тұқыртып кетпей тынбайтын тірескен шақ болатын.
Әрқайсысы ата намысына, ауыл намысына арқа сүйеп, алыспай беріспейтін кезеңге
таянған сәт сияқты.